ЕЛ ЕРКЕСІ
Сауықпен қазақ университетінде бірге оқыдық. Ол жылдар мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына екі жыл жұмыс істеп келіп, емтихан тапсыру жалпы міндет болатын. Сауық пен тағы бір бала, ұмытпасам, Бауыржан Жамиев университетке мектепті бітіре сала түсті. Жоғары оқу министрлігінің қабылдаған заңы бойынша, жұмыс тәжірибесі жоқ екі-үш балаға құжат тапсыруға рұқсат берілетін. Сол заңға сәйкес ол да мектепті бітіре салып, біз сияқты «шал-кемпірлермен» тең дәрежеде бірге оқыды.
Сауықтың денесі шағын, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандай еді. Ақын Дүйсенбек Қанатбаев оны көрген сайын: «Осы қызды жұтып қойғым келеді», – деп тамсанып жүретін. Бойы шағын, өзі нәзік балапандай қызды кімнің жұтып қойғысы келмесін, бәріміз оны өте жақсы көрдік. Көп сөйлемейді, сабақ біте үйіне тайып тұрады. Ол біздер сияқты жатақханада тұрған жоқ. Алматыдағы бір туысының үйінде жатып оқыды. Сондықтан да біз онымен өзге қыздардай қоян-қолтық араласқан жоқпыз. Ол жылдары жоғары оқу орындарының студенттерін екі айға құрылысқа немесе ауыл шаруашылығына жұмысқа жіберетін. Неге екені белгісіз, мектеп бітіріп келген студенттерді ондай жұмысқа апармайды. Студенттердің көп араласып, көп сырласатын кезі сол ауылға барып, ауыл еңбеккерлерінің жұмысына жәрдемдесу кезінде болатын. Ал Сауық мұндай араласудан да шет қалды. Оқудың аты – оқу ғой. Бір аудиторияда 5-6 сағат бірге отырған соң, бәріміз бір атаның балаларындай достасып кеттік. Ең кішіміз болғандықтан бәріміз оны еркелететінбіз. Оның үстіне Сауық өнерден құралақан болмай шықты, әдемі дауысы бар. Үйренісе келе, оның ән айтатын қабілеті бар екенін білдік. Студенттер бас қосқанда кеу-кеулеп оған ән айтқызамыз. Ашық та еркін дауысымен «Есіл бойында» деген өзінің сүйікті әнін шырқай жөнеледі. Бәріміз риза болып қол соғамыз. Сол дауысының арқасында ол қазақ радиосына диктор боп орналасты. Осы қызметтен зейнетке шықты. Зейнетке шықтым екен деп Сауық қарап жатқан жоқ. Радио мен теледидардың хабарларына үзбей қатысып жүрді.
Бүкіл қазақ халқы елу жыл бойы Сауықтың саңқылдаған дауысымен оянып, сол дауыспен ұйқыға кетіп үйренді. Сол әсем дауысы арқылы ол бар қазақтың сүйікті қызына айналды.
Сауық Жақанова тек дикторлық өнерімен шектеліп қалған жоқ. Ол радио мен теледидардағы спектакльдерге де белсене қатысты.
Оқу бітіріп, әркім әр жаққа қызметке тұрған соң, әрине, біздің кездесулеріміз тым сиреп кетті. Ауық-ауық, белгілі бір жиын-тойларда болмаса, бір-бірімізді көрмейтін де болдық. Көре қалсақ, әрине, жастық шақты еске алып, шұрқырай табысамыз.
Ол Марлен деген қазақшасы шалалау жігітке тұрмысқа шықты, балалы-шағалы болды. «Ұл тудым, қыз тудым!» – дегенде, таңырқап әрі әзілдеп күлетінбіз. «Әй, өзің кішкентай бала сияқтысың, ішіңе бала қалай сыйып жүр?» – деп күлуші едік.
Сауық – әнші, Сауық – актриса, Сауық – диктор, Сауық – «қақпашы». Студент кезде ауыл шаруашылығына жұмысқа барған кезде, екіге бөлініп алып футбол ойнайтынбыз. Сауықты қақпаға қоямыз. Басқа баланың реті жоқ. Қақпаның күзетшісі бар дегені болмаса, ол жай доптың өзін ұстай алмайтын. Қақпаға қарай доп тебуге жақындап қалған балаға Сауық: «Әй, Асылтай, қатты теппе! Мен ұстай алмаймын!» – деп айғай салатын. Оны тыңдайтын Асылтай бар ма? Қақпаға жақындап кеп шіреніп тұрып соққанда, Сауық доппен бірге қақпаға еніп кететін. Бәріміз қарқылдап күлеміз. Бізге қақпашының қабілетінен гөрі қызық керек. «Допты ұстай алмаймын!» – деп зарлағанына қарамай, оны зорлап қақпаға қоямыз.
Ол да бір қайта айналып соқпайтын қызық дәурен екен-ау! «Құдай-ау, қайда сол жылдар!..» – деп, өткен өмірін сағынып өткен Абайдың зарын енді түсіне бастадық.
«Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толы, басың бос.
Қайғысыз, ойсыз мас күнің,
Кімді көрсең бәрі де дос.
Махаббат, қызық мал мен бақ,
Көрінуші еді-ау досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ!»
Елуден асқаннан кейінгі өмірімізді Абай жарықтық тап басып айтып кеткен екен-ау!
Өткен өмірдің бәрі сағыныш! Өйткені ол енді қайтып келмейді.
«Сағынасың, жоқтайсың,
Қарманасың, таппайсың.
Махаббат кетті, дос кетті,
Жете алмайсың, тоқтайсың».
Баяғыдан бері біз де дәл осындай күй кешіп келеміз. Жастық шақ өтті, кекселік келіп жетті. Бұл жаста адам өткен өмірін көп аңсайды екен. «Шіркін-ай, сол өмір бір сәтке болса да, айналып бір келсе екен!» – деп аңсайды екенсің. Сауық екеуміз кездесе қалсақ, өткен өмірге қиялмен сапар шегеміз. Ол студент кездегі әр қыз бен жігітке тоқталып, сол кездегі бізге белгісіз талай әңгімені сыр етіп ақтарады. Әрине, бес жылдың өзі куә болған оқиғаларын айтып тауысу мүмкін емес. Уақыт қалай тез өтіп кетті? Жүз жасаған бір шалдан: «Жүз жасадыңыз, риза шығарсыз өміріңізге?» – дегенде әлгі кісі: «Жүз деген аты болмаса, мына тұрған жер екен ғой. Есікті ашып-жапқандай-ақ болды», – деген екен. Бір кездері жете алмайтын шыңдай боп көрінген 70-80 жас дегенге де әні-міні дегенше жетіп кеппіз. Бірге университет бітірген достарымыздың әрқайсысы әр жақта. Кім бар, кім жоқ? Соны бір түгендеп алайық деген ниетпен 2016 жылы университет бітіргенімізге 50 жыл толуына байланысты, «Бәріміз Алматыда бас қосайық, достар!» – деп, «Жас Алаш» газетіне хабарландыру бердім. Газетті оқымады ма, әлде уақыттары болмады ма, Алматыға он шақты ғана адам жиналды. Сонау Атыраудан Күләш Төреханова, Ақтаудан Әбзелхан Махамбекова келгенде, іргеміздегі Ұзынағашта тұратын үш жігітіміз келмей қалды. Кездесу өте қызықты өтті. Бәріміз университеттің өзіміз бұрын талай бірге отырған бір аудиториясына жиналдық. Бұрын бізге сабақ берген Мырзатай Жолдасбек келіп, дәл бұрынғыдай журнал бойынша балаларды түгендеп шықты. Ол кездесу сұрақ-жауап формасында өтіп еді. Сабақ өтіп жатқанда есік қағылып, университетті бізден бір жыл бұрын бітірген Бексұлтан Нұржекеев бастаған екі-үш адам келіп, лекцияға қатысып отыруға рұқсат сұрады. Рұқсат бердік. Әр «студент» мұғалімге сұрақ қойып, оған жауап алып жатты. «Сабақ» біткен соң, түскі тамаққа отырдық.
Кездесу өте қызықты өтті. Бір аңғарғаным, жастары кексе тартқанымен қыз-жігіттеріміздің көңіл күйі баяғыша екен. Бәріміз екі күн серуендеп, жастық шақты еске алып, бұдан кейін кездесеміз бе, жоқ па, соны ойлап мұңайған күйге түстік. Қазір олардың аман жүргендері сексеннен асты. Әрине, енді топ болып кездеспейміз. Көктөбеге барғанда, Ескендір Хасанғалиевтің «Достар» әнін шырқадық. Сол кездесуде Сауық та күйеуімен бірге болды. Осындай кездесуді ұйымдастырғаным үшін бәрі де маған рақмет айтып жатты. Сауық та дәл баяғыдай «Есіл бойында» деген әнін шырқады. Дауысы өзгермепті. Ол кездесу де өткен өміріміздің жарқын бір жаңғыруы болып еді.
Сауық ортамызда. Қасында күйеуі болса да, біз оны дәл баяғысынша еркелетіп, талай-талай әзіл айттық, ән салдырдық. «Ән айт!» – десең, ол бас тартпайды. Өзінің дауысына лайықты әндерді шырқай жөнеледі. Осы кездесу жайлы сценарий жазып, оны Сауыққа оқытамыз. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» – деп ол нәзік те әсем дауысымен оқи жөнеледі. Бәріміз риза боп, бетінен сүйеміз.
Бұл күнде Сауық та сексеннің сеңгіріне шығып қалыпты. Оны болмысына, дауысына, нәзіктігіне қарап, сексенге келді дегенге сенгің келмейді. Баяғы Сауық сол – Сауық. Қырыққа енді толған нәзік те сүйкімді Сауық.
Сауықжан, айналайын! Арамызда осылай жас боп жүре бер. Сені достарың сүйеді. Халқың сүйеді. Үкіметің сыйлайды. Сондықтан да «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болдың. Осы «бала» мінезіңнен таймай, жасай бер! Жаратқан ием сені жарқын мінезіңнен айырмасын! Ел еркесі болып жүре бер!
Досың Дулат ИСАБЕКОВ