Күй сермеген Сераға
05.07.2024
133
0

Сераға деп отырғанымыз – еліміздің қазіргі дәулескер домбырашыларының бірі Сержан Шакрат. Ол – домбырашылардың ең үлкен ақсақалы.
Біздің білуімізше, оның репертуарында жүзден аса күй бар. Отыз екісі «алтын коллекцияға» кірді. «Нар Идірген», «Ақсақ құлан – Жошыхан», «Үш ананың айтысы», «Кемпірдің қыз бен жігітпен тартысы» сынды аңыз тарихи күйлер, сондай-ақ, ұлы сазгерлер Құрманғазының, Абылдың, Дәулеткерейдің, Өскінбайдың т.б. баға жетпес әдемі туындыларын домбырашы зерделі әңгімесімен тартымды орындап береді.
Серағаңның орындауында «алтын коллекция» енген күйлер Маңғыстау өлкесінің атынан Қазақ­станның мемлекет­тік сыйлығына ұсынылды.
Қазақта күйдің екі түрі бар екені белгілі – төкпе және шертпе. Күйдің екі ағысының өкілдеріне арнап шығарылған «Телағыс» деп аталатын фильм де түсірілген. Шертпе күйдің шебері Садуақасов Дәулетпек болса, төкпе күйдің тарланы Сержан Шакрат еді. Ке­йін Дәукең марқұм болып кет­ті. Мемлекет­тік сыйлық өткен жылы шертпе күйдің шерісі Секен Тұрысбекке берілгенін білеміз. Енді биылғы таңдауда төкпе күй өкілінің кезегі келіп тұрғанға ұқсайды. Ол Секеннен ширек ғасырдай үлкен ағасы Сержан Шакрат екені сөзсіз. Әрине, бұл мәселенің шешімі мәртебелі де әділет­ті комиссияның қолында. Қалай болғанда да Серағаң көп жасқа келген шарықтау шағында өзінің күмбір домбырасымен әлі де еліне қызметін жалғастыра бермек.
«Күй сермеген» Әбіш Кекілбаевтың «Егемен Қазақ­стан» газетінде шыққан «Сермей тартқан семсер күй» мақаласынан қалған сөз. Домбырашының сермеп тартатыны рас. Құлшардың «Кербез керік», «Түт, шіркін!», Есбайдың «Терісқақпай», «Бөбелек», Өскінбайдың «Жаңылтпаш» сынды күйлерін әсерлеп, саусақтарын ойнақтатып тартады. Ол оң қолымен домбыраның шанағын қыспай бос ұстап, күйлерді түрлендіріп тыңдарманның назарын өзіне аударып, баурап отырады. Бұл ертеден келе жатқан домбыраның бір сәні десек артық емес, күйдің дыбысы ұнамды болумен қатар оны қол қимылымен әдемілеп отырса, тартымды болмақ. Құрманғазының «Жыйма», Дина шешеміздің «Науысқы», жоғарыда айтылған Есбайдың «Терісқақбай», «Бөгелек», Өскінбайдың «Жаңылтпаш» күйлерін еске алсақ жарайды.
Өзінің замандасы Фариза Оңғарсынова былай деп жазып кетіп еді:
«Маңғыстауда сән бөлек, ән де бөлек,
Сол аймақта жатқандай бір керемет.
Ақыны асау, шетінен талғамы ерек.
Нота білмей күй төккен Абылға ұқсас
Сержандардың шерткені жанға қорек!»
Ал, нота білмей күй тартқан жалғыз Абыл емес, байтақ Қазақ­стандағы бұрын өткен барлық ғұламалар, кеңес дәуіріне күй алып келген барлық дәулескерлер нота білмеген. Міне, «Последний из могикан» демекші, нота білмей күй сермеген соңғылардың бірі – Серағаң. Ол нота меңгеруге талаптанды, бірақ консерватория мамандары оған қарсы болды. Ата-баба мұрасын ұстанған домбырашы нотаға ұрынса, оның күй салтанаты бұзылып кетуі мүмкін еді. Нота деген керемет қой, ол сауат­ты, білімді тұлғаларды дайындайды. Бірақ Серағаңдар сары даланың саздарын сарнатып жібергенде қайран қалың қазақтың иісі аңқып тұрады-ау!
Біз Сераға екеуміз шетелге өнерсапарларына көп шықтық. Францияға (үш рет), Италияға, Швейцарияға, Бельгияға, Испанияға бардық. Парижге бір барғанымызда бізді күтіп алған Де Ля Виль ат­ты театрдың маңдайшасында бір жарнама тұрды. Тік ұстаған вертикаль домбыраның сабында екі қолдың саусақтары өрмелеп барады. Театр қызметкері күлімсіреп бізден: «Бұл кімнің қолы», – деп сұрады. «Бұл – Серағаның қолы», – деп жауап берілді. Бұл сурет­ті француздар Парижге алдыңғы сапарымызда келген концертімізде түсіріп алған болса керек. Өзі әзілқой Серағаң сонда былай деп бәрімізді күлдірді:
«Бет-әлпетім нашар болған соң, қолдарымды түсіріп алған ғой».
Сол концертімізге Франция президенті Жак Ширак келіп көріпті, оны біз білмейміз. Себебі, ол шу көтермей театрға тыныш барады екен. Ке­йін Францияға Назарбаев барғанда бір ресми емес кез­десу кезінде Жак Ширак: «Сіздің Қазақ­станнан бір жақсы өнерпаздар келді. Соның ішінде аты-жөні маған ұқсас бір аспапшы болды. Сіз оны білесіз бе?» – деп сұрапты. Нұрсұлтан Әбішұлы Серағаңды қайдан білсін. Ауылға келген соң, сол кез­де Жоғарғы кеңес төрағасы Әбекеңнен – Әбіш Кекілбаевтан: «Бізде аты-жөні Жак Ширакқа ұқсас өнерпаз бар ма? – деп сұрапты. Сонда Әбіш: «Жак Ширакқа үндес менің Сержан Шакрат деген жерлес домбырашым бар. Сол жақын арада Францияға барып келді», – деген. Осы әңгімені Әбекең бір отырыста бәрімізге жеткізіп еді. Содан ке­йін кейбір құрдастары Серағаны «Жан Шакир» деп күлетін.
Алыс шетелдерде болған концерт­тер өз алдына, оның 1985 жылы Ленинградқа барып лекция концерт­тер беруі таң қаларлық болды. Ол Черкасов атындағы театр музыка және кинематография институтында және этнографиялық музейде орыс тілінде лекция оқып, күй тарт­ты. Орыстанбаған Маңғыстауда туып өскен Сержан Алматыда оқығанда да журналистиканың қазақ секторын бітірді. Сөйтіп «орысшаға шорқақ шығар» деп жүрген күй шеберінің лекция барысында орысша таза сөйлегені ерекше болды. Мұны Сержан ағаны Ленинградқа ертіп барған өнертанудың докторы Сәуле Өтеғалиева айтып келген еді.
Сержан Шакрат елімізде ұйымдастырылған «Саз толғау», «Дала – думан», «Күй – керуен», «Дара жол» сияқты көптеген өнер бағдарламаларының бәріне қатысты.
Қорыта келгенде айтарымыз, қазақтың күй өнеріне шебер Серағаң Қазақ­станның биылғы мемлекет­тік сыйлығының додасына қатысып отыр. Қазақта сөз бар: «Жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген.
Сержан Ысқақұлы жүгірмейді де, жүрмейді. Ол үміт етеді, күтеді.

Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ,
өнертанушы ғалым, домбырашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір