Алаяқты алдадым
16.08.2024
59
0

Иә, дұрыс оқыдыңыз. Алаяқты алдадым. Әңгімемді әріден бастайын.
Осыдан он шақты жыл бұрын агент әлемі арқылы тілдесіп, сол желіде белсенді болатынбыз. Бір күні сол агентте белгісіз біреуден: «Сәлем. Қалайсың? Таныдың ба?», – деген мәтінде хат келді. Жалма-жан әлгі хат жолдаушының суретін көрдім. Бейтаныс адам. Танымағанымды, кім екенін сұрадым. «Есіңе түсір, ойлан деген», – жауап келді. Көп ойланатын уақытымның жоғын айтып, кім екенін тағы сұрадым. Бір кезде: «Суреттерді ашып қара, есіңе түседі», – деп бір сілтеме жіберді. Лезде сілтемені ашып, сол адамның бір-екі суретін көріп бастағаным сол еді, әлгі агент әлемім көз алдымда жабылып қалғаны. Құпия сөз бен логинді қайта-қайта теріп кірем, парақшам ашылмады. Ертесінде менің таныстарымнан, жақындарымнан, әріптестерімнен менің атымнан «ауруханаға түсіп қалдым», «Рувд-ға түстім», «жол апатына ұшырадым» деген мәтін жолдап, ақша сұраған. Біраз адам сеніп, ақша аударып жіберген екен. Сол кезде әлгі адам 90 мың теңгедей жиып үлгеріпті. Алаяқтың тірлігі әшкере болып, басқаларға ескертіп үлгердім. Әйтпегенде қанша адамның қалтасын қағуы мүмкін еді.
Ал енді алаяқты қалай алдағаныма келер болсақ, күні кеше ғана маған есім-сойымды атап, белгісіз нөмірден қоңырау шалып, «Теле 2» орталығынан хабарласып тұрғанын айтып, өзін таныстырды. Байланыстың сапасын жақсарту мақсатында менің нөмірімнің «өмірін» ұзартуым керек екенін, егер өйтпеген жағдайда нөміріме қызмет көрсетілмей, өшірілетінін айтты.
Мен де: «Қанша жылға ұзарту керек, ол қанша тұрады, қалай ауыстырамын?» – деп сұрақтарымды төпелете қойдым. Ол орысша, мен қазақша сөйледім.
Алаяқ та жымысқы ойын іске асыруға асыққандай, ешқандай қаржы төлемейтінімді, ешқайда бармайтынымды тек бір смс арқылы келетін кодты айтуымды өтінді. Қарасам, әлгі коды 1414 нөмірі арқылы Egov-тан келіп тұр. «Теле2» орталығы мен Egov порталының байланысы қандай?» деген ой келді. Сол сәтте алаяқ екеніне көзім жетіп, ары қарайғы ниетін білмекке мен де рөлге кірдім. Келген алты цифрлы кодтың орнына басқа цифрларды айта бастадым. Ол: «Дұрыс болмай жатыр, қайта жіберіп көрейін. Қатесіз айтыңыз», – деп және бірнеше мәрте код жіберді. Барлық санды сапырылыстырып, мен де әуреге салдым. Бір кезде шыдамы таусылды ма қайта қоңырау шалатынын айтып, тұтқаны тастай салды.
Осылайша, бұрынғы алданған алаяқтан өш алғандай болып, жеңілдеп сала бердім.
Қазіргі цифрлы технология қарқынды дамыған заманда алаяқтар торына түсіру үшін алуан түрлі тәсіл қолданады. Интернет-алаяқтық жаһандық мәселеге айналып отыр. Ақпараттық сауаттылықты дамыту және сақтық шараларын қолдану арқылы ғана біз өзімізді және жеке деректерімізді алаяқтардың ықпалынан қорғай аламыз. Алаяқтан абай болайық ағайын!

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір