ЕР-АҒА!
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР
Мен ол кісімен «Қазақ әдебиеті» газетінде төрт жарым жыл бірге істедім. Сол уақыт ішінде руға, ел мен жерге бөлінгенін немесе осы тақілеттес әңгіме айтқанын естімеппін. Бұған неге мән беріп, астын сызып айтып отыр демеңіздер: сол төрт жарым жыл ішінде өзім көрген, тірліктеріне куә болған ақын-жазушылардың басым бөлігінен адамды жерінтетін осындай әрекетті анық байқадым. Оған дейін телевидение саласында жұмыс істеген мен үшін әдеби орта осы бағытымен тым қорқынышты көрінді, кәдімгідей аяқ жиғызды. Бүгін бір-бірін шексіз мақтап, бір-бірінің шығармасынан үзінді келтіріп отырғандар ертесі өзге ортада бір-бірінің сыртынан лағынет айтып, шығармаларын жоққа шығарып жатады. Алғашында өзім де кейбіреуіне ілесе шауып, аңғардым-ау деген пенделіктерді айтып қалып жүрдім де, осындай жағдайларды, екіжүзділікті көрген соң, аузым күйіп қоя қойдым. Бұл кісіге үйірсектеп, жанында көбірек жүргенім де сол жоғарыда айтылған тазалығынан, ешкімнің сыртынан ғайбат айтпайтын дегдарлығынан болар.
Біз әдетте біреу жайында жылы лебіз білдіргіміз келсе, әспеттеп көкке көтеріп жібереміз де, біреуді тұқыртқымыз келсе, біржола бас көтере алмайтындай жермен жексен етеміз ғой. Мен ағамды сыпырта мақтаудан аулақпын. Тек, осы аз уақыт ішінде көрген-білгенімді, өзімсінгендерден естігенімді баян етсем деймін. Қай уақыттан басталған әдеті екенін білмеймін, ол кісі сурет жинауға бар ынта-шынтасымен берілген. Өзіне ғана тиесілі, өзгені жолата бермейтін шкафында қат-қат болып танымал тұлғалардың әр жылдары түскен суреттері тұрады. Интернеттен таппаған, туыстарының өзінде жоқ сирек суреттерді біз, міне, осы кісіден алып, газетте талай пайдаландық. Өзіңе ыстық кейбір суреттерді ұрлап алғың келетін сәттер де аз емес. Ондайда ағамыздың ешкімнен жамандық күтпейтін адалдығын, ерек еңбегін есіңе аласың да өзіңді тежейсің.
Айтпақшы, осы сурет дегеннен шығады. Бірде ағамның кабинетінен өте танымал бір тұлғаның қолдан салынған көлемді портретін байқап қалдым. Көп ойланбастан алдым да өз кабинетімнің қабырғасына іліп қойдым. Еркелік пе, ақымақтық па, меніңше, сол әрекетіме екіншісі келіңкірейді-ау. Көп ұзамай, жұмыс бөлмеге ол кісінің өзі де келді. Негізі жиі кіріп тұратын: газет жұмысы бар, өзге де шаруалар болады, түскі асқа бірге баратын кездер бар дегендей. Кірді де қабырғадағы суретті көріп, түсі бұзылып кетті. «Өй, сен не, ей? Мұның не, ей?» — деді де мен орнымнан тұрғанша екі аттап суретке жетіп, жұлып алып шығып кетті. Бұрын ондай түтіккен түрін көрмеген басым, не айтарымды білмей отырып қалдым. Кейін, көп кейін әбден сабасына түскенде сурет тарихын сұрадым. «Ондай бір құпия ештеңесі жоқ. Өзім іштартқан жан еді. Қолына берсем деген дүние ғой», – деп қысқа қайырды. «Кімге салғыздыңыз?», «Салынғанына көп болды ма?» деп, мен де қазбаламадым.
Ағамның бір бақыты – кілең талантты адамдармен бірге жұмыс істеді. Даңқты Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Ғаббас Қабышұлы, күні кеше ғана көз жұмған Жұмабай Шаштайұлы, Ұлықбек Есдәулет. Әдеби газетті қазір басқарып отырған Дәурен Қуат… Ә, дегеннен есіме түскендерінің өзі осы, үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, арамыздан ерте кеткен қаламдастары қаншама. Қаламгерлер алдында ағамның абыройы өте жоғары. Күллі елге танымал тұлғаларды газет бетінде құттықтау немесе бір қайраткер туралы мерейтойлық мақала ұйымдастыру керек болса, біздің тісіміз батпайтын, азуын айға білеген аға-апаларға Еркін Жаппасұлы, яғни, бағанадан бері «Бұл кісі» деп жұмбақтап отырған Ер-ағамды саламыз. Саспайды, телефонды алады да, Олжас атамыздан бастап, бұл күнде алды тоқсанға, соңы жетпіске таяп қалған классиктерге қоңырау шалады. Арғы-бергіден әңгіме қозғайды, арасында қарқылдап тұрып бір күліп алып, шаруаны оңынан шешіп береді. Ел іші болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Мұндайда да көмекке ағамыз келеді. Қашан да жанына ылдым-жылдым бір журналисті қосып береміз. Ол лебіздерді немесе көңіл айтуларды үлгеріп жазып алуы тиіс. Тіпті болмаса, Ер-ағама ілесіп көп ешкімнің қолына түсе бермейтін бір кейіпкерден сұхбат алуға кетіп бара жатады.
Абырой демекші, газет-журналдың басты ауруы бұл күнде баспасөзге жазылуды ұйымдастыру ғой. Кезінде екі жүз мың, қырық, отыз мың тиражбен шыққан газет-журналдар қазір өлместің күнін көріп отыр. Мұның да қазіргі интернет заманында түрлі себеп-салдары бар. Оған тоқталып жатпайық. Ең бастысы, осындайда да біздің бесаспап тарланның іскерлігі көмекке келеді. Тағы да телефон құлағына отырады, болмаса газеттің атынан хат жазғызып алады да жоғары оқу орындарын, түрлі мекемелерді аралап кетеді, олжасыз келмейді. Тұрақты авторларын да бір тықсырып алып, «Бәленше он газет жаздырып беретін болды», «Түгенше туған ауданын ұйымдастыратын болды» деп, өзінің жеке шаруасы шешілгендей көңілі тоғайып тұрғаны. Бұлданбайды, міндет те қылмайды, жұмыс орнының отымен кіріп, күлімен шыққанына дән риза. Мұндайда да Олжас Сүлейменов сияқты тау-тұлғаларды «жұмысқа жегіп» қоятыны бар. Сондай кісілердің атынан талай хат жоғарғы жаққа, министрліктерге, облыстарға кетті ғой…
Бұрын сыртынан ғана көріп, жолыға қалсақ, аз аялдап, амандасып қана жүретін Ер-ағам ісіне нағыз адал, достыққа берік, үлкен-кіші демей жүрегін ашатын, қолынан келсе, көмегін аямайтын жан екен. Өзім куә болдым, талай іні-қарындасына, ішінде өзім де бармын, көмегі тиді. Біреуінің баласын қала ішіндегі мектепке орналастырып берсе, біреуіне дұрыс жұмыс қарастырып, әлдебіреулерге табыстап жатқаны. Кезінде, марқұм Жұмабай Шаштайұлы ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болып тұрғанда Ер-ағам екеуі әлденені беріле әңгіме қылып түскі асқа кетіп бара жататын, әлденені қызу талқылап түскі астан келе жататын. Сырттарынан көріп қалған сондай сәтте: «Бұл кісілер күнде не айта береді? Не қылған бітпейтін әңгіме?» – деп ойлайтынмын. Бірге істеген төрт жарым жылда біз де түскі асқа талай бардық. Талай әңгіменің басын қайырдық. Жақсы серік, жақсы көңіл болса, әңгіме таусылмайды екен. Ол кісінің жазушы, сатирик қана емес, өлең жазатын, ән жазатын қасиетін де сонда білдім. Үлкен сахнаға шыққан әндері бар екенін, кезінде өзі де ән айтқанын, ҚазҰУ-дың студенттер оркестрінде өнер көрсеткенін естідім. Әлі күнге жағасына кір жұқтырмай, иіссуын сеуіп, қаққан қазықтай тік жүретін ағамның кезінде турниктің құлағында ойнағанын, спортқа да таласы болғанын білдім. Ағалары туралы аңызға бергісіз әңгімелерді образға кіріп отырып, қалай тамаша баяндайтынын көрдім. Бесаспап дегенім сол ғой.
Қысқасы, кезінде түрлі газет-журналдардың сатира бетінде фелетондары, памфлеттері үздіксіз шығып, талай дөкейлердің мәселесі май шаммен қаралғанын, әр тақырыпта жазылған сатиралары әр жылдарда кітап болып шығып жатқанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі деп сенем. Сол ағам әлі бабында екен. Таяуда ғана жарық көрген «Мыңқетпес миығынан күледі» атты кітабы бір қарағанда ескі тәсілмен, көнерген үлгіде жазылғандай ойға қалдырады. Оқи келе әлі күнге шешімін таппаған мәселелерді өмір тәжірибесімен ұштастырып, қиындатпай, қолдан қиыстырмай шебер жеткізгеніне көзіңіз жетеді. Мысалы, «Мыңқетпес мыңқ етер емес» атты туындысында жұмыссыз, ешкімге керексіз болып қалған отбасының тарихы баяндалады. Екеуінің де бір-ақ күнде қысқартуға ұшырауы, күйеуінің күні бойы әр табалдырықты тоздырып жұмыс іздеуі, балалары тойып тамақ іше алмай, таныс сағалап, оның көңілін тауып күндерін көруі, тіпті, бастықтың жұмысқа алғанын бұлдап әйеліне көз сүзуі тоқсаныншы жылдарды көз алдыңа әкелгенімен, бұл күнде де өзектілігін жоғалтпаған тақырып. Қазақ әлі үйсіз-күйсіз. Қазақ әлі біреудің қас-қабағына қарап отыр. Ондай жаныңды ауыртатын әңгімелерін жіпке тізе беруге болады, ең қолайлысы, өзіңіздің оқығаныңыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, ҚР «Баспасөз ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», басқа да медальдардың және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Еркін Жаппасұлы жетпістің желкенін керіпті. Сексеннен секіріп, тоқсаннан тоқтамай, айналаңыздың құрметімен жүзге жетіңіз, Аға! Д.Қонаев атамыз айтқандай, «Сол кезде тағы бір ақылдасамыз!»