«Еріген» матор
29.10.2024
275
0

Балапан БАЗАР

(Бүгінгі мысал)

Бип-бип,
Бе-бе-е-е-п…
Бірдеңе деу үшін
Бірдеңе себеп.
Жол беріңдер,
«Жаңа машина» келед!..

Арғы атасы – арба,
Ол да біткен барға.
Дұрыс айдамасаң,
Жығып кетеді жарға.

Матор – жүрегі,
Төрт балон – тірегі.
Бірақ,
Біреуінің бүрі жоқ,
Шетінен тайғанақ,
Жылтыр,
Мақтай-тұғын бірі жоқ!..

Жалпы,
Машинаның маторы
(Үш жүз емес,
Үш қыз емес)
Үш бөліктен тұрады.
Құрамы:
«Головка»,
«Блок»,
«Картер».
Араны – апан,
Ашкөз,
Тоймайды.
Жебір,
Жемқор,
Жегенін қоймайды.
Алақ-жұлақ фары,
Нөлге тең – ары!..

Астарлап айтқанда,
«Фары» – көзі,
«Аккумулятор» – өзі,
Жүйеге ток береді:
«Трамблер» – министр,
Әкімі – «свеча»,
Соларға от береді.
«Карбюратор» – аппарат,
«Коллекторға» май береді.
Майдың жартысын жеп,
Жартысын жай береді.
Бірақ,
«Цилиндр»,
«Поршен»,
Май дегенді асайды.
Не пәлесі бар екен,
Осындай бөлшектер
Әйтеуір кө-ө-ө-өп жасайды…

Бәрі,
Матордың піспегі.
Содан тынбай,
Сынбай,
Күйеу бала, құда, тойыс…
«Коленвалы» бар,
«Кальцо»,
«Шатун»,
«Вкладышы» бар,
Гүрілдеп,
Дүрілдеп,
Отыз жыл істеді
Майдан май қалмады.
Бір күні «тістеді».
Яғни
Матор «еріп» кетті.
Сол сол екен,
Маңындағы,
Жанындағы:
«Радиатор»,
«Бензин насос»,
«Генератор»,
«Релеге» дейін
Қасынан безіп,
Жеріп кетті…

Көп ұзамай,
Артынан көк түтін будақтады,
Сол сол екен,
Күліш біткен шулап қалды:
О сорлы,
Зырылдаған көлік еді.
Мұндайды кім көріп еді?!
Бұ машинаны
Қаншама жыл
Өзі ғана айдады.
(Еске түседі-ау, қайдағы)
Тоқтамады, ызғытты.
Қағатынды қақты,
Соғатынды соқты.
Қайда барса,
Алдында ашық жол тұрды.
Қорабы да кең екен,
Іші-сыртын
Алтын-күміске толтырды.
Анда тасыды,
Мұнда тасыды.
Ертесіне түк болмағандай,
Иегін қасыды.
Бірін шетелден әкеп,
Бірін шетел асырды.
Ақыры арты ашылды.
Отыз жыл жүрген машинаның
Қазір маторы «еріген»,
Қадірсіз,
Быт-шыт,
Шашылды…

Бип-бип,
Бе-бе-е-еп.
Жол беріңдер,
«Жаңа машина» ке-ле-е-ед!..

Ақылға сап ойласаң,
Бұл «машина» дегеннің,
Таусылмайды айласы.
Өзгергені өйткені,
Болт пенен гайкасы,
Сосын, шайбасы!..

***
Жаңаны – жаңа,
Ескіні – ескі дейміз.
Бар бөлшегі бұрынғы,
Не істейміз?!.

АУЫС-ТҮЙІС

Әкімшілік керек етті Кендірді.
Әкім шығып:
– Бізде бар! – деп сендірді.
Сендірді де мақта жіпті иіріп,
Кендірлердің қатарына ендірді.

ОҚТАУ

Оқтау жұмысқа кіргенше:
– Пеш деген мекеме ме,
Ө-ө-й, алып кетем, – деді.
Жұмысқа кірген соң:
Анау отты түртіп жіберші, – деп еді,
– Қой, жанып кетем, – деді.

ШАҒЫМ
Үйрек:
Біз бір қора Үйрек едік.
Көлде жүзуден команданы,
Талай алға сүйреп едік.
Бүгін бәрі қауіп боп тұр.
Өйткені жаттықтырушымыз,
Қораздың қоқиы – Тауық боп тұр.
Күнде құрғаққа жүгіртіп,
Тіпті көлде жүзуден түңілтіп,
Олай да былай сүйретеді.
Өзі болса жүзе алмайды,
Бізді қалай суға үйретеді?
Тауық:
Ал біз бір қора Тауықпыз.
Қарап отырмай санап отырсақ,
Пәленбай жұмыртқа тауыппыз.
Қазір бір тауық «күрік» болмай,
Біртіндеп құрып барады.
Себебі Үйрек ағай «жүзуді үйрен» деп,
Шетімізден сабап, қырып барады.
Ертелі-кеш: «Өзен, теңіз, көл» дей ме,
Әлде бізге: «Суға кетіп өл» дей ме,
Солай қарай қуатын болды.
Бәрінен бұрын,
Көжеге жарамайтын шөжелерге обал,
Көздерін қара сорамен жуатын болды.
Шағым айтсақ күннен күнге,
Қатарымыз сиреп барады.
Өздерің айтыңдаршы,
Үйректерге Тауық,
Тауықтарға басшы боп,
Неге осы Үйрек барады?

…Иә, кадр мәселесі кей жерде,
Дәл осылай күйреп барады.

СЫНЫҚ СҮРГІ
Бір күні,
Сүргіні,
Барлық тақтай мақтады.
Қолдан қолға жүгіртіп,
Қоярға жер таппады.
Өйткені өткір тісі болатын.
Өткір тістің арқасында,
Беделі бар кісі болатын.
Сол Сүргінің «пырт» етіп,
Бір күні тісі сынып қалды.
Сол сол екен, сөз болмай,
Жым-жырт тынып қалды.
…Кездескенде бір күні,
Танымады тақтайлар,
Тісі сынған Сүргіні.

***
Әңгіме етіп қайтеміз,
Қайдағы бір тақтайды.
Қызметің бар кезде,
Адамдар да мақтайды.

ШЫРПЫНЫҢ ШАТАҒЫ
Біреудің тісінің арасында,
Біреудің ісінің арасында,
Жүгіріп жүрген Шырпы-тын.
Соңғы кезде өзгеріп,
Шыға келді тұрқы тым.
Өзгерісі сол –
Көрінгенге ол,
Айта берді: «Мен сені
Үйтемін де бүйтем», – деп.
Сөйтіп жүріп сор маңдай,
Күкіртке кеп сүйкенбек.
Күкірт айтты:
– Мен көнбеймін,
Үйтемің мен бүйтемге.
Сен бекерге сүйкенбе,
Қой! – деп.
Шырпы айтты оған да:
– Өй!.. – деп.
Былайғы жұрт Шырпының,
Қоқан-лоққысына нанып кетті.
Бірақ Күкіртпен керілдесіп,
Байғұс Шырпы жанып кетті.

***
Әлін білмей ұрыну,
Жаман-ақ қой ырымға.
Адам болсаң сен егер,
Адамға кеп ұрынба!

***
Сол баяғы Шырпы,
Өздеріңіз білетіндей тұрқы.
Тек дара болып қалған.
Даралығы сол –
Баяғы қоңыр бас енді
Қара болып қалған.
Бұ Шырпының шатағын қойсайшы,
Жанайын десе жана алмайды.
Нанайын десе нана алмайды.
Нағыз «дорақ» болған.
Дорақтарын ойлай-ойлай,
Қушиып қорап қалған.
Қорап демекші, қораптан,
Күнде бір қоңыр бас кетіп жатыр.
Қораптың беделін құрту үшін,
Бір соның өзі ғана жетіп жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір