КАРЬЕР ҚЫЗЫҚТАРЫ
11.11.2024
226
0

Индер карьерлеріне алыс-жақыннан арнайы ат арылтып келіп жатқандардың қарасы көп, әсіресе жастар жағының қызығушылығы мол. Тау-тасына шығып, көлге секіріп, оның тұп-тұнық мөлдір суына сүңгіген, жағадағы көңілді демалыстар бейнеленген бейнефильм мен фотосурет­тер әлеумет­тік желілерде кеңінен таралуда. Пікір білдірушілердің ішінде, «Қазақстанда осындай да жер бар екен ғой» деген таңданыстарын білдірген жандар аз емес. Индер Тұздыкөлімен шатастырып жатқандары да бар…

  Жаз бойы тау жаққа қарай шұбырып бара жатқан көліктердің де дені Тұздыкөлден гөрі осы карьерлерге түсуге бет алғандар болды. Жолаушылар жолай қалауына сай кеніштегі бір емес, бірнеше карьерлерге бөлініп кетеді. Әлеумет­тік желіде кең тараған карьердің бірі – №100 карьерге өзім де отбасыммен арнайы барып шомылдым. Жайықтай қат­ты ағыс ықтырмайды, терең де, тұп-тынық мөлдір суы жанға жайлы екен. Ашқылтым су денеңді батырмайды, шалқалап жатсаң да су бетіне қалқып тұрасың, жүзуге де жеңіл. Әсіресе жаңадан жүзіп үйренгісі келетін жандарға таптырмас орын болып саналады екен. Адам қарасы көп. Солардың бірі – жас жұбайлар Батырхан Ғаббасов пен Әсел Ғұмарова Атырау қаласынан карьер суына шомылуға арнайы уақыт­тарын бөліп келіпті.
– Досымыздың инстаграмм әлеумет­тік желісінен осындағы табиғат аясында түскен фотоларын көргенде, таң-тамаша қалдық. «Бұл қандай ғажайып өңір, шетел ме?» – десек, – «Индер», – дейді. Атырау облысында осындай керемет жер бар екенін бұрын-соңды естімеппіз. Бұрын Оралға асып кеткеніміз болмаса, Индерге жолымыз түскен емес еді. Осы жолы Индерге баруға тәуекел ет­тік. Бірақ жол тауқыметі қиын екен. Сұрастырып, ада­сып жүріп әрең таптық. Бірақ өкінбейміз, карьер орны дегеніңізбен тұмса табиғатын көзімізбен көріп, шынымен де тәнті болдық, әп-әдемі, ерекше жер. Облыс өңірінде емес, мүлде басқа өлкеде жүргендей сезінеді екенсің. Егер де кәсіпкерлер табылып, жағдай жасалса ташама демалыс орны болайын деп тұр екен, – дейді олар.
Ал отбасымен келген Төлеген Арыстанов карьерлерге бұрыннан түсіп келе жатқан тәжірибесі мол жан екен.
– Осы Индер карьерлеріне Ресей жағынан арнайы келіп, суға шомылып, демалып кетеді дегенді бұрыннан естуші едім. Былтырдан бері демалыс уақыт­тарында осында немесе Тұздыкөлге келіп түсіп жүрміз. Арасында алыстан келген қонақтармен, кейде отбасымызбен келеміз. Бұған дейін Кавказда, Түркияда бірнеше курорт­ты аймақтарда болдым. Сонда байқағаным, олар бұрын кен игерген осындай орындарды да тамаша демалыс орны ретінде пайдаланып отыр екен. Жалпы, табиғат аясындағы ерекше, қайталанбас тамаша жерлерді демалыс орны етіп, түрлендіріп алатындарына қайран қаласың. Өкінішке қарай, біздің облыс көлемінде демалатын жерлер шамалы ғой. Қалалық жағажайлардың өзі әлі күнге жоғары деңгейлік қалыпқа жетпей жатыр. Егер үйлестіре білсе, бұл Индердің карьерлері де, Тұздыкөл де тамаша демалыс орнына айналып, халық игілігін көрер еді, — дейді ол.
Индер карьерлерінде алыстан келген қонақтар ғана емес, кезінде Индер тау кенішінде еңбек еткен жерлестеріміздің де қарасы мол екен. Солардың бірі, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Даңқты кенші» ордендерінің иегері Амангелді Төреғалиевтің пікірі есімде. Ол осы кеніштерде 47 жыл бойы еңбек етіпті.
— Алғашқыда «МАЗ», кейіннен алып «БелАЗ» автокөлігін жүргізіп, карьерлерден кен тасыдық. Күн ыстық кезінде карьерлерге шомылып, кәдімгідей сергіп қалатын­быз. Біз ғана емес, барлық жұмысшылар да осы жерге үйірсек еді. Пайдасы болмаса, зиянын көрген жоқпыз. Қайта денеміздегі жарамыз жазылып, ауырсынып жүрген бел-аяғымыз жеңілдеп, жақсы болып қалатынбыз. Зияны болса жетпіске жетпей кетер едім ғой, — деген еді ардагер кенші.
Әрине әлеумет­тік желілерде карьердің қызықтарымен қатар, оның бұрын кен өндірілген кеніш екенін ескертумен қатар, «күмәнді деректерден» өте улы екенін айтып, жар салып жатқандар да кездеседі. Осы орайда, облыстық экология департаментінің Индер ауданы бойынша инспекторы болған Марат Мұқановты сөзге тартқанбыз.
– Өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығында қазба байлықты игеру мақсатында борат кенін өндіру ісі қолға алынды. Содан қалған карьерлер көп және көбінде су бар. Соның ішінде №100, 102, 99,98, 95, 88 секілді ең үлкен 8 карьер бар. Кезінде өзім де Индер тау кенішінде геологиялық барлау экспедициясында жұмыс жасадым. Сол кезде, 1979 жылдан бастап, 2 жыл аралығында Тұздыкөлге 250 мм құбырлармен су жіберілді. Бірақ карьер бұлақ суы арқылы қайтадан тез арада толығып отыратын. Карьер жерасты суларымен байланыста, үнемі бұлақтар құйылып, суы алмасып отырады. Әйтпесе баяғыда буланып кетер еді немесе шіріп кеткен болар еді. Карьерлердегі су құрамының нақты зерт­телген қорытындылары жоқ. Сондықтан да карьерлердегі судың пайдасын, не болмаса зиянын айта алмаймын. Бірақ елді дүрліктіретіндей қауіпті радиация жоқ. Әйтпесе оның іргесіндегі Индербор кентінің халқына баяғыда-ақ ауыр зардабы тиген болар еді. Одақ кезінде борат кені Ресейге тасылды. Борат­тың пайдалану мақсаты өте құпия болатын. КСРО мен АҚШ-тың қырғиқабақ соғысы мезгілінде борат­ты зымыран, ұшақ жасауға пайдаланатыны туралы мәлімет­тер тарады. Сондықтан да болар, халық арасында радиация болар деген қауіп бары жасырын емес.
Индер аудандық санитарлық-эпедемио­логиялық сараптау орталығының басшысы Жансұлу Қажығалиеваның айтуынша, елді мекендер аумағындағы суларға микро­биологиялық, химиялық және ауаға радиологиялық зерт­теулер жүргізіліп келеді. Бәрінің де тиісті нормадан ауытқыған кезі болған жоқ. Ал карьерлерде нақты өндіріс орындары жұмыс жасап тұрмағандықтан зерт­теу жүргізілмейді, оған тапсырыс та жоқ. Жүргізілген күннің өзінде де республикалық деңгейдегі жан-жақты санитарлық сараптама жүргізілмесе, аудандық деңгейдегі сараптама орталығының күшімен карьерлер суының адам денсаулығына пайдасы мен зиянын толық анықтай алмаймыз, — деді.
Сондай-ақ бізді ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, «Кен орнын алғаш ашушы» белгісінің бірнеше мәрте иегері, геолог Хасан Қамашевтың да пікірі қызықтырған еді.
– Карьер суына түскеннен қорқатын ештеңе жоқ. Радиация мөлшері кезінде борат кенін қазған кезде де қалыпты деңгейде болды, яғни радиацияның шкаласы 40-тан әрі қарай рұқсат етілмесе, мұнда кен қазған мезгілдің өзінде де 17-ден асқан емес, әрі борат суға езілмейді. Борат кенін қазу соңғы рет 1996 жылы жүргізілді. Сосын, жабылды. Одан бері 20 жыл өт­ті. Индер тау кеніші карьерлеріндегі су құрамы бірдей. Карьер мен Тұздыкөл жерасты суымен байланысып жатыр. Бірақ карьердің суының құрамындағы тұз мөлшері бір литрінде 50–120 грамм аралығында болса, Тұздыкөлдің суының тұздылығы литріне 320 грамм, яғни ащылау. Карьердің құрамында да калий, бром элемент­тері бар. Кезінде карьерлерге түсуге рұқсат етілмейтін. Себебі кен алу үшін жару жұмыстары жүрді, судан борат­ты сүзіп алатын алып экскаваторлар жұмыс жасап тұрды. Әрине арасында карьерге түсіп жүрген жұмысшылар да болды. Соның ішінде, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Индер геологиялық барлау экспедициясының бастығы, кен барлау ісінің үздігі, геолог Ә. Доғаловтың да карьерлерге үнемі түсіп жүргеніне куәміз. Өйткені Тұздыкөлдің жағасы тікжар болып келетіндіктен, түсіп-шығу қиынға соғатын әрі көлге түскеннен кейін ашық жерде үнемі жел соғып, салқын тигізіп алуыңыз мүмкін. Ал мұнда жан-жағы ықтасын, қайта бірнеше ай бойы суға түсуге болады. Кәдімгі теңізге түскендей сезінесің, – деді.
Өкінішке қарай, осы карьерлер мен Тұздыкөлге жан-жақтан жиылып түскен қонақтардан қалған түрлі тұрмыстық қоқыстар уақыт озған сайын молая түсуде. Осы келеңсіз жайды қолға алмаса болмайды.
Қайткенде де халықтың қалауын тоқтату мүмкін емес. Ендеше, қайтпек керек? Табиғат сыйы туризмге таптырмас орын секілді. Бұл туралы атқарушы билік не дейді?Аудандық әкімшіліктің және аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәлеметінше, жалпы өңіріміздегі бұл орындарға көпшіліктің қызығушылығы зор болғанымен, туристік бағытқа айналдыруға инфраструктуралық желілерден алыс жатуы әрі маусымдық болғандықтан да тәуекел етуге кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болмай отырғанын алға тарт­ты.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір