Ұлы бесін
04.10.2024
49
0

2002 жылы болуы керек, «Жетісу» газетінен ақын Қуат Қайранбаевтың тұтас бір бетке жарияланған топтама өлеңдерін оқыдық. Ақынның сол топтамадағы бір өлеңі ерекше әсер етіп, көпке дейін бірер шумағын күбірлеп айтып жүретін болдық.

Ақын нені, неге астарлап айтады?

Анығы:
Көңілімнен бір кірбің кетпей қойды,
Кеппей қойған жер беті сияқтанып… – деген екі жол еді.
Отыздың арғы-бергі жағындағы максималист жасқа көп нәрсе әсер ететіні белгілі. Ал әлгі өлеңнің көңіл қылын тап басып, көпке дейін тіл ұшында тұруының өзі өлеңнің жүрекке жетуі мен көңіл қылын дөп басқаны болса керек. Өлең «Жаңбырлы жыл» деп аталады.

Жадыратпай, келтірмей күйімді бір,
Жаңбыр жиі жауып тұр биылғы жыл.
Үйірілген бұлт­тардай үймелеп жүр,
Шешілмеген қалпымен түйін-ғұмыр.

Ұмытқандай көк аспан ұят­ты анық,
Төге берді көз жасын жиі ақтарып.
Көңілімнен бір кірбің кетпей қойды,
Кеппей қойған жер беті сияқтанып.

Тіршіліктің баяулап қол ұршығы,
Төзімді тексеруде өмір сыны.
Жауыннан қызып кеткен шөп сияқты,
Кеудем де кейде менің қоңырсыды.

Үмітке үлес тиіп жиі мұңнан,
Серпеді оңашада күйігімді ән.
Ал қара бұлт қорғасын сияқтанған,
Басады қалың ой боп иығымнан.

Осылай ойсырады сезім, жүрек,
Өзгелер, бәлкім, менен төзімдірек.
Шаршаған шаруадан ұяламын,
Жаңбырды жаудырғандай өзім тілеп.

Құмырсқа құрлы көрмей тірі адамын,
Батамыз әр күн сайын күнәға мың.
…Көз жасын жақынының көрмеген жұрт,
Қайтсін-ау, ақынының жылағанын…
Әсілі, өлең астарлы. Әлеумет­тің көңіл күйін лирикаға сыйғызып жібергендей. Бәлкім, айналадағы оқиғалардың ақын сезіміне әсер етуінен болар, өлең астарында мұң мен зіл қатар жатқандай.
Жалпы кеңестік дәуірдегі ақындардың барлығында замана бейнесін астарлап айту мен қалың мұңға малып сурет­теу үрдісі бар ғой, біздіңше, бұрынғы буынның одан адасы жоқ. «Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбет­тер, Абайлар-ай…» дейді ғой Мұқағали. Шыны сол. Әдебиетке замана талабы енгізген осы үрдістен тек тәуелсіздік кезеңінде ғана аздап арыла бастағанымыз анық. Ал осы үрдістің соңына жетіп, аяқталуы мен шынайы оқиғаларды шығармашылық түйсікпен айшықтау әдісі біздің әдебиетке Қуат Қайранбаевтың қатарластарымен бірге енген сияқтанып көрінеді. Әрине, көркемдік құпиясы деген қастерлі дүниені ешқандай үрдіс пен үдеріс сипат­тап бере алмасы анық. Бірақ Қуат ақынның өлеңінде бұл екі талап та нақ бар.
Сонда бұл өлеңде ол нені астарлап айтуы мүмкін? Ақынды «иығынан басып тұрған қорғасын сияқты қара бұлт» сол тұстағы қоғамдық көңіл күйдің көлеңкесі болуы кәдік. Қазіргі сарапшылардың пікірінше, дәл сол 2000 жылдардың басында елдегі жағдай күрт өзгеріп, рухани тоқырау кезеңі басталған-мыс. Астарсыз айтсақ, біз бүгін «ескі Қазақстан» атап жүрген қоғамдық формацияның дәні сол кезде көктеп, бүрлей бастаған еді. Ол, әлбет­те, руханият адамдарына алдымен сезілгені анық. Ақынның табиғат лирикасымен шендестіре отырып мұңаюының бір сыры осында жатса керек.
…Көңілімнен бір кірбің кетпей қойды,
Кеппей қойған жер беті сияқтанып (!)
«Айтылды – орындалды» деген сияқты, ақын әу баста айтқан сыр – «көңілдегі кірбің» қайтсе кетеді? Тек, оның жауабын ақын айтуға тиіс емес шығар.
…Көз жасын жақынының көрмеген жұрт,
Қайтсін-ау, ақынының жылағанын…
Ақынның түйіні – осы. Айтпақшы, Қуат ақынның кейінгі кітаптарында осы жолдардағы «ақынның» деген сөз «көк аспанның» деп беріліпті. Сірә, ақынның жылағанын көру, сезіну оқырманға ауыр соғатын болса керек.
Азамат­тық пікір – ақынның кредосы
Әуелден, әр ақынға бұйырған бақ осы болса керек. Бұл тұрғыда Қуат ақын өзіне де, оқырманына да адал. Мысалы, мынау:
Тәуелсіздік таңы атса да Тұранға,
Әлі бізді адымдатпас бұғау көп.
Мұсылманға хақтың жолы Құранда,
Кім айтады ақтың жолы мынау деп?!

Тіршілікте тойым бар ма адамға,
Көкейлерде сауалдар жүр мың күпті.
Әркім өзін жөн санаған заманда,
Кім айтады қиып түсер шындықты?!

Тура бидің тұрағы елден алыстап,
Ақиқат та айтылмайды дәл бүгін.
Аяз билер, Жиреншелер қалыс қап,
Айтқан сөзі дұрыс боп тұр әлдінің.

Адамдықтың әдірем қап шарты ізгі,
Көңілдерді күмән бұлты торлауда.
Арашалау былай тұрсын әлсізді,
Әділет те зәру бүгін қорғауға.

Арамдардың алшы түсіп асығы.
Кес-кестейді алды-артыңды күліп бір.
Артық шығып асылынан жасығы,
Заман бетін жылпостарға бұрып тұр.

Иыққа алу тиімсіз боп ар жүгін,
Есірікке кет­ті ақылдың есесі.
Жаратқанға жетпей үні жарлының,
Ернеуінен асты ептінің кесесі.

Жиі құлап адалдардың байрағы,
Жалғандық жүр орын алып төрлерден,
Ақылымның содан шығып ойраны,
Күпті болған көңіл шіркін шерменде! – дейді ақын «Ақиқат­ты іздеу» өлеңінде.
Әлбет­те, ақынның шығармашы­лығына үңілген адам бір жақты көзқарас ұстанбауы керек, яғни «ақиқат­ты тек ақын айтуы тиіс…» деген түсініктен арылу қажет. Бір өлеңі, тіпті шымыр шумағы адам көңілін тербеп, ойға жетелесе, сол ақынның жазу машығындағы ерекшелік ретінде мойындалуы тиіс. Бұл тұрғыда Қуат Қайранбаев бақыт­ты қаламгерлердің сапында. Сосын, әдебиет­танушылардың пікірінен түйгеніміздей, қазақ оқырманы қазір де ойлы, байыпты жырларға бек құмар екен. Демек, «адам поэтикалық шығармаға бойлау арқылы психологиялық транс жағдайын бастан кешеді» деген шетелдік ғалымдардың пайымы рас болса, қазақ оқырманының өлең оқып отырған сәтінен аяулы мезет болмаса керек. Мәселе, оқырманға ұсынатын байыпты жырда болса кәні? Біз осы жерде ақынның «Ұлы бесін» деген өлеңіне жүгінеміз:
Ұлы бесін,
келдің бе, ұлы бесін,
Бесін келді деп неге түңілесің?!
Бұл бесінге өкпе айтып жүргенімде,
Соңыра кеп алмасын іңір өшін.

Ей, бесін,
келіп қалдың қай тұсымнан,
Астың ба алынбастай қайқы шыңнан?
Алпысты талтүс қана деп білетін,
Не алайын деп едің байғұсыңнан?!
Беу, заман,
тағдыр қосқан ғасырым ең,
(Демеймін көкті тіліп, жасын ілем…)
Берекелі бір ісім бітпеді әлі,
Ей, бесін,
неге сонша асығып ең?!

Жүргенде тылсым дүние көшіне еріп,
Бұл заман тайраңдайды төсін керіп.
Сәскенің салтанатын қимай жүрсем,
Төріме жатып алды-ау бесін келіп.

Суындай шыңыраудың шөлге қойған,
Саз көрем сартап күні келген ойдан.
Іңірде ірі істерге бара алам ба,
Бесінде тимесе егер елге пайдам?!

Білмеймін,
кештім бе әлде бақыт кенен,
Әйтеуір өткен күннен жақұт терем.
Бел буып боз кілемге шықпасам да,
Отырмын жағаласып уақытпенен.

Ұлы бесін,
төрге шық, ұлы бесін,
Не шығар түңілгенмен күніге шын?
Бекерге жетемін деп жүгіресің,
Уақыт­тың кім тоқтатқан ұлы көшін?!

Дүние думанын жырдан тапқан…

Жалпы, Қуат ақынның шығармашылық лабораториясы ауқымды. Ол – қазақ өлеңінің дәстүршіл бағытында да, әдеби эсперимент алаңында да бесқаруын сайлап келе жатқан жауынгер сияқты қаламгер. Ал жауынгердің мұраты жалғыз – адал қызмет ету! Оқырманға!
Рас, ақынның шамырқанатын кездері де жиі болады. Онысы өмірге деген өкпе емес, қоғамдағы уақиғалар мен оқиғаларға, қилы мінезді адамдардың пенделігіне деген назға ұласып, өлеңге айналады.
Керек кезде, керек жерде тумадым,
Арпалысып атақ-мансап қумадым.
Айды алам деп қол созбадым аспанға,
Жырдан таптым бұл дүниенің думанын.

Көппен бірге, жаймен өтіп жас шағым,
Бөлектеніп, шығармадым асқақ үн.
Санаулының қатарында жүргем жоқ,
Сәйгүлікті тақымыма баспадым.

Жылпостармен жалғастырып жең ұшын,
Айла іздемей, жырмен болды көп ісім.
Кесірлінің су құймадым қолына,
Керенаудың кигізбедім кебісін.
Тәубеменен қарсы ап әрбір ақ таңын,
Тағдырыма зар-мұңымды шақпадым.
Бірде озып, бір қалса да жүйрігім,
Шын тұлпардың шаужайынан қақпадым.

Терең бе еді, таяз ба еді талғамым,
Көп болды ма бергенімнен алғаным?!
Жақсыларға жұлып бердім жүректі,
Ардың ісін саудаға әкеп салмадым.

Болсам деумен тау тұлғалы, өр үнді
Шығармадым шымбайдағы шерімді.
Биліктінің билемедім алдында,
Білектіге бүккенім жоқ белімді.

Бақ-талайдың сүрлеуі көп, жолы мың…
Сан сүрініп,
тайды талай тобығым.
Тайталаспен өтіп жатыр ғұмырым,
Қоңыр тірлік,
қоңыр әуен,
қоңыр үн.

Өміріме өзек болып өлеңім,
Өз халімше жырдан маржан теремін…
… Керек кезде, керек жерде туғанның,
Айтқандарын орындаумен келемін!
Қалай дегенмен, Қуат Қайранбаевтың ақындық үні халық сөзін айтуға келгенде құмыққан емес. Оның нақты дәлелі – өзекжарды өлеңдері. Қазір ақын ақыл мен ой-сана биігінің өлшемі саналатын жасқа шықты. Бұл мезетке де ақын Қайранбаев жүрекжарды жырларындағы буырқанған жастық шақтың шоғын сөндірмей, байыпты парасат жалауын көтеріп жет­ті.
«…Шынымды айтсам, алпыс дегенді өз өмірімдегі ерекше бір кезең, бағындырған белес деп әлі сезіне қойған жоқпын. Мен үшін бұл күнтізбенің ақтарылған бір парағы ғана сияқты. Өмірімді алпысқа дейін және кейін деп бөлгім келмейді. Десе де бұл жас санасы бар адамды ойландырмай қоймайды екен. Ең алдымен, кешегі балалық, жастық шақтың келмеске кеткенін ұғасың. Соны ойлағанда атқармаған шаруаң, жасамаған ісің, жіберген ағат­тықтарың жаныңды мазалайды. Қайсыбір қадамыңа қуансаң, енді бір әрекетің есіңе түскенде, қарап отырып ұялатын кездер де аз емес», – деген екен ақын өзінің бір сұхбатында.
Ал біз ақын Қуат Қайранбаевтың әдебиет­тегі ақ жолы мен оқырман алдындағы абырой-беделі бәріміз үшін мақтауға және мақтануға тұрарлық дегіміз келеді.

Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір