Қой, қонақтан ұят
Бүгін жұма. Бұл күні қазаннан қоңырсытып май иісін шығару – апасының ежелгі әдеті.
Қазір де сөйтті. Буы бұрқыраған жеті шелпекті дастарқанның дәл ортасына әкеп қойды. Жан-жағына томпиған-томпиған сап-сары бауырсақтарды шашты. Иісін-ай! Нұртайдың сілекейі шұбырды. Кеседегі қаймаққа малып-малып алып, ауызға тоғытар ма еді, шіркін! Бірақ олай етуге болмайды. Сәл-пәл тоса тұру керек. Өйткені…
Ұзамай-ақ әкесі тізерлей отырып күңіренте Құран оқыды. Соңында марқұм болған атасы мен әжесінің атын атап, оларға Алладан иман сұрады. Артында қалған үрім-бұтағына амандық тіледі. Содан кейін дастарқан басында отырған барлығы «Әумин!» деп бет сипаған соң шелпектің бірін қабаттай бүктеп үзіп-үзіп алды да жан-жағына таратты. Бірін «Әуп, бісіміллә», – деп өз аузына салды. Дәл осы сәтте сыртқы есік сықырлай ашылды. Бұлар кім болды екен деп бұрылып қарағанша:
– Амансыздар ма, көршілер?! – деп дауысын соза амандасып Мәрия апай асүйдің табалдырығын аттады. Қасында бұдан бір саты жоғары, 2 «А» сыныбында оқитын баласы Асхат.
– О, мақтап жүреді екенсіздер. Төрлетіңіздер! – деп апасы жік-жапар болып жатыр.
– Е, құдай қосқан көршіміз – сендерді мақтамағанда кімді мақтаймыз?! – деді ол жозының бір шетіне жайғасып отыра беріп. Асхат та әй-шәй жоқ апасының жанына қонжия қалды.
Алғаш көзі шалған кезде-ақ кіржің ете түскен Нұртай оның мына еркінсуіне тіптен ыза бола бастады. Ал ананың бұнымен шаруасы жоқ. Көзіне көзі түйісе қалғанда бір ыржың еткені болмаса, қаннен-қаперсіз қаймаққа малынған бауырсақты соғып отыр. Мұның апасы да қызық. «Іше ғой, жей ғой» деп дастарқандағы дәмдінің барлығын соның алдына қарай ысырады. Әуелі кетерінде бір уыс кәмпитті қалтасына салып берді-ау, мұны тіптен күйдіріп…
– Өй балам, сен неғып томсарып қалдың? Әкел кесеңді, ыстық шай құйып берейін, – деп апасы әлден соң ғана бұған назар аударды. Бағанадан бері қитығып отырған Нұртайдың дауысы қыстыға шықты:
– Апа, не… Асхатты жақсы көресіз бе?
Сәл аңтарылып қалған апасы қарсы сауал қойды:
– Не болды, оны неге сұрадың?
– Оған қаймақ қатып шай ішкіздіңіз, бауырсақ бердіңіз. Кәмпитті де…
– Е, ол қонақ емес пе. Оның үстіне көрші, сенің бірге ойнайтын досың.
– Досым емес… ол! – Бұның дауысы тіпті қатты шығып кетті. – Кеше ғана балалардың көзінше келекетті мені. «Сендер тұратын үйдің шатыры – аласа. Біздікі – биік әрі темір шифермен жабылған», – дейді. Ал сіз: «Бізді мақтап жүресіңдер», – дейсіз…
Апасы алғашында «мырс» етіп күле беріп, тез доғарды да байсалды түрде жауап берді:
– Асхат абайсызда аңғармай айтқан болар, балам. Шатырдың аласа немесе биік екенінде тұрған ештеңе жоқ. Алла адамның ниетін аласартпасын. Біздің қазақ халқы ежелден-ақ ас үстіне тап болған кез келген қонақты «Мақтап жүреді екенсің» деп қуана қарсы алған.
– Ал тамақты ішіп болғанда келген қонаққа «Жамандап жүреді екенсің» деп базына білдірген, – деп бір шеттен әкесі де жымия сөйлеп, басынан сипады.
Дастарқан басында отырса да көз қиығын газет-журналдан алмайтын көкесі де кенет басын көтеріп, бұған бұрылды.
– Білесің бе, – деді содан соң маңғаздана. – Баяғыда біз әскерде жүргенде бір украин жігіті бірге қызмет етті. Соған жерлес достары туған күнімен құттықтағанда: «Саған Сібірдің денсаулығын, Кавказдың ұзақ жастығын, Цыгандардың көңілділігін, Қазақтардың қонақжайлылығын тілейміз!», – деп жазғанын өз көзіммен көргенмін. Демек, біздің халықтың бұл жақсы қасиеті халықаралық деңгейде мойындалған деуге әбден болады!
– Ойпыр-ай ә, бұл бір айта жүрер, мақтан етер оқиға екен, – деп әкесі ерекше мән бере сөйледі. – Айтпақшы, ата-бабаларымыз абайсызда үйге кіріп кеткен жыланға да тиіспей, басына ақ құйып шығарған ғой…
– Түсіндің бе, балам. Қонақжайлылық – халқымыздың ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Мұндай жақсы салтты бұлжытпай сақтау – біздің қасиетті борышымыз, – деп апасы келіп маңдайынан сүйді.
Анасының ерні тигенде шекесін ду еткізген жылылық бірте-бірте Нұртайдың бүкіл тұла бойына тарап бара жатты. Асхатқа деген өкпесі бұл кезде есінен шығып та кеткен еді.
Нұрәділ БЕГІМБЕТ