«БАЛАЛЫҚТАН ДАНАЛЫҚҚА ЖОЛ»
Мемлекеттік сыйлықтың аламан бәйгесінде өнер саласынан ұсынылған үміткерлердің қатарында бір адам лайық болса – қазақтың белгілі қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпір лайық дер едім. Еңбегі – «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы деп аталады екен.
ЮНЕСКО көлемінде 2020 жылы 1150 жылдығы аталып өткен Аристотельден кейінгі «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің өміріне арналған бес үлкен картинаны жазып шығудың басты себебі неде еді? Әрине бір кездері осы жұмысыма Мемлекеттік сыйлық алармын деген үмітте жазбаған болар бұл үлкен жұмысты.
Қырықтан аса Халықаралық көрмелер, симпозиум, пленэр және биенналеге өз шығармаларымен қатысқан бейнелеу өнерінің шебері, ондаған өнер жайлы кітаптардың авторы, отыз жылдан аса отандық телеарналарда режиссер, продюсер, бас редактор, директор қызметтерін атқарған, бүгінгі таңда «Абай телеарнасында» суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Құдіретті қылқалам» бағдарламасының авторы-жүргізушісі болып отырған, картиналары еліміздің көптеген музейлерінде, сонымен бірге АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Польша, Германия, Ресей, БАӘ, Түркия, Жапония, Мысыр, Сирия, Венеция, Әзірбайжан елдерінің жеке коллекционерлердің қорларына қойылған өз саласының майталманы қылқалам ұстағалы бері әл-Фарабидің өмір-тарихын терең зерттеп келе жатыр. Мақсаты – шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі болған ұлы тұлғаны әлемге және бүгінгі ұрпаққа өз еңбегімен таныстыру еді. Қолындағы қылқаламы арқылы оның 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданының маңайында) қаласында дүниеге келгенін, Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапханадағы құнды қолжазбалар мен кітаптардан сусындап өскенін, ғылым мен мәдениеттің ортасында, әскери қолбасшының әулетті отбасында тәрбиеленгенін бейнелегісі келді.
Түркі тайпасынан шыққан ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби болатын. Алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен өткен. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазған. Міне, осындай ғұламаның қазақ топырағында туғанын, әлем мойындаған ұлы еңбектердің иесі біздің Отырардан шығып, Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанғанын дәлелдеу Жанұзақ Мүсәпірдің арманы болды. Сол жолда ширек ғасыр жұмыс жасап, алып бес картина салды.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алматылық ғалымдармен жүздесуінде: «Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен «қазақтың жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады», – деген.
Бүгінде Қазақстанның «жұмсақ күші» және республиканың белгілі өкілдері жасап жатқан елдің имиджі жайлы көп айтылып жүр. Бұл елдің мәдени құндылығын әлемге таныстырып, мойындату үрдісі деуге болады.
Атақты әншіміз Димаш Құдайберген арқылы шетелдіктер әнімізді айтып, қазақ тілін үйреніп жатыр. Ұлтымыздың салт-дәстүріне қызығып, домбырамызды құрметтеуге айналды.
Жанұзақ Мүсәпірдің де осы «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағын – әл-Фарабиді әлемге танытып, өз топырағымыздан шыққанын мақтанышпен мойындатуын да сол «жұмсақ күш» деуімізге толық негіз бар.
Жанұзақ Керімбекұлы Мүсәпірдің жеті жыл жазған бес топтамасы суретшілердің тілімен «полиптих» деп аталады екен. Оның әр қайсысының биіктігі 1.8 метр, ұзындығы 11,5 метр. Кенепке майлы бояумен әр түрлі техникаларды қолдану арқылы жазылған. Картиналардың тұрқы тігінен қарауға ыңғайлы, жинақы көрінеді. Топтаманы қатар көргенде көз алдыңызға бейне бір фильмнің қойылымындай әсер береді.

Бірінші картина.
Балалық шағы
Әбу Насыр жас күнінен білімге үйір болып өскенін анық байқауға болады. Оның бақытына орай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана болған. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренді, сол тілдерде ғылыми трактаттар оқыды. Полотноның негізгі бетінде қырынан отырып ақ көйлекпен малдас құрған, шұқшия кітапқа үңілген он екі, он үштегі Әбу Насыр, терезенің кең кернеуінде отыр. Күннің ыстық қызуын да ескерместен кітаптың қызығына ниеті әбден ауғанын аңғарасыз. Үйдің ішкі көлеңкесі салқын, суық түстермен көмкеріліп, қоңыр қараға тән қою дала колоритімен жазылған. Ауланың ішкі көрінісі орта азиялық архитектура сызбаларымен ашық аспанға ұласады. Жұмыста геометриялық түйіндесулер методикасын суретші майдан қыл суырғандай шеберлікпен пайдаланған. Кітаптары көп білімге құштар, оқуды армандайтын ұрпақтың Фараб-Отырар өңірінен шыққанын айқындап тұр. Сол заманның киім кию үлгілері де ескеріліп, көлеңке жарықпен архитектуралық көріністері менмұндалайды. Одан бері асық ойнаған балалар, ұшып қонған кептерлермен кескінделіп, түйе сауған әйелдердің қимылынан ерекше анатомиялық пластика айқын сезіледі. Алтыбақан тепкен жастардың әнімен бірге саудагерлердің қызу әңгімесін тыңдайсыз. Қазақ тазыларының сан түрін көріп, бүркітші сал серілерімен сол замандағы шаһардың жалпы тыныс-тіршілігі реализм стилінде күрделі жазылғанын айқын аңғарасыз.

Екінші картина.
Түркі жұртының көрінісі
Әл-Фарабидің туған жері Фараб-Отырар қақпасы, қазақтың сақ қорғандары балбал тас, петроглифтер мен таңбалы тастардың көріністері және Отырар теңгелері төменгі тұста көрінеді. Шаш-Ташкен қаласының ескі қақпасы мен тарихи күмбездері қамтылған. 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттардың алғашқы жазбалары түскен Самарқан қаласын көрген адамның көзі астындағы ескі шаһар өміріне қызықпай өте алмайды. Осы үйлерде әл –Фараби тұрып білім алған тұңғыш ғылыми жұмыстарын жазып отырғаны бар. Оған да мән берген кісі сол жағында Шамға кіріп бара жатқан арбалы адамды байқайды. Төменгі тұсында қыштың көп түрлерін меңгерген технологиялары өркендеген қалалар. Фарабидің ақылды қалаларға деген қызығушылығы оянған және трактаттары жазылған жер. Қатарында Ұлықбек обсерваториясының белгілері айқын суреттелген. Бұқара қаласының көне тарихын дәлелдейтін ағаш есік астынан үстіне қарай кұрделі мазоктармен жазылып бір картинаға сыйдырылған. Алғашқы білім алған қалалары, жүріп өткен жолы, қазақтын түйелері оған артылған аспаптар мен киіз үй нышандары арқылы берген.
Үшінші картина. Ғұламаның білім алған ордалары
Мерв қаласы – әл-Фарабидің хронологиялық тәртіпте өмір сүрген шаһарларының бірі. Кескіндемеде Түркіменнің тарихи кітапханасында болғанын айқындайтын ұлттық ерекшеліктері киім кию үлгілері суреттелген. Кілем тоқу, музыка өнері, зергерлік зердесін Хамаданның білімімен алған тәлімі, Мешхедтегі оқулары Нишапурмен жалғасады. Рей қалаларына барған кезде ол басқа түйеге ауысып Түркімен және Иран түйелеріне мінгенін байқаймыз. Картина жазу барысында әр бір материалға тарихи деректеріне ерекше мән берген. Суретші Жанұзақ картина жазу барысында астынан үстіне қарай полотноны үшке бөлген. Астыңғы қатарында әл-Фарабиға дейінгі заманның көрінісі қорғандар мен аркалар, жол бойындағы тарихи кесенелердің сұлбалары, теңге, қыш ыдыстар, ескі құмыралар сияқты артефактілердің фрагменттері логотиптік белгілері де жік-жігімен айқын берілген. Одан кейін түйелермен кетіп бара жатқан Фарабидің кітап-құралдары, қағаз-қаламдары киіз-алаша, терме текеметтерін байқайсыз, кездескен адамдарының тыныс-тіршілігі және өмір сүрген қалалары картинаның ішіндегі картинаға айналып тұр. Жоғарғы көрінісін сол замандағы дамыған өркениеттің көрінісі, мешіт ғимараттары қалалардың сұлбасын аспанмен шектестіріп, суық түспен жылы колориттің байланысын шебер суреттеген.

Төртінші картина.
Ізденісі, рухы, күші
Бағдат қаласында парсы, араб, түрік тілдерінде ақын, күй, ғылыми зерттеуді жасаған кездері, сауда-саттықтың ортасы болған және білімнің қайнар көзі су қайықтарының жасалуы технологиясын меңгерген. «Музыканың үлкен кітабы» т.б. еңбегін жазған. Мысырда Халеб/Алеппо/ пен Харанда болып Дамаск қаласына келген кезі. Әл-Фарабидің шаһарға кіріп келе жатқан жолында ғалымдармен, бүкіл Дамаскідегі ұлы тұлғалармен кездесер кезде биікте өзімен қазақ даласынан бірге ұшып келе жатқан қаршығасы сокол-балобан оның өмірлік серігі күш, рух берушісі ретінде, жоғарыда ұшып келе жатқанын бейнелеген.

Бесінші картина.
Ұстаздың оралуы
Дамаскінің жеті қақпасының бірі шығыс қақпасынан, әл-Фарабиді күтіп тұрған ғалымдар, келе жатқанын естіген жұрт, қарсы алып кездесіп тұрған бейнесімен осы картинаны тұжырымдаған. Барлық картина бірнеше қабат бояулармен қалың мозокты техникада орындалды. Топтамада өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып орналасқан. Оларды қылқалам иесі сарғыш, қызғылт, қоңырқай сынды ыстық колорит пен көгілдір, жасылтым сұрғыш тартқан салқын реңдердің жарқын да, әсем үйлесімінде үндестіріп айшықтаған.
Жанұзақ Мүсәпірдің «Балалықтан даналыққа жол» (2020) атты әл-Фарабидің өміріне арналған бес топтамасы мазмұнының тереңдігімен, композициялық құрылымының күрделілігімен, көлемінің ауқымдылығымен көзге түскен. Қылқалам шебері ұлы ойшылдың барлық өмірін бірнеше кезеңдерде қарастырып, топтамаға сыйдыруға күш салған. 2021 жылы жұмыс Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде өткен суретшінің «Құдіретім – қылқалам!» атты жеке көрмесі экспозициясының төрінен орын алып, көрерменнің көңілін тәнті еткен.
Жанұзақ Мүсәпір ұлттың тарихи тұлғалары – Бейбарыс сұлтан, Жолбарыс би, күйшілер Ықылас Дүкенұлы мен Дина Нұрпейісова, Балуан Шолақ, батырлар – Махамбет Өтемісұлы мен Кейкі батыр, жырау Сүйінбай Аронұлы, ақындар Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаев, саясаткер Дінмұхамет Қонаев, жазушы Әбіш Кекілбаев, ақын Мұқағали Мақатаев, жазушы Кемел Тоқаевтардың портреттерін салып, жарқын жүздерін ел есіне оралтқан.
Алматыдағы «Анаға құрмет» музейінде ондаған ел Аналарының бейнесінен галерея жасаған.
Ұлт суретшісі Жанұзақ Мүсәпірдің «Балалықтан даналыққа жол» атты полиптихы ұлы ғұлама әл-Фарабидің сара жолын бейнелеуде, қазақ ұлтының ұлы данасын әлемге мақтанышпен жырлайды. Көркемөнерде өзінің де дара жолы бар Жанұзақ Мүсәпірдің еңбегін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына лайық деп есептеймін.
Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері
Ұлттық Құрылтай мүшесі