ЖАҢАШЫЛДЫҚТАН ЖАСҚАНСАҚ…
Биыл М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ашылғанына 90 жыл толды. Қазақ өнерінің тарихы терең шаңырағының бұл мерекесі тек қазақ өнері үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін айтулы күн. Елімізге есімі кең тараған көптеген айтулы актерлеріміз өнерге осы театрдың жанындағы актерлік студиядан қанат қағып, осы шаңырақта еңбек етті. 90 жылдық қалың тарихтың кейінгі жалғасы қалай жазылуда? Театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Мерейтой қарсаңында біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан БІЛӘЛ мырзамен осы жайында әңгімелестік.
– Кешегі Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтердің ізі қалған театр сахнасында актер ретінде өнер көрсетудің орны бөлек екені белгілі. Бұл театрға басшы болудың жүгі де жеңіл емес. Жастайыңыздан шыңдалған ұжымның басшылығына келу сізге қандай міндеттер жүктейді?
– Қасиетті қара шаңырақтың табалдырығына актер ретінде қадам басқалы бері жиырма бес жылдай уақыт өтіпті. Жиырма бес жыл дегеніңіз – күні кеше 100 жасқа келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова апамыз бен театрымыздың ұстыны болып отырған Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев ағаларымыздың биігінен алғанда аз ғана уақыт екені рас, ал актерлік өнердің есігін енді ашқан жастар үшін бірталай уақыт. Кез келген салада алдыңғы буын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арасында жалғасқан ұрпақ сабақтастығы болады. Біздің театрда да ағалар салып кеткен із, қалыптастырып кеткен игі дәстүр бар. Менің міндетім – ата жолынан айнымай, сол дәстүрді заманға сай жаңашылдықпен ұштастырып, әрі қарай жалғауға негізделуі тиіс деп түсінемін. Бұл жолда маған жол көрсететін осы театрдағы аға-апаларым тең-тұстас қатарым, ізетін көрсететін іні-қарындас әріптестерім. Барлығымыз бір кемедеміз. Өзіңіз жоғарыда атап өткен театр корифейлерінің көзін көрген, тәлімін алған Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Есмұхан Обаев, Құман Тастанбеков сынды апа-ағаларым маған өнер атты кеменің ескегін есуді осы күнге дейін үйретіп келді. Әлі де олардан үйренерім көп. Басшылық қызметке келдім екен деп тыңнан түрен саламын деп айта алмаймын. Басшылық дегеннің атағы қандай дардай болса, талабы да соғұрлым үлкен. Талаптың үдесінен шығу жауапкершілікпен қатар асқан қажыр-қайратты керек етеді.
Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов осы театрда жүріп Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сынды қазақ театрының негізін қалаған актерлердің тәлім-тәрбиесін алды. Мәскеуден алған білімін осы театрдың қалыптасқан дәстүрімен ұштастыра отырып жетілдірді. Театрдың көшін өрге сүйреді.
Көненің көзін көрген алыптар тобы кеңестік дәуірде бүкіл әлемге қазақ өнерін паш етіп қана қоймай, әрқайсысы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасты. Қалибек Қуанышбаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов секілді актерлер қазақ өнерін қалыптастырып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жол көрсетті.
Сол дәстүрді көрген, сол дәстүрді таныған біз, бүгінгі егемен елдің ұрпағы ретінде, егемен елдің азаматы ретінде ары қарай лайықты алып жүруіміз керек. Ол үшін білімімізді, таным-талғамымызды ұштай беруіміз қажет. Сонда ғана ойға алған мұрат-мақсаттарымызға жетеміз.
– Осы маусымның ерекшелігіне тоқталсаңыз?
– 2015 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, ең негізгісі Астана мен Тараз қалаларында өткені белгілі. Сол айтулы шараға М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ауқымды жобамен қатысты. Таразда Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» пьесасы бойынша 700 адам қатысқан спектакль қойдық. Мұндай ауқымды жоба театрдың тарихында бұрын-соңды болмаған деуге болады. Осы театрдың бүкіл ұжымы, Тараздағы театрдың өкілдері мен жергілікті әскери бөлімнің әскерилерімен бірігіп стадиондық масштабта қойылым қойдық. Халық жақсы қабылдады, теледидар арқылы көрсетіліп, елдің әр аймағына тарады. Ойға алған мақсат орындалған сыңайлы.
Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай «Алмас қылыш» спектаклін көрсеттік. Режиссері Алма Кәкішова. Бүгінгі көрерменнің таным-талғамы өте күшті. Бүгінгі өскелең ұрпақтың кеудесі патриоттық сезімге толы. Сондықтан отансүйгіштікті дәріптейтін тарихи қойылымдарды ерекше ілтипатпен қабылдайды. Сыншылар тарапынан айтылған пікірлер де жақсы.
Кеше ғана театрымыздың 90 жылдық мерейтойын атап өттік. Жыл сайын өтетін «Театр көктемі» фестивалі де осы жұманың ішінде мерейтоймен қатар аталды. Фестивальға осы маусымдағы жаңа қойылымдар қатысты. Қалыптасқан дәстүрге сай биылғы фестивалді жүз жасқа келген Хабиба Елебекова апамыздың құрметіне сол кісінің атымен атадық. Фестиваль қорытындысы халықаралық Театр күнінде – 27 наурызда шығарылып, салтанатты кеште лауреаттар марапатталды.
1926 жылдан басталған театр тарихын үш кезеңге бөліп, кезең-кезең бойынша көрме ұйымдастырылды. Театр тарихынан сыр шертетін суреттер мен видео-материал көрсетіліп, дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Бұл шараға театр актерлері ғана емес, театр мұражайының қызметкерлері де белсенді түрде қатысты, театр сыншылары мен өнертанушылар да тыс қалған жоқ.
– «Қарагөз» спектакліндегі Сырым образынан «Абай» қойылымындағы Абай бейнесіне дейін біраз бейнелерді сомдадыңыз. Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп келесіз. Ерлан Біләлдің болашақ актерлерге берер тәлімі несімен ерекшеленді?
– Әрбір өнер адамының бет алған бағыты өнер мен өмірден жинаған тәжірибесіне қарай қалыптасады деп ойлаймын. Ұстаздық та өнердегі жылдар бойғы тәжірибемен келеді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Музыкалық-драма факультетінде өзімнің қал-қадерім жеткенше шәкірттерге дәріс беріп жүрген жайым бар. Оның ерекшелігі мынадай деп дөп басып айта алмаймын. Ерекшелігі – менің ұстанымыма байланысты. Ол дегеніңіз – үлкен ұстаздарымнан үйренген, осы театрдағы шеберлерден үйренген актерлік әдіс-тәсілдермен адалдық-адамгершілік, мейірімділік, төзімділік, табандылық, еңбекқорлық секілді адамдық қасиеттерге келіп тіреледі.
Бес саусақ бірдей емес, шәкірттердің әрқайсысы әр отбасынан тәрбие алған балалар. Соған сай дүниетанымы, өмірге деген көзқарастары да әр түрлі. Әр шәкірттің тамырын дөп баса білу ұстаздықтың басты міндеті болса керек. Бәрін бір қалыпқа сала алмайсыз. Әр шәкірттің қабілетін студенттің өз ерекшелігіне сай дамытуға тырысамын. Менен дәріс алған студенттің барлығы маған ұқсап шықса, онда менің ұстаз болмағаным.
– Соңғы кездері біраз телесериалға түстіңіз. Дегенмен, театр актері болу табиғатыңызға жақын секілді…
– Өнер академиясының қабырғасында театр және кино актері мамандығына машықтандық. Кино актерліктің түп тамыры театрда жатқаны жасырын емес. Театр – өнердің алтын қазығы. Меніңше, театрды жақсы меңгерген актер киноға түсу барысында да қиналмайды, телебағдарламаларды да кәсіби тұрғыда жүргізе алады. Дейтұрғанмен, театрдың мен үшін орны бөлек. Бүкіл тағдырым театрмен біте қайнасып келе жатыр. Театр мен үшін алтын тұғыр, алтын қазық.
– 90 жылдық тарихы бар театрдың бүгінгі бағыт-бағдары қалай?
– Әр кезеңнің өз қиыншылығы, әр заманның бет алысына қарай артық-кемі, жетістігі, жеңісі болады. Азаттықты аңсап өткен бабаларымыздың басты арманына қол жеткізген бүгінгі ұрпақ енді сол бақытты баянды етуге, қадірін біліп болашақ ұрпаққа аманат етуге күш салуы тиіс. Бұл тұрғыда еліміздің әр саласының маманы өз кәсібін адал атқарып, сол саланы дамытуға қажыр-қайрат жұмсаса сол тәуелсіздіктің баянды болуына қосқан зор үлесі болар еді деп есептеймін. Әлем көші бет түзеген даму сатысына өз болмысымызды, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып аяқ басу кезек күттірмейтін іс. Барлық сала секілді театр саласы да жаңаша даму, өзгеше өрлеу жолына түсті. Ол жолды өзімізге жат санасақ бұйығылыққа ұрынамыз. Сондықтан да халықаралық театр фестивальдерін ұйымдастырып, шетелдерде өтетін өнер жарыстарына қатысып, сол арқылы заманға сай дамуға ілескеніміз абзал. Мұндай мүмкіндікке ие болғанымыз егемендіктің арқасында.
– Режиссура мен драматургияның бүгінгі жағдайы туралы не айтар едіңіз?
– Қазақ театр өнеріндегі режиссура саласына өз кезегінде Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов жаңа серпін бергенін білесіздер. Одан кейін де айтулы серпілістер болды. Кейінгі жылдары театр өнері біршама жас режиссерлермен толықты. Олар да өз заманына сай жаңалық енгізуге талпынып жүр. Әзағаңдардың көзін көрген Есмұхан Обаев, Асанәлі Әшімов ағаларымыз осы ұжымда жұмыс істеп жүр. Бұл кісілер кейінгі жас режиссерлердің жаңалығын қолдап, білмегенін үйретуден шаршаған емес. Драматургия да өзіндік ерекшелігіне сай дамып келеді. Осы шаңырақта көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыздың «Жау жүрек», «Әпке», «Ескі үймен қоштасу» сияқты пьесалары қойылып жүр. Драматургиядан қол үзбей, өз шығармаларының ғана емес, театр өнерінің де дамуына үлес қосып келе жатқан Дулат ағамызды драматургия тұрғысынан алғанда театрдың тіреуіне айналып отыр десем, ешкім қарсы бола қоймас.
Биылғы «Жыл драматургі» атанған жас драматург Әннәс Бағдат біздің театрдың драматургтар корпусында жұмыс жасап жатыр. Театрдың ел ішінде ғана емес, шетелдерде өткен театр фестивальдерінен де жүлделі орын алып жүргені оның болашағының жарқын екенін айқындаса керек. Барлық өнер саласы секілді театр саласы да бір орында тұрмайды. Жылдан-жылға дамып келеді. Еңбек пен ізденіс болған жерде өнердің тоқырауы мүмкін емес. Ал ізденіс бар жерден ұзамай жаңалық та табылады.
– Театрдағы негізгі ұстанымыңыз қандай?
– Театр менің ұғымымда адалдық пен адамгершілік. Өнерге адалдық төзімділіктен келіп шығады. Кей адамдар өз ісінің бір жағынан қиындық сезсе басқа жаққа ауысып, ол жанына жақпаса үшінші жаққа ауысып кетіп жүреді. Бұл – тұрақсыздық. Кез келген өнер адамы жанын ізгілендіруге талпынбаса адасады. Театрымыздағы барлық қойылымның дерлік авторы адамгершілікке, мейірімділікке, төзімділікке, құрметке үндейді. Театрдағы негізгі қағида, мен үшін, тұрақтылық, жасампаздық, мейірім, адамгершілік-адалдық. Осы қасиеттер болған жерде кәсіби білім алған адам сөзсіз өз кәсібінің биігіне көтеріледі, қоғамға әсер ете алады.
– Театрдағы жас толқын жайлы не айтар едіңіз?
– Жас ұрпақтың жақсы болмағы аға буынға тікелей байланысты. Менің тұстастарымның бойында бір жақсы мінез болса, ол біздің алдымыздағы үлкендердің еңбегі. Дәл сол секілді біз басқан қадамға қарай артымыздан ерген жас ұрпақ қалыптасады деп ойлаймын. Сондықтан алдыңдағы ағадан алған тәрбиеңді, тәжірибеңді кейінгі буынға сіңіру де үлкен жауапкершілік, үлкен міндет.
– Қазіргі театр мен кино саласындағы жас буын әлемдік кино мен театрдағы жаңа ағымдардан қаншалықты хабардар?
– Кейінгі жылдары түсірілген бірді-екілі фильмдеріміз халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып, актерлеріміз де шетелдік киностудиялардың шақыртуымен фильмдерге түсіп жүр. Кеше ғана алғашқы көрсетілім болған Ақан Сатаевтың «Анаға жол» фильмі өзінің тарапынан бағасын алды. Осы фильмнің басты және қосалқы рөлдерін орындаған М.Әуезов театрының Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Алмас Шаяхметов сынды актерлері.
Қазір ақпарат алу қиын емес, сол себепті әлемдік кино мен театр саласындағы жаңалық біздің актерлерге жетпей қалды немесе біздің актерлер әлемдегі өнердің жаңалығынан хабарсыз деп айта алмаймын. Кез келген сала маманы өз саласындағы әлемдік жаңалықтан хабардар болуға тырысады. Актерлер де сондай.
Бұдан біраз уақыт бұрын Атырауға гастрольдік сапармен барғанымызда бір көрермен бізбен арнайы келіп жолығып «Мен сендердің спектальдеріңді көріп Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабековтердің қолтаңбасын көрдім. Театр өнері солар көтерген биіктігінен аласарып кетті-ау деп ойлаушы ем, жоқ олардың жолы үзілмеген екен әрі заманға сай жетіліп келеді екен. Құдайға шүкір», – деп өз пікірін айтты. Театрымыздағы жасы үлкен Құман Тастанбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Қаптағаев, Саят Мерекенов, Айдос Бектемір, Омар Қиқымов, Болат Әбділманов, Жұмағали Маханов сынды актерлеріміз жаңағы көрермен айтқан алыптардың көзін көрді, тәлімін алды. Ал олардың ізін алып Бекжан Тұрыс, Ғани Құлжанов, Асылбек Боранбаев, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсұлтанова, Дулыға Ақмолда, Дәрия Жүсіп, Жалғас Толғанбай сынды өнер иелері өз кәсібінің биігіне көтеріліп келеді. Ал кәсіби шеберлік ізденістің арқасында келеді.
– Сіздердің театр қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын осыдан екі-үш жыл бұрын сахналаған еді. Аз ғана уақыт ішінде қазақы рух, ұлттық намыс пен жігер, алаштық айбын атойлаған бұл спектакль халық көңілінен шықты. Болашақта қандай жаңа қойылымдар қоюды жоспарлап отырсыздар?
– Жоғарыда театрымыздың белді драматургі деп Дулат Исабеков ағамызды айтып өттім. Театрымызда Қалихан Ысқақ, Тынымбай Нұрмағамбетов, Әкім Тарази, Рахымжан Отарбаев, Иран-Ғайып, Исраил Сапарбай сынды аға буын драматургтердің шығармалары қойылды. Шығарма келіп жатса әлі де қойыла береді деген ойдамын. Драматург пен режиссер театрдың ұстыны секілді ол екеуі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе ғана театрдың көші ілгерілейді. Сондықтан драматургпен тығыз қарым-қатынас орнату кез келген театрдың басты ұстанымы.
Болашақтағы жоспарға келсек, жоспардағы қойылымдарды айтпағанда, Құдай бұйыртса, тоталитарлық жүйенің зардабын көрсететін КарЛАГ түрмесі жайлы халықаралық деңгейде бір жоба жасауға талпынып отырмыз. Оның бүге-шігесіне тоқталмай-ақ қояйын. Жоба жүзеге асып сәтті шығып жатса, көрермен өзі куә болар.
– Сіздерге келген пьесалар көркемдік кеңес арқылы таңдала ма?
– Міндетті түрде авторлар жолдаған пьесалар алдымен көркемдік кеңесте оқылады. Көркемдік кеңестің үдесінен шығып, бүгінгі талапқа, қоғамның бүгінгі беталысына сай келіп жатқан шығарма сахнаға шығарылады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР1