ОҚУ МЕН ТОҚУ…
01.04.2016
1629
0

ой 2Әлібек БАЙБОЛ

 

Әлқисса…

Есте жоқ ескі заманда бір адам болыпты. Жазғанды жақсы көреді екен. Естіген, біл­ген, оқыған, түйгенін түртіп отыра­тын­ға ұқсайды. «Жазу да ұлылықтың бір түрі. Алла берген қасиет», – дейді екен жа­нын­дағыларға. Бәрі оған: «Теңдессіз ше­бер!» – деп лақап ат қойыпты. Жасы жет­піске толған шағында бүкіл ғұмыр бойы жазған дүниесі елу есекке жүк бо­лып­ты. Әлгі ақ­сақалдың білмейтін нәр­се­сі, оқымаған кітабы жоқ екен. Бір күні ол асау өзеннен өтіп бара жатқанда бар­лық дүниесі суға кетеді. Шал жағада не іс­терін білмей ары жүгіріп, бері жүгіріп, сол жерде жан тапсырады. Осы жағдайдан кейін ел арасында: «Білгеніңді бізге қал­дыр!» деген сөз қа­лыпты. Кейін ол сөз­дің мәтеліне айналыпты. Сұрақ: Қария­ның күйін кешпес үшін не істемек ке­рек?..

 

***

– Сартрды білемісің?

– Жоқ, кім ол?

– Әдебиет пен философияда «сана ағы­сы» деген бар. Оны экзистенциализм дейді. Соның ірі өкілі.

– А-а-а… – деді бәрі таң қалып.

– Марсель Пруст деген жазушы бар. Ға­жап, енді.

– Прус?

– Прус емес Құдай-ау, Пруст, Пруст!

– А-а-а… Қайдан білейік.

– Джеймс Джойстың «Улисс» деген ро­ма­ны бар. Соны оқыңдар. Сендер оқы­май­сыңдар, білмейсіңдер… Ізденіңдер!

Дәл осы бір әңгімені ҚазҰУ журна­лис­­тика факультетінің I курсында жүр­гені­мізде Одақ фойесінде отырған қалам­гер ағамыздың аузынан естіп қал­ған­быз. О кезде «Оба», «Бөгде» және «Ка­ли­гула» пьесасының әсерімен жүрген біз үшін, Камю бөтен көрінбеді. Дегенмен, француз жазушысынан алған со әсер кәсіби әдебиетші биігінен емес, оқыр­мани ой-түйінінің аясында ғана қа­лып қойған еді. Кейін Сана турасында Батыс және Шығыс ойшылдарының еңбектерін оқыған соң, тұмсығымыз Чехов­тың «конфликт адам ішінде» концепциясына тірелді. Ескіні жаңа деп таныған біраз кісілердің сөзіне қарап, шыны керек, қарныңыз да ашады екен. Біздіңше, әлем әдебиетін өзіңді өзге әдебиетпен салыстырып, дамудың қай тұсында тұрғаныңды бағамдау үшін қажет (ең басты қажеттілік те осы деп ұққан жөн секілді). Көп оқығанын бұл­дап, көп білгенін міндетсіну мінезінің қазақ сөз өнеріне қаншалықты пайдасын тигізетінін айту қиын. Алайда, мы­на бір нәрсе анық… әдебиет әркез түрле­ніп тұруға тиіс.

Оқу, білу, іздену былай тұрсын, біз әл­ем әдебиетінің озығын қаншалықты игере алдық? Кітаптан бас алмағандарды «батысшыл» деп айыптап, тұқыртып отырған да өзіміз емес пе?! Ал Шығыс әде­биетін зерттеп, зерделегендерді «шы­ғы­с­шыл» етіп шығаруға бейімбіз. Дүние­нің төрт бұрышындағы әдеби жаңалықты жанымызға жақын көріп әрі ортақ үлгі түзуге деген құштарлық аса байқалмай­тын сияқты.

Абэның Оралхан Бөкейге, Кафканың Асылбек Ықсанға, Апдайктың («Кентавр») Асқар Алтайға, Камю мен Хе­мин­гуэй­­дың Дидар Амантайға, Кастане­да­ның Асылан Жақсылықовқа, Дав­­ла­тов­тың Мадина Омароваға тигіз­ген әсерін әдеби интеграцияға балап, із­деніс іздерінің көрінісі деуге болады. Алайда, жекелеген жазушылардың шы­ғар­малары тілге тиек етілгенімен, толық бүге-шүгесіне дейін талданған жоқ. Туынды бағасын ауызша беріп үлгерген біздер, көп қаламгердің озығы мен тозы­ғы, жетістігі мен кемістігі жалпы үрдістің тасасында қалып, ұмыт болып жататыны үйреншікті нәрсе. Фантасмагория мен сюрреалистік сипаттағы Қойшыбек Мү­ба­рак­ пен Мақсат Мәліктің әңгімелерінде Лу Шинь, Рюнескэ Акутагава, Милорад Павичтардың көркемдік әдіс-тәсілдерін байқасақ та, олардың моделін одан ары дамыта алмағаны өкінішті-ақ. Формалық өзгешелікті алғанды жөн көрген олар, жазу барысында шығармаға өзек етілген проблематика өз нақтылығынан ажы­ра­ған. Оқығанда көңіл-күй, эмоционалды-психологиялық эйфорияның нышандарын ғана аңғара алғандай болдық. Қой­шыбектің бассыз кейіпкерлерін рух­сыз, намыссыз, жігерсіз, топ бастайтын басшысының жоқтығы деп түсіндік. Бірақ әңгіме әдеби-көркем критерийге жауап береді деп айту қиындау, енді. Құр баяндау, сипаттау… Іші бос кәуек секілді. Шы­ғарманың қамшыдай өріле түспейті­ні­нің негізгі себебі – өзектің жоқты­ғы…

Әр туындыгер өзін белгілі бір ағым­ның өкілі санаса санасын, өзіндік стилистика қалыптастырсын мейлі, мәселе басқада. Жазылған шығарма көркемдігі мен эстетикасын жоғалтпай, схематизмнен, жалған конструктивизмнен алшақ­тау жүрсе дейсің. Шындықты жеткізудің жолы сан тарау. XX ғасырдың әсіре сыншылдары сияқты:

– Сен «ескінің қалдығысың».

– Сен тым жаңашылсың.

– Сен әдебиетті құртып жатырсың.

– Сен әдебиетке ешқандай жаңалық алып келген жоқсың, – деп қаламгерлерге кінәмшілдікпен қараудан ештеңе өнбей­тінін уақыттың өзі дәлелдеп үлгерді. Өйт­кені, әдебиет біздің бөліп алған ен­ші­міз емес. Бірақ басқа оқымағанды өзің біліп алып, соны ұлы жаңалық ре­тінде көрсет­кі­міз келетін ғадет мақ­тан­шақ­тық, кеу­дем­соқтық, даңдайсуға ұласып, роман, повесть, новелла «ин­тел­лектуал­дық проза» деген әдемі сөздің қанжы­ғасында кет­песіне кім кепіл?! Шетел әдеби жорналдары мен танымдық кітаптарда жылт еткен ұғым-түсініктерді неге өзімізге алуға асығатынымыз әлі күнге дейін түсі­ніксіз. Шартты атауларды аттап өткен Фолкнер өзін ешқай әдеби кланға, әдеби кастаға, ешқай әдеби топқа, ешқай ағымға жатқызбауын өтінген. Алайда… алайда сыншылар қауымы оны «сыни реализмнің патриархы» етіп сайлапты. Ал түрік жазушысы Орхан Памукқа Набоков қолтаңбасы қатты ұнағанымен оның жазу стилінен орыс қаламгеріне тән ешқандай ұқсастық байқай алмадық. Әдеби ортада: «Памук дискуссиялық роман­ның жазушысы», – деген пікір ба­сым­дау. Бірақ ол өз сұхбатында: «Мен ешкімге еліктемеймін. Өзімді мазалаған дүниені ғана жазамын. Шығармамда жаман, не жақсы кейіпкер жоқ. Мен үшін ағым шартты ұғым», – деген еді. Оны бір сын­шылар «авангардист» десе, енді бірі «жаңаша жазатын Бальзак» деп жатты. Бұнымен келісуге де, келіспеуге болады. Әдебиетшілердің оған берген бағасы қан­шалықты дәл екені туралы көп дау­ласуға болады. Памук бір эссесінде: «Менде ұстаз көп, сонымен қатар жоқ», – деп жазған. Түйін – үйрен де жирен, оқы да тоқы.

Валькоттидың «Ағымдардың тууы» атты кітабында: «Жалпы алғанда ағым деген нәрсе атауымен жоқ. Ағым санада, жазушы жанында туады. Ағым мен стиль туыстас ұғымдар» деген. Бюффон «стиль – адам» дегенін қаперге алсақ, онда жоғарыда айтылған сөздердің жаны бар секілді көрінеді. Ауылдың кейбір қырсық шалдары: «Білгенің өзіңнен артылмасын!», – деп ұрсушы еді. Сол сияқты, кей білімпаздардың білгішсініп, өзін арбитраж, төбе бидей көрсеткісі келетіндерді көптеп кездестіріп жүрміз. ОНЫҢ су­бъек­тивті пікірі объективті, жалпыға ортақ шындық ретінде қабылдануы керек екен… мыс… Егер о данышпаныңыз­дың әдеби шекарасын рұқсатсыз өтіп кетсеңіз, сізді күтіп тұрған үкім – тұқыр­ту. Жолын кессеңіз, оның ойын терістесе­ңіз, мықтылығыңызды байқатсаңыз, сізге қарап тісін ақситады. Со энциклопе­дис­тың Интеллект атты жәшігін ашып қалсаңыз, ішінен әлем әдебиеті классикасы, мәдениеттану, философия, дін-тану, әлеуметтану, саясаттануға қанат бітіп, Күнге қарай ұшқан сұңқарша самғай жөнеледі. Оқымаған дүниесі, біл­мейтін бәлесі жоқ. Басын бастап бер­сең болды, соңғы нүктесін өзі қояды. Нүк­тесі пунктуациядағы кіп-кішкентай ноқат емес, дәу нүкте… Дәу! Тарихты, дүние тарихын, болмыс тарихын, жаратылыс тарихын Герадоттан артық біл­ме­се, кем түспейді. Мәдениет пен әдебиет, өн­ер тарихын жылнамашылық сипатта емес, тауарих қойнауындағы өлі жылдарды жырлаудан гөрі, сезім мен сезік, түй­сік пен түсінік, ой мен ойшылдық, көңіл мен жүрек көзімен байланыстыра сөй­лей­ді (бірақ аналитикаға аса жоқ боп шықты. Көшпенді емес, отырықшы болып тумағанына өкінетіндей ме, қалай, өзі?! Қызық…). Сөйлегенде бүй дейді: «Оқыңдар! Көп оқыңдар. Ағымдардың ара-жігін ажырата біліңдер. Ескі мектептен бас тартыңдар. «Манифест» жазың­дар. Оңаша ойлайтындар! Бір тудың астына жиналайық. Бізге жаңа әдебиет қажет. Социалистік реализм ескірген. Мо­дерн мен постмодерн, авангард пен поставангардқа көшетін уақыт жетті!..». Ұраны осындай, енді. Ұран дейміз. Бұл ұран да емес шығар-ау. Бұл оның Темірқазығы. Жазудағы Темірқазығы… Жүріп өтетін жолы. Жүріп өтетін… Со жолдың басына дейін шығуға шыдамы мен ерік-жігері жете ме екен?.. Егер жүріп өтсе, артынан өзгелер – жастар ереді, ал егер орта жолдан тоқтап қалсашы?! Онда қалай болмақ?.. А?.. О-о-о… о кезде миссия орындалмады дей беріңіз…

Сөз өнері де адам секілді заманға қа­рай өзгеріп, мінез-құлқы, әлеуметік ор­тасы, сана-сезімі, ой-өрісі жаңа бір сатыға көтеріліп, дамудың, прогрестің жаңаша бір формасына ауысып отыратынын ескерсек, есті оқырманның қаже­тіне жарайтын, сұранысын қанағаттан­ды­ра­тын дүние жазуға дайын болсақ қой, шіркін. Әлем бір орында тұрмас. Ру­хани-базарымыздағы құндызға бергі­сіз құндылықты көпшілік алдына алып шығып, барымызды бағалайтын кез ке­леді. Ауылы алыс емес. Көрермен, оқыр­ман, тыңдарманның жаңа легионы қалыптасып, қаламгерлерге деген талап күшейе түседі. Ал қазіргі жағдайымыз тіпті мүшкіл десем, ешкім ренжи қоймас. Сынық айнадан өзін көрген маймылша бір-бірімізге күліп, біреудің шыққан шыңы (!) оба екенін ескерген ешкім жоқ. Барға қанағат тұтумен келеміз. Ағым, стиль, форма, идея, композиция, сюжет, фабула жөнінде өзіндік пікірі, өзіндік ойы бар, «Алтын таразыға» тартылған тал­ғамы нашар тарыдай нәрсеге де жүре­гі ауыратын кісілерді жолықтырған сайын: «Құдайға шүкір!» – деп сыбырлайтынды шығардық. Бір кітапханашы айт­пақшы: «Бүгінгінің жастары кітап, көркем әдебиетті оқуды былай қойғанда, дұрыстап жаза да алмайтынының» басты себебі – рухани ахуалымызда. Есалаң ән мен есерсоқ би топастануға бастайтынын, жіберген қателігіміз нәжіс сияқты енді ғана су бетіне қалқып шыққанын байқамай да қалыппыз. «Басымыз аман, бауырымыз бүтін…», – дескен жұрт со­ғыс пен лаңкестердің ылаңынан ғана қор­қады. Қазіргі әлемді жайлаған үрей мен секем жазушы тақырыбына айнал­ғалы қашан… «XXI ғасыр адамын не мазалайды? Не толғандырады?» деген сауал қалам ұстаған қауымның Гамлеттің мәңгілік сұрағына айналып үлгерді. Жуырда Бельгияда болған жарылыс жөнінде швейцар новелисті 6 беттік әңгіме жазыпты. Әлгіні оқып отырғанда, одан қаламгер позициясын немесе Батысқа деген симпатия, Ислам әлеміне деген антипатияны таппайсыз. Берілу формасы сондай. Кейіпкер әрекеті логикаға бағынғанмен, диалогтардағы астар оқырман ойын сан-саққа жүгіртеді. Неге жоритыныңды білмей дал боласың да, қайта-қайта парақтаған пақырыңыз бір нәрсе түсінгендей күй кешеді. Тағы оқисың. Сөйтсек, жоқ, ақылымыз бізді алдаған екен. Ой-бағдар мүлде басқа бағытта кеткенін сонда ғана ұғынасыз.
6 беттік әңгімеде 60 беттің күші бардай сезілді (кейде таңдап отырған тақырыбы терракт туралы еместей көрінеді. Бірақ солай дейін десең, сөз басында бәрі ап-айқын жазылған-ды. Ол тұспалдау әдісін қол көрген-ді). Бұл шығарманы француз тілінде жазатын жазушылардың террорға қарсы үндеуі деп ұқтық. Ойымды қалай жеткізсем екен… М-м-м… «Жазушы ел жа­нына батқан дүниені жазуы керек!» – дегенді жиынға жиылғандардан көп естиміз. Бұны көлдей мақала мен баян­да­малардың ішінде де келтіреміз. Алайда, көркем туынды тудыруға келгенде тартыншақтап, халықаралық проблеманы айтпағанда, ұлт мүддесін қорғауға келгенде «жағдайдың жасалмайтынын», «қаламақының мардымсыздығын», «мемлекеттің туындыгерлерге көңіл бөл­мейтінін», «статусымыздың төмен­ді­гін» қалқан етуден жалығар емеспіз. Ал озық әдебиетті меңгергендер оңай, жылдам әрі тез жазуға ден қоятындай көрінеді. Жаңаша жазғысы келетін жазушыларымызды оқысақ, жел тұрса кө­ше­де қаңғыр-саңғыр ететін бос қалбыр­ша қалыбы ғана қалды демесеңіз, маз­­мұн, такт, ритм мен толғаныстан айы­­­рылғандай әсерде қаласыз. Жан­дүниеңізде ешқандай төңкеріс орын ал­майды. Қылаяғы сезіміңізге де әсер етпейді. Сюжеттің қозғаушы күші – конфликт  те өте әлсіз боп шығады. Бүйрек­тен сирақ шығарғысы келе ме білмеймін, бі­рақ туындыға әр нәрсені бір жамауға әуес. Кей тұста ішкі байланыс бар (автор бұнымен бейсананың (подсознание) саналы әрекетін көрсеткісі келген шы­ғар), кей тұста байланыс атауымен жоқ. Аяққа тұсау болатын тағы бір фактор – сөздік қорының (лексикон) аздығы мен сөйлем құрудағы олқылықтар – абракадабра оқырманды ну орманда адастырады да кетеді. Іште: «Біздің басқалардан неміз кем?» деген жалған намыс оянып, аз уақыттан кейін әзірге дәрменсіз екенімізді мойындамасқа шара жоқ еке­нін түсінгендей боласыз.

Соңғы он жылдықтағы Нобель сый­лы­ғы­ның лауреаттарына бір көз жүгірт­сек, оларға түскен таңдауға күмәнмен қарауға мәжбүр боламыз. Таза, эстетизмды дәріптейтін әдебиеттің көрсеткіші, барометрі бола алмай қалғанына қын­жы­­лады екенсің. «Енді әділ шешімді, абсолютты болмаса да, соған жуықтай­тын ақиқатты қайдан табамыз? Кімге және неге сүйенеміз? Сонда әдебиеттегі қыбыланамамыз не болмақ?» – деп шарқ ұрасың. Томас Маннша айтқанда, «соңғы үмітіміз – Нобельді» үлестіретін төре­шілер­дің өзі сүрініп жатқанда, басқаларға не деп кінә артамыз? Со сыйлыққа түс­сек, соны алсақ деген арман да бізден алыс­тап, қол бұлғап басқа бір жаққа ке­тіп бара жатқандай… Ал Шведцияның Ғылым академиясы осы бетімен кете берсе, болашақта не әлем әдебиеті не күй кешпек? Өңгелер бой түзейтін өлшемнің өліп, нағыз ортақол әдебиет қана алға озбаса қара да тұр. Ағым мен жазу ма­шы­ғы­ның (машина секілді) күшіне сенім арту да әпенделік. Екеуінің де арты белгілі болайын деді. «Тоқырау кезінде жаңа әдебиет, жаңа форма, жаңа стиль пайда болады» деп болжаған әдебиет­тану­шылар өнердегі өзгерісті әлі күтумен келеді. Шетелдің кейбір шатпағын оқы­ған бір қаламгерлер соның әсерінен шы­ға алмай, соларша жазуға тырысады, соларға ұқсауға ұмтылады. Жаманды жақсы деп таныған о кісілерге айып тақпайсың. «Талдау, саралау жағы әлсіз екен…» дейсің де қоя саласың. Олар имманентативті, репрезентативті, ин­тер­мәтін, гипермәтінді, жалпы текст түрін сананың мына әлемді қабылдауы мен қорытуы деп емес, аспаннан түсе салған оңай олжа деп ұғады екен. Біреу­лер мәтін мен әдеби-көркем тәсілдерді саналы түрде қолданса, біреулер басқадан көргенін қайталайды. Алайда, әдебиетті дәуір, ғасыр, уақыт тудыратынын, оның дамуы революциялық емес, эволюция­лық дамуды бастан өткергенде ғана толымды дүние шығатынын, қатты қатала­ғанда шөліңді қандыратын тұма бұлақтай таза күйінде түзілетінін түсінсек қой…

Бүгінгі жоғары оқу орындарында әдебиет теориясын оқытатын оқулықтар ескіргенін мойындауымыз керек. Енді не істемек керек? Оқыту базасын жаңар-тып, біз студенттерді әлемдік стандар­ти­за­цияға сәйкес, заман талабына сай жаңа кітаптармен қамтамасыз етуге тиістіміз. Бүйтпеген жағдайда жазғаны­мыз бір-бірімізге түсініксіз, жазушы бір жақ, әдебиеттанушы бір жақ боп, барри­каданың екі жағындағы солдаттарша бір-бірімізге таң қала қарап отырған күйіміз. Ағым мен әлем әдебиетінің теориясын игеріп, барлық жаңалықтан хабардар болу үшін білім беру формасын өзгертуіміз керек-ақ.

– Мынау не деп жазған? Роман ба, по­весть пе, не бұл өзі? Түсінсем бұйыр­ма­сын… Оқуға тұрарлық дүние емес, – деді бір сыншы кердиіп.

Біз оның бетіне бажырая бір қара­дық.

– Аға, ол бұрыннан бар нәрсе ғой.

– Бар болса, бар шығар. Бірақ оның маған аса қатысы жоқ. Оқып едім тартпады.

– О жағымен келісемін, ағасы. Дегенмен, әлгі қаламгердің қатарластарын бір сүзіп шықсаңыз белгілі бір түсінік қа­лып­тасады ғой… Міне… мәселен мына бір кітап танымдық тұрғысынан сізге өте пайдалы болар, – деп алдына қойып ек, ысырып тастады. Бір нәрсе айтар ма деп едік, үндеген жоқ. «Бұл ағам Айтматовты да қатырып оқыған жоқ-ау, шамасы» деген ойдың жетегінде кете бердік.

– Әй, тоқташы, сен бала. Қайсы, қандай кітап ол?

– Міне…

Сыншым көзімен кітапқа бір сынай қарады да жүре берді. Күз мезгілі еді. Қорғасындай ауыр бұлттар мысымызды басып, маған мысқылдап күлгендей бол­ды. Мыстан бұлттар адамды мазақ етіп, сонау биіктен маңғаздана қарап тұрды. Сондайда не істеріңді білмей, бір сәтке дәрменсіз екеніңді түсінесің… «Ей, бұл дүние алма-кезек… Күлме!» – дегісі келді іштегі аты бізге әлі де беймәлім бір сезім. Кейін ойлап қарасақ, ол сезімнің аты – құштарлық екен. Өмірге, өнерге, әде­биет­ке, адамға, махаббат пен Құдайға де­ген құштарлық… Араға жыл салып Одақтың жыл қорытындысында әлгі сыншымды мінберден көрдік. «Әлем әдебиетінің дамуы» туралы баяндама жасап, елді аузына қаратып тұр екен. Отырғандардың біразы бас шұлғысып, келісіп те отыр. Біразы таң қалуда.

– Мынанша дүниені қайдан оқып алған?

– Мынаның  білмейтіні  жоқ қой-ей!

– Міне, нағыз білгір.

– Ең үлкен жаңалық осы болды.


P.S.: «Әдебиеттің тірегі – теория», – дейді әдебиеттанушылар. «Әдебиеттің тірегі – көркемдік», – дейді жазушылар. Біздіңше, әдебиеттің тірегі – ұят. Бағана ғана сөз еткен ағым, форма, стиль де сол ұяттан өрбіген ұрпақ. Білгеніңді білдірмеу және соны жүзеге асыруға деген талпыныстың бір ұшы да сол ұятқа, ар-намысқа тірелсе керек-ті…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір