Даналықпен дидарласу
29.10.2024
115
0

Уақыт­ты уысынан шығармай, мүмкіндігінше өз пайдасына жарата білген классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейіс­ов көзінің тірісінде көп адамды іздей бермейтін. Қажет-ау десе өзі іздеп табатын. Сондықтан күллі ел мойындаған қаламгерге қолымыздан анау айт­қандай жәрдеміміз тимесе де, ең құрыса шығармашылығына кедергі жасамайық деп, сырт­тап жүретін­біз. Өмір ғой, анда-санда сол сирек кез­десудің де орайы келе қалады. Айтатыны – «Айналайын!..» Соңғы демі үзілер сәт­те хал-жағдайын сұрауға барған Сәкеңе, Смағұл Елубайға тілі келмесе де көз жанарымен ымдап, «бұл «айналайынды» халқыма арнадым», – дегені де бекер емес-ті.
Ә. Нұрпейісов жайлы кешегі «алыптар тобы» көрнекті өкілдерінің аузынан шыққан ыстық лебіздерін, замандастары, құрдастарындай әзілдесетін, еркелейтін бүгінгі жер басып аман жүрген үзеңгілес інілерінің қағазға түскен жазбаларын жинағанда неше том боларын кім білсін.
Асыл ағамен қатар отырып, аз-кем сұхбат­тасқанның өзі айтары жоқ, есіңде ұзақ сақталар қымбат қазынаға айналғандығын енді ғана аңғарып жүргендейміз. Жарқын бейнесі жиі-жиі түске кіреді. Сағынасың. Сол сағыныштан туған толғаныстың бір парасы – осы…

«К.Байсейітова 40…»

Жолым түсіп Алматыға бара қалсам, неге екендігін кім білсін, қала орталығындағы осы адреске орналасқан үйді айналып өте алмаймын. Бір тылсым күшімен өзіне қарай үн-түнсіз тартады да тұрады, сол тұстан жан-жүрегіңді елжіретер тосын әуен, құлаққа сіңісті болған таныс дауыстар әп-сәт­те тұла бойыңды баурап алады. Оның себеп-салдарын жай сөзбен айтып шығуға да «бір арба» жан керек. Көрер көзге от­тай басылған осы биік үйдің астыңғы қабатындағы екі-үш бөлмелі мекенжайға ана жылдары Халықаралық қазақ ПЕН-клубының ресми тілмен айт­қанда, штаб-пәтері қоныстанған-ды. Тәуелсіздіктің әлі еңсе көтере қоймаған елең-алаң шағы, сол кез­дегі ел басына түскен әлеумет­тік, экономикалық қиыншылықтарды жұрт­тың көбі жатқа білетін болғандықтан, ол жайлы қазбалап қайтеміз. Қаржының қай тұстан да жетімсіздігі етектен тартып жатқандығына қарамай, ПЕН-клуб төрағасы Әбдіжәміл Нұрпейісов осы пәтерді күрделі жөндеуден өткізді. Күрделі жөндеуден өткізді дегеніміз, бер жағы, Халықаралық ПЕН орталықтың әлемдегі атышулы мемлекет­терінің астаналарында өтіп жататын түрлі тақырыптарды қамтыған конференцияларына қатысып, қатысып қана қоймай, сол мәртебелі мінбелерден сөз сөйлеп, тек туған республика төңірегіндегі кезек күт­тірмес мәселелерді ғана емес, төрткүл дүниедегі Адамзат алдында тұрған күрделі проблемаларды бірлесіп шешкенде ғана ізгілікке жететіндігімізді қайталап айтудан шаршамаған Классик өзі құрған әдеби ұйымның шаңырағы да жарқырап тұрсыншы деген-ді. Қонақ қабылдайтын зал дейсіз бе, Көгілдір зал дейсіз бе, ішіне бас сұққан пенде әсерленбей шыға алмайтын.
Алғашқы уақыт­тағы санаулы ғана ПЕН-клуб мүшелері осы жерде бас қосып, пікірлескенді ұнататын. Мүшелікке қабылдаудың өзі қызуқанды «айтыс-тартыспен» әзер аяқталатын. Ал он мың долларлық жыл сайынғы М.Жұмабаев, М.Әуезов, М. Дудин, Ю.Казаков атындағы жүлденің нағыз иесін табуға келгенде, пікірталастың қызуы шарықтап «мың градусқа» жететін. Басқа лауреат­тарды айтпағанда, Ш.Мұртаза мен К.Смайыловқа, Т.Әбдіковке берілген сыйлықтың салтанат­ты кешіне біздің де куәгер болғандығымыз бар-ды.
Өткен ғасырдың басында Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовтің бастамасымен жарық көріп, ке­йін сан түрлі себептермен жабылып қалған «Таң-Шолпан» журналының дүниеге келуі де осы пәтерде келісіп шешілген-ді. Құдайға шүкір, қауқарлы қаламдасымыз Мереке Құлкеновтің қажырлылығының арқасында журнал содан бері бір нөмірі кешікпей және әдеби талғам-дәрежесі де бір саты төмендеместен өз дәрежесінде тоқтаусыз шығып келе жатыр. Осы жолдар авторы да дәл осы үйде ПЕН-клубтың мүшелігіне қабылданып, №29-куәлігін алған-ды.
Қазір бұл киелі шаңырақтың кімнің иелігіне көшкендігінен хабарсызбын. Банктің бөлімшесі, сол секілді бизнеспен айналысатындардың «офисі» орналасқан деседі. Кешегі әдебиет­тегі алыптарымыздың дауыстары сіңген қасиет­ті шаңырақ жетімсіреп қалған секілді, біртүрлі көзге қораш көрінді. Есік алдында ойланып біраз тұрдым. Іштен Ә.Нұрпейісов,
З.Қабдолов, Ш.Елеукенов қолтықтасып, қауқылдасып шығып келе жатқандай елестеді…

ПЕН-клубты тапсырардағы соңғы сөзі

«Сіздердің алдарыңызда атқарылған жұмыстар жайлы есеп беретіндей не бар? Бәрі көз алдарыңда. Менің құпия сақтайтын түгім жоқ. Бәрі сіздерге белгілі, сіздерге аян. Біршама шаруалар да жүзеге асты, ал кемшіліктер одан бетер. Мен асылы, цифрға, цифрларды ойға сақтауға мүлдем шорқақпын. Ал қаржыға келгенде тіпті олақпын. Шамам жететін жерден тартынып қалғаным жоқ. Әлі де ПЕН-клуб жұмысынан қашпаймын. Білсеңіздер мен осыны бір нәрсе жапырып тастағандай, үлкен шаруа тындырдым деп те айта алмаймын. Мұхаң, жарықтық Әуез­ов айтушы еді ғой, оны бәлкім, мен сіздерге талай рет қайталаған да болармын. «Көктемде қар суы еріп, үйдің төбесінен тамшы ағады. Егер үй төбесінен аққан сол тамшының астында қара тас тұрса, сол тамшы әлгі қара тасты да тесіп шығады. Ал менің қызметім, сол тамшының бірі ғана. Елің үшін, туған халқың үшін қызмет жасағыларың келген екен, ендеше, еш нәрседен жасыма, әрбір пенде әлгі үй төбесінен ағатын тамшыдай үлес қосса біз алмайтын асу, біз бағындырмайтын қиындық болмайды. Жалғыз менің шапқылағаным не болады? Осы қаперлеріңде жүрсін»,–деуші еді ғой, қайран Мұхаң. Сол айт­қандай, қазақ әдебиетінің өркендеп, шет жұртқа танылуы үшін де бәріміздің бір кісідей жұмыла жұмыс істеуімізге тура келеді. Мұхаң айтпақшы, жалғыз менің тірлігім не болады? Ғабит Мүсірепов өлерінің алдында «Әдебиет ұлы болмай, ұлт та ұлы бола алмайды» деп бекер айт­ты деймісің. Үлкеніміз бар, кішіміз бар, осыны жадымыздан шығармайық.
Мені сынайтын болсаңыздар, ол сындарыңызға әркез арқам дайын…
Өткенде менің екі кітабымның ағылшын тілінде жарық көруіне байланысты сондағы баспагерлердің шақыртуымен АҚШ-тағы тұсаукесер рәсіміне барып, қатысып қайт­тым. Нью-Йоркте де, Вашингтонда да кезектескен кез­десулер өтіп жат­ты. Екі аптадай сонда болдық.
Жә, жалғыз Нұрпейісовтің шетелге аударылғанынан не ұтамыз? Бізде кез келген айтулы шығармалармен бәсекеге түсе алатын қаншама қазақ әдебиетінің мойны озық туындылары бар. Әрі-берідесін Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің өзі толықтай ағылшын тіліне аударылған жоқ. Шетелде Бердібек Соқпақбаевты кім біліп жатыр? Одан бертіндегі Дулат пен Төленнің роман-повестерін шетелге танытса кімнің таласы бар? Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» романы бір дәуір шындығын сурет­теген өте тартымды жазылған шығарма. Ол жайлы ризашылық кейіптегі ағалық ниетімді өзіне де, өзгелерге де айтып жүрмін. Смағұл Елубаевтың ашаршылық туралы романы ше? Бұлар кез келген тілге аударылып, кез келген елге ұялмай ұсынатын дүниелер.
Мына біздің бүгінгі басқосуымызға қатысып отырған азамат­тарды сонау жер түбінен бекерге шақырғанымыз жоқ. Өзіміздің қаламгерлермен таныссын, пікірлессін, ойларын-ұсыныстарын айтсын деп шақырт­тық. Енді… бәріңіз күтіп отырған ПЕН-клубтың жаңа басшысын сайлау жөнінде. Жас келді. Қанша ғұмырдың қалғаны бір Құдайдың қолында. Сондықтан жөн-жосық білетін Қазақ ПЕН-клубының түпкі мақсатын асқан жауапкершілікпен ілгері жүргізе алатын қажырлы, қайрат­ты және бәріңіз жақсы білетін бір азамат­тың қолына тапсырсам деп отырмын. Бұл орынға өз кандидатураларын ұсынғандар да көп болды. Бұл төңіректегі менің ұсынысымды көпшілігіңіз қолдайтын да боларсыздар. Ол– мына отырған Бигелді Ғабдуллин. Іскер, жинақы, орынды шешім қабылдауға қабілет­ті, биліктегілермен де тіл табыса біледі. Өзінің газеті бар, есеп-қисапқа жүйрік. Мен Бигелдімен екі-үш мәрте Халықаралық ПЕН-клубтың әртүрлі мемлекет астаналарында өткен конференцияларына қатыстым. Бұл жігіт­тің өзгелерімізден бір артықшылығы – тіл біледі. Шетке шыққанда тіл білмей, әркімнің бетіне жалтақтап, пұшайман хал кешу бәрінен өткен азап екен. Осы азаматқа тоқтадым…»

Түн жарымы.
Жарты бет…

Аурухана – жазушының «екінші үйі». Ешкімге сенбей өз денсаушылығына мұқият қарайтын аға жылдың қай мезгілінде де, не Алматыдағы, не елордадағы ауруханалардың біріне барып, тым-тырыс жатып алады. Әлде жұрт мазаламайтын шығармашылық мүмкіндікті осы жерден таба ма, қайдам. «Тым-тырыс жатып алу» қайда, қашан барсаң да жаңа босанған келіншектей аурухана көрпесін беліне орап, сүлгімен басын таңып алып, әлдебір қолжазбаны шиедей қылып, қырнап-сүрнеп, кейбір тұстарын қайта жазып, ала қағазбен алысқан сәтінің үстінен түсесің. Шын беріліп кеткенде сенің «тез жет»-пен қос өкпеңді қолыңа алып, ентігіп келгендігіңді елемейді. Ондайда есік сыртында тұра тұрғың келеді.
Со жолы Әбекең бізді аса бір ерекше көңілмен қарсы алды. Төлен аға (Әбдік) екеуміздің алдын ала келіскендей, бір уақыт­та бара қалмасымыз бар ма! Басты бұйымтай – ауруханада жатқан кісімен аз-кем әңгімелесіп, жағдайын сұрау; айтатын тапсырмасы болса қолдан келгенше орайын тауып мінсіз орындау. Жалпы, Әбекең кімнің қандай шаруаға икемі барын бәрімізден жақсы біледі. Сыртымыздан бақылап жүреді. Кімге не тапсыратыны өзіне ғана аян.
Үйден ала келген келіндерінің «сәлемдемелерінен» таңдап-таңдап ауыз тиді. Әңгіме айтатын екі ағам, мен тыңдаушы. Талай сырдың түйіні шешілді, әдебиетке қатысты, аудармаға қатысты, жалпы елдің, халықтың жағдайы туралы «ашық дискуссия» шарықтау шыңына көтерілді. «Ән айтайықшы!» – деді Әбекең бірде. Сөйт­ті де өзі еш қолқалаусыз ел айтып жүрген халық әндерінің бір-екеуін «мінсіз» орындады. Мұндай кереметке куәгер болып тұрғаным осы. Тек бір «әт­теген-ай», қалтама диктафон сала барып, байқатпай бәрін жазып алсамшы. Эх, осындай әбжілдікті қашан үйренер екенбіз.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір