БІРТУАР БЕЙСЕМБАЙ
03.09.2024
390
0

Қазақ әдебиет­тану ғылымының алып тұлғаларының бірі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің профессоры Бейсембай Кенжебайұлының (1904–1987) ұстаздық және ғылыми-шығармашылық өмір жолы – мағыналы да мәнді, үлгісі мен өнегесі мол аяулы жол. Бейсекеңнің қазақ әдебиетінің тарихын зерт­теу мен зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру және басқару саласында атқарған қызмет­терінің әлеумет­тік маңызы зор. Қазақ әдебиетінің тарихын VІІІ ғасырдан VІІІ ғасырға де­йін тереңдетіп, он ғасырға байыту профессор Бейсембай Кенжебайұлының қайтпас қайсар табиғаты, халықтың рухани асыл құндылықтарына деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігі, ғылыми ойлаудағы даралығы мен даналығы нәтижесінде қол жеткен жетістік еді.

Профессор Бейсембай Кенжебайұлы қазақ әдебиетінің тарихын он ғасырға тереңдет­ті, он ғасырға байыт­ты деген пікір біреулер үшін орынды, біреулер үшін артық айтылғандай болуы ғажап емес. Тұрмыстық ойлау жүйесі тұрғысынан қарағанда, бір адамның бүкіл бір ұлт­тың әдебиетін он ғасырға байытуы мүмкін еместей көрінетіні де рас. Соған қарамастан, профессор Бейсембай Кенжебайұлы қазақ әдебиетінің тарихын он ғасырға тереңдетіп, он ғасырға байыт­ты деп қайталап айтудан тартына алмаймын. Шынын айт­қанда, менің он ғасыр деп отырғаным дәл болмауы мүмкін, одан әлдеқайда көп болуы да ғажап емес. Олай болатын себебі бар. Бейсекең қазақ әдебиетінің тарихы бойынша бірнеше талант­ты жасты тәрбиелеп, ғылым жолына салды. Әрқайсысының алдына нақты ғылыми міндет қойып, олардың іргелі зерт­теулер жүргізуіне жетекшілік жасады. Хандық дәуір әдебиеті, Алтын орда дәуірінің әдебие­ті, түрік қағанаты дәуірінің әдебиеті тарихы бойынша бірнеше шәкірт­тері қатар, енді бір шәкірт­тері бірінен соң бірі шығып, кандидат­тық, докторлық диссертациялар қорғады, монографиялық зерт­теулер жазды. Осы бағыт­та тиянақты, мақсат­ты түрде жүргізілген ғылыми зерт­теулер нәтижесінде, қазақ әдебиетінің тарихы бірнеше ғасырға тереңдеді.
Қазақ әдебиеті тарихының ХVІІІ ғасырдан VІІІ ғасырға де­йінгі тереңіне бойлау айтуға жеңіл болғанмен, іс жүзінде үлкен қиындықтармен жүзеге асты. Түрлі елдің кітапханаларын, архивтерін, қолжазба қорларын парақтап қараған ізденістер, табылған әдеби үлгілерді сұрыптау мен жүйелеу, зерт­теу барысындағы ерен еңбекті айтпағанда, кеңестік идеологияның жаршылары мен жасауылдары тарапынан болған тосқауылдарды, қарсылықтарды, айыптауларды бұзып-жарып шығудың өзі қыруар уақыт­ты, қажыр-қайрат­ты талап ет­ті. Бейсекең қазақ ғылымы мен білімінің өз заманындағы алдыңғы қатардағы зиялыларымен пікірлесе, бірлесе отырып, осы қиындықтардың бәріне төзді, бәрін де жеңіп шықты, ғалым шәкірт­терін отқа түсірмеді, суға жібермеді, тырнақтыға ілдірмеді, қанат­тыға қақтырмады.
Ғалым қазақ әдебиеті тарихын көп ғасырға тереңдету барысында қол жеткен ғылыми нәтижелерді диссертация, монография күйінде қалдырмай, оларды қалың елдің пайдасы­на, игілігіне асыру жолында да қажырлы еңбек ет­ті. Егер ғылыми-зерт­теу нәтижелері халықтың пайдасына аспайтын болса, елдің игілігіне пайдаланылмайтын болса, онда ондай ғылымды да, ондай ғылымның нәтижесін де, ондай ғылым саласындағы ғалымдарды да Бейсекең өз көзқарасы тұрғысынан бағалады.
Өзі жетекшілік жасаған ғылыми бағыт бойынша жүргізілген зерт­теу нәтижелерінің ғылыми және практикалық маңызы мен мәнін өзі тікелей бақылап, қадағалап отырды.
Сондықтан бұл саладағы әр ғылыми нәтиженің ғылымдағы жаңа білім болуына, ғылымдағы жаңалық болуына ерекше көңіл бөлді. Осындай талаптарға сай жүргізілген зерт­теу нәтижелерінің сапалылығына көз жеткізген соң, ғалым оларды университет­тің оқу үдерісіне енгізді: жаңа оқу пәндері мен арнаулы курстар оқу жоспарына енгізілді, олардың оқу бағдарламалары, лекциялары дайындалып, оқулықтары, оқу құралдары жазылды. Бірте-бірте ол пәндерді еліміздің жоғары оқу орындарының бәрінде оқытуға қол жет­ті. Көп ұзамай орта мектептің оқу бағдарламаларына да тиісті өзгерістер енгізілді. Бейсекең қазақ әдебиетінің тарихын он ғасырға тереңдетіп, он ғасырға байытқанда, осылай тереңдет­ті, осылай байыт­ты. Бейсекең тәрбиелеп өсірген ғалым-ұстаздардың алдынан тәлім-тәрбие алып шыққан ке­йінгі ғалымдар қазақ әдебиетінің тарихын одан да әрі терең зерт­теуге барды, сақ, ғұн, скиф дәуірінің әдеби ескерткіштері және олардың қазақ әдеби танымына қатысы туралы қағидалар негізделді.
Бейсекең бізге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінде «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ берді. Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы бойынша арнаулы курс оқыды. Ағартушы ақындар, ағартушы демократ ақын-жазушылар туралы, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы білім алдық. Сыртқы түр-түсі, қимыл-қозғалысы жинақы, биязы, лекция оқығандағы үні де бір қалыпты. Шашын қысқа алдырған. Костюмінің түймесі үнемі түймеленулі, көйлегі мен галстугы қонымды.
Студент­тер арасында Бейсекеңнің Мәскеуде Мағжан Жұмабаевтан оқығаны жайында айтушылар, өзіміз оқып жүрген университет­те, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында М.О. Әуезовпен жиырма жылдан астам жақын таныс-біліс, жора-жолдас, дос болып жүргені, жиырма жылға жуық қызмет­тес болғаны, М.О. Әуезов ұстаздық еткен қазақ әдебиеті кафедрасында отыз жыл бойы меңгеруші болып келе жатқаны туралы мәлімет беретіндер болды. Ол тұста Мағжан Жұмабаевтың атын атауға болмайтын. Соған қарамастан, Бейсекеңнің Мағжаннан сабақ алғанына, дәріс тыңдағанына ертегідегі бір ерен істей қараймыз. Ке­йін Бейсекеңнің 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып, Мағжан Жұмабаевтан қазақ әдебиеті бойынша сабақ алғанын, алғашқы шығармасын Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен жазғанын және 1924 жылы Ташкент­те шығып тұрған «Жас қайрат» журналында жариялағанын, осы университет­тегі әдебиет үйірмесінің жалпы жиналысында ұстазы ұсынған талаптарға сай, Абайдың ақындығы туралы баяндама жасағанын, ол баяндаманың үлкен мақала түрінде 1925 жылы «Абай» деген атпен «Еңбекші қазақ» газетінің екі санында жарық көргенін білдік. Бірте-бірте Бейсекеңе қатысты қандай ірі істер де біз үшін әдет­тегідей, солай болуға тиісті секілді болып көріне бастады. Аудиторияда, аудиториядан тыс жерлердегі әңгіме арасында небір маңызды ойлар айтылады. Бейсекеңнің жас кезінде ағарту министрі болғанын айтушылар да табылды. Бәрі де рас екен. Ке­йін білсек, Бейсекең ағарту министрі болғанда, Алматыда емес, Ташкент­те болыпты. Бала кезінде. Ғани Мұратбаев Бейсекең бастаған бір топ жетім балаларды Ташкент­тегі мектеп-интернатқа орналастырады. Мектеп-интернат­тың оқушылар деңге­йіндегі басқару құрылымы үкімет құрылымымен бірдей екен. Мектеп-интернат­тың Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов екен де, Бейсекең осы кеңестің құрамында ағарту министрі болыпты. Біз бұған да әдет­тегідей қарадық. Өйткені бұл тұста Бейсекеңнің қандай министрден де абыройлы, құрмет­ті, ардақты адам екені туралы ұғымымыз қалыптасып қалған еді.
Пәнді оқу барысында, ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығы айналасында кезінде, қарама-қарсы пікірлердің қат­ты қайшыласқанынан хабардар болдық. 1926 жылы Міржақып Дулатов «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» деген кітап шығарып, онда «Абай өлеңдері» деп аталатын еңбекке берген сипат­тамасында Бейсекеңнің 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Абай» мақаласынан мынадай үзінді берген екен: «Абай – қазақ ақыны… Абайдың ұстаған жолы, көздеген мақсаты – елді түземек болған. Абай – ілгерішіл ақын». ҚазАПП-тың мәжілісінде, Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімін басқаратын қызметкер осы сөзді «алашордашыл ұлтшылдар» өз мақсат­тары үшін пайдаланып отырғанын айтып, сөз иесі Б.Кенжебаевқа «жаудың көмекшісі», «ұлтшыл» дегендей айып тағыпты. Осындай сынның жүзінен сақтана жүріп, Бейсекеңнің ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылардың шығармашылығының, өмірі мен қызметінің әр сәтін, әр қырын бір талдап таңдап, талғап алғанын, қарама-қарсы пікірлердің қайшыласқан өрісінен аман-есен алып шыққанын, сөйтіп, елдің игілігіне айналдырғанын білдік.
Бейсекең оқыған Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы туралы арнаулы курстан да ойланып, ойымызға ой қосып шықтық. Мектепте Сұлтанмахмұт­тың өмірі мен шығармашылығы туралы Шайбек Шоңов деген мұғаліміміздің сабағынан алған әсерім әлі күнге де­йін көңілімде. Өзі КазГУ-ді бітірген,
М.О. Әуезовтен де, Бейсекеңнен де сабақ алған. Сол ағайымыз Сұлтанмахмұт­тың өмірімен, заманымен, халық өмірінің жағдайымен сабақтастырып, ақынның он тоғыз жасында:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?! –
деп жазған өлең жолдарын барынша толғанып, ақын жанының шыны мен сырына өз жанының шыны мен сырын қосқандай болып тебіреніп айт­қанда, тебіреніп талдағанда, өзімнің қат­ты әсерленгенім, ақынның ойының абзалдығына, арманының асылдығына көңілім толып, сондай разы болғаным есімде. Бейсекеңнің арнаулы курсын тыңдап отырғанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмірі туралы мектептегі мұғалімімнің сабағын есіме алдым. Бейсекеңнің арнаулы курсы арқылы Сұлтанмахмұт­тың өзінің ғана емес, әр сөзінің, әр ойының өмір-тарихынан мәлімет алдық. Уақыт­тың қылт еткенді қалт жібермейтін қарауылдары ақынның атынан да дұшпандық ізін көріпті, ақынның менің есімде мектеп қабырғасында жүргенде жат­талып қалған «қараңғы қазақ көгі», «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу» секілді сөздерінің өзінен «дұшпандық» іздегендер болыпты. Ақынның ұлтына деген ұлы құрметі мен сүйіспеншілігінен дұшпандық іздегендер Бейсекеңді де аямапты. Бейсекеңнің алдынан сабақ алып жүріп, ол кісінің өмірінің осындай қилы кезеңдерінің біраз шындығына қанықтық.
Бейсекең зейнетке шыққаннан ке­йін де кафедрамен байланысын үзген жоқ. Біз де барып, хал-жағдайын біліп, сәлем беріп тұрдық. Бейсекеңнің қас-қабағына қарап, баладай бағып-қағып отырған өкіл баласы әрі шәкірті Құлбек пен Баянның дастарқанының басында Бейсекеңнің кесесіне қол жалғап, бірге отырдық, дәмдес болдық. Әңгіме айта қалса, Құлбектің қаламы мен қағазы дайын, жазып отырады. Ағамыздың сөзін біз де үлкен ыждағатпен тыңдаймыз. Бірақ бір нәрсе жайлы сұрап, мазаламаймыз. Шаршатып аламыз ба деп тартынамыз. Құлбек сөздің орайына қарай, Бейсекеңді сөйлетіп алғысы келіп отырады, Бейсекеңнің әр сөзін алтынға балайды. Оңашада Бейсекеңнің осы сөздерінің ізімен ке­йін роман-эссе жазбақ ойы барын айтады. Біз мақұлдаймыз.
Бейсекеңнің кітапханасы бай еді. Іздегенде таптырмайтын небір кітаптары болды. Соларды көріп, сүйсінсем, Құлбек Бейсекеңнің кітапханасының бұрынғы байлығы жайында әңгімелейді. ХХ ғасырдың елуінші жылдарының басында Бейсекең қуғын көріп, жұмыстан босап қалғанда, күнкөріс үшін кітап­ханасындағы сирек кез­десетін құнды кітаптарының бірталайын сатуға мәжбүр болған екен. Құлбектің әңгімесінен ке­йін, ішім удай ашыды: ел кітапханаларынан іздеп таба алмай жүрген бірнеше кітабым бар еді, әлгі сатылған кітаптардың ішінде солар да кеткендей сезіндім.
Құлбек Бейсекеңнің кітаптарына көзінің қарашығындай қарады. Ешкімге бермеді. Бейсекеңнің кітапханасының есігін көбіне жабық ұстады. Соған қарамастан, Бейсекеңнің бір кітабын бірер күнге сұрадым. Құлбек Бейсекеңнің кенже баласындай, мен ертерек еншісін алып, бөлек үй болып кеткен үлкен баласы сияқтымын. Бейсекеңе бірдеңе жайын­да бір ауыз сөз айтар болсам, алдымен, мұныма Құлбек қалай қарар екен деп ойланып аламын. Бейсекеңнің рұқсатымен Құлбек сұраған кітабымды қолыма ұстат­ты. Көңілім толып, мәз болдым. Ол кітап Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы Н.И.Веселовскийдің редакциясымен «Орыс географиялық қоғамының этнография бөлімшесі бойынша жазбаларының» арнайы томы (XXІХ том) түрінде шыққан «Ш. Ш. Уәлихановтың шығармалары» еді. Кітаптан менің көзіме ыстық көрінгені, Едіге туралы материалдар болды. Бұрын сирек кез­десетін кітаптар қорынан Едігенің биліктері туралы үзінді түрінде жазып алған мәлімет­терімді осы кітаптан толық алдым.
Едігенің биліктері туралы мәлімет­терді біршама толық алғаныма қуанып тұрғанда, Құлбек Бейсекеңнің қилы жылдары «Едіге батыр» жырын қалай қорғағаны туралы әңгімеледі. Халық үшін жат саналып қалған жыр жайында Бейсекеңнің ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының аяғынан қырқыншы жылға де­йін бірнеше мақала жазғанын, ол мақалаларында «Едіге батырды» халықтық тұрғыдан бағалағанын, оған қорған болғанын Құлбектің әңгімесінен білдім.
Едігенің билігі, Едіге мен Тоқтамыстың арасы туралы Бейсекеңнің кітапханасынан алған сол мәлімет­терді кандидат­тық диссертациямда да, докторлық диссертациямда да пайдаландым. Ке­йін билер дәуірінің әдебиеті туралы зерт­теулерімде де пайдасы тиді. Бүгінде осы жайларды есіме алып, іштей «жақсыдан – шарапат» деген осы екен-ау деп ойға қаламын. Қолымдағы түрлі дерек көздері, мәлімет­тер негізінде Бейсекең қорғаған, Бейсекең қолдаған Едігенің ғылыми өмірбаянын жазу туралы ойладым, жаздым…
Бейсембай Кенжебайұлы өзінің азамат­тық болмысының асылдығымен, өмірлік ұстанымдарының беріктігімен, ғылыми-шығармашылық, ұстаздық еңбегінің ізгілігімен қазақ әдебиет­танушыларының бірнеше буын өкілдеріне өшпейтін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берді.
Қазақ әдебиет­тану ғылымында Бейсембай Кенжебайұлы негізін қалаған ғылыми бағыт, Бейсембай Кенжебайұлы қалыптастырған ғылыми мектеп қазақ халқының қоғамдық санасының жаңаруына, ұлт­тық құндылықтарының дамуына, интеллектуалдық әлеуетінің артуына зор ықпал ет­ті. Ғалымның өзі негізін қалаған ғылыми бағытымен, қалыптастырған ғылыми мектебімен халықтың қоғамдық санасының жаңаруына, ұлт­тық құндылықтарының дамуына, интеллектуалдық әлеуетінің артуына аса зор ықпал етуі екінің бірі емес, ілуде бір ғұламаның ғана қолынан келеді. Бейсембай Кенжебайұлы – қазақ әдебиет­тану ғылымының тарихындағы ілуде бір кез­десетін ерен тұлға. Осы рет­те Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының Бейсембай Кенжебайұлы туралы айт­қан мынадай қанат­ты сөзін қайталағым келеді: «Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рақмет! Бірақ мен әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтан тұтамын. Ол – профессор Бейсембай Кенжебаев. Ұлт әдебиетін сан ғасырларға ілгерілетуден артық қандай батырлық керек? Қазақ әдебиеті тарихын зерт­теуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман!»
Нағыз қаһарман Бейсембай Кенжебайұлының дүниеге келгеніне биыл 120 жыл болды. Алла рақым етсін ұстаздың рухына!

Жанғара ДӘДЕБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір