Құмаршық
19.06.2024
76
0

Ер Махамбет Нарыннан жырақ кетіп, елін, құмын аңсап: «Әдіре қалған Нарында, жанға керектің бәрі бар», – деп қонысын сағына аңсай жырлайды. Сол керектің бірі – құмаршық еді.

Махамбет аңсарының бірі – құмаршық. Құмаршық десе, өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында дүние есігін ашқан ұрпақтың құлағы елең етері хақ. Оның өзіндік себебі бар. Ұлы Отан соғысынан ке­йін келген ұрпақ та бүгіндері сексенге аяқ басты. Солар ес білген өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында халық әлденіп кете қоймаған, жартылай аш-жалаңаш, құм өресінде отыз-қырық үйден құрылған уақ колхоздарға бірігіп, ұйым мүшесі болып, мұқтаждықтың кебін киіп өмір сүріп жатқан кез­дер еді. Колхозда негізгі өндіріс сауын сиыр фермалары болатын, жаз шыға сиыр малы бұзаулағаннан ке­йін, сиыр сауатын ферма ұйымдастырып, он шақты үйден ферма мүшелері сиыр саууға шоғырланатын. Жүзге тарта сауын сиырды жеті-сегіз сауыншы сауатын. Сауылған сүт­ті әр сауыншы сүт тартатын майшыға өлшеп тапсыратын. Сүт машинасына тартып, қаймағын бөліп алып, оны май қылып былғап, майын қайнатып ерітіп, еріген сары майды арнайы бетондарға құйып, аудан орталығындағы май қабылдау пункт­теріне тапсыратын. Қаймағынан бөліп алған сиырдың майсыз көк сүтін іріткі салып ұйытып, үлкен қазандарға қайнатып құрт, ірімшік әзірлейді. Әзір болған құрт, ірімшікті колхоздың орталығындағы қоймаға тапсырып, қыста колхозшыларға істеген еңбекақыларына қарай пай ретінде өлшеп, тамақ ретінде үлестірген.
Сиыр бақташысы, бұзау бағушы, олар болмағанда сауыншылар бұзауларды кезектесіп бағатын. Сиыр сауып болғаннан ке­йін сауыншылар колхоз малына қыстық азық дайындауға маңайдан пішен шабатын. Осы бір тынымсыз жұмыс, бала-шағасын асырау, күнкөрістің қамы үшін еңбек еткен сол кездің адамдарына қайран қаласың. Қыркүйек айында құмаршықтың пісіп жетілуіне байланысты қазан есік қаққанға де­йін құмаршықты дайындап алу үшін, сауыншылар кезектесіп жақын маңдағы ақшағылдың ақтық етектерінде қаулап шығатын құмаршықты шауып алуға кезекпен босатылатын.
Құм қазағы негізгі асы нан ретінде пайдаланатын құмаршық шығатын алқапты мал жайылымынан көзінің қарашығындай сақтап, қашан піскенге де­йін ол жерді «қорық» ретінде қорғайтын. Құмаршықты таңғы түскен шықпен күн тумай бастап, сәскеге де­йін, күн қызғанша бір үлкен айыр шөптің көлеміндей шауып, аяқпен басып көк баспа жасайтын. Елу шақты баспа әзірлеп, бір-екі күннен ке­йін құмаршық сабағы қатайып кепкен соң бір жерге дөңгеленте бір-біріне сүйей баспаларды тіктеп, араларынан жел өтетіндей қылып шеңберлей жинақтайды. Алғашқы шапқан құмаршықты көк баспа деп те атайды.
Үш-төрт күннен ке­йін алаша немесе басқа төсеніштерді жерге жайып, қурап кеуіп тұрған құмаршық баспасын соның үстіне салып, талдан жасалған ұзындығы екі жарым метр шамасында болатын сойылмен құмаршық сабағын уақталып, бытырап туралғанша соққылайды. Соққыланған құмаршық сабақтарының ірісін айырмен, ілінбегенін тырнауышпен тырмалап, бөлек жайылған жаймаға әкеліп салып, тағы да тал сойылмен соққылап ұнтақтап, құмаршық дәнінің қауыздан бөлініп шыққанына көзі жеткеннен ке­йін кебек аралас дәнді арнайы тігілген қаптарға салады. Оларды кебектерінен дәнді айырып алу үшін күн көзіне жайып, әбден дән ылғалынан кепкен соң құмаршықтың келесі әзірлеу сатысы – желге ұшырып, суырып, ақтау деген тәсіліне көшеді. Атап айтсақ, желдеу күні жел лебі өте күшті емес кез­де жайылған төсеніштің үстіне тәрелке тәрізді жайпақ ыдыспен құмаршықтың дәнін көсіп алып, жайлап суырып төсенішке төгіп тұрады. Сол кез­де құмаршықтың ауыр дәні тіке астына түседі де, кебегі ұшып төсеніштің орта тұсынан артына ыққа қарай ұшады. Осы тәсілді үш-төрт рет қайталайды. Қауызынан айырылған дәнді бөлектеп ыдысқа салып алады. Жақын жерге ұшып түскен дәннің қауыздарын тағы да жинап алып, оны шүберекке түйіп, жүн сабайтын сабау талмен тағы да дәнді сабалап ұнтақтайды да, қайтадан суырып ақтайды. Қайткенде де, бұл – құмаршық қауызынан бөлінбей қалған дәнді айырып алу әдісі.
Осылай алпыс шақты құмаршық баспасынан қалған, сойылмен соғып ұнтақталған құмаршықтың қалдық сабақтарын «топан» деп атайды. Сол топанды ұзынша жал қылып үйіп мал жемеу үшін айналасын орап тастайды. Бұлай істеу себебі: қыста қар қалың болған кез­де қанарларға салып, мал азыққа тасып алу үшін немесе құмаршық азық таусылған кез­де шымылтыр аязды күндері жиналған топанды тағы бір айналдырып соғып, бөлінбей қалған құмаршық дәнін алу үшін жасайды.
Негізі құмаршық топанын түйеге қалмақ әдісімен арқанды құрмалап артатын тәсілмен қыстаққа тасып алып, биік ашық ауланың немесе жабық қора баздарының үстіне текшелеп жинап, үйіп қояды. Осылай жинап алған құмаршық топаны қандай боранды қыс болса да малға азық, құмаршық азығы таусылғанда тамаққа қалжау боларлық дәнді айырып алуға оңай болады.
Құм қазағының осы бір бейнетінің арқасында құмаршық қандай да аштықтан халықты аман алып қалып отырған. Құмаршықты астық ретінде пайдалану тәсілін сөз етер болсақ, құмаршық дәнін диірменге тартып, ұнтақталған ұннан таба нан пісіреді. Құмаршық наны өте құнарлы, бір-екі көсектен артық жегізбейді. Құмаршықты етке араластырып жеген адамның асқазаны қорыта алмай күпті болады. Құм өңірінде құмаршықты көп жеп ауырған кісіні құмаршықтың күштілігінен кекірігі азған деп атайды. Құмаршықты азыққа пайдаланудың екінші бір тәсілі – екі-үш қадақ құмаршықты ыстық суға бөктіріп, бір-екі сағат қойып, елекпен суын бөліп алып, қазанға салып қуырады. Қуырылған құмаршық жалпақ кішкене дәнінен қоңырайып ісіп, көлемі үлкейіп, кішкентай дөңгелек дән пайда болады. Құмаршықтың қуырылған дәнін диірменге тартып немесе келіге салып түйіп, талқан жасап сүтке былғап жеуге болады.
Құмаршықты азық ретінде пайдаланудың әртүрлі тәсілі бар. Соның бірі – шикі құмаршықты қайнатып, сүт болса қосып көже ретінде ішеді. Көже ретінде құртқашашпен (құмда өсетін шөптің түрі) ысталған еменнен жасалған ағаш күбіге құйып, түйе сүтін қосып, күбі піспегімен пісіп ішкенде, оның тәт­тілігі тіліңді үйіретінін айтсайшы. Құмаршықтың бір қасиеті құмаршық көжесі ақ қосқандай ақшыл түсті болады. Құмаршық көжесінің піскенде ақ болуына қатысты халық арасында мынадай аңыз бар: бір аруана нардың ботасы өліп, зарлап, ботасының тұлыбына келіп боздағанда нар өз-өзінен иіп, сүті құмға сорғалап аққан екен дейді. Сол сүт­тің аққан жеріне Алланың әмірімен құмаршық шыққан деген аңыз бар.
Құмаршық қасиетін білетін кісілер бұл күнде азайды. Біз тек алты-сегіз жасымыздан бастап, әке-шешемізге еріп, құмаршық қағуға көмектес­кендіктен, құмаршық дәнін диірменге тартып, нанын, талқанын жегеннің арқасында есімізде мәңгі қалды. Қазақта «Аштықта жеген құйқаның дәмі ұмытылмайды» деген сөз бар. Сол кездің ұрпақтары құмаршықты ұмыту мүмкін емес. Құмаршық наны піскенде кебіртек құрғақтау болады да, наны бұзылмай, арасы көктемей ұзақ сақталады. Солай ұзақ сақталатын болғандықтан, құм адамы жолға немесе кәсіп іздеп алыс сапарға шыққанда таба нан, қуырылған құмаршықты азық ретінде мол қылып алып кетіп отырған. Құмаршық жол азығы ретінде де сапарлас болып, құм өңірінен шыққан жолаушыға азық болған. Құмаршық керекті зат­тарды айырбастап алуға да базарларда ақша ретінде қолданыста болғанын ауыл қарт­тары айтатын-ды. Астрахан, Орал (Теке), Саратов қалаларында болатын жәрмеңкелерге татарлардың Нарын құмының етегінде сала бастаған Новый Казанка, қазіргі Жаңақала елді мекендерде өтетін базарларға саудагерлер барып, керекті тұрмыстық зат­тармен қатар киім-кешектерге айырбастап алатыны өз алдына, бір қап­шық құмаршықты екі қапшық бидайға айырбастайтынын айтатын еді.
Нарын, Тайсойған, Бүйректі құмдарының өзара байланысы бар екенін де айт­қанымыз жөн. Құмаршық жылда бітік шыға бермейді. Құмаршық Нарын құмында барлық жерде де шығады. Бір жылдары Нарында бітік шықса, келесі жылы Тайсойған, Бүйректі құмында бітік шығады екен. Құмаршық Тайсойған құмында Нөсер, Ес, Ақшакөл, Аманжол шағылдарында (арасы екі құмның жиырма екі шақырым жер), Бүйрек құмында:Тастемір, Жуасбай, Есенаман, Мортық шағылдарында өседі», – дейді сол елдің азаматы, Құрмет орденінің иегері Қайырбай Елекенов. Халық тарыққан жағдайда екі құмның адамдары бір-біріне барып құмаршық қағады екен. Жайық өзенінің екі жағындағы құмда өзара бір-біріне байланысы бары ашылмаған құпия сыры – таңқаларлық құбылыс. Қалай айтсақ та құмаршық елді ашаршылықтан аман алып қалған жаратқанның сыйы деп ұққанымыз жөн.
Шешеміз Марфуға (Мәрпіш) Сисенғалиқызы өте талапшыл болатын. Әліміз келгеннен бастап құмаршықты диірменге тартып, келіге түйіп, мектептен келген бойда тамақ әзірлеу үшін бізді осы жұмысқа салатын. Кішкентай болсақ та диірменнің құлағын екі қолдап айналдырып, қайткенде де бір таба нанның ұнын екі-үш сағат­та диірменге тартып әзірлейтінбіз. Құмаршық дәнін құм қазағы қасиет­ті деп аса қадірлейді. Анамыз нанның қасиетін, оның киесін бізге былай түсіндіретін: «Құран қолың жетпейтін жоғарыда болса, нанға шығып құранды алуға болмайды, ал нан жоғарыда болса, мұсылман баласы Құранға шығып нанды алмасы айқын болса, нанның да, Құранның да қасиетіне теңестіріп, бәрінен де жоғары ұстаған деген сөз». Анамыз айтатын: «Құранды арнайы қабына салып сақтап іліп қойса, құмаршық нанын жерге шалқасынан жатқызбай, нан салатын дорбаға салып жоғары қояды, ал жаңа піскен нанды қырынан тік сүйеп қою керек, тек нан суыған соң нан дорбасына салып қой», – дейтін. Бір ғажабы, сол кез­дің балалары қанша қарны ашып отырса да, анасы келіп, тамағын әзірлеп, дастарқанға отырғызғанша ішіп-жемейтін еді-ау. Анамыз екі-үш қадақ құмаршықты майсыз қуырып, сәрбоз матадан тігілген дорбаға салып, өзінің сандығына сақтайтын. Біз: «Неге сандықта сақтайсыз, келіге түйіп, шикі қаймаққа былғап жесек қайтеді?» – дегенімізде, анамыз құмаршықтың емдік қасиеті де барын айтушы еді. Кезінде елде «шешек» індеті белең алып халық жаппай ауырғанда құмаршықты пайдаланған екен.«Құмаршық – адам күйі­гіне таптырмас ем. Қуырылған құмаршықты диірменге ұн сияқты тартып, адамның күйген жеріне сеуіп тастайды. Құмаршық, біріншіден күйген жер суланып іріңдеп, денеге тереңдеп, ішке түсіп кетуіне жол бермейді, екіншіден, асқынып, тереңдеп ойық жараға айналмайды. Құмаршықты қайта-қайта сепкендіктен, суланып тұрған жараның суын жұтып, қатпарланып көтеріліп түседі де, асты құрғап, жара жазыла бастайды. Күйген жердің қатпары түскеннен ке­йін, қызыл шақа болып тұрған жерге қаздың шыжғырылған майын жақса, күйген жерде ешқандай тыртық қалмайды», – деп сандығында қуырылған құмаршықты сақтап жүретін…

Мұрат БЕКТЕНОВ,
Атырау облысы,
Исатай ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір