ТОҚСАННЫҢ ТӘЖІН АСПАНДАТҚАН
11.10.2024
124
0

айтулы қаламгер, ақын, аудармашы, көсемсөзші Сарбас Ақтаев туралы сыр

«Қарт­тықтың тәжі – жұрт­тың құрметі мен айналасына ізгі ықпалы», – деген екен көне Рим қайраткері Цицерон Марк Туллий. Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті қаламгер, публицист, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты Сарбас Ақтаев, міне, осындай айналасының құрметіне бөленген, ортасына өнегесімен нұр шашып, қарт­тықтың тәжін аспандатқан тұлға. Әдебиет­тегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған ол әдебиет­тің де публицистика, аударма салаларына айтарлықтай атсалысты. Ш.Уәлиханов атындағы университет­тің Құрмет­ті профессоры атанды. Таяуда ғана оған Қазақ­станның Құрмет­ті жазушысы, Ақмола облысының Құрмет­ті азаматы деген құрмет­ті атақтар берілді.
Сарбас Ақтаев 1934 жылы, 30 қыркүйекте Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы Жылымды ауылында дүниеге келіпті. Орта мектептен соң бірден аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болған. Ата-анасының разылығымен оқуға түсіп, 1957 жылы Қарағанды педагогика институтын бітіріп, сегізжылдық мектепте бір жылдай ұстаздық еткен. 1958 жылы ол Көкшетау облыстық газетінің редакциясына қызметке алынады. Содан бері баспасөз саласында үзбей еңбек етіп келеді. Қазақта «Ат болар тай, саяққа үйір» деген аталы сөз бар. Осы сөз Сәкеңе тікелей қатысты. Өйткені ол өзінің қызық қуған құрбы-құрдастарынан гөрі, жасы үлкен ағаларымен араласқанды тәуір көретін. Соның арқасында ауыз әдебиетінің ғажап үлгілерін тыңдап, Орын­бай, Шөже, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты арындаған өнер тұлғаларының шығармашылықтарымен таныс болды. Көбіне естіген, оқыған нәрселерін жадына тоқып алатын-ды. Эпостық жырлардың кей тұстарын жатқа да айтатын.
Тың игерудің тепкінімен өлкеде қазақ газет­тері жабылып жатқан тұста, тілінің уыты бар жас қаламгер республикалық- саяси сықақ журналы «Ара-Шмель» редакциясына фельетоншы етіп жіберілді. Көп ұзамай Алматы облыстық «Жетісу» газетіне бас редактордың орынбасары болып тағайын­далды. Ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, шығармашылық алымдылығы осы тұста жарқырай көрінді. Бас редактордың бірінші орынбасарлығына жоғарылатылды.

Алматы облыстық газетінде қызмет етіп жүрген кезінде, Қапшағай ГЭС-і мен Қапшағай кентінің өмірге келуіне байланысты 1973 жылы «Қапшағай хикаясы» ат­ты повесть жазды. Бұл іс жүзінде қазір Қонаев қаласы атанып отырған қала туралы көркем әдебиет­тегі ең алғашқы туынды болатын. Бұдан соң да елдің көрнекті тұлғалары туралы көптеген мақала мен очерктер жазды. Тіпті Кеген ауданындағы әйгілі шопан, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов туралы «Бір шаңырақтың қос жұлдызы» ат­ты очеркі ҚазМУ-дің журналистика факультеті студент­теріне очерк жанрының үлгісі ретінде ұсынылатын.
1973 жылы еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақ­стан» басылымына шақыртылды. Онда бақандай 17 жыл бас редактордың бірінші орынбасары болды. Партиялық газет болса да ұлт игілігіне қажет­ті ондаған тақырыпты көтерді. Өңірлердің игі бастамаларына газет арқылы үнемі қолдау көрсет­ті. Айталық, еліміздің бетке ұстар азамат­тары: өндіріс басшысы Михаил Битный, Іңкәрбек Жұмағұлов, совхоз директоры Нүсіпбек Әшімбаев, аудан басқарған Рауан Әріпов, қыздар бригадасын басқарған Оқан Тастанбекова, комбайнер Кәмшат Дөненбаева, әйгілі тігінші, Социалистік Еңбек Ері Күлдәрия Тоқсейітова, екі қолы шолақ қаһарман майдангер, бухгалтер Тұрсын Мыңбаев есімдері жұртқа осы Сарбас Ақтаевтың жазуында мәлім болған.
Тәуелсіздік қарсаңында 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық кеңесі» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Еліміздің демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеумет­тік мемлекет болып қалыптасуына ықпал ет­ті. Газет­тің алғашқы санында-ақ Біріккен Ұлт­тар Ұйы­мының 1948 жылы қабылданған «Жалпыға ортақ адам құқықтарының декларациясын» аударып, тұңғыш рет қазақ тілінде жариялады. Ел өмірінің өзгерісті тұстарының бәрінде алғы шептен көрінді. Жас журналистердің үлкен бір тобын қалыптастырды. Басылым тек депутат­тардың ғана емес, күллі бұқараның сүйікті басылымына айналды. Беделі де, таралымы да еселеп өскен газет­тің кейін қызғаныштың қызыл итіне жем болғаны өкінішті.
Сарбас Ақтаевтың жүз жылдан астам тарихы бар «Ақиқат» журналында істеген кезі де ұлт үшін пайдалы кезең болды. Камал Смайылов басқаратын журналдың белсене араласуымен Алаш арыстарының біразы ақталды. Журналдың беті, мазмұны сол кездегі рухани сұранысқа орай түрлене түсті. Басылымда Ғарифолла Есім, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек сынды ғалымдар еңбек етіп жүрді. Журнал тізгіні өзіне тиген кезде бұрынғы бағыт­ты жалғастыра отырып, әлденеше қосымша жобалар ойластырылды. Оларды жүзеге асыру үшін Сәкеңнің өзі бас болып кірісті. Сөйтіп, «Ақиқат» журналы сықиған ресми журналдан біртіндеп ұлт мүддесін аспандатқан басылымға айналды. Бас редактор болған жылдарында «Ақиқат» журналында ұлт тарихының талай ақтаңдақ бет­тері ашылды. Өзі де шабыт­тана тарихи, танымдық очерктер, эсселер жазды. Жалпы, С.Ақтаевтың шығармашылығын зерт­теген адам оның көркем очерк, деректі проза, тарихи эсселерді көп жазғанын аңдар еді. Қолданатын тілі қандай шұрайлы, мәйекті, ескі сөздерді, диалектикалық тіркестерді жымын білдірмей жарқыратып пайдаланады.
Сәкең сондайда тіл туралы: «Біздің тілі­міз биліктің ғана емес, бизнестің, эконо­миканың тілі болады, сонда ғана шын дербестікке қол жеткіземіз. Шын мәнінде, қазақ тілі – бауыр­мал тіл. Түркі тілдері ішіндегі ең бай, ең мәйекті, ең бей­нелісі, құнарлысы деп жатамыз ғой, осы – шын сөз», – деп жазды. Ағылшын жазушысы Арнольд Беннет: «Кәдеге қажетсіз болған зат­тар мен адамдар екі есе тез ескіреді», – деген екен. Сарбас аға тоқырап қалса, тез тозатынын аңғарса керек, жасының ұлғайғанына қарамай үнемі белсенді әрекет­тің үстінде. Ара-арасында кәрі жолдас – өлең өлкесіне де ат басын бұрып қояды. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде жазған өлеңдерінің өзі бір кітап боларлық. Сәкең, мінеки, тоқсанның тәжін кигеніне қарамастан, әлі де қоғамдық өзгерістердің бәрін сүзіп, бәрін біліп, өзінің бағасын беріп отыр.
Қаламгер өзі кір жуып, кіндік кескен Көкше өңірін ерекше қадірлейді. Оның ғажайып көркемдігі мен айбарлы тұлғаларын мақтан етеді. Шынымен де, бұл өңірден шыққан, есімі күллі қазақ жұртына әйгілі, арғы жағынан қозғасақ, Абылай, Кенесары мен Наурызбай, Шыңғыс пен Шоқан, Айғаным мен Бопай, Шал, Арыстанбай, Орынбай, Соқыр Шөже, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақты, бергі жағынан түгендесек, Зейнелғабиден әл-Омскауи, Мұхамедсәлім Көкшетауи, Мұстафа Сейітбат­талұлы, Жақан Сыздықов, Елжас Бекенов, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Сат­тар Сейтхазин, Шахмет Құсайынов, Жанайдар Мусин, Естай Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Еркеш Ибрахим, Төлеген Қажыбай, Баянғали Әлімжанов, Қорғанбек Аманжол сияқты тұлғалар еске түседі. Сәкең алдыңғы буын ағалар туралы талай қалам тербеді.
Сәкеңнің елге сіңірген еңбектерінің қатарында ол тәрбиелеген қаламгерлер шоғырын атауға болады. Айталық, «Жетісу» газетінде Рахымжан Өтегенов, Марат Тоқашбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, Уәлихан Қалижанов, Әскер Исақов, Қаржаубай Омаров, Күмісжан Байжанова сынды жас буынға қамқорлық жасады. Сарбас аға солардың бірде-бірін шет қаққан емес. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, қателігі немесе білместігі болса шақырып алып намысына тиместен кәдімгідей ұрсып, жөнге салып алатын.
Ал «СҚ-да» істеген кезінде Торғайдан Қойшығара Салғарин, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбек, Өскеменнен Тоқтарбек Қызықбаев, Қызылордадан Зұлқарнай Сақиев, Қызылжардан Ербол Шаймерденов, киностудиядан Сауытбек Абдрахманов, журфактан Ержұман Смайылов, мұғалімдер газетінен Тілекқабыл Боранғалиев, «Жетісу» газетінен Кеңшілік Мырзабеков, КазГУ-ді жаңа бітірген Жұмабек Кенжалинді аға газетке қызметке алдыртып тәрбиеледі, олардың шығармашылық тұрғыдан да, қызмет­тік тұрғыдан да өсуіне ықпал ет­ті. Солардың бәрі кейін ұлт үшін қызмет еткен айтулы тұлғаға айналды. «Өзім «СҚ-да» бас редактор болмағаныммен, біраз жастың басшы болуына көмегім тиді. Сауытбек, Уәлихан, Ержұман, Жанболат – бәрі де менің қанатымның астынан шықты, қайсысы болса да, өз кеңістігінде еркін самғады, елдің сөзін айтудан іркілген жері жоқ. Осындай талант­ты жастардың өрлеуіне хал-қадерімізше жағдай жа­саған болсақ, одан асқан абырой да жоқ қой деп ойлаймын», – дейді Сәкең.
Сәкең бұл тұстағы қызметі жөнінде: «Орынбасар деген – кебеп жұмыс. Ұжым мен бастықтың арасын ұштастырып отыратын көпір. Көпір алтын бола ма, күміс бола ма, ол өз алдына басқа әңгіме. Орынбасарлық – еңбегі еш, тұзы сор қызмет», – дейді. Ақиқатында ұжымды ұйыстыратын да, жұмысты ұйымдастыратын да сол. «Жетісу» мен «Социалистік Қазақ­станды» бірге есептегенде, екі газет­те жиыр­ма алты жыл орынбасар болыпты. Беймазалығы, алкет­тігі, апет­пелігі жоқ, барлығын саралап, кең ойлайтынының арқасында орынбасар­лықты осынша жыл тапжылмай атқарғаны шығармашылық өмірінің белесті бір кезеңі болыпты. Сәкең республикалық газет­терде алты жүзге жуық бас мақала жариялаған екен. Идеологиялық талаптар мен жергілікті мәселелерді кіріктіріп, ұлт мүддесін сыналап өткізетін шеберлігі журналистерді тәнті ететін. «Бас мақала жазудың перісі» атанғаны да сол тұс. Егер Сәкең шығармаларының толық жинағын шығаратын кез болса, бұл бас мақалалардың өзі бірнеше том болары анық. Солардың тең жартысы қазақ көсемсөзінің қас үлгісі болатыны кәміл.
Сәкең – өте әзілкеш адам. Қатарларымен де, тіпті әкесімен де қалжыңдасып жүре беретін. Әкесі тоқсаныншы жылдардың басында тоқсан жасқа жетіп дүние салған. Сәкең әкесінің көзі тірі кезінде Көкшетауға барған сайын басшыларға соқпай, алдымен, аудандағы әкесіне барып, сәлем беретін. Әкелі-балалы екеуі құшақтасып, әзіл-қалжың аралас әңгіме-дүкен қызып кететін. Сондай бір барған сапарында Сәкең тоқсанға таяса да мықтылық көрсетіп жүрген әкесіне:
«Әке, мына ұлыңның да алпысты алқымдаған жайы бар. Сен енді ақырына дейін шыдап, пенсияға шыққанша мені асырай тұр… Содан кейін пенсиясын беріп, өкімет өзі-ақ асырай жатар,– депті әзілдеп. Сонда ақсақал кеңк-кеңк күліп: «Оған мен шыдар едім-ау. Бірақ ажал деген баяғы «баянкамат­тың пәбескесі» секілді ғой, ай-шайға қарамай ала жөнелсе, пенсияға жеткізбеді деп ренжіме, балам, – депті. Ал Сәкеңнің өзі, міне, тұңғышы Думанның зейнеткерлікке шыққанын көрді. Естеліктері көп. Алматы қалалық кеңесіне екі рет депутат болып сайланғанын да айтып отырады.
Сарбас Ақтаевтың «Қапшағай хикаясы» повесінен басқа дала еңбеккерлері туралы «Дала туралы толғау» (1971), «Бұлар бірінші болып еді» (1975) ат­ты очерктер жинақтары жарық көрді. «Абылай хан» (1992), «Ханзаданың қасіреті» (1993), «Қазақ ханымдары» (2001), «Ақбоз ат» сияқты тарихи эсселері оқырманның іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды. «Тұңғыш кітап», (1965), «Оқ жетпес» (2001), «Жібек жолы» сияқты жыр кітаптарының өзі бір төбе. Осы шығармаларына қарап, авторды туған елдің, туған жердің жыршысы деуге болады. Сәкеңнің ұзын-ырғасы 20 шақты кітабы жарық көрген.
Сарбас Ақтаев аударма саласына да елеу­лі үлес қосты. Бұған, Сәкеңнің Қарағанды педагогикалық институтында орыс тілі филологиясы факультетін бітіргені, орыс тіліне жетіктігі де игі ықпалын тигізсе керек. Жас кезінде оған Сетон Томпсонның табиғат туралы, аң-құстар туралы әңгімелері қат­ты ұнайтын. Бұған, сірә, екеуінің табиғат­ты ерекше қадірлейтін қасиет­тері, орман мен далаға құштарлығы, жан-жануарлар әлеміне сүйіспеншілігі себеп болса керек. Ұлыбританияда дүниеге келіп, Канадада өмір сүрген Сетон Томпсон жазушылық ғұмырында қырықтан астам кітап жазған. Жеткіншектерге арналған Пионеринг (біздегі баяғы пионер, шетелдердегі бойскаут) ұйымының алғаш негізін қалаушы да – сол. Табиғатқа қамқорлығы мен жазушылық қарымы ұнағандықтан болар, сүйікті жазушысының бірнеше әңгімелерін қазақ тіліне аударды әрі бұл шығармалар қазақ тілді оқырмандарға өте ұнады. Мектеп кітапханаларында өте көп оқылатын кітаптар қатарында болды. Осы тақырыпты қаузап жүрген Мамин-Сибиряктің де шығармаларын қазақша сөйлет­ті.
Сәт­ті аудармалары бірқатар баспалардың назарын аударды. Тапсырыстар түсе бастады. Сәкең сөйтіп, М.А.Шолоховтың әңгімелерін, В.А.Обручевтің «Жұмбақ жер», Н.И.Ановтың «Ән қанаты», А.Джапар-заденің «Отаныңа орал», А.Камьюдің «Оба» және «Бөгде», М.А.Булгаковтың «Ақ гвардия» және «Майталман шебер мен Маргарита» романдарын, Р.Фраерманның «Түз тағысы Динго» повесін, Мамин-Сибиряктің әңгімелер мен повестерін және тағы басқа жинақтарын аударып, жеке-жеке кітап етіп шығарды. Қарап отырса, ұзын-ырғасы 12 роман аударыпты. Сарбас Ақтаевтың аударма өнеріне қатысты: «Ұлт пен ұлт­ты, жұрт пен жұрт­ты, әдебиет пен әдебиет­ті жақындастыратын бір құрал – аударма! Демек, аударма өскеннің үстіне өсе түсіп, қарыштай дамиды. Меніңше, қазір тек орыс тілінен ғана емес, әр тілден аудару керек. Бүгінгі оқырман ағылшын, неміс, француз, испан, парсы, араб, қытай, тілінен оқығысы келеді. Ол үшін кадр дайындау қажет», – деген пікірі әлі де өте өзекті.
Бүгінде тоқсан деген тұмарлы жасқа жетіп отырған Сарбас Ақтаев «Парасат» орденімен, екі мәрте Құрмет орденімен және ондаған медальдармен, екі мәрте Қазақ КСР Құрмет Грамотасымен марапат­талғанын мақтан тұтады. Әлі де ойы тұнық, ақылы кемел. Сөйлесе қалсаң, арғы-бергі тарихты айтып төгіліп тұр. Немере-шөберелерінің ортасында бақыт­ты ғұмыр кешуде.
Өзі айтады: «Мен сияқты тоқсанның төріне озған грек ойшылы Софокл: «Жалғызілік қарт­тық – қайғылардың қайғысы» деген екен. Ал менің Ғайнижамалым қасымда. 65 жыл біргеміз. Ол да 85-ке келіп жатыр. Думан, Шынар, Ерлан сияқты ұл-қыздарым, жеті немерем мен екі шөберем айналамда. Солардың аталаған үні жүрегімді қуанышқа бөлейді. Біздің жақсылығымыз бәріңе де жұғысты болсын!»
Немістің данышпан қаламгері Франц Кафка: «Бақыт деген қарт­тықты жолатпайды. Ізгілікті көре білу қабілетін жоғалт­пағандар қартаймақ емес», – деген екен. Сол сияқты бүкіл өмірі қазақ халқының игілігіне арналған Сәкең сияқты тұлғалар ортамызда жүре бергені жарасады.

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
Қазақ­станның Құрмет­ті жазушысы,
академик, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір