ӘКЕЛЕРДІҢ КӨЗІНДЕЙ ЕДІ…
Ауылдан жайсыз хабар келді…
93-ке қараған жасында «ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырған» қайырлы әке, немерелерінің маңдайынан иіскеп, шөберелерінің бармағынан бал татқан абыройлы ата, жұртына сыйлы абыз қария – Әбдуәли Қырықбаев ақсақал өмірден озыпты.
Әбдуәли аға жиырмасыншы ғасырдың елең-алаң кезеңінде өмірге келіп, қаршадай кезінен тұрмыс, тіршілік ұсынар қиындық атаулымен күресе жүріп, қанаты қатайып, буыны бекіген қабырғалы, қайсар буынның қайратты өкілі еді. Әрісі – Аспантау, берісі Қарадала аймағының қалың жұртшылығы қабақтарына қараған ондаған саңлақтардың тұсауын кескен дәуірдің бар қиындық-қуанышын көрген, «толарсақтан қан кешіп» жүріп, екінші дүниежүзілік соғыстың қасабынан аман оралған майдангер, күрескер, еңбеккер буынның менің туған ауылымдағы ақырғы өкілі мына жарық дүниемен қоштасыпты.
Суық хабарды естігенде есіме өткен ғасырдың елуінші жылдары түсті. Маған жарық дүниеге келу бақытын сыйлаған әкем мен анамның жас күндері, жолдас-жоралары, жалыны мен ыстығы мол дәуірдің ғажайып адамдары, адалдықты серік еткен аға буынның кескін-бейнелері көз алдыма келді…
Әкеммен дос болған, менің кіндік қаным тамған аз үйлі Бақағаштан соғысқа аттанғандардың осы күнге аман жеткен соңғы өкілінің қазасына қатыса алмағаным үшін, жаназасына тұрып, топырақ сала алмағанам үшін іштей қиналдым.
Соғыс көргендердің соңы, әкелердің көзі болған ардақты жанның рухына төмендегі дұға-жырымды арнадым.
Бақұл болыңыз!
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Аға!
Соңғы солдат
Әбдуәли Қырықбаевтың рухына
Жәйсіз хабар жеткенде – алаңдадым:
Қарадала…
Кеңеске бара алмадым.
Бақи жаққа байсалды көш түзепсіз,
Аға! Сізге… Топырақ сала алмадым.
Ерекше еді елгезек өлшеміңіз
Сізді ешқашан ұмытпас ел, сеніңіз!
«Бақағаштан аттанған 23 ұлдың
аман жүрген соңымын», деуші едіңіз.
Көзбен шолып таулардың қырқасын мың:
Деуші едіңіз «досымын Мырқасымның»;
көруші едік көзіндей өткендердің,
тірі қайтқан ішінен бұрқасынның…
Бір ұрпақтың – майдангер көзі едіңіз,
Сіздің-дағы келіпті «кезегіңіз»…
Алуан-алуан ізі бар, тарихы бар
дәуірді ойлап, өксіп тұр өзегіміз.
Тілдестіріп бесікте жер-көкпенен,
жұртым мені сөзбенен жөргектеген.
Арқа тұтып сондықтан өздеріңді,
байтағымды жырменен тербеткен ем…
Аналардың бұрымды көзіндей боп,
жорға мінген ұрпақтың сөзіндей боп…
Бет түзепсіз ғарыштың айдынына,
туған елдің бейкүнә кезіндей боп…
Кезеңде бір табиғат көктем үзген,
жол тартыпсыз бабалар кеткен ізбен!
Рухыңыз ұрпақты қорғап жүрсін,
сәлем айта барыңыз Көкке бізден!
Сіздің ұрпақ бәрін де көріп өткен,
Көріп өткен, ағажан, беріп өткен.
Жеңіс туын көтерген, Соңғы солдат,
Қош!
Бақұл бол!
Еңбекті серік еткен!
Нұрлан ОРАЗАЛИН.
27 наурыз, 2016 жыл.