ТАУ ҚҰСЫ
Белгілі алаштанушы ғалым, газетіміздің тұрақты авторы Елдос Тоқтарбай шығармашылық жолын балаларға арнап өлең, ертегі, әңгіме жазудан бастаған. Оның шығармалары әр жылдары «Дарабоз», «Ақ қауырсын», «Балауса», т.б. халықаралық, республикалық әдеби байқауларда топ жарып, жеңімпаз атанған. Жақында жазушының «Тау құсы» деп аталатын ертегі, әңгіме, хикаяттары жарыққа шықты. Әріптесімізге құтты болсын айтамыз!
ТАУ ҚҰСЫ
Көктем айы еді. Жомарт атай күрең қызыл дорбасын арқалап, дәрілік өсімдіктер жинап қайту үшін тау беткейінде кетіп бара жатқан еді. Атай бітік өскен тобылғы арасынан өтіп бара жатып, бұғып жатқан ұларды байқап қалды. Еңкейіп жақындаса да қашар емес. Атай ұларды қолына алып қарағанда, оның аяғы сынғанын бірден байқады. Жаралы құсты дорбасына салып алып, үйіне алып келді. Жарақатын таңып, жем берді. Сөйтіп баласындай күтіп, мәпелеп үш ай асырады. Міне, қоңыр күз де келіп жетті.
Бірде атай аулаға шыққанда, көкте тізіле ұшып бара жатқан құстарды көрді. Бұл кезде ұлар ауруынан құлан-таза айығып, тіпті қолға да үйреніп қалған еді. Атай оны қорадан алып шығып, көкке қарай ұшырып жіберді. Ұлар әуелі атаймен қоштасқандай үйді айнала ұшып, содан соң барып тауға қарай бет алды. Бір қызығы – адамды көрсе, алыстан қашатын тау құсы келер жылы атайдың қыстау қорасына келіп ұя салды. Тіпті атай шөкелеп намаз оқи бастағанда оң жағына келіп, қонып отыратынды шығарды.
САҒАТ
Бірінші сыныпта оқитын Сәния – сәнқой қыз. Анасы туған күніне сағат сыйлапты. Күнде ауладағы балаларға сағатын қайта-қайта көрсетіп: «Бұл – соңғы шыққан супер сағат. Уақытты да, күнді де, керек десең жүрген қадамыңды да көрсетеді. Үйде отырған анам мені осы сағат арқылы бақылап отырады», – деп мақтанып қоятын.
Бір күні ойын алаңқайында кішкентай немересін ойнатып отырған көрші Сәлима апа:
– Сәния ботам, сағатың неше болды? – деп сұрады. Сонда сәнқой Сәния қолындағы сағатына қарап тұрды да, үйіне қарай тұра жүгірген болатын. Балалар үйлеріне тарқасып жатқанда Сәния келіп:
– Сәлима апа, анам айтты сағатың кешкі бестен он бес минут кетті, – деді. Сонда ауладағы балалар оның сағат тілін танымайтынын байқап: «Мақтаншақ Сәния», – деп күліп еді. Сол күннен кейін Сәния намысқа тырысып, сағаттың тілін жатқа білетін болды.
Ал сен сағат тілін ажырата аласың ба?
ОТАН
Елордада тұратын Олжастың үйіне ауылдан әжесі мен бөлесі Ордаәлі келді. Олжас пен Ордаәлі тетелес. Екеуі де 3-сынып оқушысы. Олжастың ауласында үлкен саябақ бар. Саябақтың ортасында үлкен монумент тұр екен. Ауылдан келген Ордаәлі:
– Олжас, мынау кімнің ескерткіші? – деп сұрады. Ол селқос үнмен:
– Білмедім, – деді.
Немерелерінің әңгімесін естіп отырған әже:
– Шырақтарым-ау, бұл – «Отан – Ана» монументі. Отан дегеніміз – біздің осы еліміз. Ол – үлкен астана. Ол – кең-байтақ Қазақстан. Отан деген – Олжас пен Ордаәлі, – деп отырғанда сабырсыз Олжас:
– Әже, Отан деген неге бізбіз? – деп үлкеннің сөзін бөлді. Сонда әжесі:
– Айналайын, «Отан отбасынан басталады» деген мақал бар. Отан деген – шағын ғана жанұя. Бала анасын қалай жақсы көрсе, Отанын да солай жақсы көруі керек. Өйткені Отан – біздің анамыз. Отанды қорғау – азамат парызы, – деп немерелерінің маңдайынан мейірлене сүйді.
КҮЙГЕН ТОРТ
Әпкелі-сіңлілі Айжан мен Маржан таң атқаннан бері мерекелік торт пісіруге кірісті. Алдымен YouTube арнасындағы торт мәзірімен танысты. Сосын екеуі бірлесе дайындап, пешке салды. Пештегі торттың хош иісі бүкіл бөлмені шарпыды. Танауыңды жарар иіс шыққан сәтте Айжан сіңлісіне қарап:
– Бұл тортты жасаған негізі менмін. Менің үлесім өте көп. Сондықтан еңбек иесі – менмін! – деді.
Маржан да есесін жібермей:
– Мерекелік торт пісірейік деп идея тастаған – мен ғой. Сондықтан бұл тортта менің де үлесім бар, – деп қарсылық білдірді.
Екеуі бір-бірімен сөз таластырып жатқанда, пештегі торт күйіп, бөлмеге күлімсі иіс ә дегенше тарап кетті.
«КӨЗІМДІ ҚҰРТПАЙЫН»
Алты жасар Алинұр – ақылды, өте зерек бала. Інісі бес жасар Арнұр болса, күні бойы анасының ұялы телефонымен ойнайды да отырады. Қолынан телефонды тартып алса, аңырап кеп жылайды. Інісінің үйді басына көтере жылағанын естіген ағасы:
– Арнұртай, ұялы телефонды адамдар бір-бірімен жылдам хабар алысу үшін ғана шығарған екен. Бұның пайдасынан гөрі зияны көп, – деді.
– Зиян болса, сен неге ұстайсың? – деді қарап тұрмай.
– Менің телефонымда ойын жоқ. Тек мектепте, сыртта жүргенде анама хабарласу үшін ғана қолданамын. Бізге мұғалім: «Адамға денсаулық қымбат», – деп айтқан, сондықтан көзімді, денсаулығымды құртқым келмейді, – деді.
– Ендеше мен де көзімді құртпайын, – деді Арнұр бұртиып.
Елдос Тоқтарбай