Сөз ұстаған
Бүгінгі әңгімеміз жарты ғасыр бойы тынымсыз ізденіп, биіктен-биікке өрлей толассыз жазып келе жатқан, жазудан өзге мұңы жоқ қазақ прозасының хас шебері Қ.Түменбайдың шығармашылығы жайлы болмақ. Әдеби туындыны оқу – адам баласына тән ерекше сезім-күйді басыңнан кешіру, өз бойыңнан адамшылықты іздеу, өткенді шолып, ертеңге үміт арту.
Қуандық Түменбай шығармашылығы – менің жиі айналып соғып отыратын, үнемі қадағалап оқитын әдеби көркем әлемім. Осы күнге дейін жазушының қаламынан туған барлық шығармаларымен толық таныс болатыным да сондықтан. Ол несімен тартады, нендей қасиетімен қызықтырады дегенге келсек, ең алдымен, жазушының өскен ортасы, оны шығармашыл тұлға ретінде қалыптастырған уақыт пен кеңістік мен үшін әуелден-ақ өте жақсы таныс болатын. Осындай қарапайым жерлестіктен, кейіпкерлер есімдері мен табиғатының таныстығынан басталған әдеттегі қызығушылығымыз уақыт өте келе жазушының суреткерлік шеберлігіне бойлауға ұласты. Мұнда сұлу тілмен әдіптелген, қаламгердің шебер өңдеуінен өткен өмірдің санқилы астарлы шындығы қаз-қалпында қағазға түсіп отырады, әртүрлі жандардың қайталанбайтын әлемі, адамды өзге жаратылыстардан ерекшелеп тұратын мөлдіреген сезім көркем туындыға айналады. Кейіпкерлердің болмысы, әрекеттері мейілінше түсінікті, мінездері таныс, өмірдің өзінен алынған.
Жазушының «Саябақтағы классикалық әуен» атты соңғы жинағына «Дүрбі», «Белдік сатқан», «Қайтар жол оңай», «Бөтен» атты хикаяттары мен отыздан аса әңгімесі еніпті.
Жалпы Қ.Түменбай прозасына ортақ ең басты ерекшелік оның реалистік сипатында дер едік. Шығармалардың сюжеттік желілері өмірде болған жағдаяттар негізінде өрбиді де, жазушы сол бір уақыт пен кеңістікке тәуелді шындықты көркем проза аясында өзінше игереді. Тілі соншалықты бай бола тұра, оның бояу-реңктерін төгіп-шашпай аса ұқыптылықпен пайдаланады. Мұнда биік пафос жоққа тән. Реализмнің көрнекті өкілі ретінде ол оқырманын жалаң экзотикалық тақырыптарға, беймәлім абстракциялық әлемге, мистицизмге жетелеуден аулақ. Ол қоғамдағы адамгершілік-философиялық және рухани мәселелерді ұлттық мәдени дәстүр аясында игеріп, қазақ халқының өткені мен бүгінін адамзаттың тағдырымен, ғаламмен байланыста көрсетуді көздейді. Проза саласында ұзақ еңбектену нәтижесінде Қ.Түменбайдың тек өзіне ғана тән қолтаңбасы қалыптасқан.
Жазушының кітап атауын иеленген әңгімесі – «Саябақтағы классикалық әуен» деп аталады. Алматы – иісі қазақтың көңіл төрінен орын алған киелі мекен әрі мына өмірде мұратына жеткен талай жанның соңғы тұрағы. Әңгімедегі оқиға желісі мен суреттелетін ахуал да соншалықты таныс әрі тосын. Кейіпкерлер – көзімізбен көріп жүрген, әрекетіне әбден қаныққан бүгінгі қоғамның мүшелері. Әйтседе, баршаға белгілі жайт қаламгер шығармасында жаңа бір қырынан көрініп, өткінші өмірдің баянсыз ақыры тың арнада бейнеленеді. Қазақта «кәрілік – сын» дейтін түсінік бар. Кәрілік – пенденің бүкіл тіршілігінің аяғы, өмірінің қорытындысы, жасаған күллі тірлігінің нәтижесі. «Не ексең, соны орасың». Әңгімеде әке мен бала, бір буын мен екінші буын арасындағы қарама-қайшылықтар, жалғыздық философиясы қылаң береді. Шығармада басы артық дүние жоқ, әрбір деталь сөйлеп тұр. «Оркестрлер шеруіне» дайындық үстіндегі музыканттар, төселіп бітпейтін тротуар мен бордюрлер, ақысын төлесе болды ештеңеден де шіміркпейтін жұмысшылар, басшы алдында қалтыраған шәлтірек шенеуніктер. Осының барлығына кемпірінен айрылып, ұл-қызға керек болмай қалған кешегі Кеңес заманы қайраткерінің, бүгінгінің қауқарсыз шалы Сұрағанның көзімен, өмірімен баға беріледі. Сүреңсіз қала үстінде мұңды әуен естіледі. «Қашықтап кеткен бір ұл, бір қыз да кезінде осы әткеншекке тербеліп өсті», – деп қиялдайды қария. Солайша «тербеліп өскен» ұл-қыз өз жөнімен кеткен. «Тек қасымда Рәсима жоқ. Құдай адамды қартайғанда жалғыз қалдырмасын». «Сұраш, шәй дайын» деген бір ауыз сөзді естісем деп құлағын тосты. Бірақ ешкім үн қатпады». Ажал төңіректеп жүр, өмір жалғасуда. Осылайша, жазушы әрбір қала тұрғынының басында болуы мүмкін «Құдайға ғана жарасатын жалғыздықтың» астарына, себеп-салдарына үңіледі.
Жинаққа енген жазушының «Еркек» атты әңгімесі бас кейіпкер Торыбайдың болмысты қазақша танып, өмірге қазақтың көзімен қарайтын дүниетанымымен құнды дер едік. Мұнда үнемі арбасып жүретін адамның физиологиялық табиғаты мен рухани әлемі қазақтың қалыптасқан дәстүрлі ұлттық дүниетанымы аясында сарапқа салынады. Маңайындағыларды жек көріп немесе жақтырып отырғаны беймәлім еркек – өз шаңырағының иесі, өз өмірінің қожайыны. Түрмеде болып келдім деп жасымайды, еркіндікке шықтым деп тасымайды, сол ескі қазақтың болмыс-бітімі. Ал ерін күтіп елегізген бір шаңырақ астындағы бәйбіше-тоқалдың отбасы мен отағасына деген ұстанымдары екі бөлек. Берекенің, тұрақтылық пен сыйластықтың символындай Күлпаш бәйбіше бәрін жарының көңілі мен отбасының ертеңі үшін құрбан етуге дайын, содан жан қалауын табады. Бәйбішеге ақыл-парасат, сабыр, ынсап бәрін аямай берген Жаратушы тек бір перзентке келгенде ғана сараңдық танытып, Тұран атты еркектің мұрагері тоқалынан туады. Есімінің өзі көне жұрттың елесіндей перзенттің өмірі де, келешегі де шаңыраққа таңулы. Әтір сатып қызылды-жасыл дүние-базарда отауынан қол үзетін Бәтес тоқал баласын бәйбіше мен еркекке қалдырып, өзі құндылықтар қақтығысында жоғалып тынады. Ал әулет тіршілігі одан ары жалғаса бермек.
Әділ қоғамда қылмыскер сотталады, ал қылмыс жайлаған қоғамда әділ жандар сотты болады. Бұл – бұлжымайтын заң, екінші мәрте сотталатын еркек Торыбайдың жасаған қылмысын тап басып атау да қиын, ең бастысы шаңырақ орнында. «Үйді сатпай кісі жіберіп қойыңдар. Өлсем, өз үйімнен шығам», – деді секунд санап тұрып». Тірліктің талай өткелегінен өткен еркектің бар арман-мұраты – болмай қоймайтын ажалды өз шаңырағында лайықты күтіп алу. «Отбасы – шағын мемлекет», демек, «Мемлекет – үлкен отбасы»… Қысқа ғана әңгіме осындай мәңгілік мұраттар мен тым шетін ойларға жетелейді…
Әділет мәселесі жазушының «Атуға бұйырылған адам» атты әңгімесінде де жалғасын табады. Бүкіл Сыр өңіріне аты жайылған атақты Жұмабай палуанның өзін қорлағысы келген жанды пышақтап, өлім жазасына кесілетіні – біздің бала күнімізден естіп өскен оқиғамыз. Қазақтың тілі мен ділі шетқақпай көріп, рухы әлсірегендей болған өліара тұста жекелеген келімсектердің жергілікті халықтарды басынғаны, екінші сортты тобырға айналдырғысы келгені де өмірде болған жағдай. Кей-кейде отаршыл сана қазақтың қонақжай пейілін әлсіздікке балап, ел ішіндегі жайлы орын, майлы қызметтің барлығын өзара бөліске салғаны, қазақты ең арғысы өз астанасынан да шеттеткені тарихтан мәлім. «Еркек тоқты – құрбандық», осындай жеме-жемде әрбір ұлт-азаттық қозғалыстардың басы-қасында жүрегінің түгі бар, ешкімге илікпейтін батыр жандар жүрді. Әділет жолында ештеңеден тайынбаған Иманжүсіп, Балуан Шолақтар да өз заманында ұры-қары, басбұзар атанып, қуғын-сүргін көрмеп пе еді. «Уақытсыз ерден, бақытсыз әйел артық» дейді халық даналығы. «Тентектік боп көрінеді кейде нағыз еркектік» деп Мұхтар ақын жырлағандай бір замандағы көзсіз батырлық, ендігі бір заманда әдеттегі бұзақылық болып шығуы бек мүмкін екен. Дәл сол секілді Ұлы Отан соғысынан оралған Жұмабай Бегалиев те ел ішіндегі бассыздықтардың, жер ауып келген кірмелердің қиянатын көзімен көріп, солармен ашық айқасқа түседі. Алғаш сотталуы да сондай әділетсіздіктермен күресте болыпты. Ал өлімге кесілуі соның шырқау шегі еді. Әңгіме арқауы – «Атылуға бұйырылған адамның» жан азасы, арылуы, өз ары мен ата-анасының аруағы алдында есеп беруі. Жазаның ең ауыры да, оның кешірілуі де сол ар әлемінде жүріп жатады.
«Сағындық соғыстан қой айдап келіпті» дегенде жұрттың төбе шашы тік тұрды» деп басталатын «Белдік сатқан» хикаятының тақырыбы да, оқиға желісі де бұрын-соңды көріп-білген үйреншікті шығармаларымыздан алабөтен ерекше. Бұл – ауыз әдебиетіндегі «Өлді деген батырың, өгіз мініп келедінің» тап өзі. Соғыстан адам құр сүлдерін сүйретіп, қарақан басының амандығын олжа көріп әрең келмеуші ме еді! Ал мұнда: «Соғыстың біткеніне бір жыл болды, қырғын бітпей жатып «ерлерше опат болды» деп соңынан «қара қағаз» келген Сағындық қисайта киген пилоткасының ұшында қызыл жұлдыз оттай жанып, сол баяғы тап-таза күйі ыржиып тұрып, ағайынмен амандаса бастады», – дейді. Дүниенің бәрін ақ пен қара, жағымды-жағымсызға ғана жіктеп үйренген оқырманның дәл осы тұста түкке түсіне алмай дал болары анық. Сағындық соғыста жүргенде дүниеге келген Бұқалай атты баланың есімі де осындай тосын сауалдардың жиынтығындай… Ал шынтуайтында мына өмірі бар болғыр қылаң мен баранның аралығындағы мыңдаған реңктерден, бір-біріне сабақтасып жататын қарама-қайшылықтардан тұрмай ма!? Міне, осы тұста шығарма әбден шиырланған көне соқпақпен кетпей, өмірдің өзіндей тың өріске бет алады және сонысымен де құны арта түседі. Ең бастысы, «Арамнан пайда қылмай-ақ қойдым» дегенде, әкесі айтқан көп мәтелдің бірі құлағына күңгірлеп естіліп тұрды» деген жолдар негізгі лейтмотив ретінде хикаяттың өн-бойына желідей тартылып жатыр.
Адамдардың ішкі мән-мазмұнын білдіретін, үнемі қалт-құлт етіп, бақылауға көне бермейтін, дәл мағынасын ешкім тап басып айта алмайтын қазақта «көңіл» дейтін күй немесе ұғым бар. «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді қазақ. Ал Абай белгілі өлеңінде «көңілім қайтты» деп түңіледі. Осы бір қазаққа ғана түсінікті адам көңілі тақырыбын Қ.Түменбай «Иттің тісін жұлған күн» атты атауы ерекше әңгімесіне арқау етеді. Бұрын-соңды қазақ баласы жасап көрмеген иттің тісін жұлу операциясына болашақ тіс дәрігері інісімен бірге үйдің иелері – аға мен жеңге де куә болады. Оқшау істің барысында жақын жандардың алғаусыз көңілі, мінез-құлықы жан-жақты ашылады.
Қорыта айтарымыз, Қ.Түменбай – кетпен ұстап, ұстағанда да диқаншылықпен атағы төрткүл дүниеге танылған бейнеткеш үлкен әулеттің өкілі. Бір кездері И.Әбдікәрімов Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызын кеудесіне тағып жатқанда Ыбекең: «Бұрын да біреуін тақтыңдар ғой, сол да жетпеуші ме еді!» – депті. Шалдың осы бір тосын сөзін кейін естіген Д.Қонаев: «Ай, әулием-ай!» – деп басын шайқап күле беріпті деседі. Сол кетпен ұстаған Ыбырай Жақаев әулетінен сөз ұстаған, сөз ұстағанда да қазақтың қара сөзінен кестедей ой тоқыған, болашаққа тұтастай ұлт атынан өлмес хат жолдаған бірден-бір жан осы – Қуандық Түменбай.
Алдыңғы аға буынды айтпағанда, бүгінгі қазақ прозашылары ішінен қара үзіп, шырқау кеткен, өмірінің мәнін жазудан тапқан, нендей сыйлыққа болса да лайықтысы осы – Қ.Түменбай. Бұл даусыз ақиқатты іштей барлығы да сезеді, біледі. Ең маңыздысы да сол. Қалғанының барлығын уақыттың өзі көрсетеді.
Мамай Ахет,
әдебиеттанушы
ПІКІРЛЕР1