САММИТ ТЕН СОҢ
19.07.2024
57
0

ШЫҰ-ның Астанада өткен 24-саммиті. Сырттай қарағанда – үлкен халықаралық ұйымның кезекті бас қосуы. Бірақ тереңірек үңілсек, бұл бас қосудың мәні Қазақстан үшін бөлек екен. Саясат майданындағы сарапшы емеспіз. Қарапайым жазушымыз. Сондықтан, бұл жиын туралы біздің көзқарасымыз саясат сорпасын күнде сапырып жүрген сарапшылардың көзқарасына ұқсамауы әбден мүмкін. Сонымен не түйдік?!
Ресми түрде бұл саммит Қазақстанның аталған Ұйым алдындағы жылдық есебі болды. Бірақ шараның ұйымдастырылуына көз салсақ, Қазақстанның жылдық есебі шеңберінен кеңейіп кеткенін көреміз. Қазақстан ШЫҰ саммитін кеңейтпей-ақ, осы Ұйым мүшелері аясында өткізуіне болар еді. Алайда іс жүзінде басқаша болған. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және ШЫҰ-ға мүше емес 10 мемлекеттің басшылары келді. Оған қоса ОДКБ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, ТМД басшысы Бақытжан Сағынтаев та саммит төрінде отырды. Осыдан ой келеді, Қазақстан Президенті тек ғана ШЫҰ алдында есеп беріп қана қоймай, мәртебелі қонақтардың басын қосып, Қазақстанның беделін ұлықтап, алыс-жақын әлем алдында кең есеп беруді көздесе керек деген. Әсіресе сыншылары жетерлік Қазақстан халқы алдында есеп беруді көздесе керек. Осыны көрдік. Саммит Қазақстан Президентінің де, ол басқарған елдің де сыртқы саясаттағы биік беделін әйгілей түсті. Оған қоса екі алып империя арасындағы Қазақстанның күрделі геосаяси ахуалынан хабар берді. Қазақ­станның геосаяси ахуалы қай кезде де қазақ басшылары үшін осал бас ауру болмаған. Әсіресе Абылай үшін. Ат белінен түспеген Абылай қазақты тек ақ найзаның ұшымен ғана емес, дипломатияның күшімен де қорғады. Сол тұста өз күшіне сенген, бірақ дипломатиясы ақсаған жоңғар жұрты Абылайдың көз алдында күңіреніп тарих сахнасынан көшті. Ал Абылай болса, осы бір Сират көпірінен халқын аман алып шыға білді. Дипломатияның күшімен. Бүгін ше? Бүгін де қазақ басындағы геосаяси ахуал өзгермеген. Бүгін де Сират көпірі үстінде келе жатқандаймыз. Ғасырлар ауысса да, көршілер ауыспаған. Өз орнында. Қазақстан да өз орнында. Сол себептен де қазақ пешенесіне жазылған тарихи тауқыметті тартумен келеміз. Путиннің құзырындағы Ресей депутаттары мен саясаткерлерінің Қазақстанға қарадан қарап отырып ұрынып, тиісіп сөйлейтінін көрудей-ақ көріп келеміз. Өйткені империялық Ресейге Қазақ­станның тәуелсіз ел болғаны керек емес екен. Ресейге кіріптар ел болғаны керек екен. Соны көріп келеміз. Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылдар соны көрсетеді. Сол шабуылдар ең алдымен Қазақстан басшысының жүйкесіне шегедей қадалары хақ. Оспадарсыз орыс деутаттарына қарымтаны қалай берем деп Тоқаев түн ұйқысын төрт бөлері анық. Қызығы сол, Тоқаевтың түн ұйқысын төрт бөлген сол ақпараттық шабуылдарға қарсы соққыны осы саммиттің барысында анық байқадық. Қасым-Жомарт Кемелұлы орыс депутат­тарына оңдырмай соққы бере білді. Си Дзиньпиннің ауызымен. Си Дзиньпин төраға Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғуына көршілес Қытайдың үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Қазақстанның территориялық тұтастығына Қытайдың тірек болатынын айтты. Осылайша, Орталық Азия үстіндегі үлкен шахмат тақтасында Тоқаев екі жеп биге шықты. Абылай салған жолға шықты. Абылайдың жолы алмағайып заманда екі алып империя арасынан алашты аман алып шығудың жолы еді.
Сұрақ туады: Қытай тарапы неге Қазақстанды осыншама ашық қорғау­ға шықты? Бұл да бекер емес. Өйткені Қытайдың шетке шығаратын тауарларының бүгінде 85 пайызы Ұлы Дала арқылы өтеді. Демек, Қазақстан анау-мынау емес – Қытай саудасын күллі Батыспен жалғап тұрған жанды күретамыр. Қытайға осы күре тамырдың аман болғаны керек. Саммит Қазақстанның қос құрлық арасындағы сыртқы саясаттағы орнын көрсетті. Бір алып көршісі тәуелсіздігін тақымдай берсе, екінші алып көршісі Қазақстанға тірек болатынын айтты. Екіншісі – Қытай. Алып Қытай. XXI-ғасырда оянған алып! Жыл сайын қарыштап дамып келе жатқан алып. Біздің бұл елден үйренеріміз көп. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Алып елмен әмпей-жәмпей боламыз деп, күндердің-күнінде бұл алыптың жұтқанда жұмырынан табылмасақ болды.
Сонымен, саммит салған сара жол, көріп отырғанымыздай, алдымен сыртқы саясатта орын алды. Қасым- Жомарт Тоқаев өзінің сыртқы саясат­тағы шахмат ойынында үлкен кәсіби ойыншы екенін көрсетті. Қате жүрістер жасамады. Бұл шахмат тақтасында ешкімге есе жібермеді. Қазақстан үшін бұл бір сәтті біткен шаруа болды. Ұзағынан сүйіндірсін.
Енді Қазақстанның алдында екінші майдан тұр. Ішкі саясат атты күрмеуі қиын күрделі майдан ол. Ендігі мақсат – осы майданнан аман өту. Екінші Президентке күн құрғатпай сын садағын қадап келе жатқандар да осы майданда. Оны біз күнде көріп отырмыз. Бұл ретте біз бір нәрсені білеміз. Екінші Президентті халықтың екі рет сайлағанын білеміз. Қазақстан халқы оған екі рет сенім артқанын білеміз. Ол көтерген «Жаңа әділетті Қазақстан» ұранына үн қосқанын білеміз. Үн қоспаған азшылықты да білеміз. Тоқаевқа қарсы ақпараттық шабуылды үзбей отырған да осы азшылық еді.
1. Бұл азшылық кімдер? Олар – әділетсіз Қазақстан кезінде «үріп ішіп, шайқап төгіп» билік пен байлықты басып алып, білгенін істегендер. Таза кәсіпкерлікпен айналыспай, алға шыққандардың мал-мүлкін тартып алып, рейдерлікпен айналысқандар. Бұл әділетсіздік ондаған жылдарға созылғанын білеміз. Қазақстан байлығы «тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кеткенін білеміз. Миллиард­тар шетелге ағылды. Президент ол байлықты кері қайтаруға кіріскенде алпауыттар аттандап қарсы шықты. Кешегі Қаңтарда сол алпауыттар көтерілісті бетке ұстап, Президентті екі бүктеп, бір шайнағысы келгенін де білеміз.
2. Ішкі саясаттағы екінші сыншылар кімдер? Әрине – кедейлер. «Кедейдің кіжінуі бітпес» деген. Ондаған жылдарға созылған әділетсіздік кешегі Қаңтарда соларды көшеге айдап шықты. Тапқаны тамағына жетпей отырған бұл ызалы топ өздерін осы күйге түсіргендерге қарсы дүркіреп көшеге шықты. Көзге түскенді қиратып ашу-ызасын мемлекеттік мекемелерден алды. Сөйтіп, бұл ызалы топ өздерін осы күйге түсіргендермен күресудің орнына олардың қолшоқпарына айналды. Айлалы алпауыттар ашулы топты әділетті Қазақстан билігіне қарсы айтақтады. Тоқаев билігін талқандағысы келді. Бірақ Тоқаев билігі де «үп» десе ұшып кететін ши қалпақ емес еді. Өліспей беріспеді. 230 адам құрбан болды. Қазақстандағы бұл қантөгіске ОДКБ араласпағанда Қазақстан алапат азамат соғысы ошағына айналар ма еді… Сепаратизм бас көтерер еді. Қазақстан бөлшектенер еді. Ескі Қазақстан билікке қайта келер еді. Әділетті Қазақстанға барар жол тағы бір 30 жылға жабылар еді. Құдай бізді осындай қасіреттен сақтады. Ендеше, өкімет, ендігі күш-жігерін Қаңтардың қайталанбас жолдарын іздестіруге жұмсауы керек. Ол үшін әлеуметтік аз қорғалған топтардың ауыр тұрмысын жеңілдету жолдарын іздестіруі керек. Кедейлер армиясын азайту керек. Осы тауқыметті бізден артық білетін Қ.Ж.Тоқаев бір сөзінде: «Халық ертең емес, бүгін бақытты болғысы келеді», – деді. Бұл сөзді ол бекер айтпаған еді. Бұл сөз Қазақстанның экономикалық әлеуетіне сүйеніп айтылған сөз еді. Бұл сөз, іші қыжылға толы кедей-кембағалдар армиясын болдырмауға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар екенін білетін Басшының сөзі еді. Қараңыз, қазірдің өзінде бір Қазақ­станның экономикалық әлеуеті Өзбекстан, Беларус, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Тәжікстан тәрізді елдердің экономикасын қосқандағы әлеуетінен артық екен. Қазақстандағы бүгінгі жыл сайынғы Ішкі жалпы өнім әр адам басына шаққанда 13 мың АҚШ долларын құрайды. Халықаралық МВФ ұйымының болжамынша, ағымдағы жылдың аяғына шейін Қазақстанның жан басына шаққандағы табысы ТМД бойынша бірінші орынға шықпақ. Демек, бай елде тұрып жатыр екенбіз. Бай елде тұрып жатқан халықтың бақытсыз болуға қисыны жоқ емес пе?! Ендеше, Қазақстанда белең алған берекесіздіктер қайдан шықты? Тереңіне үңіліп мән бере қарасақ, мәселе, бар байлықты қалай басқаруда екен. Мәселе осында екен. Халқына емес, қалтасына жұмыс істейтін әділетсіз жүйемен үзілді-кесілді күрес жүрмесе, ендігі жерде Ел болуымыз қиын екен. Осы күресті бастады Тоқаев. Талан-таражға түскен халық ырысы мен қоғамдық жүйеде мызғымай тұруы тиіс әділетті аяқасты еткен әділетсіз алпауыттардан тартып ала бастады. Ал алпауыттардың болса, өліспей берісетін түрі жоқ. Осындай күрес жүріп жатыр. Әділетті Қазақстан үшін күрес жүріп жатыр. Бақытсыздықтан ада, бақытты қоғам құру жолында үлкен күрес жүріп жатыр.
Бұл күрес – ешкім сырт қалуға болмайтын күрес. Өйткені бұл – Қазақ­стан үшін күрес. Жер бетіндегі жалғыз Отанымыз үшін күрес. Біз де сырт қала алмадық. Содан қолымызға қалам алдық. Бұл деген сөз – біз мемлекетшіл бола бастадық деген сөз. Бұл деген сөз – бүгінгі билік те халықшыл бола бастады деген сөз. Оңалудың басқа жолы жоқ. Бақытты қоғам қашан орнайды? Төменде халық мемлекетшіл бола бастағанда. Жоғарыда билік халықшыл бола бастағанда. Бақытты қоғам сонда орнайды. Біздің бақытты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Біз, Қазақстан халқы, бақытты болғымыз келеді.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір