АҚ НИЕТ ПЕН ПАРАСАТТЫ ПИҒЫЛҒА ЖҮГІНСЕК
29.10.2024
130
0

1991 жылғы мамыр айының 30-жұлдызында өткен республикалық актив жиналысына КСРО Президенті М.С.Горбачев қатысып, онда атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов сөз сөйлегені жайлы баспасөзде хабарланған болатын. Бірақ есімі әлемге мәшһүр қаламгердің сондағы сөйлеген сөзі, тек «Казахстанская правда» газетінде ғана жарияланып, бірде-бір қазақ басылымдарында ол тәржімаланып берілмеген еді. Бүгін Ә.Нұрпейісовтің сол жиында орыс тілінде сөйлеген сөзін қазақша тәржімалап жариялап отырмыз.

Сірә, саясат дегеніміздің өзі адам баласының бойындағы ең бір жан шыдатпас ауыр дертінің бетін қайтаруға қолданылатын жан дауасы деуге де болатын шығар. Амал не, біз бүгінде сол жан тазалығы, ақ ниеттілік деп аталатын асыл қасиеттерге зәру заманда ғұмыр кешіп жатқандықтан, бір-біріміздің жан сырымызды, жүрек лүпілімізді естуден де, ұғынып түсінуден де қалып бара жатқан тәріздіміз. Міне, сондықтан да, Михаил Сергеевич, бүгін мен сияқты жасы жер ортасынан асып кеткен әдебиетшінің көптен күткен осынау душарласу кезінде соншалықты ағыл-тегіл ақтарыла сөйлеп, сіздің адамзат алдындағы онсыз да баршаға мәлім тарихи жетістіктеріңізді тым асқақтатып айтпауды мақұлдап, қолдайды деп білемін…
Егер біз дәл қазір осы жерде сіздің бір сүйікті лебізіңізді қолдана отырып айтар болсақ, бүгінде бүкіл қоғам ерекше ықыласпен көз тігіп, бет бұрып отырған мәселелердің қай-қайсысы да ерекше маңыздылығы сондай, біздің бәрімізде шіркін-ай, тезірек сол күндерге жетсек екен деп әрбір келер күнді емірене күтеміз. Ал оған баянды бейбітшілік пен өзара келелі келісімсіз қолжеткізу еш мүмкін емес. Әттең, сол бейбітшілік пен келісім дегендердің өзі де мына заманда кейбіреулердің келеңсіз насихаттық шабуылына – интервенцияға душар болып жатқанда адамзаттың сол асыл арман-мұраттарына қалай ғана қол жеткізуге болады десеңізші?! Әрине, сіз үшін бұл тым ащылау айтылған сөз болуы да мүмкін. Бірақ бүгінде біздің басымызға түсіп отырған ауыртпалықты бұдан басқаша айту да оңай емес. Мен өз сөзім тым жалаң-жалпы болмас үшін айтайын: әнебір кезде бүкілодақтық бірнеше форумда елдегі болып жатқан жаппай ойран-топанға қарамастан, салыстырмалы түрде бірқалыпты тыныш жағдайды сақтау мүмкін болып отыр деген гәп айтылуы-ақ мұң екен, әлгі бір «тақырыптың ең ақырғы қорғаны» деп аталатын қорғанға қарай әлдекімдер идеологиялық қару-жарақтың барлық түрінен оқ жаудырып атқылауды бастады да кетті.
Сөйтсек, Қазақстандағы мамыражай тыныштық жағдай, біз Ресейдің ең бір текті де дегдарлы және ең бір көрнекті гуманистері деп ойлайтын адамдарының да шымбайына қатты батып маза бермейді екен ғой.
Әйтпесе, айтыңызшы, Ресейдің академик Лихачев бастаған абырой-атағы дардай-дардай қайраткерлерінің «Известия» газетінде ұлттық республикалардың ұлттық тілінің мәртебесін орыс тілінің пайдасына бола ашықтан-ашық кемсітуін қалай деп түсінер едіңіз?
Ал Ресейдің ғалым-саясаткерлерінің осы бір тым ызғарлы ой-пікірлері жариялана салысымен, Қазақстанның бірқатар уәлаяттарында Қазақстандағы тіл туралы Заң әртүрлі соққының астында қалды.
Әрине, сол хаттың еліміздегі аса қадірлі де құрметті авторларының ұлттар мәдениеті мен олардың тілдерінің тең құқылығы, ешкімді де ұлтына және тіліне қарай қысым жасап, шетқақпай қылуға жол беруге болмайтыны жайындағы ой-пікірлері маған да жат емес, бұл мәселе менің де жаныма жақын.
Солай бола тұра, осы тұста мен мына мәселеге өте қатты қынжыламын: әнебір кезде, яғни Қазақстанның солтүстік уәлаяттарын экономиканы әлеуметтендіру арқылы игеру деп аталған қарқынды жұмыстар жергілікті ұлттың ұлттық мәдениеті, ұлттық тілі тәрізді киеліліктерге шабуылдап соларды аяққа таптаудан басталды: дәрістері ұлт тілінде, яғни, қазақ тілінде оқытылатын мектептерді жабудан, ұлттық қасиеттілерін қорлаудан, тарихи ескерткіштерді қиратып, ежелден өз атамекенінде ғұмыр кешіп келе жатқан байырғы тұрғындардың – қазақтардың ғадет-ғұрпымен, салт-дәстүрлерімен қатар өзге де ең бір өмірлік қажеттіліктерін елемей, назардан мүлде тыс қалдырудан басталды.
Өз басым, ел ішінде сол бір өте құрметті де қадірменді қайраткерлердің бірде-біреуі тың өлкесінде бірнеше жылдан бері бірнеше жүздеген қазақ мектептері жабылып, байырғы тұрғындардың, дәлірек айтсақ, қазақтардың тең жарымы туған тілінен, ұлттық төл мәдениетінен зорлықпен, еріксіз ажыратылып жатқаны жайында, сол «Известия» сияқты орталық баспасөзде сыңар ауыз сөз айтқанын көрген де, естіген де емеспін. Олар біздің туған тіліміздің қолдану аясы өз елінде, өз жерінде күн сайын тарылып, қазақтардың ғылым мен техникаға барар жолындағы кедергі күшейіп, өмірінің ақырғы күндерін бастан өткізіп жатқанын өте жақсы біліп те, көріп те отырып-ақ, бір ауыз ләм деп үн қатқанын көрген емеспін. Тіпті есіме де түсіре алмаймын.
Олай болса, мәселе өзіңнің жекебасыңдағы жоқ-жітігің мен жеке мақсат-мүддеңе қатысты болғанда ғана елдегі адам құқығы туралы айту адамгершілікке жатады дей аламыз ба?
Құрметті Михаил Сергеевич! Айтыңызшы сіз мейлі үлкен ұлттың, мейлі азғантай ұлттың болсын өзінің – туған тілі мен ұлттың мәдениеті үшін күрес пен қамқорлықты қозғап, оның мұң-мүддесін айтуын басқа бір ұлттың ар-намысына тиісу деп қарау өркениетті, мәдениетті адамдардың қылығы дей аласыз ба? Айтыңызшы, ешқандай кісәпірлігі жоқ адамзат атаулыға ортақ өтініштерің, тілектеріңді талап етсең, оның несі айып?! Әлде өзі тоқ адам аш адамның не айтып тұрғанын түсінбейді ме? Әйтпесе осының бәрін қалай деп пайымдауға болады? Сонда қалай, орыс тілінің ғана мемлекеттік жоғары мәртебесі болу үшін аласұрып, жан-тәнін салып күресіп жүрген көкірегі ояу, көзі ашық жаңағы, мен айтқан зиялылар басқа республикалардағы жергілікті ұлттардың тіліне соншалықты керенаулықпен қарау жақсылыққа апармайтынын шынымен түсінбейді деп ойлайсыз ба? Егер бұл мәселеге осылай әдейі керенаулықпен, салғырттықпен қарай беретін болсақ, осы уақытқа шейін өте бір өлшеусіз қатігездікпен кемсітіліп, жаншылып келген саны аз халықтардың туған тілдері, державалық ел тілінің табанының астына түсіп, өзінің бүкіл келешегінен айырылып та жойылып кетсе, ол қасірет шынымен сіз бен бізге бәрібір болғаны ма?
Міне, осыны ойлағанда көңіліміз құлазып, мең-зең күйге түспегенде қайтеміз?! Біз бүгінде сонау отаршылық өркендеп тұрған замандардың өзінде бұратана халықтарға титімдей кемсітушілік, басынушылық көрсетілуіне қатты ашу-ызамен қарсы болған Толстой мен Чеховтың, Герцен мен Короленконың бүкіл әлемді тебіренткен аса жоғары азаматтық рухынан шынымен ажырап қалғанымыз ба?
Михаил Сергеевич, менің ойымша, сірә, осының бәрі еліміздегі саны аз ұлттар сол кездегі орыс зиялы қауымының осындай жоғары адамгершілік ғадет-ғұрыптарына бұратола беріліп, кейін ол адамдардың орнына өз маңайында болып жатқан өзгерістерден мүлде бейхабар адамдар келіп жатқанын немесе неге екенін қайдам, әйтеуір, тек өз миллетіне, яғни, өз ұлтынан басқаның бәрін әдейі саналы түрде көзге ілмейтін өркөкіректер келгенін байқамай уақыт өткізіп алғандай көрінеді де тұрады. Егер әлгінде мен айтқан «Известия» газетіндегі мақала авторлары, «Молодая гвардия» журналының, бас редакторы және басқалары шын өркениетті де мәдениетті зиялылар болса, олар онсыз да қалың елге таралуы өте кешеуілдеп, дамуы әдейі тежеліп келе жатқан, қазақ һәм қарақалпақ тілдері БҰҰ-дағы қызметтік тілдің бірі болып есептелетін орыс тіліне қауіп туғызуы мүмкін емес екенін қаперіне алып, пікірлерін ойланып айтар еді ғой. Амал не, олар өйткен жоқ. Олар осындай қиын ахуалды жақсы білмейді емес, біледі. Сондықтан да бүгін де орыс тілі қазақ немесе басқа аз ұлттар тілімен емес өзімен қатарлас ағылшын, неміс, француз тілдерімен бәсекелестікте болуын айтса, олардың біліктілігі мен мәдениеттілігі көзге айқын көрініп тұрар еді ғой!
Құрметті Президент! Сіз елімізде шешімін күтіп жатқан күрмеуі қиын мәселелер, бастан асатынын әрдайым айтып келесіз. Бірақ мен солардың ішінде ең ерекше үш проблеманы атап көрсетер едім. Олар: әрине, экономика, территория және тіл мәселелері. Иә, әр заманда небір көрнекті мемлекет басшылары экономикасы құрдымға кете жаздап әбден құлдыраған мемлекеттерді қайта қалпына келтіріп гүлдендіргені, өркендеткені тарихтан белгілі. Бірақ бір мемлекет территориясы мен тіл мәселесіне орай туындаған ешбір дау-дамай әл-мисақтан бері бейбіт жолмен шешілген емес. Бұл жұрттың һәмбесіне аян ақиқат. Әттең, мен әлгінде атап өткен шамадан тыс белсенді пысықайлар сол ақиқатты біле тұра әлі де болса бізді сол екі қос проблемамен – тіл мен территория дауымен бетпе-бет душарласуға мәжбүрлеп отыр.
Қазір Қазақстан әртүрлі күдікті докториналардың нысанына айналып, бірнеше жылдан бері мұнда өте қуатты азғырушылық пен арандатушылық насихаттардың нағыз артиллериялық даярлықтары өткізілуде. Бұл бүлдіргі әрекеттерге мұхиттың арғы бетінде жатқан Нобельдік сыйлық иегері Солженицынның бүлдіргі сөздері отқа май құйғандай қосылуда. Осындай ойраншыл насихаттармен делебесі қозып, шабуылға шыққысы келетін толып жатқан әуейі батырсымақтар шықты. Ал бүкіл Одақты қамтыған нағыз атты әскерлер де көп күттіре қоймастан қылышын жалаңдатып шыға келді. Олар баяғы орыс революцияшылары сияқты пролетарлық Петербургке қарай емес, тұп-тура Қазақстанға қарай бет бұрды. Былтырғы «Комсомольская правда» және «Литературная газета» арқылы мұхиттың аржағында жатқан ұстазының сөздерімен шабыттанған мұндағы шәкірттерінің қылықтары сол ұстазынікінен де асып түсті. Осыдан төрт-ақ күн бұрын енді «Московские новости» деген тағы бір орталық газетте «Возрождение» деп аталатын казактар қауымы атамандарының бірі Александр Голаген дегеннің атымен біздің республикамыздың бүкіл батысы, бүкіл шығысы, бүкіл солтүстігі һәм Казачествоның (тіпті, Алматы уәлаяты да) назарында болатыны, бұл аймақтың һәммасы бір кездері «қателікпен Қазақстанға беріліп жіберілген» ықылымнан орыс жері екенін ашықтан-ашық өктемдікпен мәлімдеді.
Мен бұл жерде әлгі дүрбелеңшіл атаманның мұндай еш негізсіз өршеленуіне, тіпті сөзімді шығындағым да келмейді. Себебі ешқандай негізі де, солай екен-ау деп табан тірер тиянағы да жоқ мұндай мәлімдемесымақтар сонау мұхиттың аржағынан шығып жатыр ма, әлде әлгі атаманның айналасындағылардың аузынан шығып жатыр ма мейлі, бәрібір түкті де дәлелдей алмайды. Олар сол арқылы өздерінің кәдімгі қарапайым отандық тарихынан мүлде мақұрым екенін, Ресей мемлекетінің, онымен іргелес елдермен қоңсылас халықтардың тарихын зерттеген орыс монастырларының көне шежірелерінің авторлары ешқандай Солженицыннан, Ивановтан, Кузьминнен, жаңадан пайда болған атамандардан әлдеқайда артық білетінінен де бейхабар жандар.
Ол аз болса, бұның бәрі Кирилловтың, Татищевтің, Неплюевтің, Скобелевтің мемуарларында ақ қағаздың бетіне қара сиямен ап-айқын қып жазулы тұр.
Менің ойымша, енді, міне, Казачествоның қияңқы басшылары отарланған қазақ жерлерін бұратола өз меншігі қылып заңдастыруды талап етіп отыр. Егер олар осы қалпымен Жаратушының алдында болатын жауапты сәтке барып түссе, өздерінің бабалары, бұл жерлерді қашан және кімдерден тартып алғанын шын жүректен басын иіп тұрып мойындап берер еді.
Иә, біз ұлттық аймақтардағы әскери құрылымдарды қарусыздандыру жөніндегі президент Жарғысын қуана қарсы алдық. Алайда осындай дәл қажетті шақта Жарғы қабылдана тұра, елімізде казачество жасақтары тәрізді ол әскери құрылымдардан да қатаң әскери құрылым жасақталуын қалай түсінуге болар еді? Ал біз болсақ Тбилисиде, Бакуде, Ригада, Вильнюсте болған қасіреттерден кейін ұлтаралық дау-дамайларды шешуге әскери бөлімдерді қолдану біратала тоқтатылады деген сенімде болдық қой. Әлде әлгіндей шатақты мәселелерді шешуге тұрақты әскери күштердің орнына бұдан былай казачество сияқты бейжария қарулы күштер қолданылатын бола ма?
Біз бұл мәселеге салиқалы жауап беруді өзін-өзі атаман деп жариялаушылардан емес, ел Президенті жеке сіздің өзіңізден күтуге әбден құқымыз бар деп білеміз. Міне, осындай өмірлік маңызы бар мәселелерге келгенде айқын да нақты өз ұстанымымыз болмаса, біз өркениетті құқықтық мемлекет бола алмаймыз. Мен өз басым бәрімізге ортақ осынау мемлекетіміздің негізгі тіректерін бұлайша астынан қазып босаңсыту және кез келген қозғалыс немесе бейкүнә сауалдың бәріне жергілікті экстремизм деген жала жабу бізді ілгері жылжытпайды. Бұның бәрі халықтың жоғарғы жаққа деген сенімі сенім атаулыдан айырса, енді бір қауымды – болашаққа деген үміттен айырады.
Міне, сондықтан да біздің қазақ халқы мен оның зиялы қауымының өтініші арқылы берілген өкілеттілікті пайдаланып, бүгін мен сізге мынадай нақты да табанды тілек айтып отырмын: Сіз бізде болып жатқан өкімет билігі үшін күрес тым қатты ушығып кетпей тұрғанда, кейбіреулердің Қазақстандағы ұлт мәселесін ұпай жинауға пайдалануын дереу тоқтату үшін өзіңіздің өкілеттілігіңіз бен биік абырой-беделіңізді жұмсауыңызды өтінемін.
Мен ондай қауіп-қатерді жеке өз қиялымнан шығарып айтып тұрған жоқпын. Басқасын былай қойғанда, бұрынғы премьер Рыжков пен Громов қазірдің өзінде «Құрметті казак» деген атақ алғаны бүкіл баспасөзде жарияланды. Осындайда бұдан әрі не болар екен деген сауал туындайтыны да рас.
Иә, тіршіліктегі кез келген әрекетке қарсы әрекет те болатыны ықылым заманнан дәлелденген нәрсе. Егер біз айтып отырған қайсыбір қауіп-қатерлі жағдайлардың шеті шыға қалса, оларға қарсы қаншама түрлі сарбаздар мен сардарлар да, басмашылар мен құрбашылар да, тіпті түп-тамыры беймәлім қарақшы-атамандар да дүркіреп шыға келетініне күмән жоқ. Ал мұндвй аласапыранды біреу-міреу қалай қояр ма екен?!
Мен осының бәрін тек өз қандастарымның, яғни, тек қазақтардың атынан ғана емес, сіз өзіңіз бастаған болашақ істерге деген сенімін жоғалтпаған, қайта құру деп аталатын дегдарлы бастамалардың жүзеге асарына әлі де сенетін қалың халайықтың атынан айтып тұрмын. Құрметті Президент! Жоғарыда аталған түрлі-түрлі басбұзар тентектіктер мен ессіз шолжыңдардың соңы Жаратушы Иеміз сақтасын ауыр қасіреттерге ұласып кетпесі үшін ең бір батыл шараларды кейінге қалдырмай қабылдауыңызды өтінемін!
Құрметті Президент! Бүгінде небір шиеленістер мен аласапыранға толы мына заманда сәл ұшқын тисе, лап еткелі тұрған кез келген сәтті ушықтырмай, дер шағында сабасына түсіруден өткен данагөйлік жоқ! Міне, осындай жағдайда да біз бір-біріміздің жан дүниемізге терең ақыл-оймен, жылу мен мейірбандыққа толы жүрекпен қарар болсақ, мына замандағы ең үлкен адамгершіліктің ең басты нышаны сол болар еді.

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ
Орысшадан тәржімалаған
Мырзағали Сахиұлы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір