«ҰЙҚЫАШАР» мен «СЕЛТЕТКІЗЕР»
18.10.2024
297
0

Жер жүзі жаңарып, жасаратын Ұлыстың ұлы күні қазақтың сері жігіт­тері тал бойына ибалылық пен сұлулық жарасқан әсем қыздардың көңілін аулап, сезімін білдіру мақсатында арнайы сыйлық жасап, табыстайтын болған.

Бұл салт «селтеткізер» деп аталады екен. Сол кезеңдегі бозбалалар ақмаңдайлы аруларын айна, тарақ, орамал, шашбау, жүзік секілді бұйымдарымен қуантса, қыздар жағы бозбаланы көңілі хош көрсе, «жігіт­тер ұйықтап қалмасын» деп жас малдың етіне уыз қосып, дәмді тағам пісіріп, «Ұйқыашар» дайындаған екен. Аталған дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да тегін емес. Себебі 21-інен 22-сіне қараған түні халық көз ілмей жаңа жылдың алғашқы таңын күтеді. Күн көзі көрінген уақыт­тан кейінгі екі сағат мезет «Күн сәті» деп аталады. Егер кімде-кім Ұлыс күнінің «Күн сәтін» маңдайын тосып қарсы алса, оған наурыздың құты дариды деген сенім болған. Расында, рауандап атқан наурыз таңы талай сырлы сезімге қанық болған шығар? Табиғат оянып, тіршілік атаулыға жан біткен көгілдір көктемде «Ұйқыашардың» уыз дәмі ұрымдының үмітін оятса, «Селтеткізер» сырғалыны сырлы сезімге бөлеген-ау.
Аталған игі дәстүрлер туралы түрлі дерек бар. Ғаламтор бетін ақтара отырып, қызықты оқиғаны көзім шалды. Наурызда Қазақстанның орталық өңірлерінде Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан денелерін жіті байқап отырған дана халық Ұлыстың ұлы күнін Өгізханның Күн сұлумен жұптасқан одағы ретінде әдемі өрбіткен. Өгізхан туғаннан бастап ерекше қасиет­ті жан болған екен. Ол бір жасқа толғанда, өз атын өзі Өгізхан деп атаған деседі. Көзін ашқан сәтінен бастап аспан әлемімен әуестеніп, Ай орағын қолымен өлшеп ойнайды екен. Күндердің бір күнінде жас бала тауда жүргенде аспаннан түскен ғажайып жарық нұрлы сәулені көреді. Қасына келсе, сәуле ішінен Күн сұлу қыз шығады. Өгіз соған үйленеді де, сол Аспан анадан үш ұл өмірге келеді. Олардың ат­тары – Күн, Ай, Жұлдыз. Мұны ертеде Низами өзінің «Жеті ару» немесе «Жеті қат көк» ат­ты астрономиялық поэмасында: «Көтерген Ай сұлуды алып өгіз, Көктемде аспан туы, ол – Наурыз», – деп жырға қосқан екен.
Ал бүгінгі бекзада, серілеріміз нәзікжанды бойжеткендеріне қандай сый ұсынып, селт еткізеді екен? Бұл туралы қазіргі жастар не ойлайды? Салт-дәстүрді берік ұстанатын ауылдың перзенті, «Заман» тобының әншісі Әсет Қарабалин былай дейді: «Бұл – ертеден келе жатқан дәстүр. Селтеткізер туралы әдеби кітаптардан оқығаным бар, білемін. Жалпы, қазақтың ұйқыашар секілді өзге де әдемі дәстүрлерін жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіру қажет. Тіршілік атаулыға жан бітіп, жер-ананың бусанған шағында жақындарыңа сыйлық ұсынып, қуантқанға не жетсін! Шағын болса да шын көңіл, ақ ниетпен ұсынған сый кімді болса да, селт еткізері анық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп жатады ғой, ең бастысы, адамдар бұл күнi бiр-бiрiне жылы лебiзiн бiлдiрiп, көңiлiнде көлеңке қалдырмаса болғаны. Негізі жақындарымды мерекелерде ғана емес, жиі сый сыйлап, қуантуға тырысамын».
Бүгінде ұмыт болып бара жатқан «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» – Ұлыстың ұлы күніндегі сыңардың жұптасуы, одақ құруы. Ұлт­тық тәрбиенің алтын қазығы. Осындай игі дәстүрлерді жаңғыртып отырсақ, қандай жақсы болар еді?

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ,
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір