ҚАРЫЗЫМ БАР…
19.10.2024
148
0

(Тоталитаризм аспанында жасын ойнатқан жырлар және оның философиясы жайында жаңаша ойлар)

Поэзия – бізде даналық өнері. Геродот сақтардың сөз өнерін құрметтейтінін жазып кетті. Даналық ғылымы – философия. Өз ақындарымыздың дүниетаным кеңістігіндегі тұжырымдары қандай? Олардың философиялық әлеуеті теорияға айнала алды ма? Өз танымым алтын мүсін қойып алған Есенғали мен Иранбек аға, Еркін аға, Өтежан аға, Күләш әпке, Нұрлан аға мен Өтеген, Ұлықбек, Ғалым бастаған тегеурінді, терең ақындар легі бар. Қоғамдық сананың дүмпуін көрсететін жырлар тәуелсіздік кезінде де, қазір де өз міндетін орындауда. Темірхан ағамыз, Ысрайыл, Ақұштап, Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Жәркен, Зайда, Гүлнар, Маралтай, Сәкен, Серік, Тыныштықбек, Қайырбек, Айтақын, Батық, Бауыржан, Ертай, Есенқұл, Дағжан, Жарас…көп қой олар. Әрқайсысы жеке таным. Ақыны көп ел болу – мін емес. Ол – дүниетанымы терең елде көрініс беретін құбылыс. Ұры-қарысы аз, халқы қарғыс айтпаған ел болғанға не жетсін! Сана динамикасының дамуына дем беретін, ойдан арылмаған ел болғанға не жетсін. Ой жаңарған сайын жаңарамыз. Ақындар тізімі біразға баратыны сөзсіз. Жанарбек пен Ақберен, Бақыт пен Есейдің дүниетаным өрнегінің шұғыласы бар. Біздің поэзияда өте күшті ақын қыздар легі келеді.
Сонымен, билеуші Кремльдің орақ-балғалы туы астында жоғарыда термелеген сипат­тардың бірі болмаса, бірі кез­десетін қазақ жыры жетіп артылады екен. «Ариадна жібі» мені Есенғали Рау­шановтың «Байқоңыр космодромы» өлеңіне жетелейді. Оқиық.
Періштелер жүреді ұшып аспанда,
Рас шығар, кім білген.
Әлдеқашан өліп қалған тастарға,
Аят оқып тұрмын мен.

Ал, генерал, қане, бізді баста алға,
Сенің сөзің заң бүгін.
Періштелер жүреді ұшып аспанда,
Көреді олар барлығын.

Мен қараймын мынау мылқау
тастарға,
Жерім байтақ. Далам бай.
…Періштелер жүреді ұшып аспанда,
Қонатын жер таба алмай.
Құдайсыздар жүйесінде туып, әлдеқашан өліп қалған Байқоңыр тастарына үнсіз аят оқып тұрған.
Ақын! Жері байтақ, бірақ періштелер қона алмайды, қонатын жер жоқ. Жедел дамыған постиндустриалдық қоғам бар!
Ал, генерал, баста алға,
Сенің сөзің заң бүгін…
Жарты әлемді тітіреткен КСРО дейтін милитаристік империя илеуіндегі Байқоңырдың, қазақтың қасіреті – бұл. Жасын жыр бар екен! Тоталитаризмді тілгілеп тұр. Періште, аят ұғымын ешкімге түсіндірудің қажеті жоқ. Бұл сөздер он сегіз миллион қазаққа ғана емес, бір жарым миллиард жер тұрғындарына да жылы естіле ме, қалай? Есенғали – менің ғана емес, бар қазақтың жүрегіне ұя салған, дүниетанымына гамлетизм өрнегін салмайтын постмодернист ақын.
Жоғарыдағы барлық жасын жырлар иелері менің мадағыма зәру емес. Бірақ оларды ешкім постмодернистер деп ат қойып, айдар тақпайды. Есенғалидан бастап тұрғаным сондықтан. Тіпті Кеңес дәуіріндегі әдебиет­ті бекерге шығару тенденциясы байқалады. Ұлт­тық пішіндегі постмодернистік жыр Есенғалимен аяқталмайды. Бүкіл жыраулар поэзиясынан даналық жұпары аңқиды! Оның азат­тық, жауынгерлік идеясына Тоталитаризмнің великоросизмі тыйым салғанын тарихтан білеміз. Оны да қоя тұралықшы. Дүние туралы, кеңістік, уақыт, қозғалыс, өмір, өлім туралы Жамбылдың материалистік Теориясы десем, қателеспейтін шығармын. Мына өлеңді:
Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Ке­йінгі толқын – інілер,
Кезегімен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Абайдың ағартушылық идеясы әбден зерт­телген. Ал төрт өлшемді дүние жалғанның сипатын Ілгері-ке­йінгі әлемдік поэзияда дәл осылайша толғау жоқ шығар. Қазақ поэзиясы солтүстіктің шұғыласы сияқты. Құбылады! Ол – құбылалы поэзия. Темірқазық ділін айналады. Ғарыштық түйсікті санасы жан «бүлігін» жырмен кестелейді.
Мынау Жұмекеннің төрт­тағанынан шыққан сәулелі бүліктер! Әсері сол, сен де бүлік шығарғың кеп кетеді.
Әурешілік.
Тас бұлақтың ақ жолына жатып ап,
Қарайды құр суық көзбен бақылап.
Ал бұлақ ше?
Жағынумен, жалаумен тасты жібітемін дейді, ақымақ!
***
Алатау!
Алатау деймін,
Алатау деймін…
Не түсіндің бұ дүниеде–
ұлы болып, Алатау,
Не тындырдың мына әлемде –
шыңы болып, Алатау.
Сені демеп «бата беріп»
қанша түн мен күн кет­ті,
Неге керек жата беріп
ұлылықты міндет қып!
…Алатау деймін,
Алатау деймін…
***
Жұмекеннің Ақиқат пен
Дәлдік теориясы не дейді сонда?

Салмақ туралы

…Кеңседегі біреудің кеңсірігін
сөз ет­тік,
Ел сенетін біреудің кемшілігін
сөз ет­тік.
Жетпейтінін сөз ет­тік
сөзден түйдім жаңағы,
Салмағы жоқ дейді екен
космостың заманы.

…Қауырсын да қол жетер,
Жерден ұзап әрі аспас.
Космонавтан басқаға,
салмақсыздық жараспас.

Қашты біреу Батысқа
Ұзартам деп мұратын.
Міне, міне, дәл соның,
Салмағы жоқ бір атым.

Басың сенің – доп, адам,
О, домалан, домалан.
Көкейіңде көп алаң,
Көрген күнің зобалаң,
Табанының астында
туған жері жоқ адам!
Неткен көрегендік! Әлемнің от­ты нүктелері: Палестина, Ирак… Күрд, араб, еврей тағдыры. Босқындық. Қазіргі Шыңжаңды қытайландыру әрекеті… Шиырға толы шырғалаңдардың зобалаңға ұрынуы. Табанының астында туған жері жоқ адам…Неткен бақытсыздық? Жырға тізе бүгем. Даналығы, ақиқаты үшін. Осы жырға өз балаларым да тізе бүгуі үшін, осыны жазып отырмын!
Көрген күні зобалаң–
Табанының астында туған жері
жоқ адам!
Поэмалары, әр өлеңі-жалынан сипата қоймайтын арғымақ мүсінді ақиқат. Түйдек-түйдек ой ырғақтарының тереңдігі, дүниетанымыңды байыта жөнеледі.Тұжырымдарының дәлдігі таңдандыратын ақиқат теориясы – ол.
Қараңыз:
Көрген күні зобалаң–
Табанының астында туған жері
жоқ адам!
Жырларындағы сенімге негізделген дүниетанымымен таңғалдыратын ақын әкпеміз – Фариза. Фариза Оңғарсынова – менің мадағыма зәру ақын емес. Өз ұлтының жүрегінде өмір сүріп жатқан ақын. Шекарада ши тістеп… жүрген шіп-шикі мені Тұманбай, Сейдахмет, Шерхан ағаларға апарып, сүйінші сұрағандай болғанда да…түк бітірмедім.
Ақын болмасам да,
Адам ретінде қарызым бар-ды.
Кітабын ашқан сайын сөйлесіп отырғандай күй кешемін:
…Бейнет кешсін ұрынып қамалға ма,
Тірлігіне тойымсыз адам ғана.
Өмір сүрсек болғаны алжығанша,
Ризамыз жақсыға, жаманға да.
Мәңгі етпейтін күндерді ажал-дана.
(Ажал-дана… Оқыс түйін. Күндер бекер өтпесін. Өмірзая тірлік кешпесінге сайған әпсана)

Өмір – жаға. Өлім – су тұнық, терең,
Қос нүктенің арасы. Жүріп келем.
Үміт-айдын жырақта. Күдік-кемем.
Ажал барын білемін. Бірақ көзді
жасыл жаға өмірге тігіп келем!
( тіршіліктің жасыл түсі.)
Қазір – түрлі түсті революциялар заманы. Санада да төңкеріс. Дәстүрде де төңкеріс. Ғылымда да төңкеріс. Қоғамда да төңкеріс. Фариза әкпеміз де қандай төңкерісті жырлады екен?
…Революция!
Несің сен?
Бары рас, тың үн әніңде,
Мазмұның қандай, мәнің не?
Жүйкеңді қасыр
дыбыстан тұрар әлемде,
Шаршады жаным
елеңдеуменен әр үнге.
Революция – арылу ма бұл күңдіктен?
Болғанмен аспан, құрлық кең –
бітісе алмау ма?
Жердегі жеке сарынды
Қалыпқа салған тірлікпен!

Революция –
жаныма мүмкін керек ем,
таппаймын іздеп неге мен?
Дауыл ма,
Ол әлде баяғы Құрманғазы ма болат
кісенін егеген?

Ойлаумен жерін, сор халқын,
Іздеген түнде жол жарқын,
Шамшырақ еткен жапанға
жайдай жырларын
Махамбет шығар ол, бәлкім?

Елімнен мұра-мәңгілік жасыл егісім,
сақтай алам ба жемісін?
Ұрандар емес, ту емес, солар – әлемдік
революция мен үшін!
Ендеше, ол сіңген тамырға,
Ендеше, ол менің қанымда!
Отанды оптимистік рухта сүюдің бұдан өзге қандай үлгісі болмақ?
Бұл құбылыс (феномен) семит­тік мәдениет әлсіреткен сақ-түркілік өркениетіндегі қанда бар әйел-ана белсенділігін қайта оят­ты. Мен оптимистік жырларды көшпелілер өркениетінің теңдесі жоқ эпостарындағы аналар даналығының оралуы деп қабылдаймын! Санада төңкеріс жасалғанын мойындауымыз керек.
Шың – Қадыр, бір жағымда
шоң Тұманбай
тұрса да,
бір тірегі олқы жандай,
Жаралы жүрегімді жарға соғам,
Орныңды еш тұлғамен
толтыра алмай,
– дейді Фариза ақын қазақ поэзиясы Мұқағалиынан айырылғанда.
Бірін-бірі ұлы бағалау!
Бір-біріне мұң шағу!
Бір-бірін мойындау!
Қазақ жырының алтын ғасырын
жасаушылар – жасын тағдырлы
ойшылдар.
Қадыр ағамыздың қадірін Оңғарсынова әкпеміз ойып айт­ты.
Қадыр Мырзалиевтің кеңестік режимнің ұлт­тардың жойылуы, жаңа кеңес адамдарын қалыптастыру концепциясын бекерге шығару теориясы делік. Бұл – сол қоғамға зор соққы.
Шопан жігіт домалатып жығып қой,
Дос келді деп жасап жатыр ұлық той.
Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,
Қазақ деген осы, міне, біліп қой!

Сәйгүлікті құйрық жалы таралған,
Сүйе-тұғын қазақ осы, қараңдар!
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған!

Қазақ осы – жайып жатқан қанатын,
Ақын халық, батыр халық дәл аты.
Қазақ осы – өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.

Қазақ осы – құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайдай-ақ сыйлайтын.
Қазақ осы – дүние мен малыңды
Жақсылап бір шашу үшін жинайтын.

Қазақ осы – дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы – өнер алды – тіл дейтін.
Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін.

Қазақ осы – айта-тұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы – аңғал-саңғал, жабусыз,
Қазақ осы – ағыл-тегіл, көл-көсір.
(Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру)
Рухани әнұранға айналған «Атамекен» құрлықтан құрлыққа өтіп жатыр. Осыншама қуат­ты қазақ поэзиясын бар ма, жоқ па деу, алда ма, арт­та ма деу немесе оның қоғамдық санаға әсерін бағамдап, халыққа жеткізбеу – арымызға сын.
Фариза әкпеміздің «шоң» Тұманбай Молдағалиеві – ізгілік шырағын ұстаған мейірім ақыны. Кейіпкері – адам. Адам–мейірім–халық. Мұңға суарылған мейірім. Нұрға суарылған мейірім. Жырға суарылған мейірім. Махаббатқа суарылған мейірім. Адамгершілікке суарылған мейірім. Кемпірқосақ шұғыласындай құбылған, тек жылы ағыстардан тұратын Молдағалиев жыры Құс жолындай сұлу жаратылысымен халқының құбыласына айналғалы қашан?! Әнге айналған жыр болса, ол – Тұманбай аға жыры. Құс қанат­ты ғұмырды Тұманбай ағаша сөйлеткен ешкім жоқ.
Наз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр
құс қайтып…
Адамды төбесіне көтерген, алтынөзекті ақында да ұлы мұң бар екен.
Өтірікті шындай қылып сапырған,
Азат ойға ажал болып ақырған.
Заманада өмір сүрдік, қайте­йін,
Арман әні – біз айтатын ақырғы ән.

Дүние, шіркін, ылғи ғана жаз емес,
Ойлап тұрсам, жағдайымыз мәз емес.
Арақ ішіп, уланғаны қаншама,
Жанбай жатып өшкені де аз емес.
…бақтан қаштым, бақытқа да
кенелдім,
Болар деген ұлдың қамын жеп өлдім.
Менің жаным қазағымда
қайырымды,
Таза арында,
өмірінде сол елдің…
Мұхтар Шахановтың «Өркениет­тің адасуы» теориясы – дүбірлі, құрлықтар құлақ түрген жаңалық.
Ұғынып өзің, сез мені,
Өмірдің мынау тездері
қатыгездеу ғып кет­ті ме,
қатерлер көбін сезгелі.
…білмеймін, әлде қымбатын
қадірлей алмайтын кез бе еді?–дейді Фариза әпкеміз.
Тоталитаризм аспанын тілгілеген жасын жырлардың тағы бір авторы – Мұқағали Мақатаев. Постмодернизмнің нышанына жатқызылған психопоэзия Мұқағали жырында бар ма дейік алдымен. Мен бейнелеп айтсам, қазақы шекпенді психопоэзия Мұқағалида! Бірге жылайсың, бірге күлесің. Осы тұрғыда Мұқағали мен Есенинге салыстырма жасайықшы. Бір ғана сәт­ті алайық – өлеңге адалдық, өлең мұратқа налу және нали алмау. Қандай күрделі сезім еді? Өкпелеу және өкпелей алмау. Өмірді, бірдеңе етіп өткізе салу. Жоқ, өткізе сала алмайды екен. Әлемде теңдесі жоқ. наз. Пайымдау.
Өткізіп айлар, өткізіп жылдар,
бекер күн,
Болғансып ақын
Мұрнымды несін көтердім?
Өлмей-ақ жүр ғой
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де
Өмірді бірдеңе етермін!

Өлеңі құрсын,
Таппадым одан мият­ты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят­ты.
Менсіз де мынау
ғаламат жырау дүние,
Өзінен-өзі
Жырланып жатқан сияқты!

Табыт жырына келейікші.

Реквием

Өлім бесігінде тербелу.Табыт.
Табыт бола тұра өмірді сүю!
Табыт өмірді сүюші ме еді?
Сүйеді екен!

Өмір дегенге
тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен
басқаның бәрі бекер ғой!
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,
Өмір дегенің
Бір күндік сәуле екен ғой!

Тамшыдай ғана
нұрына, міне, зарықтым,
Өмір осы екен,
Сырына, міне, қанықтым!
Жаса сен мәңгі,
Жаса сен мәңгі,
Жарық күн!
Табытпын, табытпын,
табытпын…
Даналық ғылымына қосылған зор үлес – осы болмақ! Психопоэзияның ренессансы. Өлімнің өмірді мойындауы. Мұқағали мойындалса, дәуірінде торығып несі бар? Теңдесі жоқ, әлемдік поэзияның інжу-маржаны – «Жапырақ- жүрек жас қайың».
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын!
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?
Адам болып қасқайып,
Қайың болып қасқайып,
Тәуекел болып қасқайып,
Тағдыр болып
қасқайып тұрған ақын!
Қайыңның адам болмайтыны –
ақиқат.
Бұл – ғарыштық түйсік жыры. Табиғат пен тағдырдың ынтымағы. Өлеңге өмір жалғасып, анамыз жерге жармасып торығу, қасірет шегу, күйіну, жанға сая болар пана іздеу. Үмітсіз, бірақ үрейсіз Есенин:
«Өлім деген таңсық емес бұл күнде,
Өмір сүру де емес онша жаңалық», – деп жазды. Кет­ті. Оп-оңай. Торығу. Күйіну. Өлімге бергісіз өкініш…Өмірді өле сүю! Өмір үшін арпалысып жатқан Мұқағали:
...Қасыңнан, Қасқабұлақ, неге
кет­тім?
Не деген жел айдаған
көбелекпін!
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп, өзімді-өзім шегелеппін.

Пай,пай,пай!
Сағындым-ау, сағындым-ау,
Талықсып, тар төсекке
таңылдым-ау.
Қапыда қалтылдаған жаным мынау,
Жаратқан, нағылдым-ау,
нағылдым-ау?
Бұл – өмір Әнұраны.
Егер прозашы болсам, ұлт­тық сипат­тағы постмодернизмді Асқар Сүлейменовтен бастаған болар едім. Жақында Байбота ақынның қазақ поэзиясы жайлы пікірін оқып, үндестік тапқандай күйге ендім. Ақ өлең мен жыраулық поэзияның оралуы құбылыстарына тоқталған екен. Орыс поэзиясындағы ағымдардың постмодернизмге келіп тиянақталуымен орыс поэзиясының өркениет­тегі орны айқындалған. Ал қазақ поэзиясының өркениет­тегі орнын өзіміз айтпасақ, кім айтады? Өтеген Оралбаевтың әдемі сөзі бар екен. Пікір «бәрі бәрібір классикаға ораладыға» саяды. Кейде маған ақ өлеңнің анасы біздің би, шешендер сөзінде жатқандай көрінетіні бар. Даналығы болмаса, несі ақ өлең, несі қара өлең? Прозадан поэзияның айырмашылығы – ұйқас. Оны алып тастап ақ өлеңге айналдырсаң, даналық жұпары аңқып тұрсын дейді де кейде көңіл. Соқпақтар ақ өлеңге де көзімізді үйрете бастады. Өз баламыздай… Жасын, өзгеше ойлардың прозада да анық байқалғанын айт­қым келеді. Төлен Әбдіктің «Оң қолын» оқыған боларсыз? М.Қабанбаевтың кейіпкері «Кентавр», Д.Исабековтің, С.Шаймерденовтің, Т.Нұрмағамбетовтің, Б.Мұқайдың және О.Бөкейдің «Мұзтауы» мен «Қар қызы» …Күйзелген қаламгерлердің ақылға сыйымсыз кейіпкерлер туғызғаны, жол іздегені – айғайлап тұрған ақиқат. «Мәңгілік бала бейне», «Біз қалада тұрамыз», «Он үшінші подъезд» …Романтизм мен реализмнің түп етегінен ұстап, ажырамай қоймай, әдебиет­тегі құбылыстарды әлемдік деңгейде бір таразылайтын кез келген де сияқты. Тарихтағы тарихи әйел тұлғалардың да галереясын жасаған Ш.Бейсенова да – өзінше бір құбылыс.
Ұлыларды көзім көрді. Олар туралы осы ойларды жеткізуді қарызым деп санадым. Пікірімнен қайтпайтыным өзіме аян.

Биғайша МЕДЕУОВА,
ақын, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір