БӨРІДЕЙ ТИГЕН «БӨГЕЛЕК»
15.04.2016
2351
0

Жақсы кітап жақсы дос секілді. Жақсы доспен жақсы әңгімелер ғана айтылады. Ортадағы үнсіздік жамандықты өзі-ақ жеткізеді. «Бөгелек» сондай кітап.

Өнер өмірді көшіруге мүдделі емес, Милорад Павичтей ұзыннан бір бөлек, көлденеңінен бір бөлек дүниені ұғуға болатын болса, Иво Андричтей көз­байлау панорамалық пейзажбен ал­дау­сы­­ратып, төбеден бір-ақ лақтырып жі­бер­се – өнердің бекзаттығы сол шы­ғар. Өнер не жол үсті шаршатып барып, ләз­затын соңғы демде жүрегіңе үрлейді, не біткен тұсқа дейін үрлеп бітеді. Екеуі де өнердің абзал қасиеттерінен. Оқыр­ман­ға өнерді түсіндірудің айласы бұл, алайда, өнер түбі сұрақ дер едім. Кә­дуіл­гі сұрақ. Сұрақ – күмән. Күмәнді дү­ние­де абзалдың салмағы, албастының әлпеті көрінеді.

«Бөгелек». Бір атауы оқыра. Оқыра тиген малдың қиқу шабысын көрген біледі. Ол кезде басында титтей миы бардың бәрі басын көміп тұрған жерінде не қатып қалады, не қашып тынады. Оқыра тиген мал албастыдай көзі алайып, дүние әлемді ала шаң ете­ді. Ағыл­шын жазушысы Этель Лилиан Войнич бөгелектей жәндіктің уын сезінбеген шығар, бірақ, маң-маң басып өрістен өңкей тыңайып қайтқан малдай семіз қарындардың желкесінен шағып, есуас­тай ес кіргізген елдің өлермен, өр тұлғаларын көзімен көрген. Төңкерісшіл рухты, биліктің әділетсіздігіне қарсы қан-жанымен кіріскен тұлғаларды жанымен сүйді, әспеттеді, ғашық болды. Романтикалық кейіпкер деп бағаланған «Бөгелек» романының бас кейіпкері Артур Бертон – Бөгелек жазушының көз алдынан өткен қайратты тұлғалар­дың жиынтық образы еді. Романның төң­ке­ріс­шіл патриоттық рухта жазыл­ғанын біліп қойған шығарсыз. Біз осы жалпыламашыл тақырыптың саяси тарабын ысыра тұрамыз да, романдағы негізгі қозғаушы қуат көзіне, негізгі маңызына үңілеміз.

Роман алғаш жарық көргенде оқыр­ман қауым ыстық ықыласымен қабыл­дады, Америка мен Англия елінде тіпті, жеті рет қайталанып басылды. Орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі «Тәңір әлемі» журналына басылғанда, орыс ұлты зар еңіреп көзіне сүрмедей сүртіп оқыды. Тіпті, кітаптың оқиғасы мен кейіпкерінің ескі замандағы өмірі шы­ғарма аурасынан авторды ел өліп қалған екен деп ойлайтын. Жоқ, автор Нью-Йорктағы кішкентай лашығында ел-жұрт­қа белгісіз Лилиан болып ғұмыр кешті. Неге орыс елі «Бөгелекті» соншама сүйіп оқыды? «Бөгелекті» орыс ұл­тындай төбесіне көтеріп, кеудесіне құйған жер бетінде ұлт жоқ шығар? Әлі күнге дейін кітаптың бірнеше рет жаңа­лай басылған нұсқалары жоғары са­тылым­ға ие. Осының сырын білсеңіз айтыңызшы?

Сананы бодандықтан құтқару үшін қарудың күші ғана керек пе? Сана бостандығы саясаттың шаруасы емес, ол құдайтанудың, адамшылықтың ісі. Романда «Біздің жол Құдайшылдардың жолына қосылмайды. Біздің жолға құдайды қосқысы келетіндер – бізбен емес» деп жас төңкерісшілердің бірі айтады. Сонда, Артур: «Егер бұл құдай­сыз жол болса – ол жалған жол болғаны» дейді. Автор көп даурықпаның бостан­дық, төңкеріс дегенді ату, қыру, күшпен жеңу деп түсінетініне күйінеді, ал бас кейіпкер «Егер де кек пен құштарлық Италияны құтқаратын болса, онда Италия әлдеқашан азат болар еді. Италия­ға ыза емес, махаббат керек, – дейді.

Көп адам күрескерліктің сырт көрі­ні­сімен де алдана береді, жалқылар ғана нағыз күрескерліктің негізін түсінеді. Бодан сана өзін бостандықта да азат сезіне алмайды, сондықтан біз Италия­ның рухын, намысын оятайық дейді. Артур Италияның рухсыз, жасық санасына қорланды. Оның оянуын саяси жүйе­лерді өзгертуден, құқықтық нор­ма­ларға өзгеріс енгізуімен емес, құ­дайын танытумен ғана құтқара алатынын білді. Бірақ тағдыр жас Артурды шын ақиқат жолына байлады. Ойлаңыз­шы, ақиқат дегенде әр сананың өзі иіс­кеп танитын ақиқаты болады ғой. Ақи­қатты мейлі діннен ізде, мейлі партия­мен ізде, мейлі оппозияциямен құ­ғын­далып ізде – ниетің дұрыс болмаса – жүрген жерің тозақ. «Адам дүние есігін ашқаннан бері қарашаңырақ үйіне қайту үшін сабылып жүр» дейді неміс жазушысы Новалис. Адам қайсы­бір тірлігімен өзгелер мүсіркеп күлетін ақи­қатын үйіне жеткенше іздеуі тиіс.

Құдайға «неге?» деп сұрақ қойсаң, ендігәрі «негеңді» аузыңа алмайтындай жауап береді. Артур өз бойындағы сұрақты іздеуге аттанады, бес жыл бойы оның көрген қорлығы «негенің» жауабын табуға аса көп мысал болды. Тіпті, қара түсті құлдарға жалданған күндері де болды. «Тіпті, құл да өзіне әлдекімнің құлданғанын сүйеді» дейді. Цирктегі бүкір болып киінген тұрқына мәз болып, қабық пен қоқыс лақтырған ха­лық­тың ессіздігі бір бөлек, бүкір болмаса да бір аяғы сынған, бір қолы майып Артурдың жан дүниесі бүкірдей жылап жатты. Бес жылдағы естанған ауыр жарақаттар, қаңғыбастыққа сал­ған аштық оқырманның жүрегін діріл­детіп жібереді. Оқырман кекжиген көңілін пәс түсіріп, имене түсіп еңкейе бе­реді. Әлемге кектенуден кек қана қайтады. Әлемге махаббат керек. Өзіңе де. Тәңір жаныңа жарасын салып тұ­рып, сені сүйетінін әйгілесе ше? Артур осыны ұқты. Өзін алдаған, өзінің баз кешуіне себеп болған ортасы мен анасын, әкесін кешірді, өйткені, кешірмеу арқылы тек кешірімсіздік көресің.

Артур өлім жазасына кесіліп, ескі жаралары қозып, естанды халде жатса да әкесіне таңдау қояды: «Не мені таңда, (мені таңдасаң, ақиқатты іздеушілерге қосыласың, Италияға шын еркіндік алып береміз), не мойныңдағы крестіңді (өлі құдайыңды) таңда». «Маған неге табынбайсың, мен де Иса секілді өліп қайта тірілдім ғой». Әкесі кардинал, елге мәшһүр падра, ғұмыр бойы әс­пет­теп мүсіндеген құдайын қалай тәрк етсін, баладан баз кешті. Соңғы сценада жүрек лоблымасқа тағы шара жоқ: ауыр ату жазасы. Көз алдыңа Әлихан, Мағжан, Тұрар, Әлиби, Ілияс, Бейімбет сынды алашшыл азаматтардың әз рухы оянады. Өлу арқылы өлмеуді үйреткен сы­қылды.  Өлім жеңілу емес екен, өлім жеңіс екен. Автор оқырманды кейіпкер өліміне қалтқысыз дайындайды. Шығарма бастан бас тазару процесіне, жуынуға бет алған сықылды. Автор шы­мылдық артында отырса да, тра­гизм­­дік лебіз бояуын төгіп-шашпай, ысы­рап етпей, соңына қарай ғана  лекі­те салады. Боз-боз боп бордай егілмей көр. Тіпті, мылтық кезенген әскердің өзі жақ­сы адамды жарақаттамайын деп дала­ға атады. Тұла бойы қанға боянып жатып Бөгелектің миығында тәтті шуақ­­ты күлкі ойнап жатады. Әкесіне, үйіне абыроймен жетті деген осы шығар. Өлімінің үстінен түскен әкесіне: «сіздің құдайыңыз қанағаттанды ма?» дейді.

Л.Толстой «Құдайшылық пен Адам­шы­лық» атты хикаятында Руссияның саяси жүйесіне қарсы төңкерісшіл дека­брист­тің өлім жазасына кесілген күні­нен бастапқы ішкі жан дүниесін береді. Өлімді іштей қабылдауы, өлімге бас иіп, құдай алдындағы ар иманын та­ра­­зылаған кейіпкердің өлімді сон­ша­лық жеңіл қабылдағанын бейнелейді. Төңкерісшілердің қатарында атойлап жүргенімен, жан дүниесімен адамзатқа асыл ақиқатты тарту еткісі келетін, жан қуанатын арлы ілімді, адал бақты ізде­генін мойындайды.

«Бөгелек» бітісімен тіл ұшында екі жол өлең лыпып тұрып алады:

«Тірімін бе, әлде өлі,

Шіркеймін ұшқан бақытты».

Рас, ызыңдаған өлеңмен қалғыған рухты оятқысы келіп А.Байтұрсынов «Масаны» жазды. Қайратқа мін, жігер­лен деп Міржақып «Оян, қазақ» деді. «Мен жастарға сенемін!» Мағжан аванс­қа артық лебіз сыйлады. Олардың есі­мін өшпес жүректерге жеткізетін шын шығарма қашан туады? Қырғын сойқан мен деректі сұхбати сипаттарынан арыла алмаған шығармамен көз арбай алмайсыз. Ойлаймын, шын шығарма уақытында жазылмаса, кейін кеш пе деп. Егер жазыла қалса, олардың басқан ізін құдайдан бөліп алып қарамағай­сыз!

 Сағадат ОРДАШЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір