ТӘЛЕЙ
15.04.2016
2574
0

(әңгіме)

Dauitaev_NesipbekНесіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ

 

Теледидардан кешкісін «Тағдыр» деп ата­латын сұхбат көрсетілген. Оны көрген­дер­дің ішінде екі адам аса қатты толқыған: бірі – зағиптар үйінің директоры, екіншісі – шалғайдағы шағын қалада тұратын көр­кем бір әйел.

Зағиптар үйі директорының қайран қа­латындайы бар: сұхбаттағы кейіпкер, бұл бас­қаратын мекеменің тұрғыны. Осында ке­ліп орналасқанына екі-үш жылдың ар жақ, бер жағы. Бір көзі мүлде көрмейді, екін­шісі жарық пен қараңғыны әзер-әзер ажы­рата алады. Бүйрегіне жасалған отадан кейін осылай болып қалған. Отаның өзінен емес. Салдары басқа: үйінде оңалу кезінде ван­нада аяғы тайып жығылып, шүйдесін тас қабырғаға қатты ұрып алған соққыдан. Көз тамырлары үзілгеннен бе, бас жағына кел­ген басқадай зақымнан ба, әйтеуір дә­рігерлер қанша айналдырғанымен айық­тырар амал таппаған.

Зағип тұйық. Шешілмейді. Сұрағыңа жауа­бы. Кезінде болған-ақ екен, деген сөзді жүрдім-бардым әңгімені құлағы шалған. Қайсыбірде кабинетіне шай дайындатып, оңаша сөзге тартпақ еді, «Қайтесің!» деп қайы­рып тастаған.

Артынан іздеп келуші жоққа тән. Бас­тапқыда әйелі мен ұлы бірді-екілі төбе көр­сеткен, кейін ізім-ғайым. Жалғыз-ақ бір жа­затын жігіт ара-тұра соғып тұрады. Қыз­меті теледидар жағында екен. Соңғы бір ке­лісінде әдеттегідей бұған сау болыңызын ай­тып жатып: «Әйтеуір, көндірдім-ау» деген. «Қай нәрсеге?» «Арнайы телехабарға қа­тысуға».

Енді, міне, сол көрсетілім…

Осы сәтте шалғай қалада тұратын көр­кем бір әйелдің көкірегіне көктен жай түс­кендей қарс айырылып, қай жағына қараса да қара түнек қаптап келе жатқандай, дүние қанкөбелек ойнаған. Жанары жасқа толды. Оттай ыстық. Көз аясынан өртеніп ақты. Өмірінде дәл осылай алғаш рет. Жо…жоқ… Со­нау, сонау жылдары да… Одан бері, қан­ша қар жауып, қанша су ақты. Өмірге ме, өзгеге ме, өзіне ме өкпелі сол бір еңіреудің өткір жасы енді ойда-жоқта оңдырмай тиген соққыдан сорын қайнатып сорғалайды. Есеңгіреп, еденге етпетінен түскен…

Зағиптар үйінің директоры аяқ асты аспаны айналып жерге түскендей күйде еді. Жан дүниесі алай-түлей: көз алдында жаңа әзір­де көрген хабар. Не естіп, не біліп, не қой­ды?.. Жазатын жігіт: «Аға, сіз өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдарының ал­ғаш­қы жартысында қазақтан шыққан алғашқы меценатының бірі едіңіз» деп қойды ал­ғашқы сұрағын. Анау айтса, қара қазақта қайы­рымдылық та қан қуалайды. Бабасы, ата­сы, әкесі… Алдыңғы екеуі дәулеттің ар­қа­сында айнала жұрттың қай кезде де қа­мын жеп, қажетіне жараған. Тіпті, ауыл-ай­мақтағы зерделі балаларды бай мен кедейдің ұлдары деп алаламай Омбы, Орынбор қалаларында оқытқан. Өз қаражаттарына. Ал әкесі кеңес заманында өмір сүрді ғой. Қырық жыл дүкен ұстады. Есебін таба біл­ген адам ешнәрсеге есесін жібермейді. Есі кі­ріп қалғанда білгені: әкесі көктемде көр­ші әскери қалашықты айнала отырған орыс­тардан жиырма бес сомнан оншақты бұзау сатып алатын. Оны сиыр бағатын көңі­лі жақын бақташыларға танаға, тананы өгіз­шеге айырбастап, күзде әрқайсысын төрт-бес жүз сомға сатып отыратын. Бы­лайғы жұрт бұл өзі дүниені қалай тауып жа­тыр демейтін. Өйткені, ол қай кезде де қал­тасы жұқа қазақтың қажетін ашты. Қа­зір ойласа, сол кездің кез келген билігі жа­­сай алмайтын, жасауға құлқы жоқ әл­гіндей шаруа мұның әкесінің қолынан ке­ліпті. Мұны «Дүниені адамдардың қажетін ашып жарап жүру үшін жинауы керек» деп өсірді. «Ата-бабаларымыздан қалған ақ жол» деп отыратын. «Дүние – көзін тапқан­дікі» дер еді, және. Содан шығар есеп-қи­сапқа ес білгеннен үйір бұл Қырғызстандағы кооперативтік институтқа түседі. Сол кез­дің заңдылығы болар, факультетті Мәскеуде бітіреді. Оқып жүрген кезінде… Аса қат аме­рикандық джинси шалбарларды Алма­тыға әкеліп, жасырып сатып, басталады бәрі. Әкенің қаржысы, өзінің сауда-сат­тық­тан жиғаны бар, әуелі шағын дүкен ашқан, бір­те-бірте бірнешеуін… Ары қарай ана қа­ла, мына қала… Ресейден товар жеткізуге жа­қын Ақтау, Атырау мен Астрахан…

«Алғашқы меценаттығыңыз?..» деп сұ­рады жазатын жігіт, – Солай ету жайлы ой­лаушы ма едіңіз, мысалы, қолыңыз жүре бас­тағанда?». «Қай кезде де қаперімде еді. Бі­рақ қашан, қандай жағдайда, кімге, не­ге?.. Оны білген жоқпын, әрине». Ка­бине­тін­де отырған қайсыбір күні егде тартқан үшеу есігін ашады ғой. Біраз қызметтің басын қайырғандары бірден байқалады: Арыдан тартса ағыл-тегіл, беріден тартса беліңді буып, бұғанаңды бекітіп, берекеңді айтып, береріңді бекітіп бет бақтырмай бедеулеген әңгіме: түтеп отырған түгел сөз­дің төркіні – осы отырған төртеуінің түп ата­сы біреу болып шықты. Жарықтықтың дү­ниеден өткеніне үш ғасыр толмақ. Кін­дігінен тараған ұрпақтан бәлен ата. Игі жақ­сылары ақылдаса келе, бабаларының ба­сын қарайтуды ұйғарған. Қарайтқанда, төрт құбыласына түгел көрініп тұратын көрнекті күмбез. Ол енді қыруар қаржы. Қара қазақтың қалтасы қанша қақсаң да ала­тының қара бақыр. «Өзіңді сырттай жақ­сы білеміз. Құдайға шүкір десіп, үнемі тілеуіңді тілеп жүреміз. Әкең көлік апатынан көз жұмбағанда, әуелі содан бастар едік, әруақ атап, ал қане, дегенде әй-шәйға қ­аратпай алып шығып кетер кімдеріміз бар десіп жасаған тізіміміздің ең басын­да­ғы­лардың бірі болып өзің тұрсың…».

Әңгіменің ауанын байқаған бұл сөзге кел­мей үшеудің қолына он мың долларды ұста­тып жіберген. Сонда… Сонда, бар бол­мы­сын бір тылсым күш билеп қоя берген. Бабасының ба екен, атасының ба екен, әке­сінікі ме дабылға ұқсас дауыс жеткен са­насы­на. Жан әлемі жапырағын жаңа жая бас­таған жас талдай жайнап, жайқалып бара жатқандай, жадыраған. Ол бабасы атасына, атасы әкесіне, әкесінің бұған айт­қан: «Біздің тұқымның алғанына емес, бер­геніне қуанышы ала-бөтен» дегеніне кө­зі жеткен. Бұл дүниеге келіп, ғұмыр ке­шудің мәні осы шығар деп пайымдаған.

«Аға, – деп сұрақ қояды жазатын жігіт, – Тоқсаныншы жылдары қайда жүріп, қай­да барарларын білмей қу тірліктің құр­ды­мына кетіп бара жатқан талай ақын-жазу­шы, ғалымдарға қол ұшын бергеніңізге кө­біміз куәміз. Осы отырған ініңіздің де кі­та­бын шығарып бергеніңіз бар». «Сөйттім, бе?». «Ағалап алдыңызға келгенімде, салған жерден «Керегіңді айт» дедіңіз. Болған, біт­кені осы. Өлгенше ұмытпаспын деп едім өзіңіз­ді». «Өзгелер де айтқан осыны». За­ғиптың даусы қарлығып, қаңсып шыққан: «Қайда енді солар…».

Залдағы диванда көзі бақырайып оңаша жатқан зағиптар үйінің директоры осы тұста орнынан тұрып кеткен. «Қайда енді со­лар?.. Қапелімде қамшымен қақ маң­дай­дан тартып жібергендей сауал. Қаны суып, қаңыраған күй. Жанын жеп, жабыққаны бір бөлек, бұл өзін-өзі жатырқап тұрғандай да сезімге тап болды. Түйсігінде, «қайда ен­ді солардың» қай жағында жүрміз деген се­зік қылт-қылт етіп, қылаң берген. Өзі ты­ғып қойып, жатарда арагідік ешкімге көр­сетпей қырлы стаканмен тартып алатын коньякты алып, шөлмектің аузынан жұтып-жұтып жіберді…

Есеңгіреп еденге етпетінен түскен көр­кем әйел еміс-еміс есіне келіп жатқан. Сон­дай бір сәтінде зордың күшімен басын кө­те­ріп, төсегіне жетті. Жарықты жаққан жоқ. Қалауы – қараңғылық. Сол қараң­ғы­лық­қа тесілген сайын көз алдында сәулелі бір елес… Теледидардағы жаңағы хабар. Кейіп­керін ол әуелде танымаған. Бірте-бір­те шырамытты. Құдай-ау, сол ғой мынау, сол…

Онда бұл Өнер институтының екінші кур­сында оқып жүрген. Күз айы. Аты­рау­дағы ата-анасынан жедел хат алған. Әкесі дертті. Шұғыл келіп, қайтуын айтқан. Қа­ра­шаның мейрамы қарсаңы. Пойызға билет таба алмайтын кез. Жолсерікке үстеме ақы беріп жатып, әзер ілінген. «Мінгіздім, ары қарай күніңді өзің көр» деген анау. Вагон купелі еді. Жол төрт тәулікке жуық. Күндіз жүріп-тұрып дегендей, түн баласы ұзын дә­ліздегі орындықта қалғып-мүлгіп келе жат­ты. Екінші тәулікке қараған түні ғой. Әл­декімнің иығынан қозған тұрғанын сез­ді. Еңселі ер адам еңкейіп тұр екен… «Тұра ғой» деген шынтағынан ұстап. «Жіберіңіз» деп бұл апалақтады. «Ағаның созған қолын ақылды қыз қақпайды, – деді анау. – Қане, түрегел». Еркектің еркін мінезінің мысы бас­ты ма, әлде жол азабы өтіп кетті ме, соңы­нан ілесе берді.

Вагон іші жым-жырт. Жолаушылар қа­лың ұйқыда болса керек.

Еркек арнайы купеде жалғыз екен. Қар­сы орын бос. Қыздың мұндай купеге кіріп тұрғаны осы. Тамақтануға арналған тақ­тай­шаның ортасында Алматының апорты. Иісі жұпар аңқиды. Еркек қатталған аппақ төсек жаймасы мен жамылғыны ұсынып: «Андағы орын сенікі» деді. «Неге бос?» деп қал­ды қыз әлдебір секемінің төбесі қыл­тиып. «Атырау, Ақтау, Астраханға жиі жолым түседі. Тыныштық үшін купені түгел сатып аламын, Қарадай үрікпе. Әуелгі жыным әлдеқашан басылған, қалқам».

Қатты ұйықтап қалыпты, оянғанда тақ­тайша үсті дәмді-дәмді суық тамаққа толыпты. «Жақсы демалдың ба, – деген еркек оқып отырған қалың журналын ары қойып, – Жуынып кел, ауқаттанайық».

Бұлар үш тәулікке жуық бірге болды. Әке­нің жалғыз қызы ғой, көбіне соның бауы­рында өскендіктен бұл ер адамды жа­тыр­қамайтын. Керісінше, олардың кей­біреуінің көзқарастарындағы өзгеше өт­кір­лікке тәнті еді. Мына ер адам қай әңгімеде де танымның тамырын дәл тауын, тарқата бі­летін, тамсандыра алатын жан-жақты­лы­ғымен бірден таң қалдырған. Өмірдің, ғұмырдың табиғи заңдылықтары, тұрмыс-тіршіліктің түгесіліп бітпейтін түйткілдері ту­ралы толғанысы ерен. Бұл еркек қызға жаһанның жарығына жаны құмар, жартасқа да жауқазын өсетініне кәміл сенетін, кө­рініс атаулының бәріне бір мезгілде күн сәу­лесі төгіліп тұрғанын көксейтін көзі ашық, көкірегі ояу көркем ойлы адам болып көрінген. Қыз жаратылыс атаулының ке­лісім-үйлесімін сөзбен салатын сурет­шінің де болатынын алғаш рет осы еркектен көріп, біліп, сол тапқан жаңалығына қуан­сын келіп. Сосын Ананың тым құры­ғанда жалғыз рет жанары жайнап, жа­нып-күйіп қарамағаны қайран қалдырған. Бұл өзінің аса сұлу екенін білетін. Жандары қал­май жабыса кететін жас жігіттер түгілі, та­лай-талай қырма сақал, көк тұқылдарға дейін айдай ажарын көз қиықтарымен аймалап тұрмайтын ба еді. Ал мынау… Өзіне ұнамайтын еркекке де ұнауды көксейтін әйелзатының өзімшіл әйдек сезімі бұған да тән еді. Сонымен бірге өткізген үш тәуліктің түндерінде «еркектік жасап, есімді шығарып жүрмей ме?» деген үрей-күдіктен арыла ал­май қойған қылығына қысылған. Іштей қи­май-қимай қоштасты. Ананың қолын бе­ріп тұрып, бар айтқаны: «Аман бол, абай жүр. Көкең жазылып кетсін…». Болған, біткені осы. Тұрағы, қызметі жайлы тіс жар­ған жоқ. Ең өкініштісі, үш күндік жолда, нені айтса да мұның ойлары, арман аң­сары, көксегенімен жарасым тауып, жан дү­ниесінің жалауын желбіреткен жампозбен енді қайта жолықпайтыны еді… Осы ауыр оймен үйіне жеткенде білгені: әкенің асқ­азаны аты жаман ауруға ұшыраған.

Жазылып кетермін, деп жүріңкіреп қа­лыпты. Қаралған дәрігер, тәуіп, емшінің еш­қайсысынан қайыр болмаған. Енді не амал бар? Әке жалғыз, шеше жалғыз, қыз жал­ғыз. Өң жалғыздан тұратын үйелмен үрей үстінде. Үзілмейтін үміт қана үйір­сек­тейді. Қайсысының да қаперінде қарап қал­май қалайда қам жасау. Оның жалғыз ама­лы, әкені Алматыға жеткізу. Үлкен қа­ланың дәрігерлеріне.

Қыз Өнер институтының жатақ­хана­сын­дағы күндіз-түні кернейлетіп-сыр­най­латып жататын у-шуынан қашып, құр­бы­сы­мен қаланың орталығына таяу көшенің бірі­нен пәтер жалдап тұратын. Пәтер деген­де, пәтер иесі ертелі-кеш қолынан қа­зақ­ша-орысшасы аралас газет-журнал түс­пей­тін интеллигент қария. Кемпірі де сондай. Өздері өте тату тұрады. Үйде де, сыртта да жұп­тары жазылмайды.

Аһлап-уһлейтін кездері де бар. «Ә, қу жалғыз-ай. Айдың-күннің аманында ай­даладағы арапқа тиіп… содан шу қара­құйрық… Қанды жасымызды ағызып қал­ды­рып кеткені… Құдайдың көзі соқыр ма» деп қой, сонда.

Бұл әкесін алып жетіп, пәтер иесіне жағ­дайды айтқанда, қарияның көзі жасаурап қоя берген. «Қарағым-ая, – деген, – Қар­ғадай болып… Қарат әкеңді, қарат, ай­­налайын!».

Әкені жетелеп, қанша әуре-сарсаңға түссе де, меңдеңкіреп кеткен ауруға шипа та­былмады. Рас, дәрігерлер біраз күн жат­қы­зып, қараған. Ақыр соңында бастарын шайқады. Берген кеңестері: «Жалғыз үміт Қы­тай жақ. Ақылы. Қыруар қаржы».

Мұны естігенде пәтер иесі қария бір­түр­лі жабырқап қалды. «Осы мен… – деген бір кезде… оқып ем… Қайсы газеттен еді?.. Ті­гінділерін қарайыншы».

Артынан белгілі болғандай, қария га­зет­тен қазақтың бір меценат азаматы жайлы оқыған, қаржыдан қатты қысылған кім­ге де қол ұшын беретін. Тігінділерден тауып­ты сол мақаланы. Одан газет басшы­ла­рына телефон шалады. Меценаттың кеңес тұрағы, телефонын алады. «Барайық соған, – деді. – Шапанымызды шешіп алмас. Кісілігі ғой, үмітіміз. Өзім ертіп барамын».

Әке мен қыз елең еткен. Әйтсе де әкесі: «Мүлде бөтен біреудің қып-қызыл ақшаны ұс­тата салуы миыма қонбай отыр-ау, қы­зым» деген. Қыз не дейді. «Көкелеп» өбек­те­геннен басқа.

Көрікті әйелдің жылжып өткен сонау, со­нау жылдарды аралап кеткен ойы осы бір сәтте сәл-сәл сейілген.

Түннің қай уағы екенін кім білсін, за­ғип­тар үйі директоры жаңағы хабардан жа­дында жатталып қалған жаңғырықтан ары­лар емес. «Аға, зағиптар үйіне…» деп қал­ған жазатын жігіт. «Қалай түсіп қал­ға­ным ба?». «Сол…». «Тағдыр талайын айналып өте алмайсың, дегенге сенесің бе?». «Енді…». «Дүниеде сірә, сенбейтін нәрсе жоқ. Ойы­мызға келмейтін тылсым күштер, күтпеген оқыс жайлар, қай жағыңнан шыға келетіні белгісіз беймәлім қасіреттер… Бәрі бар. Тек оны біз алдын ала білмейміз. Қапе­рі­міз­ге де кірмейді. Құдай емес, адам, яғни жай ғана пенде болғанымыздан».

Ары қарай таратады: Мәскеуде бес жыл оқығанда есеп-қисаптың ғана түбін түсіріп қойған жоқ. Қанша кітаптар оқыды, өнер туындыларын қызықтады. Соларда адам білуге тиістінің бәрі айтылып қойған сияқ­тан­ған. Бұл солай пайымдады. Түгел белгілі бо­лып көрінді. Әсіресе, адам жайлы… Қа­те­лесіпті әбден. Тіпті, өзгелер түгілі қанша жыл тар төсекте тебіскен өз әйелінің шын мәнінде кім екенін білмепті. Өз ауылынан, кол­хоздың мал дайындаушысының қызы еді. Көрікті. Көп сөзі жоқ, момақан көрін­ген. «Үндемегеннен үйдей пәле шығады» деген сөз, сірә, бекер айтылмаса керек.

Мұның шаруасы дөңгеленіп, әйелі ен­дігі жерде не ішемін десе ішіп, не кием десе, киіп, алтын-күміс тағынып, қонақта төрге қ­а­тар жайғасып, айналасынан құрмет, қо­шемет көруге жеткенде, көрер көзге кеудесі шалқақтай түскен. Ісіне араласа бастады. Әсіресе, табыс жағына. Қаймана қазақтың қажетін ашу – қаржыны қалай болса, солай шашып-төгу, деп ентікті. Оған қоса, ойда-қырда ойнастарың көп, деген пәлені де ой­лап тапқан. Бұған қыз-келіншектің қы­рымнан көз салатыны рас та еді. Кез кел­генін жуадай солдырып кете бермеді бірақ. Десе де, жігітшіліктен ада күйде едім, дей ал­майды. Болатын ондай оқта-текте. Ойла­ма­ған жерден. Лып етіп жанып, лүп етіп сөнетін сәттік ләззаттар… «Сенесің бе, осы­ған?» деп сұраған зағип. «Еркекпіз ғой, аға» деп құбылған жазатын жігіттің үні. Зағип әң­гімесін ары ары қарай жалғайды… Жас­тықтың жыны жаман. Алды-артыңа абай қарау айдалада қалады. Албырттықтың шаруа­сы апыл-құпыл. Әйеліме солай үй­ленгенімді білдім. Біз әр қилымыз ғой. Бі­реулер үшін қолды сілтей салу оп-оңай: ба­рын киіп, артығын бөктеріп кете береді. Біреулер олай істей алмайды. Бір құдіретті күш тыпыр еткізбейді. Солардың біреуі едім мен. Оқта-тектегі, ойда-жоқ жердегі жі­гітшілігім өзімнің сол болмысыма қар­сылығым шығар. Кім білсін. Енді, бірде… Күт­пеген жағдайда жолықтырдым бір аруды. Көркін қойшы, көкке емініп көңіл тер­бейтін көк қанат қиялы, аппақ арманы, лүпіл қаққан үкілі үміті… «О, дариға сол қыз­дың өзі» болып көрінген. Ешқашан есік көр­меген, ешкім етегін көтермеген көк өрім. Менен әлдеқайда кіші. Бірақ ересектер түгілі, егде тартқандардан көріне қой­май­тын естілігі қайран қалдырған. Екі жыл­дай ма екен, жолығысып жүрдік. Ар­ман­сыз айтылатын әйдек-әйдек әдемі әң­гі­мелер… Сырласу, ұғысу, үйлесу… Бары осы. Маған өзге ешнәрсенің керегі де жоқ еді. Жүзін көріп отырсам, даусын естіп отырсам, жетіп жатқан. Іңкәр көңілім, ынтызар тілегімнің менің жағдайымда одан әріге ба­ра алмайтынын білетінмін. Ауған аң­сарымның қылдай қуанышы, шөкімдей ба­қытын місе тұттым. Осымның бар­лы­ғының күтпеген жерден адыра қалатынын білсем, қане. Айдың аманында тілдей қағазға, жалғыз ауыз сөз жазып қалдырып, із-түссіз кете барар дедім бе. Не ойларымды да білмедім. Біздің ара-қатынасымыздың ақыр соңында ешқайда бастап бара алмайтыны рас та еді. Сөйте тұра… Ешқашан емек­сітіп көрмеген ес-түссіз бір іңкәрлік лебінен сытылып шыға алмадым ғой. Мейлі бірер күн, бәлкім бірер ай, әйтеуір қанша бол­са да әлгі әлей сезіммен өмір сүргім кел­ген. Енді… Опындым, оңбай. Отым сөніп қал­ды. Іздеп табуды ойлап тұрып, іркілдім. Өй­тіп, қайтем. Өйтуге қақым қайсы. Ең бас­ты өкінішім – екеуара ағыл-тегіл армансыз ақтарылып, үйлесім тапқан үкілі сәттер ол үшін ойын болғаны. Неткен аярлық. Ке­рек десе, мейлі тұрмыс құрсын, шетел асып оқысын, бәрін, бәрін өзім көтеріп бер­мес пе едім. Ойымда  әуел бастан жүре­тін, осы. Өзіне өзімді іңкәр еткені үшін де, оған өмір бойы қарыздармын, деп есепте­ген­мін… Қапелімде қара түнек басып қал­ған­дай қалде қалдым. Әйелімдікі анау, қыздікі мынау. Әйел біткен дегенің, құбыл, қу, се­німсіз екен шетінен. Бұлардан ба бұлар­дан… Қалған көңіл – қара жер. Кім білсін…» «Көзіңіз көрмей қалғаннан кейін, жеңгейдің мінезінде бір өзгеріс болды ма? Аяп дегендей…» – жазатын жігіт жақау­рат­ты. Зағип­тың күрсінгені ап-анық естіл­ген. Сәл үнсіз қа­лып, ары қарай таратқаны: Көру­ден қал­ған жағдайға ұшырағаннан кейін, әйелі құтырып шыға келген. Бар игі­лікті өз атына аудартты. Қарға адым жер түгілі, ал­дын­да­ғы қағаз бен қаламды көру­ден қалған мұ­ның басқадай амалы жоқ та еді.

Әуелде күтуші жалдап беретінін айтқан, бі­рақ ойбай барды үптеп кетсе қайтеміз, деп онысынан бас тартқан. Ертеңгі шайын бе­реді, түскі асына оны-пұны суық тамақты ас бөлмесіндегі столға қойып кетеді. Кеш­кі­сін солар қай кезде келеді, сол кезді күте­сің. Таяғын тықылдатып ас бөлмесіне, ван­наға, балконға өтуді біліп алған әй­теуір.

Адам қандай азапқа да көнеді. Тіпті, су қа­раңғылыққа да. Ал адамның, соның ішін­де ең жақыныңның қорлығы… Әйелі мен ұлының мұның бар-жоғында шаруалары бола бермеді. Екеуінің әңгімесі, бұл жасаған игіліктің айналасы, ертелі-кеш. Қайсыбірде жатқан бөлмесінің сәл-пәл ашық қалған саңылауынан, ас бөлмеде отыр­ған олардың әңгімесін естіп қалған. «Жа­сың отыздың ортасынан асып барады, үйленбейсің бе, ана қызыңа, – дейді әйелі ұлына, – Косметикалық салон ашып берер едім оған». «А его куда деть?!» деп ұлы бұл жа­татын бөлмеге қарай иек қаққан. Етіне күн, бетіне жел тигізбей өсірген жалғызы. Не ішіп, не киім, демеген перзенті. Оқыт­қан, тоқытқан тұяғы. Ата-баба, әкеден жал­ғыздап келе жатқан әулеттің ертеңгі үміт, сенімі…

«Кетпесіңізге амал қалдырмаған екен» деп қалды жазатын жігіттің даусы жабығып. «Жақсы ит өлігін көрсетпейдінің кері. Иә, сол. Іші-сыртым теңдей қара түнек. Шө­кім­дей сәуле қалмаған…».

Зағиптар үйі директорының көңілі бо­саған. Бордай тозып, бойын әзер билеп, балконға шыққан. Темекінің түтінін үсті-үстіне сорып тұрғанда кенет әйелінің қа­лың құйрығын қасып жатып: «Зейнет жа­сың да жақындап қалды ғой, осы бастан ор­ныңа мені отырғызып кетуді ойла» деген­де, «ойпыр-айлағаны» бар еді. Шалдардың: «…Қойныңдағы қатыныңа сенбе» дейтіндері есіне енді түсті. Сонда әу бастан әйелде опа болмағаны ма. Өзгені қайдам, өзі мұны ешуа­қытта қаперіне жөндеп алмаған екен. Көз алдына соңғы кездері әйелінде пайда бол­ған қылық, – бұған қаратып айтса, екі бүйі­рін таянып тұрып сөйлейтіні келе қал­ды. Денесі дір-дір етіп, қоя берген…

Енді ғой ойласа, әйелінің уысынан әу бас­тан шыға алмаған екен. Сол не айтса, со­ны істепті. Ағайын-туыстан баяғыда қол үз­ген. Оны айтасың, өмір бойы мал соңында жү­ріп, мұның жыртығына жамау болған тете інісінің қай жақсылығы есінде қалды?.. Оның қай баласын жетеледі. Тіпті, қа­тын­ның қатқан қабағынан жуымай кетпеді ме. Құдай-ау, өзге түгілі өзіне сүйеніш болған өз бауырына да опа бермепті ғой бұл. Есінде қалмапты оның жасаған жақсылығы. Көз алдына, әсіресе, тоқсаныншы жылдары сонау жер түбінен қойдың тұтас етін арқалап келіп тұратын тете інісі елестеп көзіне жас келді.

Көкірегі күйіп-жанып күйреп кеткендей күймен көркем әйел көрпеге оранып алды. Көз алдында… Пәтер иесі қарияның ес­кертуімен әкесі екеуі ерте тұрған. Әкенің боп-боз өңінде қызғылт рең қылаң бере­тін­дей. Үміт оты. Иә, сол. Қыздың да қолты­ғы­нан құс ұшып шыққандай, қалықтап ке­те жаздаған. Кенет… Үйінен бері беттеп, келе жатқан қария көзге түскенде… Шымқай қара костюм, ақ көйлек, қызғылт галстук таққан қарияның екі өңірі толған орден, ме­даль. «Қызым, такси ұста» деген қария. Таксилетіп іздеген мекен-жайға әп-сәтте-ақ  жетіп келді. Қабылдау бөлмесіндегі жүзі жылы хатшы қыз орнынан лып етіп көтеріле берді. Қария жөн айтты. «Бәріміз топырламай, – деген қария бұған. – Біз көкең екеу­міз кірейік.

Не болып, не қоярын білмей, қозғалақ­тап отырған қыз меценаттың кабинетінен жа­рыла сөйлеп, алшаң басып шыққан қа­рия мен әкесін көргенде, жолдары болға­ны­на қатты қуанды. «Бар ғой, бар бізде аза­мат ердің баласы, сөзге келмеді ғой. Көр­ді. Барлап қарады. Құлақ қойды. Қажетті құ­жаттарыңызды дайындап, керек қаржы­ның көлемін анықтап келіңіз деді, – қа­рияда жан жоқ, – Нағыз азамат емей, неме­не».

Шет елге емделуге берілетін құжаттарды әзір­леудің шаруасы шаш-етектен екен. Қы­тай емдеушілерімен келісімі былай… Осыларды жиыстырып сабылып жүргенде, біраз күндер өтіп кетіп, әкенің дерті мүлде мең­деп үлгерген. Жүріп-тұруының өзі қиында­ды. Қиырдағы Қытай, амал жоқ, жайына қал­ды. Есі кеткен қыз дәрігерлерге әл бе­ре­тін дәрі салдырып алып, қарияның арқа­сын­да әкені самолетпен ауылына алып ұшқан. Аман жеткізіп, апта өтпей жерлеп қайтып еді… Қайсыбір күні пәтер иесі – қа­рия мұны шақырып алып: «Жағдайдың не болғанын айтып, анау азаматқа кіріп шық­қа­ның дұрыс болар еді. Хабарсыз кете беру ың­ғайсыз. Риза көңілді білдірген жөн» деген.

Сонда… Меценаттың кабинетіне кірген­д­е… Өз көзіне өзі сенсе, қане… Құдай-ау, Аты­рау пойызының арнайы купесінде үш тәу­лік сапарлас болған ер адам… Өңі ме, түсі ме?.. Анау да аң-таң. «Мұндай да болады екен» деді басын шайқап. «Міне, қызық» деп қыз қабағын керді. «Қалай сонда?». «Өт­кен жолы көкеме Қытайға барып емде­ліп келуіне қаржы бермек болып едіңіз». «О кісі сенің әкең бе еді?». «Иә». «Қайта келмей кет­ті ғой, бірақ». «Құжаттарды әзірлеп үл­гер­медік. Ауылға әзер жетіп, қайтыс болып кетті». Анау күрсініп, көңіл айтты. «Көмек сұрап алдына келген әкемнің өтінішін жерде қалдырмаған адамға алғысымды ай­тып шығуды парыз санадым, – деді қыз. – Бірақ сол адамның сіз екенін білгем жоқ». «Мұны, сірә, тағдыр талайы дейді». «Сонда қалай?». «Кенет кездесіп, солай қоштасып, ойда-жоқта қайта жолығу… басқаша қалай». Пойыз купесінде жанын тербеп, жадында қалған, жағымды, жампоз дауыс. Соның әуенімен тұла бойы түгел лүпілдеген. Жауып, ашылған күннен кейін жарық дүниенің жадырап қоя беретін құбылысындай жан тебіренісін аңғарды. Пойыз купесінде-ақ лүр еткен сезім. Сөйтсе де, үйелменді, өзі­нен әлдеқайда үлкен еркекке емексуді құры әурешілік көрген. Анау кезде қол беріп, қош­тасқанда тағы да жолығармыз деген се­німі болып па еді. Күдерін үзген. Үміті сөн­ген. Ұмытпағаны, ұмыта алмағаны қа­лай, бірақ. Әуендетіп тұрып алмады ма, жа­дында. Тағдыр деді, жаңа. Шынында да Жа­ратушының өзі қилы-қилы жолмен қи­сынын тауып, қиюын келтіріп қоятын шын­дық деген шығар, сол.

Анау бұған визиткасын ұсынып: «Қа­был­дау бөлімі мен тікелей телефоным осын­да», – деді, – Қиын бір жағдайға тап бо­лып жатсаң хабарлас, қалайда». «Былай да бола ма?». «Оны, – деп жымиды анау, – Патша көңілің біледі».

Қыз хабарласа алмай жүрді. Есебін тап­пады. Не айтып, не айтып қояды. Апталар өтіп жатты. Күн сайын оқталады, телефон шалуға. Батылы жетпейді. Ықтиярыңа көне бермейтін ынтызар күйдің ындыны құрып шыға келгенде, сергелдеңге түсіп, сенделіп кетерің былай діңгелетеді. Ақыры күндердің бір күнінде телефон шалған. Тіке номеріне. Көтермеді. Тәуекел деп қабылдау бөлімінің номерін терді. Хатшы қыздың айтқаны: Анау бүйрегі ауырып, ауруханада екен. Ад­ресін алды. Барды іздеп. «Сенбісің?» деді анау таң-тамаша қалып. «Телефон шалып едім, амандасқалы, ауруханада деді». «Бүй­регімнің өстіп қоятыны бар». «Жазылып ке­тіңіз». «Хабарласпай кеттің… Ұмытты ма деп едім». «Өйтпеңіз. Қалай ұмытамын… Ың­ғайсыздандым…».

Екеуі аурухана алдындағы жапырағы қа­лың ағаштың көлеңкесін саялап, әңгіме-дү­кен құрып отырды. Еркек біртүрлі мейі­рі­мі төгіліп қараған. «Сурет салып жүрсің бе?» «Шимай-шатпақ». «Неге олай?» «Біл­мей­­мін». «Суретші болғанымда, деді анау, – Тағдырдағы таңғажайып бір көріністі салар едім». «Ең таңғажайып дейсіз бе». «Иә». «Ол қандай, не сонда?». «Ол ма… Ме­нің көзқарасымда, тағдырдағы ең ғажайып көрініс – мына сен сияқты болып көрінеді маған». Қыздың қолтығынан құс ұшып шық­қандай қалықтап кете жаздаған. «Ұя­лып кеттім ғой, аға» деген қысылғаны рас болса да, шаттанып.

Осы күннен былай қараған жерде олар ара-тұра кездесіп жүрді. Өліп-өшіп, өбісіп, өбек­теусіз. Қатар отыратын, қатар қуана­тын, қатар қиялдайтын. Осының өзіне шек­сіз разы еді қыз. Осылай бола бергенін ті­леген құдайдан. Бақыттың құшағында бал­қып отырып, оның отбасы бары ойына ора­ла кеткенде, жанын қоярға жер тапса, қане. Сорлы жүрек солқылдап жылаған-ау талай. Үйлі-баранды адамды үйірсектеуге болмайтынын, оның күнә екенін білетін. Алайда, адамның ауған көңілі, алды-ар­тына абайлап қаратардай халде емес еді. Іңкәр болып қалудың айы оңынан, күні со­лынан туғандай шексіз қуаныш-шат­тығымен күндердің қалай өтіп кеткенін білмей де жүрді. Солай екі оттың арасында жүргенімен, ол адами әлемнің табиғи тілегі: ынтызарлық сезімдерін алғаш оятқан ер­кекті жолықтырғанына бәрібір шексіз разы еді… Амал қайсы, жалғыз бір сәтте соның барлығының аяғы көктен келді: КазГУ-градтың жаңа-жаңа салынып жатқан кезі. Құрылыс ауқымы өте үлкен. Еңсе көтерген ғимараттардың арасы бір-бірінен алшақ. Араларын жалғызаяқ соқпақ жалғап жатады. Сондағы салынып біткен жатақхананың бірінде тұратын құрбы қызына шаруасымен жолығып, іңір қараңғысына дейін отырып қалған. Бұ кезде жұрт аяғы сирейді. Ойында түк жоқ, жалғыз қайтып келе жатыр еді, кенет үлкен ағаштың тасасынан шыға келген еңгезердей екеу екі жақтап, ес жиғызбай арыдағы қалыңға көтеріп әкеткен. Қа­пе­лімде аузын да ашып үлгермеді. Өкпесіне ти­ген жойқын соққыдан дымы өшті. Ар жағы өң мен түстей. Бәрі, бәрі адыра қалды. Басыңды тауға соқ, тасқа соқ… Ойраны шық­қан дүние орнына қайта келмейді. Ас­қар Алатаудай көретін Анау – аяулысының, үкілеген Үміттер, асқақтаған Армандарды тоғыстырған Алматының бетіне қалай қа­райды. Шұғыл шешімі өзін білетіндердің көздері көрмес, құлақтары естімес қиыр.

Конвертке тілдей қағазға «Аяулы аға­тайым, айып ете көрмеңіз. Қарамды біржо­ла­та батырып барамын. Біз енді ешқашан жолықпаймыз» деп жазып, Ананың меке­месіндегі хатшы қызға қалдырып, қары қалың қиырдағы қалада тұратын нағашы жұртқа кете барды. Театрға суретші болып орналасып, көп ұзамай анасын қолына көшіріп алған. Одан кейінгі өмір… Екі жолы тұрмыс құрды. Екеуімен де үйлесім таппады. Анадағы бардың тым құрығанда бер жағы да болмады, бұларда. Ал үйренісіп, үйелменді болып кету көнбістігі болмысында жоқ болып шықты. Бала да сүймеді… Бір кездегі Анау айтатын сөзбен салатын суреттерді ақ  қағаз бен ақ кенепке көшіре­мін дейтін арманы адыра… Спектакльдерге декорация салумен шектелген…

Көрікті әйел дүниеге сыймай көрпені лақ­тырып тастап, еңсесін көтерді. Көз жасы құрғамапты. Қанша жыл аққан көз жас. Қайдан шығып жатыр. Қайдан?..

Жазатын жігітпен болған сұхбаттан кезін зағиптың бойы біраз жеңілдеген сыңай­лы. Әйтеуір ескеріп, іздеп келгені, там-тұмдап болса да, оған тағдыр талайын таратқаны. Там-тұмдап… Айтылмай қал­ғаны қанша. Асқақтаған армандары, мақ­сат-мұраттары… Көкке ұшқан олар. Өзімен қалғаны, өңмеңдеп тұрған өксігі, басылмайтын өкініші, өзегін өртеген өкпесі. Бәрі құдайдың құлдарына қатысты. Солардан қалған көңіл. Қай күні бағың тайса, сол күні қайрылмай кете баратын пәтуасыздық. Өзге түгілі, өз әйелінен, өз ұлынан көрмеген опа… Анау қыз… шығарға жаны басқа еді, ол дегенде. Жалт  етті  де жоқ болды. Ойна­ған мұнымен. Неткен опасыздық… Қайсы­сынан да қара тас болып қалған жүрегі орнынан кенет бұлт етіп қозғалып кеткендей. Бойы ұйып, босап барады. Жарқ етіп, жарық дү­ние елес береді. Ағылып бара жатқан қалың нө­пір. Өмірде кімді көріп, кімді қойды, со­лардың бәрі кетіп барады, ішінде. Еш­қай­сысы бұған бұрылып қарап, қолдарын соз­байды…

Зағиптар үйі директорының ұнжырғасы түсіп, сіркесі су көтермей отырғанына апта өт­кен. Ертеңгілік есігін біреу қақты. Көр­геннің көзі тоятын көрікті әйел. Ана зағип­ты іздеп келіпті.

– Кімің еді? – деп сұрады бұл күтпеген жер­ден келген тосын әйелге таңырқай қа­рап.

– Мен бе… Мен… – көркем әйел күміл­жі­ді.

– Бұған дейін қайда жүрдің, айналайын?

– Білмедім, – деп тұншықты. – Білме­дім, о кісінің мұнда екенін.

Директор үһіледі. Үһлеп тұрып, үзіп-үзіп айтқаны:

–  Қай…тыс… бо…лып кет…ті, ол кі…сі… Ап…та бұ…ры..ы..н, миы…на қан құйы…лып…

–  Қойыңыз – әйелдің даусы бордай то­зып ботадай боздап кетті, – Оныңыз не…

– Кеш қап жүреміз, – деп күңіренді ди­рек­тор. – Сөйтеміз, ылғи.

– Біржола алып кетейін деп келіп едім, – деп әйел бетін басып екі бүктеліп қалды. – Алып кетейін деп… Алып кетейін деп…

Нені күтсе де директор дәл мына жағ­дай­­ды күтпеген еді. Әйел кім?.. Ананың кімі? Дәнеңе түсінбеді. Көркем әйелдің шы­ғып та кеткенін де байқамай қалды. Өн бойында өзеуреген өзгеше бір өкініштен ө­зге ештеңе қалмаған директор тұра сала те­резеге барып, сыртқа үңіліп еді, жаңа әзір­де түнеріп тұрған қара аспаннан қара нө­сер құйып берген екен. Соның астында жел­кесіне түйілген шашы екі иығына жайылып кеткен әйелдің өн бойынан жа-
уын суы сорғалап аяғын әлтек-тәлтек басып ба­ра жатқанын көрді. «Не болып кетті өзі?» деп өзегін қуалай жөнелген өткір лептен өмі­рем қауып, өксіп тұрды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір