ҚАБІЛЕТ ЕҢБЕКПЕН ДӘЛЕЛДЕНСЕ
(Журналист-жазушы Дәурен Қуаттың «Әлқисса» кітабы хақында)
«Менің мамандығым екеу ғана: бірі – журналистік, екіншісі – жазушылық. Демек, мен қос моторлы самолетке ұқсаймын», – депті жазушы Әзілхан Нұршайықов. Қазақ әдебиетінде мұндай «қос моторлы самолеттер» санын тізбектесек, аз емес екенін көреміз. Бұрынғы ақсақал жазушыларды айтпағанда, кейінгі қырықтың ар жақ, бер жағындағы ақын-жазушылардың өзі қос қолдағы саусақ санынан асып кетті. Көбі әу баста ақын, не жазушы болуды армандаса да жастайынан журналистік қызметке араласып, көркем шығарма жазудан алшақтап қалған. Кейін бұрынғы арман қайта мазалай ма, әлде басқа да себептері бар шығар, жаппай жазушылыққа қарай ойысады. Әдетте, мұндай қаламгерлердің жазушылығын ба, әлде журналистігін бірінші қатарға қоямыз ба дейтін талас та туып жатады. Тіпті, кейбір қаламгерлердің журналистиканы әлеуметтік-тұрмыстың талабына теліп, «негізгі кәсібім жазушылық еді» деп ақталғандай күйге түскенін талай рет көрдік. Бірін кем, бірін артық көру әр шығармашылық адамының ішкі таңдауы, өз еркі. Бірақ сырты формацияда мұндай ақталудың айтары аз.
Нұрбек ТҮСІПХАН
Жазушы Дәурен Қуаттың «Әлқисса» кітабына бірнеше әңгіме-хикаяттары мен мақалалары, сұхбаттары топтастырылыпты. «Он сомнан» «Бөрі соқпаққа» дейінгі аралықтағы жүз беттің шамасындағы әңгімелер мен хикаяттары оқырманды жетелеп, ертіп отырады. Ең алғашқы «Он сом» әңгімесі автордың қаламгерлік қуатын толық көрсетеді. «…Естімейді емес қой. Естіп жүрген. Бірақ жалын төгіп жайылмаса, қартасы майланбайтын қалың жылқының қамы әлгі сыпсың сөзді елең қылуға мұршасын келтіріп пе екен?», – деп басталатын алғашқы сөйлемдерінен-ақ оқи түсуге, «естіп жүргені» не екенін білуге ынтығасыз. Шығарма фабуласы – «жылқышының әйелі күйеуі үйде жоқта ойнас қылып, ерінің көзіне шөп салады, ал байғұс күйеуі оны сезбей, білмей келіпті» дегенге саяды. Ал сюжеті әлдеқайда қызық. Жоғарыдағы мысалда келтіргендей, жылқышы елдің айтып жүрген өсегін естісе де, көпке дейін мұршасы болмай, мал соңынан салпақтап, алыпқашпа сөздің анығына жете алмайды. Кейін, бір сәті түскенде түн жарымда алдын ала ескертпей үйіне келсе әйелі, бала-шағасы қуана қарсы алып, естіген сөздерінің шындық екеніне нанбайды. Кейін тағы бірде мектеп директоры мен әйелінің дәл үстінен түскен кейіпкер оқырман күткендей әрекетке бармайды. Жайбарақат қимылдап, қонағының шашын тақырлап, бұл «қызметіне» он сом ақы алады. Ол ақшаны өз әйеліне шай қайнатып бергені үшін «төлейді». Келесіде тағы сол көрініс, он соммен есеп айырысады. Жылқышының бұл істеп жүргені жандарына батты ма, әлде директор мен әйелді ар соты азаптады ма, ол арасы күңгірт. Тек, екеуі «бірде сұңқылдап зар айтып, бірде күліп көше кезетін» жындыға айналып кетеді. Ал осы шағын әңгімені оқыған оқырман интерпретациясы сөз жоқ, «ойнас қылған әйелден өзінше жол тауып, кісі өлтірмей, бас жармай кек алған күйеудің тапқырлығына» тоқтайды. Бұдан ары шағын әңгімеден өзгеше идея, терең астар іздеудің қажеті шамалы. Қысқа ғана әңгіме, ойнақы сюжет, өзгеше шешім. Автордың жазушылық қабілеті де осы ерекшеліктерінен айқындалады.
Бұдан кейінгі «Байғыз Әйел», «Мүйіз тарақ» дейтін екі әңгімені ерекше атап айтқан жөн. Біріншісінде, атақты бір жазушының пьесасындағы басты кейіпкердің рөлін ала алмай ауру болған театр актрисасының өмірі, нақтырақ айтқанда, өмірінің бір сәті баяндалады. Бұл әңгімеде де «жарының көзіне шөп салу» мотиві алдыңғы қатарға шығады. Театрдан кетіп, бар өмірі өксікке айналған кемпірдің сөзінше «атақты жазушының арам ойына бұл көнбеген». Ал театрдың көркемдік жетекшісі «актрисаның сол жазушымен байланысы өсек болып тарап, күйеуі ішімдікке салынғанын, сөйтіп актриса да театрдан қуылғанын» айтады. «…Оны өнердің шалығы соғыпты. Ол өнердің қасіретіне ғашық екен. Ал шырағым, өнердің қасіреті өмірдің азабымен қабаттасса, адам байғызға ұқсап түнде сұңқылдайды. Түге шағынады. Түнге жылайды», – деген театр жетекшісінің сөзі шығарма түйіні. Әңгіме экспозицясындағы пәтер иесі, кемпірдің жалғыздығы және оның түні бойы күрсініп шығатын дертінің сыры осы түйін сөзден барып анықталады. Ал «Мүйіз тарақ» әңгімесіндегі екі көрініс те оқушыны бей-жай қалдырмайды. Кейіпкермен бірге оқырман да қиналады, күйінеді, іштей өксиді. Бірінде – нәшәндік (начальник) құлын етіне жерік болады және өзінен туған бала болмаған соң төл біткенге мейірін төгетін бас кейіпкер жас әйелдің мәпелеп өсірген құлынын сойдырып жейді. Екіншісінде – тағы да сол нәшәндік әйелдің ең ардақты саналып келген күміс тарағын «тартып алады». Шығарма арқауы басшы біткеннің көбі өзінің қол астындағы қызметкерлеріне немесе алдында құрақ ұшып, қонақ қылған қарапайым адамдарға әрдайым салмақ салып кететін мінездеріне негізделген. Мүмкін, қонақ боп келген нәшәндік құлын мен күміс тарақтың жас әйел үшін ең аяулы дүние екенін ойламаған да шығар. Ал сол ойламаудың салдары білдей бір отбасы тағдырына ауыр соққы екенін автор жақсы бағамдаған. Бірақ қаламгердің әңгімені аяқтау тәсіліне қатысты айтар уәжіміз бар. Басы жақсы басталған туындының соңы түсіндірме сөйлемдермен аяқталуы көркем шығарманың көркін қашырып тұрғандай. Иә, рас. Әңгіме кемпірдің «құйқасынан сыпырылған бір уыс шашын» пешке салуымен аяқталса, мазмұны бұлыңғыр кейіпте, оқырман үшін түсініксіз күйде қалар еді. Ал осы олқылықтың орнын толтыру үшін шығарма соңына түсініктеме жазудың қажеті жоқ. Керісінше, әңгімені тағы да соза түсіп, сол түсініктемеде айтылған әке мен бала өлімін ширата жазып, ширықтыра отырып суреттегенде шығарма дәл осы қалпынан да көркем, сәтті болар ма еді…
«Әлімбектің әулеті» дейтін хикаятқа да осы ескертуді айтар едік. Неге екені белгісіз, әсерлі оқиғаны көркем түрде суреттей алатын автор шығарма соңына p.s. жазып, түсініктемеге ұрынады. Әңгіме арқауы – ел мен жер атауы, аңыз-әфсанаға сүйенген рулық шежіре. Жоңғар Алатауы бауырындағы Тілеуке деп аталатын асудың тарихын қазбалаған жас журналист жолшыбай Тоқан ақсақалдың әңгімесіне құлақ түреді. Қарттың баяндауынша, Тілеуке адамның есімі. «Ертеде Әлімбек деген адам жолаушылап келе жатып жапан түзде «жеті ақсақалға, Қызыр әулие мен Ғайып ерен пірлерге» кездеседі және солардан алған «күміс баулы ноқта» арқылы дәулеті тасыған үлкен бір рулы елге айналады. Бірақ арада уақыт өтіп Әлімбектің еліне шешек дерті жабысады. Одан өз кіндігінен тараған жеті бірдей сәбиі де көз жұмып, ақсақал мен кемпірі екеуінің соқа бастары ғана қалады. Сондай бір азалы, қайғылы күндерінде Әлімбектің түсіне баяғы «жеті ақсақал» кіріп, солардың аянымен малын «Баласазға» бағады. Ол жерде Әлімбек бетіне қазан төңкерілген жерошақтан киізге ораулы сәби тауып алады. Лезде үйіне әкеліп, кемпірінің бауырына салған сәбиінен соң екі қарт тағы үш ұл көреді. Осы төрт ұлдан тараған ұрпақ Әлімбек әулетін өрбітеді. Ал Әлімбектің өзінің аты баяғы «жеті ақсақал» берген батадағыдай «аузының дуасы жетпіс-жеті ұрпағына» жеткен баба ретінде ел есінде сақталады». Бар мазмұны осы. Тоқан ақсақалдың айтуымен жазылған шағын әңгіменің өзегі – бір рулы елдің ілкідегі тарихы, шығу төркіні туралы баян. Ал осы шығарманың соңына тағы да қосымша түсініктеме жалғанған. Мұнда өзгеше баян – «Әнсекең қарияның «Жезқазған» дейтін қалада «жер қазғанның» оқуын әне-міне тәмамдауға таяған жалғыз ұлынан айырылған» оқиғасы сөз болады. Шығарманың негізгі желісі мен соңғы қосымша аралығында уақыт кеңістігі бірнеше ғасыр. Алайда, екі дәуірге тиесілі екі түрлі баянды да бір әңгіменің бойына дәл осылай сыйдыру айтарлықтай әсерлі деуге келмейді. Біздің ойымызға дәл осы шығарманы оқығанда «автор неге екі оқиғаны параллельді формада суреттеп, соңында көркемдік шындықпен ұштастырмады екен» дейтін де сұрақ келді. Әрине, жазушыға «шығарма жазуды үйретейін» дейтіндей әбес пікірде емеспіз. Оған хақымыз да жоқ. Тек, көркем туындыны көркемдік мәні аз қарапайым сөздермен, жай ғана бір деректермен түйіндеудің шығарма ажарын ашпайтынын, сәнін кетіріп тұрғанын айту артық етпес.
Кітаптағы қызықты әңгіменің бірі – «Мысық пен Маруся». Бір кездері полковник күйеуінің көзі тірісінде шалқып өмір сүрген Маруся күйеуі қайтыс болған соң кедейшілікке тап келіп, жалғыздықтан жапа шегеді. Ұлы мен қызы әке мүлкіне таласып, өзара жанжалдасады да, бірі қымбат коттеджді сатып кетсе, екіншісі банктегі жиған миллиондарын сыпырып алып, тайып тұрады. Бұрын «қайғы мен қасіреттің барын мүлде ойламай келген» Марусяға өзі сияқты жалғызілікті көрші кемпірлер ақыл қосып, үйіне мысық асырауға кеңес береді. Клавдия кемпір сыйлаған мысық Марусяның бар ермегіне, сырласына айналады. Бір күні үйінен шығып кетіп, бір апта бойы оралмай қойған мысығын іздеген Маруся полицияға хабарласады. Олардың кекесінді кейіптегі жауабына ашуланған кемпірлер газетке сұхбат беріп, полиция қызметкерін жұмыстан шығартады. Тіпті, әңгімеде «Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» деген мақаланың «Қазақстан шекарасынан асып, ашық хат түрінде көрші мемлекет басшысының құзырына жол тартқаны» да айтылады. Алайда, жоғалып кетті деген мысық біраз уақыттан соң үйге өзі келеді. Бақса, мысық әуел баста қашып та, жоғалып та кетпепті. Тек, ұрғашы мысық болғандықтан біраз уақыт табиғи қажеттілігін өтеп, мауығын басып қайта оралыпты. Оны «тарғыл мысықтың бауыры жер сызғанын» көрген кезде ғана түсінген Маруся «сенің балаларыңды бағатын болдым ғой» деп қуанады. Бірақ өз балаларындай мәпелеген мысықтарының кемпір өлген соңғы әрекеті тіпті де қорқынышты. Автор бұл оқиғаны шығарма соңында: «…Ерте көктемнің көкөзек шағында «Ка-451» градус» газеті А. қаласындағы М. аудандық полиция басқармасының мәліметіне сүйеніп, адам баласының жанын түршіктіретін хабар таратты. «Ауырып өлген жалғызілікті кемпірді аш мысықтар талап, жеп қойыпты» деп жазыпты газет», – деп түйіндейді. Әңгімені оқығанда Маруся тағдырындағы екі түрлі өмір көрінісін көресіз және екеуінде де бірдей шешім барын аңғарасыз. Бастапқыда, күйеуі қайтыс болған соң ата-аналық мейірім көрмей, өз беттерімен өскен ұл мен қыз өз шешелерін талап жеп, дүние-мүлкін тартып алғандай сыпырып кетеді. Осы кезде кемпір балаларына жөнді тәрбие бере алмағанына өкінеді. Ал екінші көріністегі мысық оқиғасы да тосын шешім. Бар мейірімін, жан жылуын беріп, туған баласындай мәпелеп баққан мысығының кейін кемпір өлген соң оның мәйітін талап жеп қоюы да қайырымсыздықтың дәлелі. Жат бауыр боп өскен ұл мен қыздың қайырымсыздығы кейін мысықтардың әрекетімен тағы бір рет қайталанады. Автор екі оқиға арқылы орыс кемпірінің шалқыған өмірінің де, кейін мысық бағып, марғау өсірген күндерінің де бекершілік, бос әуре екенін жазады. Екі өмірінде де мән жоқ, мағынасыз. Жалпы, мұндай мысалды көбіне ұлты орыс кемпірлердің қаладағы тіршілігінен хабардар жанның бәрі де көре алады. Бала-шағасы өзге елге, өзге қалаға кетіп, жалғыз өздері ғана үйде қалған кемпірлердің көбі мысық асырайтыны да жасырын емес, белгілі жайт. Әдетте, қазақтар орыс кемпірлерінің бұл өмірлерін түсіне де, құптай да қоймайды. «Бала-шағаға мейірім төкпей, өз бетімен жіберген соң олар да кейін әке-шешеге қарамай, тастап кетеді» деп сөгеді. Ал елдің бәріне мәлім осы жайтты дәл сол кейпінде әңгімеге айналдырудан автор не ұтады? Ол жағы бізге түсініксіз. Бірақ оқиға бар, сюжет қызықты болған әңгімеде неге кейіпкер жан-дүниенің тебіренісі көмескі, солғын деп қынжыласыз. Ақыры, осы тақырыпты жазуға ниеттенген қаламгер орыс кемпірлерінің өмірін айна-қатесіз қайталауды емес, олардың адами кейпін, психологиялық болмысын тереңдей аша түскенінде әңгіме әлдеқайда әсерлі, көркем дүние деңгейіне жететін бе еді. Әйтпесе, «мысықтар өз иесін жеп қойыпты» деген ақпаратқа әсерленіп жазған (бұл тек біздің ішкі пайымымыз ғана – Н.Т.) автордың «орыс кемпірлерінің өз балаларынан гөрі асырап алған мысықтарына мейірімді» екенін айтқан әңгімесін қызықты болса да тұшымды дүние дей алмаймыз.
«Әлқисса» кітабына енген хикаяттың көлемдісі – «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» деп аталыпты. Ақын, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің рухына арналғандықтан да болар, шығарма арқауы аңыз, миф. Хикаятта бас кейіпкер Жамаудың нақты қандай адам екенін ажырату қиын. Ол далада жүріп «Қара кісіге» кездейсоқ тап болады да, соның «меңдеп» алуымен ғажайып күйге түседі. Не өңі, не түсі екенін өзі де ажырата алмайтын халге енген Жамау ертеректе қайтыс болып кеткен адамдардың әруақтарын көріп, таң қалады. Сондай бір кеште Солтанбай қарт оған «Шахмаранның кітабы» туралы аңызды айтып береді. Хикаятта мағынасы бізге түсініксіздеу болған бір жайт, ол – Солтанбай қарттың «аяғынан алжып» қалаға кетуі және ойда-жоқта ауылына қайта оралуы. Солтанбай қалаға кеткен кезде жалғыз қалған Жамау іштей қаланы жек көреді, жазғырады. «Бұл ауылдың адамын ғана емес, ұяты мен намысын да аузын арандай ашқан қала қылғыта салды», – деп, қалаға қарай ағылған жұртты түсіне алмайды. Ол өз ауылын, туған жерін қимайды. Жамаудың бұл жан тебіреністері хикаяттың бірінші, кіріспе бөлімі сияқты. Ал екінші белес – «Шахмаран» хикаясы. Шынын айту керек, шығарма экспозициясы мен негізгі бөлімді байланыстырар желі анық емес. Жұрттың жаппай қалаға ағылуы мен жыландар патшалығы туралы аңызды сабақтастыратын не нәрсе екенін анықтау қиын. Бәлкім, дала аңызына еліткен Жамаудың жан-дүниесі далаға ғана тиесілі екенін айтқан автор қала ұғымының бас кейіпкерге жат, түсініксіз екенін көрсеткісі келген болуы мүмкін. Тіпті, аңыздағы «Шахмаран кітабындағы» ұшан-теңіз білім қаладағы кітапханаларда емес, бар сырды қойнауына бүккен даланың тауы мен тасында жатқанын меңзеді ме екен? Амал жоқ, қаланы жек көріп, далаға тамсануын қоя алмаған Жамаудың әрекеттерінен осындай болжам ғана жасай аламыз. Бұл хикаяттағы аңызда жыландар патшасы Шахмаран Мәулім есімді адамға гаухар тас береді. Ол тас жер бетіне шыққан соң кітапқа айналатынын және бұл кітапты толық оқыған адамның білімі шексіз көп болатынын айтады. Бірақ жер бетіне шыққан соң «Шахмаранды ұстап бер» деген патшаға қарсылық көрсеткен Мәулім торғай боп ұшып кетеді де, кітап оқылмай қалады. Солтанбай қарттың әңгімелеуінше сол кітап «Аршалы тауының бір құз жартасында әлі күнге жасырулы жатқан көрінеді және оны Шахмаран күні бүгінге дейін күзетіп келеді» екен. Бұл әңгімеге елтіген Жамау ертеңінде Аршалыға қарай жүріп кетеді. Бір құзар шыңның басына шығып дамылдаған ол бір сәт «желбезегін шығарып, ысқыра арбап тұрған әбжыланға қарай басын оқтай шаншып ирелеңдей жөнеледі». Дәл осылай аяқталған хикаяттың мақсаты – интеллектуал ақын, әдебиетші Әмірхан Балқыбектің «Шахмаран кітабын» оқыған һәм оқуға құмартқан жан екенін оқырманға жеткізу болды ма екен деп топшылайсыз. Бір анығы – хикаяттың тілі жатық, көркем суретті, оқиғасы әсерлі. Әсіресе, мына бір тұстағы табиғат суреттеріне көңіл аударып қарасақ та жеткілікті. «Бояуы солған бозамықтан Жоңғардың (Жоңғар Алатауының – Н.Т.) аппақ жүзі қылаң берді, дөңкиіп Аршалы түрегелді, ұйқышыл Сарытаудың шошақ төбелері қарауытады. Ерте оянған Жоңғар абыз тау, ақсақал тау – Аршалыға алдымен сәлем жасап, Аршалы алды-артына абажадай төніп отырды да, айналасындағы бала тауларды аса таяғымен түртіп оята бастады.
«Таулар тәртіпті, – дейді Жамау, – тауларда тәртіп бар». Таулы аймақта таңның қалай ататынын көрген болсаңыз, осы бір сурет көз алдыңызға көлденең тұра қалатынын терістей алмайсыз.
Кітаптағы біздің назарымызға іліккен тағы бір шығарма – «Қызыр әулие мен Мұса ғалайассалам» хикаяты. Бұл туындыда ақын Әмірхан Балқыбектің образы бар. «Қасқырдың ұлуы арқылы аспанның кері серпілгені туралы» аңыз шығарма мазмұнына айтарлықтай әсер берген. Бас кейіпкер көрші Әбірем шалдың киім киісіне, өзін топ ортада ұстауына, үйіндегі тіршілік тәртібіне қызыққанын жазады. Оның шыққан тегін табуға ынтығады. Қаладан келген нағашысы (нағашы образынан ақын Әмірхан Балқыбекті жазбай танисыз – Н.Т.) оның еврей екенін айтады. Күндердің күнінде Әбірем шал мен бала өзара достасып кетеді. Екеуара ел мен жер тарихы, дін тақырыбында әңгіме айтысады. Шал балаға Мұса пайғамбар өмірінен қызықты қисса айтып береді. Мұса пайғамбар мен Қызыр Ілиястың жолдастығы туралы аңыз пайғамбарлар қиссасына ертеден қызығушылығы басым қазаққа етене таныс. Автор хикаятта өзінше жеке бөлім деңгейіндегі бұл қисса мен оқымысты нағашының «мұқабасында айға басын сүйеп, ұлып тұрған қасқырдың бейнесі таңбаланған қайыстай қара кітабынан» алынған «Ау-y-y» немесе «қасқырдың төніп келген аспанды ұлып, кері серпілткен» оқиғасы арасын байланыстыруды көздейді. Кітапты оқыған ебірей шал да: «…Міне, қазақ ойының он сегіз мың ғаламды еркін шарлауы. Не деген кеңдік, не деген дархандық»,– деп тамсанады. Ал баланың шалға «қазақтан неге пайғамбар шықпаған» деген сауалына ол: «Өйткені, қазақ – бұзылмаған, бүлінбеген, зерек, ақыл-парасаттан жол тапқан, ата-баба аруағын жат көрмеген. Тәңіріне ғана қол жайған халық еді»,– деп жауап қайтарады. Жөйт Әбіремнің бұл сөзінде қазақ халқына өзі көрген бар жақсылықтары үшін алғыс айту мәні жатыр десек те тура мағынасында нанымсыз, даулы түсінік. Қазақтарда, мейлі, ежелгі түркілердің арғы тегінде пайғамбардың болған-болмағанын Әбіремнің біле қоюы екіталай. Бірақ шал сөзі арқылы қазақты өзге ұлттардан таза екенін көрсетуге ұмтылу әсіреұлтшылдық сипатқа жақын. Әсіресе, көркем шығармада мұндай түсінікке орын беру жазушылық шеберлікке жатпайды дер едік. Сосын, бұл хикаяттағы пайғамбар қиссасында Мұсаның (а.с.) Қызыр әулиені іздеп шыққанда жанында баласы болады. (Кей нұсқасында Мұса (а.с.) жалғыз – Н.Т.). Балық салынған себетті сол баласы ұстап жүрген еді. Тіпті, балықтың түсіп қалған кезінде де бала бар. Алайда, кейін Мұса мен Қызыр сапарға шыққанда бала жоқ. Қайда қалды? Жол ортада әкесі тастап кетті ме? Әрине, шығарма мазмұны мен идеясына баланың бар-жоғы еш зардабын тигізбейді. Бірақ шағын ғана хикаяттағы санаулы кейіпкерлерді жазушы шашауын шығармай, көзден таса қылмай ұстап отырғаны жөн болар еді.
Жинақта Әмірхан Балқыбек рухына арналған эссе-толғау да бар. Бірақ негізгі нысан көркем шығарма болғандықтан ол жазбаға тоқталуды жөн көрмедік. Тек, ақынның образы елес беретін тағы бір әңгімені айтпаса болмас. «Бөрі соқпақ» деп аталатын әңгіме үш түрлі сюжетке құрылған. Шығарма басында үш адам ішіп отырады. Өздері һәм ақын-жазушы болса керек-ті. Әңгіме үстінде олар қасқыр туралы сөз қозғайды. Олардың біреуі «кезінде қасқыр жерге төніп келген аспанды ұлып кері қайтарып жібергені» туралы аңызды әңгімелейді. Осы кезде даяшы «шығыңыздар» дейді. Оның дауысы үшеудің біріне ыңыранып, ырылдап жеткендей естіледі… Бұдан кейін әңгіме бірден «Т. қаласындағы адамдардың тегіс қасқырға айналып кеткенімен» жалғасады. Бір жарым айдан соң азық-түлігі таусылып, ашыққан қасқырларды көсем арлан түзге ертіп шығып, аң аулатып үйретеді. Кейін қарындары тойып, ауыздары қанданып, аң аулауды үйренген қасқырлар көсемге: «Шал, қалада тұра алмасаң жұртты азғырмай, далаңа өзің тарта бер. Мұндағы балаларды қайтесің, тау асып, тас басып жүре алмайды», – дейді. Бұдан соң көсем арлан бәрімен қоштасып, Жоңғар Алатауының «Қартайған» деп аталатын бір асуына қарай бет алады. Ол жерде бабасының ізі қалыпты. Көсем мақсаты – сол ізді басып өту. Ал үшінші сюжет тіпті де өзгеше. Мұнда автор өзінің атасы туралы әңгімелейді. Он төрт жастағы бала айдауға түсіп, артынан бір қамқор азаматтың көмегінен тұтқыннан қашып шығады. Әкесі мен екі бірдей ағасын қызылдар атып өлтіреді. Бабасы Қуат мал-мүлкі таланып, итжеккенге айдалады. Сондай қиын-қыстау заманда ақбоз атпен қашқан бала таулы өңірде «адасып кеттім-ау» деп қиналып тұрғанда астындағы аты бөрі соқпақты тауып алады. Сол ізбен жүріп келе жатқанда алдынан Жөкей батыр бастаған топқа кездеседі. Сөйтіп, арғы бетке өтіп аман қалады. Баланың әкесі мен екі ағаларын өлтірген Курносов есімді орысты Жөкей батыр атып өлтіреді. Сөйтіп, «апан-қаладан ауған абадан бөрі соқпағын тапты». Бұл сөйлем – екінші сюжеттің соңы. Ал бастапқы сюжет, ішіп отырған үш жігітке «шығыңдар» деген даяшы сөзінің жалғасы шығарманың ең соңында. «Әйгілі ақын-жазушы атанғалы жүрген үшеуді даяшының ескертуі елең еткізген жоқ. Олар мас еді. Шаһар жұрты тегіс мас болатын. Бір қызығы, бәрі де сол күні білгендерін көбейтіп, қасқыр туралы әңгіме айтыпты. Өйткені: сол түні бөрі соқпағын тапқан абадан қасқыр аспан астын күңірентіп ұзақ-ұзақ ұлыған еді. Ай толыпты». Үш сюжет – үш дәуір, үш түрлі заман. Үш жігіттің ішіп отырған сәті бүгінгі күн. Ақбозатпен қашып құтылған бала туралы баян – кешегі қызылдар қырғыны. Адамдары тегіс қасқырға айналып кеткен Т. қаласындағы көрініс пен көсем арланның жалғыз жортуылы – мифтік желі. Демек, уақыт тұрғысынан тым әріде, есте жоқ ерте заманда болған оқиға. Мұнда тағы да ақын Әмірхан Балқыбектің шығармашылық қуатының әсері бар. «Қасқырдың төніп келген аспанды ұлып кері қайтарып жібергені» туралы аңызды айтып отырған үшеудің бірі ақын ағаның образы екеніне күмән жоқ. Алайда, өзге шығармаларды оқығанда қойылған сұрақ бұл әңгімені де айналып өтпейді. Үш дәуірдегі үш түрлі оқиғаны сипаттаған туындыда сюжет аралық байланыстың әлсіздігі байқалады. Жазушының қарапайым ғана оқиға араларын байланыстырар «переходтарды» нанымды етіп жазбағанына налисыз. «Ішіп отырған жігіттерге даяшының даусы ырылға ұқсап естілген» тұс «адамдары тегіс қасқырға айналып кеткен Т. қаласы» туралы хикаяны жалғастырып әкетті десек те, ол жердегі байланыс жібінің өте нәзік, әлсіз екенін аңғару қиын емес. Ал көсем арланның жалғыз жортып кеткен жерінен аяқталған екінші оқиғадан соң өз тағдырын әңгімелеген ата хикаясының басталуы оқырман үшін тіпті де түсініксіз. Сол сияқты, шығарманың жалпы аяқталуы да тым қарапайым. Өте шолақ қайырылған. Әйтпесе, оқиғалары әсерлі әңгімеден өзге кінәрат таппайсыз.
Қорыта айтқанда, жазушы Дәурен Қуаттың қаламы жүйрік, тілі жатық, жазушылық қабілетіне дау жоқ. Үлкендерден естіген аңыз-әңгімелерді, кейін өзі қызыққан мифтік сюжеттерді көркем шығармаға айналдырып, оқырманға жеткізудің өзіндік тәсілін тапқан. Артық сөздік қолданыс, әсіре көркемдік суреттеуге бой алдырмайды. Әңгімелері жалықтырмайды, жетелеп, қызықтырып отырады. Бірақ кей шығармаларының соңына келгенде оңай аяқтай салып, ойды шолақ қайыратын тұстарына жазушы «қарбалас болуы мүмкін» немесе «ерінген шығар» дейтін болжам жасауға ғана құқылымыз. Әйтпесе, қаламгердің бұл әңгіме-хикаяттарды бұдан да көркем, қызықты жазуға қарым-қабілеті еркін жететінін аңғару қиын емес. Сондай-ақ, жасы қырықтан асса да толық бір жинақты түгел көркем шығармаларымен толтыра алмағанына да «ренжисіз». Кейде «аз жазу – жазушының талғампаздығын көрсетеді» деген ұғымға қосылсақ та, «Әлқисса» кітабы авторының «сараңдығын» құптай алмадық. Үш жүз бетке таяу жинақтың үштен екісі мақалалар мен сайттарға берген сұхбаттар. Оның өзінде де әдебиеттен бөлек, саяси, қоғамдық мәселелер сөз болған. Сондықтан алдағы уақытта жазушыға інілік әрі оқырмандық «өтініш-ескерту» ретінде жеке көркем шығармалар жинағын топтастыруды және тағы да көлемді дүниелер жаза беруін сұрар едік.
КӨҢІЛ ПЕРНЕСІ
«ҰЯТ КІМДЕ БОЛСА, ИМАН СОНДА»
Ұлы Абай 45 қара сөзінде бірін-бірі толықтырған ұлағатты ойы және пайымдауларымен бөліскені әр қазаққа белгілі. Мұнда ұят туралы жақсы айтылған. Алайда, бұл пайымдаудың маңызы жоғалып бара жатқандай. Абай да мұны өте жақсы атап өтіп, осыған 36 сөзінде жақсы тоқталды. «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен, – дейді Абай. Шынымен де, иманды адам – ұятты адам. Себебі, мұсылмандардың иман тұрғысынан тәрбиесі ұятпен өлшенеді. Ақын бұл сөзінде ұяттың екі түрлі екендігін және қайсысы шынымен де ұят, ал қайсысы ақымақ ұяттылықтың аражігін ашып берді. «Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді», – деп түсіндіреді. Бұл ұят емес, керісінше, қазақтың қанындағы, ұяңдық, қарапайымдылық. Осынысымен ұлтымыз өзін тыйып, ұятқа қалмаудың алдын алып отырған, осы арқылы ұрпағын тәрбиелеп үлгі бола білген.
«Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады». Әйтсе де, бүгінгі біздің қоғамда шын ұятты ұмытып, адал жолдан тайғандар көбеюде. Ұрлық, қастандық қылса да мойындаудан, тіпті ұялудан да қалып барады. Одан бөлек, тәрбиедегі ұят та шеттетіліп қалды. Меніңше, ұяттың түп-төркіні қыздың тәрбиесінен, болмысынан басталады. Себебі, қыз бала қоғамның гүлі, болашақ ана. Қыз баладан ұрпақ жалғасады, ананың ақ сүтінен тәрбие беріледі. Сондықтан қыз бен ұят ұғымдары бір-біріне етене жақын. Жақында «КТК» телеарнасындағы «Наша правда» бағдарламасынан жетім баланы асырап алған ана туралы көрсетілді. Бірақ баланың биологиялық анасы табылғандықтан, асыраушы ананың баласынан айырылып қалу қаупі бар екен. Бірақ жетімнің өз анасы арнайы хабарласып: «Мені мазаламаңыздар, менің өмірім енді қалпына келді, маған бала керек емес, мүлде хабарласпаңыздар» деп тұтқаны қоя салған. Абай ұяттың түрлері туралы: «Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, біртүрлі қысымға түсесің», – деп айтқан болатын. Ал көкек ананың бұл әрекетіне дана ақынның парасатты сөзі де түк болмай қалды. Себебі, ол баласын жетім қалдырғанына өз-өзін кінәлап тұрғаны шамалы. Әрине, «тәрбие – тал бесіктен» деген қазақта аталы сөз бар. Мұндай қыздардың көбейіп кетуі ата-ана тәрбиесінің жетіспеуінен деп түсінем.
Абай қара сөздерін өз заманындағы кемшіліктерді көріп, жазып кеткені белгілі. Ақынның 36 сөзіне қарағанда ұяттың дерті сол кезде де асқынып тұрған. Себебі, Абай қорытынды сөзінде: «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?», – дейді. Я болмаса, «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе: «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!» дегенінде бүгінгі заманның бет-бейнесі көрініп тұр. Себебі, жоғарыдағы мысалдардан кейін бүгінгі адамдар өздері нендей күнә қылса да, одан ұят көрмейтіндей дәрежеге жетті.
Балжан АБЫЛҒАЗИЕВА,
Сүлеймен Демирел университеті
журналистика факультетінің
І курс студенті.