ЗӘКАРИЯ
29.07.2024
382
0

(Түрмеде жазылған өлең-хаттар) 

Зәкария Сағындықұлы – кезінде «Халық жауы» деген атпен қуғынға ұшырап, ел мүддесін жырлаған адуынды ақын. Ол – Абыл, Махамбет, Ақтан, Нұрым, Қашаған сынды ақындардың жырларын кейінгі ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосқан жыршы. Адайдың атақты «Жеті қайқысы» атанған әншілердің әуендерін нақышына келтіріп орындаған жез таңдай әнші. Халқымыздың Құлагердей құйқылжитын қазанаттарын баптауда өзіндік өрнегімен танылған айтулы атбегі. Ақын, журналист Жұмабай Құлиевтің қолына түскен Ақтөбе облыстық мұрағатынан алынған деректерге сүйенсек, ол – біраз уақыт ел билігіне араласқан өз заманының қайраткері.

Құдасы Тобанияз Әлниязұлымен бірге талай іргелі шаруалар тындырады. Лениннің нұсқауымен Маңғыстауға Әліби Жангелдиннің отряды келгенде, Тобаниязбен бірге жүріп, Адайдың «дәулеттен көшіп қона алмаған» әйгілі байлары, аталас бауырлары Шам мен Талпақтан және өз үлесінен отрядқа күш-көлік ретінде жылқы, түйе бөліп, барынша көмектеседі.
Топырақшашты, Наршөккен,
Қонысым еді – Күлтөккен
Ежелден мекен жер еді
Ата-бабам белгі еткен, – деп өзі жырға қосқандай, Зәкария – 1893 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылдық округіне қарасты Былқылдақты, Топырақшашты, Наршөккен мекендерін қоныс еткен зиялы азамат.
Зәкәрия Сағындықұлының бізге жеткен өлеңдерінің көпшілігі түрмеде отырып жазған сағынышты хаттар. Онда ақын өзіне жазықсыздан жазықсыз жала жабылып, тастан соққан қараңғы үйде қамалып жатқанын, қолында дерегі бар адам келсе де ештеңе бітіре алмағанын, тергеуші күніге бірнеше рет жауап алатынын ашына жырлайды. Мысалы ол:
Адамзаттың баласы
Арманы болмас дүниеде
Алласы болса панасы,
Жақсылар аттан жығылса
Жаманның қанар табасы.
Тұтқынға алған біздерді
Сәл нәрсенің жаласы,
Жазықсыз қуған дұшпанның
Көңілінің болып аласы.
Өтірік жала жаптырды
Атасыз иттің баласы,
Жазықсыз іске шатаған
«Жауыз» деп бізді атаған,
Анығын ашпай қылмыстың
Тұтқынға бізді матаған,
Газетке басып әйгілеп
Жер-жерге хабар тараған,
– деп жырлап, әлгі сөзімізді айғақтай түседі.

Ақынның ұрпақтары

Кеңес заманында талай зиялы қауымның өздерімен қоса, ұрпақтары да азап шекті. Зәкарияның ұрпақтары да сондай тауқыметті бастан өткерді. Ол ұсталып кеткен жылдары елде қалған әйелі мен екі баласы – Хамит пен Жазит сол кезде 9-12 жаста болыпты. Бүгінде, Ақтөбе қаласында тұратын, оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз Райгүл Хамитқызының (Зәкарияның немересі) айтуынша, есейіп қалған Хамит аштық жылдары күн көріс үшін Атырау базарында Зәкәрия әкесінің өсиет жырларын әнге қосып айтқан көрінеді. Ашыққан халық есін жия бастаған кезде Хамит Зәкарияұлы ересектердің сауат ашу мектебінде сабақ береді. Сірә, ілгеріге үмітпен қараумен бірге болжам да жасай білетін көкірегі ояу ақын әрі азамат Зәкария Сағындықұлы балаларының ертерек сауатын ашып үлгерсе керек. Хамиттің артында бір ұл, төрт қыз қалды. Ұлы Қадірғали Хамитұлы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында тұрса, қыздары Сұлу, Лайық, Рысты, Райгүл жан-жақта үйлі-баранды. Ал Зәкарияның кіші баласы Жазит – Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткер. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болған ақсақалдың қыздары Маруся, Жұмагүл және одан өрбіген жиен­дер бүгінде Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында тұрады.
Осы орайда, есім-сойы берісі облыс, арысы республикаға белгілі журналист Мұқан Көптілеуов:
– Зәкария ақынның түрмеде жатып ағайын-тумаға жолдаған сәлем хатын оның үлкен баласы Хамит Сағындықовтың өз аузынан талай естіген едім. Бірақ «Өлең айтады, ескілікті көксейді» деп жала жабылып, ұсталып келген Хамекең бұл сөздердің қатталып, қағазға түсуіне кезінде ризашылық білдірмеді. «Біздің тартқан азабымыз да, механатымызда аз емес, бір ұрпақтың басына жетер, өлең мен ән бізге қайыр әкелмеген», – деп ренжитін ол. Кейін мен ҚазМУ-ге оқуға түскен соң, «Саған қалдырып кетейін», – деп жазып жатыр еді, бес дәптер жазыпты. Бірақ оны да әркімдер алып кетіп, менің қолыма тигізбеді. Өзі жазып үлгерместен қайтыс болды. Хамекең тек осы жырларды ғана емес, «Қырымның қырық батырын», «Орақ-Мамайды», «Қарасай – Қазиды», Әбубәкір, Қашаған, Нұрым, Балаораз өлеңдерін бірнеше тәулік бойы жырлайтын. Жыршының «Бозашы сазы» деген тыңдаушыны жетелеп отыратын әдемі әуені болушы еді. Ұзақ жылдар Қызылқоға ауданының Ақшелек, Буракөл колхозының төрағасы, Алғабас ауыл Советінің төрағасы, Қызылқоға аудандық Советі атқару комитетінің жауапты хатшысы, басқа да қызметтерде болған Хамекең 1961 жылы күзде дүние салды», – деп еске алады.

Ақын қайда жерленді?

Шыны керек, осы бір сұрақ қойыл­ғанда оған нақты жауап таба алмай қиналатынымыз бар-ды. Себебі, Зәкария ақынның қай жерде қайтыс болғанын ешкім тап басып айта алмайтын. Белгілісі Зәкария Сағындықұлы Ойыл түрмесіне қамалып, одан қашып шығып, екінші рет ұсталғанда Ойыл түрмесі арқылы Әулие Атаға жіберіліп, одан әрі Түркменстан мемлекетінің Чарджоу облысына жер аударылған. 2005 жылы Зәкарияның келіні болып келетін Ұлбосын Темірбаевамен кездесудің сәті түсті. Сонда ол бізге Бейнеу қайнысынан естіген мынадай әңгімесін айтып беріп еді:
«Бейнеу әрдайым менімен жеңгесі ретінде сырласып отырушы еді. Өзі кез келгенмен ашылып сөйлеспейтін. Бір күні ол маған «Зәкария ағамыздың Түркменстан мемлекеті Чарджоу облысының Фараб деген жеріне жер аударылғанын естіп, артынан іздеп бардым. Бір барғанымда ауырып жатыр екен. «Керегенің басында кетпен құйрық, бұл неғылған батпан құйрық. Асылы, Құдай бізге бұл тамақты жеуге нәсіп етпеген болар», – деді де мен алып келген жылқының етін жемей қойды. Бәлкім, ауруы жанына батса керек. Екінші рет барғанымда ағам қайтыс болыпты. Серейіп жатқан мүрделердің ішінен әзер дегенде ағамның денесін тауып, далаға алып шықтым. Енді көметін қауым таба алар емеспін. Бір кезде ауласының алдында отырған қария жолығып, бұл жақта бейітті «там» деп атайтынын, тұрған жерімнің маңы толған мола екенін түсіндірді. Сөйтіп, сол жердегі бізге руы жағынан құда болып келетін азаматтың ат арбасымен ағамның мүрдесін аталмыш ауылдың шет жағындағы қауымға арулап жерлеп, қайттым. Кетерімде бір орыс: «Ағаңның жырлары», – деп бір дәптерді қолыма ұстатты. Өкінішке қарай, оны жолда келе жатып ұрлатып алдым, – деп еді. Зәкария қайынағамызды ілгеріде көргеніміз бар. Орта бойлы, ашаң жүзді, табан астынан суырып салатын, жырды таңды таңға жырлайтын, әркез халықтың қамын ойлап жүретін азамат болатын».
Ұлбосын ананың бұл әңгімесін 2013 жылдың мамыр айында ақын Зәкария Сағындықұлының туғанына 120 жыл толуына орай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті және Қызылқоға ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткізілген ғылыми-практикалық конференциясынан кейін жайылған дастарқанда ақынның немересі Қадірғали Хамитұлы да Бейнеудің аузынан талай рет естігенін айтып, қостады.
Демек, өмірінде қуғын-сүргінді көп көрген ақын Зәкарияның Түркменстан мемлекеті Чарджоу облысының Фараб ауданында жерленгені шындық. Мұны бүгінде Маңғыстау облысында тұратын, кезінде аталары Түркменстан еліне өтіп кетіп, Фараб ауданында тұрып, тәуелсіздік алған жылдары елге оралған Зорбай Ақмағанбетұлы да дәлелдеп отыр. Осы күндері жасы сексеннен асқан ақсақал Зәкария ақын туралы әңгімелерді Адай руының Мұңал бөлімі, Қырықмылтық тармағынан өрбіген Мұқан бабадан естіпті. Ол – есімі республикаға белгілі журналист-жазушы, марқұм Жұмабек Мұқановтың әкесі, бірнеше жыл Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шыңғыс Мұқанның атасы. Біз Зорбай ақсақалмен 2016 жылдың 21 мамырында өз үйінде кездестік. Енді сол өмірден көргені мен түйгені мол ақсақалдың әңгімелеріне құлақ түрелік.
– Мұқан баба өте парасатты, әр іске байыппен қарайтын, көңілге түйгендері көп тұлға еді. Ол 1894 жылы туған, яғни Зәкария ақыннан бір жас кіші, онымен замандас. Заманның аумалы-төкпелі кезінде бізбен бірге Фарабта болып, кейіннен Қазақстанға көшіп кетті. Бірақ жиі-жиі Фарабқа соғып, ағайындармен ара жігін ажыратқан жоқ. Сол шақта, мен ол кісіден тарихи тұлғалар хақында көптеген әңгіме естідім, – дейді Зорбай ақсақал.
Батыс өңіріндегі үлкен астардың бірі – 1927 жылы болған Адай руының Келінберді бөлімі, Мұңал тармағы Әли тақтасынан өрбіген Тауанның асы. Тарихта ол – «Әли Тауанның асы» деп аталатын белгілі астардың бірі. Ақын Светқали Нұржанның деректеріне тоқталар болсақ, ас Жем өзенінің өр басындағы «Бесбұдыр» деген жерде өткен. Шамасы, қазіргі Ақтөбе облысына қарасты «Дәуімшар-Құдабай» қорымынан аса қашық болмаса керек. Сол аста 450 үй тігіліп, ошақ бәйгеде Зәкария ақынның аты бірінші келеді. Бәлкім, өз атының шашасына шаң жұқтырмайтынына сенімді болса керек, Зәкария ақын «Аламан бәйгенің жүлдесімен қосып бересіздер», – дейді де ошақ бәйгенің жүлдесін алмай тастап кетеді. Ақынның бұл қылығынан сезіктенген болар, ертесіне, ас берушілер аламан бәйгеден бірінші қай аттың келетінін білу үшін Адай руының Қырықмылтық бөлімінен тарайтын Берікбай Спанұлы атсейіске бәйгеде шабатын аттарды сынатады. Барлық атты бір деммен қарап шыққан атсейіс: «Егер аттарды 10 қозыкөш жерге (бір қозыкөш жер қазіргі 10 километрге сай келеді.- Б.С.) айдаса, Зәкария ақынның тарланы алдына ат салмайды. Себебі, арғымақ баялыш шөбіне көп жайылған екен. 11 қозыкөш жерге айдалса, мәре сызығына жетпей, шөл қысып құлайды», – дейді. Сөйтіп, Әли Тауанның асындағы аламан бәйге 11 қозыкөш жерге айдалып, он қозыкөш жерге дейін алдына ат салмаған Зәкарияның тарланы он бір қозыкөш жерге жақындағанда шөлге шыдамай мерт болады. Одан кейін келе жатқан руы Адай, оның Қырықмылтық бөлімі Мәди Қосжанұлының қара алаяғы бәйгеден бірінші келіп, бәйгеге тігілген он түйе, жүз қой, қалы кілемді қанжығасына байлайды. Бір ғажабы, Мәди Қосжанұлы ел алдында беделі биік, зиялы азамат деседі. Қуғын-сүргін кезінде екі рет ұсталып, 1956 жылы қайтыс болған. Зәкария ақын екеуі түрмеден қашып шығып, жоғарыдағы Түркменстан елі Чарджоу облысының Фараб ауданына табан тірейді.
Зәкария ақын Қырықмылтық Бозша Есекей Қыдырбайдың үйінде қайтыс болған. Оны жерлеуге сол Фараб ауданын мекен еткен төрт Қырықмылтық ауылы түгел қатысыпты. Олардың арасында, менің атам – Алдамжан, қуғын-сүргін заманында екі рет ұсталып қамалған Мәди Қосжанұлы, Мұқан бабалар да бар. Жерленген жері Фараб ауданының орталығынан үш шақырым қашықтықтағы Фараб тауындағы Фазл ишан қауымында. Мұны Мұқан бабаның өз аузынан естідім, – дейді Зорбай ақсақал.
Сайып келгенде, Зәкария Сағын­дықұлы – небір қыспақты басынан өткерсе де, ақты ақ, қараны қара дейтін турашыл мінезінен таймаған ақын, жезтаңдай әнші, жалынды жырларымен жұрт жадында қалған өр тұлға.

Бауыржан СИСЕНОВ
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір