БҮЛДІРГЕН
26.09.2024
331
0

– Тоқтаңыз. Қашпаңыз.
– Құлағым сізде, әңгімеңізді бастаңыз. – Табиғат тонаушымен әңгіме қысқа. Қылмысыңды мойында осы тұста! – Қандай қылмыс?
– Сен броконьерсің!
– Түсінбедім?
– Түсінбесең, түсіндіремін. Аңдағы шелегіңде не?
– Бүлдірген ғой, бүлдірген.
– Міне, көрдің бе?
– Бүлдіргенді бүлдірдің. Тыныш жүрмей көп жұлдың. Оған қоса, жеп жүрдің!
– Енді, жабайы өсімдік қой бұл.
– Басты қатырмай алдыма түс, жүр! Бір шелек емес, мәшінеңде 3 шелек тұр.
– Енді мен…
– Ал қалай ақталасың сен?
– Даладағы жемістің Қызығын көрейін деп… Балалар қарық болсын жеп дегенім ғой. Басқа болған жоқ жаман ой.
– Мынауың көп. Артығына ақша төлейсің, жазып берем чек.
– Шелегіне ме? – Келісіне!
– Жарайды, келістім.
–Келіспегенде қайда барасың, басып жүргенде жер үстін.
– Мынау не тағы да?
– Қызғалдақ қой. – Қызғалдақ екенін көріп тұрмын. Қайдан алдың?
– Қырдан. – Броконьермін десейші, Қыр қызғалдағын жұлған.
– Құдай сақтасын. Жай, әйелімді қуантайын деген түрім. Оның туған күні еді бүгін.
– Қызғалдақты жұлуға болмайды. Қыр гүлін үкімет қорғайды.
– Кешіріңіз, білмеп едім ондайды. Көп емес, бес-алтауын ғана жұлдым.
– Жұлдым дегенше, құрыдың! Білмейсің бе, үкіметтің ұзын екенін құрығы. Штраф саламыз!
– Қанша?
– Қымбат емес онша. Бар болғаны бір-ақ миллион!

PS: Қырдың қызғалдағы, даланың бүлдіргені, жабайы шиесіне дейін билік иесі болып кеткен бе? Қозықұйрықты да термейтін болдық, Күз бен көктемде. Қайран қазағым-ай… Сорың бес елі. Қайда барсаң – Қорқыттың көрі.

БҮГІН…

– Әй, мынау ел тоңды ғой. ТЭЦ-ің мес болды ғой.
– Басеке, саспаңыз. Құбырлар жарылса, Қуана бастаңыз.
– Әй, не оттап кеттің, Бетіне қалай қараймыз көптің!
– Біз де байбалам салайық, Жаурады деп халайық. Бәрі тозған, «ремонт» деп Тағы ақша алайық.
– Әй, осы сенің басың
– бас. Болсаң да жап-жас… Бірақ бере ме екен әлдекім – тас
– Береді. «Шәпкісін» алды ғой, көнеді.
– Онда өзің баста. Жоғарғы жаққа түсініктеме жазып таста.
– Иә, бәрін қатырамыз.
– Тексеріп келсе ше?
– Онда қарамызды батырамыз. – Қайда?
– Шетелге.
Ақша жегендердің барлығы жүр ғой шетелде!
– Улап-шулаған халық ше?
– Олар да көнеді. Азар болса, екі-үшеуі өледі. Жаңа вирус дей саламыз, Ақшаны опырып жей саламыз.

PS: Міне, осылайша, бөлінген ақша желге ұшып жатыр. Жемқорлардың қалтасына түсіп жатыр. …Біздегі тірлік – осылай. Несін айтасың, досым-ай!

 

Бақытжан ӘЛІМҚҰЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір