Нақақтан-нақақ тұтқындалған Көкенов
13.06.2024
80
0

Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы түйткілді мәселесінің бірі – соғыс тұтқындары мәселесі. Біздің өңірде де жазатайым жау қолына түсіп, ғұмыр бойы азап шеккен азамат­тар аз емес. Солардың бірі – 1915 жылдың тумасы, Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылының тұрғыны, жауынгер Көкенов Сейділда. Бұрын сот­ты болмаған, шала сауат­ты, үйлі-баранды созақтық сарбаз 1940 жылдың азынаған ақпанында Қызыл әскер қатарына алынған.
№2904 архивтік қылмыстық істің анықтамасына сүйенсек, көрген қиыншылығы көп Көкенов 1941 жылдың тамызында, кескілескен шайқастардың бірінде жау қолында қалып, тұтқынға алынады. Осынау архивтік деректе Көкенов Сейділда 1942 жылы «Түркістан легионы» қатарына кіріп, Гитлерлік Германияға ақ-адал, қапысыз қызмет етуге ант беріпті-міс. Осылайша, бірнеше жыл бойы басқыншылардың әскери нысандарын күзетіп, бөлім командирі деген білдей атаққа ие болған соң Польша партизандарының бүлігін басып-жаншуға да белсене қатысып, сан айқаста сыналып, ефрейтор шеніне де­йін көтерілді деп көрсетілген, яғни осы жоғарыда тағылған айыптардың бәрі де дәлелденіп, 1950 жылдың 19-қыркүйегінде қайта тұтқындалған Көкенов КСРО ҚК-нің 58-1-бабы бойынша бар құқығынан бес жылға айырылып, дүние-мүлкі де тәркіленіп, 25 жылға сот­талып, еңбекпен түзеу лагеріне жазасын өтеуге жіберіледі.
Бізге белгілісі, 1951 жылдың 11-сәуірінде жазасын өтеуші жауынгер тиісті орындарға істі қайта қарауын өтініп, кассациялық шағым жазғанымен, ол арыз қанағат­тандырылмаған. Алайда КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1953 жылғы 27-наурыздағы «Амнистия туралы» Өкіміне сай Көкеновке кесілген жаза мерзімі азайып, 5 жылға сот­ты болғаны айғақталыпты.
Анығында, кеңестік сарбаз Көкеновтің қасіретке толы ғұмырына байыппен үңілер болсақ, отбасында 7 бірдей жаны бар отағасының өз еркімен Отанын оп-оңай сата салуы әсте мүмкін емес. Бейбіт заманда да билікке қарсы бір әрекеті жоқ, шала сауат­ты ауыл қазағының айналасы бірер жылда неміс тілін жетік меңгеріп, туған еліне, қарулас серіктеріне қарсы оқ атуы да күдік тудыратындай. Себебі сұрапыл соғыстың алдында туған ауылында колхоз бригадирі болып еселі еңбек еткен, көпке өнегелі жанның кенет­тен өзгере кетуі де – күмәнді.
Біздіңше, бар шындық мынада. Кеңес үкіметі соғыс тұтқындарының бәрін «опасыз» санап, қолға түскендерді құтқаруға еш шара жасамаған. Оның үстіне, қатігездігі шектен шыққан дұшпан да тұтқындарды «Түркістан легионына» күштеп кіргізгесін, кез келген сарбаздың ісіндегі «өз еркімен қосылды» деген сөйлемді сызып тастағанымыз абзал. Өйткені өмір мен өлім арбасқан адам төзгісіз жағдайдағы лагерьден тірі қалып, туған жерге түбі бір оралудың жалғыз жолы осы болуы да мүмкін. Сондықтан «Түркістан легионындағы» тұтқындарды түгелдей қаныпезер етіп көрсету де, біздіңше, дұрыс емес. Жалғыз Көкеновті осынау мақалаға өзек ете отырып, соғыс өртінің мыңдаған сарбаздың тағдырын күйреткенін түсінгеніміз жөн. Олай дейтініміз, соғыс өрті бұрқ етіп тұтанғанда Белоруссияның Гомель қаласындағы 115-атқыштар полкінің 3-пулемет­тік ротасында қатардағы жауынгер болған Көкенов Минск қаласының аудандарында жасанған жауға қарсы жан алысып-жан беріскен ұрыстардың бірінде қапыда қолға түскен. Польша аумағындағы концентрациялық лагерьде де аз азап шекпегені анық.
Осы тұста 1950 жылдың 24-қарашасында ОҚО ҰҚК облыстық бөлім басшысы, полковник Сербуковтың қолы қойылып, мөрі басылған айыптау қорытындысын да қарай отырайық. Созақ аудандық әскери комиссариатынан Отан қорғауға ат­танған Сейділда Көкенов жоғарыда айт­қанымыздай алдымен Гомельдегі 115-атқыштар полкіне бөлініп, ке­йіннен Речица, Китковичи, Пинск, Брест түбіндегі бетпе-бет ұрыстарға да қатысып, қаһармандығымен көзге түседі. Шындығында, соғыс басталған тұста бұл қалалардың дені түгелдей қиратылып, жаудың жойқын күшіне тосқауыл бола алмаған Кеңес әскері саптағы сарбаздарының талайын майдан даласында қалдырып, күйрей жеңіліп кері шегінгені баршаға аян. Осындай кезекті шайқаста басы бұғауға түскен тұтқын Көкеновтің де Польша лагерінде көресіні әбден көргені – шындық.
Ал архивтік құпия деректерде: «1942 жылы Польшадағы Легионово лагерінде «Түркістан легионы» сарбазы атанған, антикеңестік әскери құрылымға жан-тәнімен қызмет еткен, сол легионда сарбаз бола жүріп, 1942 жылдың қоңыр күзінде, нақтырағы қараша айында, унтер-офицерлер дайындайтын мектепте жарты айдай әскери тәлім алған, 1943 жылдың күзінде «Темірлан батальонына» ауыстырылған, сол батальонның 1-атқыштар ротасы бөлімінің командирі санатында ефрейтор шенін иеленген Көкенов қол астындағы сарбаздарына кеңес үкіметіне қарсы болып, «мұсылман» мемлекетін құрамыз» деп рухтандырып отырған», – делініпті, яғни «Темірлан батальонының» командирі 1943 жылдың көктемінде Польшадағы Зеленки лагеріне жіберілгенде де фашистік Германияға адалдығынан танбай, осы жылдың күзінде 2-атқыштар ротасының қатарында Демблин қаласына жіберіліп, сондағы әскери қоймаларды партизандар шабулынан қорғауға белсене кірісіпті. Осылайша, С.Көкенов 1943 жылдың соңында осы Демблин қаласындағы қызметі үшін неміс армиясының шеніне ие болды деп көрсетілген.
1944 жылдың қақаған қысында Көкенов аталмыш атқыштар ротасымен бірге Поль­шаның Луков қаласына ат­тандырылып, көктем шығысымен Бело-Подляски ауданында өз бөліміндегі легионерлермен кеңестік партизан отрядтарына қарсы операцияларына, бірқатар ұрыстарға араласып үлгереді де, одан ке­йінгі кез­де Көкеновтің бөлімі Луков, Родзынь, Люблин, Радом қалаларында қарауылдық қызметке тартылып, ара-арасында Польша партизандарын жазалаушы отрядтарға да қосылып, отандастарына да қару кезенді деп айыпталады. Кеңес Армиясы күш алған тұста неміс әскерімен бірге «Темірлан батальоны» да кері шегіндіріліп, тылда қалдырылыпты. Тек 1945 жылдың қаңтарында ғана Радом қаласында Көкенов бастаған легионерлер Кеңес әскері қатарына қайта қосылыпты.
Соғыс жеңіспен бітіп, бейбіт күнде елге оралған Көкенов сот пен сергелдеңді, тұтқындағы тозақ өмірді қайта бастан кешкен, яғни жоғарыдағы айыптардың денін жоққа шығарса да, «Түркістан легионындағы» серіктері Мәмедәлиев Нұргелді, Балаубеков Мұхат, т.б. куәлік етуіне сүйеніп, сот Жартытөбе ауылының (ке­йіннен «Жаңа тілек» колхозы) азаматына 1950 жылдың 6-қарашасында Шымкент қаласында үкім шығарыпты. Дегенмен осынау №3026 іс бойынша айыпталған Көкеновпен қоса куәгер ретінде сотқа қатысқан Сейділданың «Түркістан легионындағы» серіктері Мәмедалиев, Балаубеков, Сағындықов, Айтжанов, Архабаев, Тәт­тімбетовтер де тағдыр тәлкегіне ұшырап, тұтқынға алынғаны, тергеуге іліккені мәлім.
Солай болса да совет­тік сот­тың Көкеновтің жанайқайына құлақ аспағаны анық. Соғыстың соңғы жылдарында ерекше ерлігімен көзге түскен Көкенов өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, үкім оқылған сәт­тегі ақтық сөзінде былай депті:
«…Маған тағылған айыптың дені – түгелдей жала. «Түркістан легионы» қатарына күштеп кіргізілгенімді жоққа шығармаймын. Алайда Польша партизандарына қарсы қару көтерген жоқпын. Мұны сіздер жазбасын ұсынған куәгер жауынгерлер де көрсетіп отыр ғой. Сондай-ақ неміс армиясына қалтқысыз қызмет етуге де ант берген емеспін, «басқа түссе – баспақшыл» дегендей, бар болғаны әскери нысандарды күзетуге қойылғаным рас. Бұл жұмыстан бас тарта алмаудың себебі, артымызда атар оғын кезеніп жау сарбаздары басқан ісімізді қалт жібермей қадағалап отырды. Жау қолынан ешқандай унтер-офицер шенін де, медаль да алған емеспін. Біздің бар ойлағанымыз бұл тозақтан қайтсек те тірі шығу болды. Брест маңындағы майданнан соң Минск төңірегінде тұтқынға түскенімді бұрын да сан мәрте айт­қанмын. Қаныпезер жау тұтқынға түскен жаралы солдат­тарды түгелдей атып тастап, бізді ну орманның ішімен жаяу айдады. Қайда бара жатқанымызды да білмейміз. Әйтеуір өлдім-талдым деп отырып 3-4 күнде бір лагерьге әкеліп, қойша тоғытып қамады. Біздің қалауымызбен кім санасып жат­ты дейсіз. «Түркістан легионына» қосылғанымызды да ке­йін бір-ақ білдік емес пе?
Алдымен бізді Польшадағы лагерьге жөнелткен. Осынау Сетлида лагерінен ебін тауып қашып шығып, 15 күндей елсізбен қашып, түнде жүріп, күндіз бой тасалап жүргенімде Польша полициясының қолына түсіп, «Түркістан легионына» тапсырылдым. Сондықтан мені «легионға өз еркімен кіріп, жан-тәнімен беріле қызмет ет­ті» деу – қате. Кеңестік жауынгер тұтқындардың еркі өзінде болмағанын ескерсеңіздер екен.
Иә, шегінген жаумен бірге босып жүріп, лагерьден лагерьге ауыстырылып жүріп, әскери дайындық ротасында еріксіз сабақ алғанымды жалған демеймін. Бірақ ешқандай шен алған емеспін. Бауырларыма қарсы ұрыстарға да қатыспадым. 1943 жылы Тембелин қаласында бізді көпірлерді күзетуге қойды. «Күзетуге қойды» деген аты ғана. Ту сыртымыздан мылтығын кезеніп неміс әскері тұрды. «Жазған құлда жан бар ма» амал жоқ, дұшпанның айт­қанымен жүрдік, айдауына көндік. Радом қаласына келгенде де қарауылдық жұмысқа жегілдік. Тұрмыс – тозақ, тамақ жоқ, талай тұтқын көз алдымызда жан тапсырды.
1945 жылдың қаңтарына де­йін осында болдық. Жеңіс жақындап, неміс әскері өз басымен қайғы болып жатқанда, 20 шақты жауынгерді ертіп қашып шығып, жауды тықсырып қуып келе жатқан Кеңес әскеріне қосылдық. Майдандас серіктермен жылап көрістік. Осы жерде бізді қосымша полкке қосып, Белорусь майданына ат­тандырды. 120-гвардиялық атқыштар полкінде жүріп, қаншама қан кешкен ұрыстарға қатысып, Жоғары әскери басшылықтан әділ марапатымды алдым. Одан 222-гвардиялық атқыштар полкына ауыстырылғанда да адалдығымнан танбай, алғы шепке ат­танып, қорықпай қайсарлық танытқаным үшін тағы да қарулас серіктерім алдында алғысхатпен марапат­талдым. Тіпті әлгі 222-полк командирі менің ерлікке толы ғұмырымды көпке үлгі етіп, жоғары наградаға, медальдарға да ұсынған. Не кедергі болғаны маған беймәлім, марапат­талғаным туралы қағазым қолымда болса да, аталған медальді сол күйі ала алмай жүрмін.
Осылайша, соғыс бітіп, бейбіт күнде ел қатарлы тіршілік етіп жүргенімде, кенет­тен қайта тұтқындалып отырмын. Тергеушілерден көрген зәбір-жаламды, азаптау мен қорлауды тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Жау қолында біз – адамды аяусыз қорлаудың, айуандықтың атасын көрген жандармыз. Сондықтан мені таяқпен тізерлету, болмаған істі мойныма ілгіземін деп күні-түні қинау бос әурешілік деп ойлайтынмын. Осы тергеу камерасында күн сәулесін көрмей, аштықтан бұратылып, шөлге шыдамай, туыстарымды да қинаған соң амал жоқ, айт­қан қағаздарына қол қойып беріп отырмын. Басқа амалым да қалмады. «Неміс әскерінің унтер-офицері болыпты-мыс» деген, өмірі көзім көрмеген жалған куәгерлердің де жазғандарын рас деп мойындаудан басқа жол қалмады. Шындығында, мен бұл куәгерлерді де қат­ты аяймын. Олар да мен секілді тергеу тетігі қалай бұрылса солай қисаятын, өмірде жолы болмаған өз бауырластарым. «Неге жаптым жала, жақтым күйеге барып отырсыз?» – деп Балаубековті де жазғырмаймын. Расында, менің ақтық сөзімді, ақиқатқа толы мұңымды тыңдайын деп отырған да жан жоқ. Әйтпегенде олар беталды лағып сөйлеп, көзбе-көз күстәналаған куәгер Балаубековтің менімен бір легионда мүлде болмағанын, басқа легионда аудармашы болып дұшпанға бас ұра қызмет еткенін анықтап, ақ-қарасын айырар еді. Жоқ, бәрі де керісінше болып, Балаубековтің айтуынша немістердің әскери мектебінде тәлім алған антұрғанның өзі саналып, нақақтан-нақақ айыпталып отырмын. Анығы сол, қарақан басын аман сақтап қалғысы келген Балаубеков осындай жалған куәлікке барып, тергеушілер де менің шала сауат­тылығымды пайдаланып, істі әдейі бұра тартып отыр.
Мен тұтқынға түскендегі күнәмді талай ұрыста қан төге отырып, ессіз ерлікке барып, жуып-шаюға барынша тырыстым емес пе? Сөйте тұра 25 жылға кесілгенімді естіп, есеңгіреп тұрмын. Соғысқа де­йін де, соғыста да, соғыстан соң да ақ-адал қалпымда туған Отаныма қызмет еткенімді, қарт анам, буыны бекімеген, оң-солын танымаған 4 балам барын ескеріп, істі қайта қарауларыңызды жүрегімнің зарын, көзімнің жасын төге отырып өтінемін. Тым құрыса, жазамды жеңілдетсеңіздер екен.
Берлинді алу кезінде көрсеткен ерлігім үшін берілетін медальды да кеш те болса алғым келетінін ағымнан жарыла ақтарылып айтып отырмын. Ерлігім ескерусіз қалмай, әділет­тің салтанат құратынына сенемін. Әскери Коллегияның да осының бәрін елеп-екшеп, оң шешім шығаратынына үміт артамын».
Десе де 1945 жылдың 23-сәуірінде Жоғары Бас қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы И.Сталиннен Берлин бекінісін бұзып өтудегі қаһармандығы үшін берілген алғысхатын, Сол жылы Германиядағы Кеңес оккупациялық Әскерінің бас қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың: «КСРО Жоғары Кеңесінің XII сессиясының шешімімен Сіз туған Отаныңызға оралғалы отырсыз. Сіз үлкен әрі қиындыққа толы соғыс соқпағындағы сын-сынақтан өт­тіңіз. Төгілген қан текке кеткен жоқ. Ұлы Сталиннің бас болуымен адамзат тарихындағы теңдесіз жеңіске қол жеткіздіңіз. Берлинді алу кезіндегі өшпес ерлігіңіз ұрпақ жадында мәңгі сақталады», – деп келетін алғысхатын иеленсе де, Көкеновтің тағдыры теперішке толы болды деуге толық негіз бар. Өйткені өмір-теңізде тұңғиыққа батпай, тұтқында да түнекке тұншықпай, туған елін жан сала қорғаған майдангер 5 жылға сот­талып кете барған. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы Көкенов секілді сарбаздардың жауынгерлік жолына да жіті үңіліп, ақтауға ұсынып жатса, нұр үстіне нұр. Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – аманат.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
М. Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры,
тарих ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір