КЕЙІПКЕРДІҢ АВТОРҒА АЙТҚАНЫ
(белгілі тарихи романды қайталап оқығаннан кейін)
Нұрлан ҚАМИ
Халің нешік, Жазушым? Еліңнің, халқыңның жағдайы қалай? Ішкі-сыртқы, жария-құпия жаулармен жағаласып жүріп жаңа қоғам құрып жатырсыңдар, экономикаларың көтеріліп келеді, бірақ еліңнің рухани дүниесі жұтап бара жатқан жоқ па? Тұрмысты күйттеймін деп жүріп жан азығын ұмытқаннан саумысыңдар, бір кезде «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп жалған дүниенің өткінші қызығын тәрк еткен халық азғындап кеткен сияқты ғой? Әлде байқамайсыңдар ма?
Халықтың қарнын тойғыздыңдар, бірақ сонымен барлық шаруа бітіп, бар мәселе шешіле қалмайтын шығар? Елдің рухы, ұлттық намыс қайда? Рухы түсіп, әлсіреп, азғындық дендеген адамды алтынмен аптап, күміспен күптесең де оңбайды. Сен – жазушысың, бөтеннің көрмегенін көріп, сезбегенін сезесің, адам психологиясын, жан-дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарын түсінесің. Ішкі-сыртқы талаптар бәсеңдеп, қоғамдағы тәртіп қожыраған кезде адамның пенделік сипаты басымдық алып, жеңіл жолмен жүруге, арамнан жеуге, азғындыққа салынуға бейім тұратынын білесің ғой?
Білесің. Бірақ айта алмайсың. Шындыққа тура қарауға дәтің бармайды, жігерің жетпейді. Ал халқың азып бара жатыр! Бүйтіп жүре берсең енді бірер ұрпақтан кейін қазір ауыздарыңның суы құрығанша мақтап, көздерің талғанша телміріп жүрген батыс әлеміндегі адамның жанын аздырып, рухын тоздырған тозақылық сендерге де келеді!
Сырты жылтыр, іші тұлдыр, адамның қамын ойлаймыз деп Алла-Тағаланың сан мың жылдардан бері бұлжытпай сақталып келген қағидаларын аяққа таптаған, адамгершілікті нәпсіқұмарлыққа жығып берген, ізгілік атаулыны мүләйімсіп, монтаны көрінетін зұлымдыққа итше талатып, адамзатты құрдымға кетірмей тынбауға бекінген Батысқа не үшін табынбақсың?! Келмей жатып алыстан жеткен лебінің өзі аждаханың деміндей күйдіріп, өртеп бара жатыр; ғасырлар бойы тірнектеп жинаған асылыңды, рухани мұраңды, жаныңның байлығын бір-ақ бүктеп қылғыта салады, болашақтан не күтесің сонда?!
Жазушы – халықтың жоғын жоқтайтын, халықтың ұранын көтеріп, туын ұстайтын дауылпаз емес пе? Қайда сол дауылпаздар? Неге үні шықпайды? «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз құдіретін бәрінен жоғары қоятын халық едің, әдебиетің қайда? Қазіргі ұрпақ оқи ма кітапты? Сол баяғы кеңестік дәуірде көзге көрініп қалған бірен-саран жазарманды қоспағанда кімді біледі қалың жұрт? Жазушының беделін төмендетіп, халықпен байланысын үзіп, арасын ажыратқан кім?
Өнеріңнің жағдайын айтуға аузым бармайды. Киноң анау – кейіпкерлері ылғи рухани жарымжан, туған халқының қадір-қасиетін басқа теуіп тәрк еткен безбүйректер мен адамшылықтан жұрдай кәззаптар. Ауыз әдебиетінің арқасында сан ғасырлар бойы халықтың санасына сіңіп, кескін-келбеті әр ұрпақтың көкірегінде хатталып қалған тарихи тұлғаларыңды қазаққа не түрі, не тұлғасы, не ділі ұқсамайтын қайдағы бір қиыққұлақ, қысықкөздер сомдайды. Бұл қалай? Өзіңнің талантты перзенттерің жоқ па? Одан қалды, экранға қарауға бетіңнен басып, тұра қашарлықтай ұятсыз, масқара көріністер үйреншікті нәрсеге айналып барады… Бала-шағаңнан қысылмай, солармен бірге көретін, ұрпаққа үлгі, халыққа мерей, жалпақ жұртқа мақтаныш сыйлар мәнді де маңызды тақырыптар таусылған ба?!
Театрыңда дені дұрыс қойылым жоқ, бәрі арзанқол скетчтің деңгейіне түсіп кеткен. Сахнада опыр-топыр дүрлігісіп, секіріп-секең қағып, бұлтың-бұлтың билеп, жүгіреді де жүреді; белден төменгіні тілге тиек қылып, бәдіктікке ұрынады немесе әйел жыныстының тәнін жалаңаштап, нәпсіқұмарлықты насихаттауға барып бір-ақ тіреледі… Елге керек, ұрпаққа үлгі берерлік, болашаққа бастар, армандарға шақырар жарқын да рухы биік шығармалар қалмаған ба бұл күнде? Әлде жазатын адам жоқ па?.. Бәлкім жазылғанды көрмей, ұсынғанды алмай, болмашы тиын-тебенді қызғанып, өзгенің тұлпарынан өзімнің тұғырым артық деп көрдемшелікке салынып жүрген шығарсыңдар?..
Әншілерің анау, екі нотаның өзін көпсініп, бір нотамен-ақ әуен жазып, атағы аспандап тұр. Теледидарың мынау – ылғи шоу, ылғи думан, есірік әншілер мен ессіз қылжақбастар, масқарапаздар қаптап кеткен! Ырымға бір ойлы, өрелі хабар тапсаң кәнеки! Осыны қалай түсінуге болады – ендігі ұрпақты арзан күлкімен, әлжуаз әуенмен тәрбиелейсің бе?! Елсің бе өзің, несің?! Саналы халық бар ма мұнда, әлде ессіз тобыр ғана қалған ба?! Тәуелсіздікті не үшін алдың?! Осындай жынойнақты, әзәзілдің арсыз күлкісін ту етіп көтеру үшін бе?!
Кітабыңда мені шексіз билік иесі, ғашықтарды екі айырған қатыгез әмірші, махаббатты табанына салып таптаған жендет қылып көрсеттің. Соның бәрін орта ғасырлық жабайылық деп заманға апарып жаба салдың. Ал қазіргі, жаңа замандағы махаббат қандай?.. Бүгінгі махаббаттың жендеті кім? Ғашықтарды кім айырып жүр? Ресми үйленген жастардың тең жартысы не үшін ажырасып кетеді? Некесін қидырмастан бірге тұрып жатқандарды кім деп атайсыңдар? Алла-Тағаланың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы, әлемдегі ең асқақ сезім – махаббаттың қадірін қашырып, аясын тарылтып, абыройын түсіріп, табан асты таптап жүрген кім?
Кейіпкерің ретінде бір кезде берісі бүкіл Кеңес Одағы, әрісі Батыс пен Шығыстың бірқатар елдеріндегі оқырман мені махаббаттың жендеті деп таныды. Біраз адамның махаббатқа көзқарасы өзгеріп кетті. Сенің кесіріңнен!.. Ал менің қандай кінәм бар еді? Өнерін бұлдап, ақ некелі жарымды әзәзілдей арбаған әумесерді жазалағаным рас. Бұл үшін ешкім жазғыра алмайды мені. Сүйді ме? Біреудің некелі жарын сүюге қандай хақысы бар? Мейлі, сезіміне ерік беріп, сүйіп қалды делік. Соның өзінде нәпсісіне ие болып, адамгершіліктен аттамауға тиіс еді. Ал сендер, әзәзілдің өзі бастап, әлемдегі бүкіл жаманшылық атаулы жабылса да кіршік түсіре алмайтын, адам мен Алланың арасын мәңгі жалғастырып тұрған ең нәзік, ең берік арқау – шынайы махаббатты еркек пен әйелдің арасындағы сүйіспеншілікпен шатастырдыңдар. Сөйтіп, әулетімнің абыройын, өзімнің еркектік намысымды қорғағаным үшін, Құдайдың алдында куәлік берілген неке тазалығын жақтағаным үшін айыпты қылып шыға келдіңдер…
Алдымен ненің не екенін анықтап ал. Ең бірінші – он сегіз мың ғаламды, күллі болмыс пен құбылысты, ұғым мен түсінікті түгел жаратқан шексіз құдіретті Алла-Тағала, содан кейін – адам. Періштелер де Алланың әмірімен адамға тағзым еткен. Демек, есімінің өзі үлкен әріппен жазылуға тиіс Адамның дәрежесі періштенің дәрежесінен биік… Біз соған – өзімізге лайықты, әрі тиесілі дәрежеге қайтадан ие болуымыз керек! Ал оған жетудің бір ғана жолы бар. Ол – Алла-Тағаланың ақ жолы – адамзатты Алладан адастырмайтын ізгілік пен адамгершілік. Адам баласы әзәзілдің азғыруы мен перінің арбауына елікпей, қызыл-жасыл жылтырақ пен әлем-жәлем әшекейге алданбай, осы жолға адалдықтан айнымауға тиіс. Оның жалғыз-ақ амалы – әр адамның жүрегіне Алла-Тағаланың берік орнығуы. Өзіңді де, саған өмір сыйлаған ата-анаңды да, ғұмырыңды жалғастыратын бала-шағаңды да Алла-Тағала жаратқан, сондықтан Аллаға деген махаббат бәрінен биік тұрады. Отанға, ата-анаңа, бауыр етің – балаңа, сүйген жарыңа деген сүйіспеншілік сол махаббаттан туындайды, содан бастау алады. Шынайы махаббат – осы! Әлмисақта бәріміз осылай деп ант бергенбіз. Діннің міндеті де осыны ұғындыру, рәсімдер мен салт-жоралар арқылы ізгі қасиеттерді сүйекке сіңіру.
Халқымыздың адамгершілігі өлшеусіз жоғары, түпсіз терең, саф таза, кіршіксіз мөлдір емес пе еді!.. Қайда сол тазалық?! Неге іздемейсіңдер?! Неге баяғы қалпына, мөлдіреген пәк күйіне қайта оралмайсыңдар?! Әлде тәуелсіздік дегенді әркімнің ойына келгенін істеуі деп түсінесіңдер ме?!
Келеңсіздік атаулыны түгелімен жетпіс жыл кеңестік билікке, жүз елу жыл отаршылдық езгіге жапсыра саласыңдар. Тәуелсіздік алған осы жиырма бес жылдың ішінде-ақ халқымыздың ежелгі әз қалпын, ғазиз күйін қайта табуға болатын еді. Таппадыңдар. Таба алмадыңдар. Тапқыларың келмеді…
Көркем шығармадағы кейіпкерлер тұрағы – рухани әлем. Біз сол әлемді мекендейміз. Жыл сайын қатарымыз толығып тұратын еді, соңғы кездері сиреп барады. Адамзаттың мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған жан байлығы сақталатын сол әлем қаңырап бос қалып жүрмесін! Онда өздерің де ұзаққа бармайсыңдар… Халықтың рухы жұтаса, материалдық байлығының құны бес тиын! Осыны ұмытпа!..
Қош бол, Жазушым! Өзіңмен жүздесіп, базынамды айтуға келіп едім, жүз шайыспай қоштасайық. Алла-Тағаланың алдында жолығармыз…
Наурыз, 2016.