КӨРЕКЕҢНІҢ «КОМАНДИРОВКАСЫ»
Ол тық-тық еткен аяқ дыбысынан селк етіп оянды да, алқын-жұлқын асығыс киіне бастады. Шала-шарпы киінген күйінде келесі бөлмедегі қабырға сағатқа үңілді. Асығыс бұрыла бергенде бұрыштағы айнаға өз бейнесі түсе қалды. Галстугін де тақпапты. Өзі емес, айна алдында бейне басқа біреу тұрғандай. Асығыс киімін ретке келтірді де сағатқа анықтап қарап, алайыншы, – дегендей бұрылып, тағы қарады. Кеше кешкісін: «Таңертең ерте тұрайын», – деп ойлап ерте жатып еді түнде (сөйтсе де өзі ұйқыға бостау), сағат тілі 9-ға барып қалыпты.
Кеше оған жұмыс аяқтала бергенде бастық шақырып алып тапсырма берген. «Бізге ауданымыздағы озат қожалықтар жайлы жақсы мәлімет керек. Сен «Шөлдаладағы» жекещеленген шаруашылық шопандары қақында көлемді зерттеу жазып әкел. Мына алдағы шопандар күніне керек», – деген. Міне, сол тапсырма бойынша «Шөлдала» елдімекенінің «Майшам» ауылына бармақшы.
«Ары қарай тағы да бір жөні болар, бірдеме табылар», – деген оймен Көріпкел өзінің белгілі уақытынан кешігіп, автобус аялдамасына келді. Аялдама маңы аяқ алып жүргісіз, сеңдей соғылысқан халық. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр, әркімнің бағыты әр жақ. Есік алдындағы орындықта бейне бір арнап төсек салып бергендей екі аяқты керіп тастап, рахаттанып біреу ұйықтап жатыр. Түнімен қой күзеткен адамдай ештеме сезер емес. Түнде бір жерде тойда болды ма, «жынды судан» аздап ұрттап, шөлін басқан секілді, маңдайынан шыққан тер күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді.
Көпшіліктің ара-арасымен ілгері жылжып келе жатқан оған анадайдан біреу көзіне жылы ұшырай кетті. Жақындай келе анық таныды, аудандық мәдениет үйінде жұмыс істейтін жолдасы Тастүйін екен. Шұрқырасып табысып, дабырлай амандасып, мәре-сәре болды да қалды.
– О, Тасеке не жүріс.
– Осы екі-үш күннен бері демалысқа шығып едім. Әлгі үйдегі замандасың бағана жұмысқа кетерінде: «Базарда қойдың еті сатылып жатыр, өтіп кетер, қалағаныңша сатып алып кел», – деп еді. Жақында кіші «тентегіміз» жетіге толады ғой. 1 сыныпқа барарда қазақша ырымын жасайық деп едік, – деді Тасекең.
– Е, қуаныш қой. Құтты болсын!
– Рахмет!
– Қой-а, «әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген, әңгімелесіп бірталай тұрып қалыппыз ғой, сағат неше болды?
– Екінші рейске әлі де біраз уақыт бар екен, босқа уақытты өткізбей анау тұрған сыраханаға барсақ қайтеді.
– Несі бар, барсақ барайық, жолдан екі-үш бөлек шашлық ала кетейік.
Шашлықты алып былай шыға бере Тасекең абыржып:
– Осының өзі қымбат, түймедей бес кесек еттің өзі 600 теңге, – деді қолындағы істік темірдің басындағы етке қарап.
Екеуі дабырласып келіп те қалыпты. Ішінде кісі онша көп емес, шеттеу тұрған бос столдың біріне жайғасты. Кезектегі адамдар да екеу-үшеу ғана екен, көп ойланбай керегін алып Тасекең келді. Екі-үш құмыра сыра, үлкен бір кесек шұжық, бірталай ыстық пирожки, тағы біраз тамақты қойғанда стол үсті толып-ақ қалды. Ә дегенде бір-біріне қарап «ал, алып қой, сен іш» деп отыр еді, бір кезде бәрі де ойдағыдай дөңгеленіп жүре берді. Сыра да ішілді, әртүрлі әңгіме өз ретімен айтылып жатты. Уақыт естен шықты, сағат 1-ге кетті. Бара-бара сыра жолда қалып, қызыл, онан кейін аққа кезек келді. «Қайта шапқан жау жаман…» дегендей араласқаннан кейін қоя ма, не сөйлеп отырғандарын білмей, өздерінің де, сөздерінің де берекелері кете бастады.
Бір кезде сыра сатушы бұларға келіп:
– Ал, жігіттер, біраз отырдыңдар, енді сырахана жабылатын уақыт болды, – деді сөзімді ұғады-ау дегендей оймен. Тойып алғандар жоқтан өзгеге өзеуреп, ақшаларын есептеді ме, әйтеуір жеткізе алмай әуре болып отырды.
Сатушы екінші рет қайталағанда барып. «Қазір», – деді Көрекең аузынан суы ағып: Біраз уақыт өтті, әлі отыр. Сатушы үшінші қайталай келгенде барып орындарынан сүйретіліп тұра бере сенделектеп барып көрші столға құлап түсті. Салмағымен стол құлады. Үстіндегі бос шөлмек пен стакандар сынды. Дәл осыны білгендей екі-үш полиция кіріп келді. Істің анығын білген соң сыраханадан шығарып алып бара жатты.
– Ой, до-дос-ыма-у, біз қай-да-а бара жатырмыз? Мыналары кім-дер өзі, – деді Көріпкел сұраулы пішінмен, досына жақындай түсіп.
– Е, біз бе үйге де барамыз, ұ-л-дың ту-ға-ан күнін өткіземіз, билейміз, ішеміз, мынадай етіп өткіземіз, – деп жұдырығын түйген күйі бас бармағын шошайтып, былдырлап сөйлеп келеді.
– Иә, жасайсыңдар, салқын үйлеріңе орналасқан соң, – дегендей полицейлер де сабыр сақтап, үндемей келеді.
Көшеде Көріпкелдің де, Тастүйіннің де таныстары кездесіп қалады. Онда Тастүйін амандықтан соң оларды қонаққа шақырады (өзінің … кетіп бара жатқанымен ісі жоқ). Үйіне келген қонақтарына бау-бақшасын аралатып жүргендей еркін.
«Алдаркөсе» атымен аталатын көшемен келе жатып тас көшеге бұрыла бергенде Көріпкел досына таяп келіп: «Жүр ең алдымен біздікіне барып, Жидегүлді ертіп алайық», – деді жеңінен тартып…
– Абайлаңыз, азамат, жол ол емес, – деген полицейдің қатал даусын естігенде селк етіп оянғандай болды. Біраз жүргеннен кейін «Полиция» деп жазылған жазуы бар машина келіп тоқтай қалды. Кезекте жүрген тәртіп сақшылары екеуін машинаға отырғызып алды да аудандық ішкі істеп бөліміне алып келді. Қоғамдық орында тәртіп бұзғаны үшін екеуіне 15 күннен «демалыс» «бұйырып», айықтыру үйінің төрінен орын берілді.
Төлеухан БІДІРӘЛІ