«ИНСОННИНГ БИР ҚУВОНЧИ ФАРЗАНД ЭРУР»
Қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Адамның бір қызығы бала деген…» балалар әдебиеті хақындағы кітабы өзбек тіліне тәржімаланып «Anorboks» баспасында кітап болып ай шамасы бұрын басылып шықты. Түркістанда туған тағдырлы кітап, қазақпен бірге өзбек оқырмандарының да рухани қазынасына айналып отыр. Қаламдас достың еңбегінің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын есітіп, шын қуанып, үлкен үмітпен қолыма қалам алып отырғаным.
Өзім бірыңғай қазақ ауылында тұрған жалғыз өзбек отбасында өмірге келгендіктен атымды Қазақбай қойыпты әкем. Бала шақтан тілім қазақ тілінде шықты. Ұлы Абай өлеңдерін қазақ тілінде оқыдым. Өзбек әдебиетімен бірге қазақ әдебиеті өспірім шақтан жансерігіме айналды. Әдебиетке сыншы болып араласа бастаған сәттен өзбек-қазақ бауырлас екі елдің әдебиеттегі табыстарын өзара салыстыра бағалап, сын мақала, әдебиеттану еңбектерін жазып келемін.
Қазақтың әдебиет сыншысымен Міртемірдің тойында Насыр Фазылов таныстырды. Насыр Фазылов – балалар әдебиетінің классигі, әрі қазақ әдебиетінің тәржіманы. Ол кісі – қазақ-өзбек әдебиетінің арасындағы «алтын көпір» атанған аудармашы. Тәуелсіздіктен соң тамыры бір-екі туысқан елдің жазушылары бұрынғыдай алыс-беріс жасап, өзара үздік шығармаларды бір тілден екінші тілге тікелей тәржімалау ісі дамымай, аяқасты бола ма деген сөз жиі айтылатын. Насыр аға маған өз дәстүрін жалғастырып, қазақ әдебиетінің асыл туындыларын өзбек тіліне аударуды, Құлбекке өзбек тіліндегі үздік шығармаларды қазақ тіліне аударуды аманат етумен жүрді. Ұстаз тілегін қабылдап өз басым ұлы Абайдың «Қарасөздерін» өзбек тіліне аударып, кітап етіп бастырдым. Абай мерейтойына орай жақсы сыйлық жасадым деп ойлаймын. Құлбек өзбек тілінен классигіміз Адыл Яқубовтың шығармаларын аударды. «Түркістанда Адыл Яқубовтың әдеби музейін жасақтайық» деген тілек үстінде. Қазақ бабаларымыз: «Өзбек – өз ағам» десе, өзбек бабаларымыз: «Қазақ – көз ағам!» деген. Шамасы, бұл бауырмал сөз Алтынордадан енші алған заманнан қалған қария сөз болса керек. Бүгінде көп айтыла бермейтін осы адал сөз бізге және кейінгі қазақ-өзбек ұрпағына аманат болуы тиіс деп ойлаймын. Бауырмал тілек сөзін ұрпақ алмасқан сайын сөзімізбен, ісімізбен жаңартып, жаңғыртып отыруымыз керек. Соның бір көрінісі – қазақ сыншысы Құлбек екеуміз бір-біріміздің шығармаларымызды туған тілде оқитынымыз. Ол аз болса, биылдан бастап «Шарқ юлдузы» журналында екеуміз диалог сынның үлгісін жасап, жарияладық. Қос авторлы диалог формалы әдеби сын өзбек тілінде жақсы қабылданды. Қазақ тіліне әлі аударылып, жарияланған жоқ.
Насыр аға таныстырған кезден бастап Құлбектің бар кітабын алдырып, оқып отырамын. Қазақ Мағжан поэзиясы сияқты, Мағжанмен Тошкентте 1920-23 жылдары «Түркістан республикасында» табысып бірге жүріп, қатар жыр қашаған ұлы ақынымыз Чулпон жырларын татардың көзі тірі классигі Рәдиф Гаташқа қолқа салып, екі ғажайып ақынды егіз қатар татар тіліне тәржімалатқанына риза болдым. «Өзбек ақыны Чулпон татар тілінде» («Егемен Қазақстан») деп қазақ сыншысы Құлбек мақала да жазды. Оны мен өзбек тіліне тәржімалап, өзбек аудиториясына жеткіздім. Құлбек екеуміздің арамыздағы шығармашылық байланыс құрғақ сөзге емес, осындай шығармашылық нақты істермен жалғасып келеді. «Өмірдегі достықтың өнерге барып сабақтасуы», – деп екеуміз де сүйсініп жүреміз.
Құлбек достың «Адамның бір қызығы бала деген…» балалар әдебиеті сын еңбегін түркістандық өзбек ағайындар, ұлы Абай «тілімен» 2023 жылы «Инсоннинг бир қуввончи фарзанд эрур..» деген атпен кітап етіп бастырған екен. Дос қолынан сый ретінде алып оқып көріп, қазақ әдебиеті үшін ғана емес, өзбек, тіпті татар, башқұрт, қырғыз әдебиеті үшін де бағалы, пайдалы еңбек деп танып, өз жауапкершілігіме алып, тәржімасын редакциялап «Баласөз» деген атпен әлгі баспадан кітап етіп шығарып отырмыз. Әрине, бұл арада кітап авторымен көңіліміздің татулығы себеп емес. Гәп – кітаптың құндылығында.
Негізінен қазақ сыншысы жазған кітап – қазақ балалар әдебиетінің бір ғасырлық (1925-2024) кезеңдегі жасалған әдеби жәдігерлікті асылы мен жасығын саралап, талдайтын еңбек. Бірақ Құлбектің бір жақсы мінезі, ол – Шыңғыс Айтматов айтқандай, өзінің ұлт әдебиеті мысалдарымен шектеліп қалатын сыншы емес. Қазақ балалар әдебиетінің бар даму тенденциясын, жетістігімен қатар кемшілігін де аяусыз көрсетіп, оны барлық түрік халықтары әдебиеті туыс нұсқаларымен салыстыра сөз етіп өзінше өрнек салатын, өзгемізге үлгі шашып жүретін білімпаз сыншы. Ол – бір «Баласөзге» ғана қатысты емес, бұдан бұрын жарық көрген «Өлеңсөз», «Қарасөз», «Сарасөз», «Дарасөз», «Баянсөз» сын еңбектерінде өзін толық ақтаған сыншылық мәнер. Әдебиеттің қай жанрына қалам тартса да, сол жанрдың кәнігі маман сыншысы болып сөйлей жөнеледі біздің досымыз. Оны өзбек сыншысы мен айтпай-ақ, қазақтар өздерің де жақсы білесіңдер. Өйткені ол – қатардағы көп жазарманның бірі емес, қазақ әдебиетінің, қазақ әдебиетінің ғана емес, туыс түрік халықтары әдебиетінің де білгірі.
Құлбек Ергөбектің өзбек тіліне тәржімаланған тұңғыш кітабы «Адамның бір қызығы бала деген…» емес. «Езувчи ижодхоноси», «Абадият ва адабият» аталатын бірсыпыра кітабы өзбек тіліне аударылып, жарық көрген. Мен оның еңбектерінің Өзбекстанда басылуына азды-көпті қолұшымды тигіземін. Демек, қазақ тілінде де, өзбек тілінде де жарық көрген кітаптарын оқып келемін. Содан мынадай пікір түйемін: Орталық Азияда Құлбектей әдеби сынды көсіліп жазған, осы жанрда көп кітап шығарған әдебиетші, сыншы жоқ. Ол жазған сын еңбектердің тақырыптық ауқымы мейлінше кең, түрік халықтары әдебиетін кең қамтиды. Бұған «Түрікстан жинағы» аталатын 7 томдық еңбегін атасақ та жетеді. Талдау мәнері жаңа мазмұнда һәм терең талдаулар. Құлбектің «Бір өлең талдау» циклдық мақалаларын Орталық Азия әдебиетіндегі жаңалық санаймын. Эпистолярлық форманы пайдаланып тұтас бір сын кітабын жазу да – кісінің ойына оңайлықпен түсе қоймайтын тың форма.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Адамның бір қызығы бала деген…» кітабы – табиғаты қызықты еңбек. Сыншы Құлбек Ергөбек балалар әдебиетінің бір жанрын алады да, оның арғы тарихын қазып, бүгінгі тағдырын дәстүр аясында талдап ала жөнеледі. Бесік жыры, тақпақ, жұмбақ, балаларға арналған өлеңдер мен поэмалар – «Адамның бір қызығы бала деген…» сын кітабының асыл жүйесі. Қандай шығарманы да жанрлық жүйемен келіп саралап талдай бастасаң жетістігі де, кемшілігі де көрінеді емесе пе?
Балалар әдебиетінің жанрын айтқанда, жанрда туған шығармалар шоғырын талдағанда сыншы тарихи дерек, этнографиялық ерекшелік, балалар психологиясы жайында салт-дәстүр сабағы, психология ілімі шебер пайдаланады. Балалар әдебиетінің ерекшелігі – баланың жас ерекшелігіне қарай жазылатыны. Ондай шығарманы талдағанда жазушы білуге, шығарма жазу сәтінде ескеруге тиісті әлгі ерекшеліктерді талдауға ниет еткен сыншы білмесе, оның сыны сын емес, жәй сипаттау ғана болып шығар еді. Құлбек сыншының мына еңбегінде бірде ақын, бірде фольклорист ғалым, тағы бірде этнограф, тіпті балалар психологы сияқты болып бой тастап отыратын себебі осыдан. Бұл – үлкен жетістік.
Екінші ерекшелігі – автор портретист. Балалар ақын, жазушысының әдеби тағдырын әңгімелегенде өмірбаян ізіне түсіп, салпақтап отырмай фабула, мөлтек сюжет өріп жібере салады, балалар өмірінен бір штрих тастай салады, этнографиялық детальді ойнатады, жазушының жан сезімін сүзгілеп шығармашылық психологиясына еркін еніп кете барады. Оны Андре Моруалық мәнер десек жарасар, асылы. Портретист деген анықтамаға екпін түсіріп отырған себебіміз де осыдан. Ол балалар ақын, жазушылары портретін жасауда да өзгеден оқшау тұрады.
Дәрменсіз сыншылар секілді бірыңғай бір автор етегінен ұстап, бірыңғай портреттік мақала жазатын сыншың да Құлбек емес. Жалпы әдебиет проблемалы. Оның ішінде балалар әдебиетінің проблемасы, ішкі иірімі тым терең. В.Г.Белинскийдің бәріміз білетін, «Балалар жазушысы болып қалыптасу қиын, балалар жазушысы іштен туады», – деген пікірінде гәп бар. Құлбектің қолымыздағы кітапқа енген сын мақалаларының дені проблемаға құрылған талдау. Бір мақаласының аты – «Бүгінгі балалар әдебиетінің кейіпкері кім?» Сұрақтың мәні мынада: кешегі кеңестік кезеңде балалардың идеалы Павлик Морозов, Николай Островский, «Бөгелектер» болды. Бірі – өз әкесін өзі ұстап беріп жатса, бірі – жеке өмірі жоқ, мемлекеттік механизм… Оларға қарағанда Аркадий Гайдардың Тимуры, Қызыл ізшілері адам. Бүгінгі балаларға бұлардың ешқайсысы да идеал бола алмайтынын айтады сыншы. «Анатолий Алексиннің сынып жетекшісіне күш көрсететін мектеп оқушылары ма?» – дейді әрі қарай сыншы. Жоқ. Ол да оқушыларға үлгі бола алмайды. Енді кім?
Сұраққа жауап іздеп қазақ, қазақ қана емес, күллі түрік халықтары балалар әдебиетіндегі Ш.Бейшеналиев, К.Таныгуркулов, Н.Фазылов шығармаларындағы бала кейіпкерлердің ізіне түсіп сыншымен бірге сергелдең боласың. Тіпті Э.Межелайтистің бала күнделігі негізінде жазылған философиялық пэмасына, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі суға кететін бала тағдырына дейін жетелейді сені. Бұл – әдеби сындағы «интрига». Бұл – оқырманын «интригаға» түсіріп ойландыратын, сан сұраққа жауапты бірге іздеттіретін сыншының өзіндік мәнері.
Қалай таңғалмайсың!? Таңғалып сыншының ізіне ілесіп кете бермей, мына жан жадыратар жақсы жайларды айтқым келеді: Қазақстанда соңғы екі-үш жыл Президент Қ.К.Тоқаев тарапынан балалар әдебиеті жылы болып жарияланыпты. Табылған ақыл. Кенже саланы дамыту, өрістету амалы. Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген…» балалар әдебиетінің сыны саласындағы еңбегі Президенттің жолдауына жауап дер едім. В.Г.Белинский «Критика – мать литературы» деген. Әрине, сын әдебиеттің анасына айнала алмайды, шынайы көркем әдебиеттің тууына жетекшілік жасап болыса алады. Ұлы сыншының айтып отырған ойының дәні де – осы ой! Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген..» сын еңбегі – балалар әдебиетінің бары мен жоғын (кемшілігін) саралау ғана емес, балаларға арнап шығарамалар жазатын қаламгерлерге бағдар, даму жолы мынадай деп жол көрсету. Жақсы сын – жазушы үшін қашанда жолбасшы! «Адамның бір қызығы…» – осындай жолбасшы кітап!
Кітап бір қазақ балалар әдебиетімен шектеліп қалып жатқан жоқ, өзге түрік ұлт-ұлыстары секілді өзбек балалар әдебиетін де қоса-қабат әңгіме етеді. Орталық Азияда қазақ балалар әдебиетін түрік халықтары балалар әдебиеті контекстінде қарастырған мұндай жан-жақты, өрелі, білімді әдеби сын еңбегі әл-әзір туған жоқ. Еңбекті әдеби құбылыс деп қараймын. Құлбекті өзбек әдебиетінің классигі Адыл Яқубов: «Түрік халықтары әммәсі әдебиеті білгірі», – деп жазғаны бар. Мен күллі Түрік халықтары әдебиетіне толайым олжа салумен өткен классигіміздің осы бағасына ден қоямын. «Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген…» кітабы ҚР Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты балалар әдебиетіне жолбасшылық жасайтын аса үздік кітап деп білемін. «Адамның бір қызығы бала деген…» Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты», – деп Өзбекстанда жатып үн қосамын!
Қозақбой ЮЛДАШЕВ,
өзбек балалар әдебиеті
сыншысы, профессор