Ініге – ізет
(тарихи-публицистикалық көзқарас)
Сөзбасы
Дәстүрлі қазақ қоғамының табиғатымен біте қайнасқан әлеуметтік құбылыс – үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету атадан балаға тамыр тартып, халқымыздың бұлжымас қағидасына айналған.
Алайда, соңғы жылдары қазақ зиялылары дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы сақталған үлкен мен кіші арасындағы жарасымды сыйластықтың үндестігі бұзылып, ұрпақтар арасындағы табиғи сабақтастықтың бірте-бірте үзіліп бара жатқанына алаңдаушылық білдіре бастады.
«Баяғыда қазақтың ғалымдары болар баланы балапанынан баулып, оған қамқорлық көрсетіп, талантты, талапты жастарды өз үйлеріне жатқызып, қолынан келген көмектерін аямаған. Қазір ондай адамдарды көріп отырған жоқпын, өкініштісі осы, – деп жазды белгілі саясаттанушы Дос Көшім, – бір кездегі қазақ зиялылары арасындағы алдыңғы аға өкшені басып келе жатқан кейінгі ініге қамқорлық көрсетіп, білгенін үйрету дейтін жақсы бір үрдіс, мақсат мүдделестігі үзіліп қалған сияқты».
Ұлтымызға тән осынау кісілік қымбат қасиетті бүгінде ақсақал жасқа жеткен абыз ағалар: «Бұрынғы аға мен іні арасындағы қарым-қатынас қандай ғажап еді», – деп сағына еске алатын болды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Зиялының да зиялысы бар.
Десек те, нарықтық қатынастар зиялы қауымның әлеуметтік жағдайы мен өмірлік ұстанымына, олардың өзіндік көзқарастарына да өз салқынын тигізгені рас. Басқаша айтқанда, ұлтымыздың рухани көшін сүйрейтін ұстаз-ғалымдар мен ақын-жазушылардың қоғамдағы тұлғалық орны жоғалып барады.

Тарих не дейді?
Иә, жоғарыдағы ойды нықтай түсетін төмендегі деректер сөзімізге тұздық. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің деректеріне сенсек: «Қызылорда қаласынан 20-30 шақырым жерде Сұлутөбе деген жер бар. Сол стансаның жанындағы «1-май» деген ауылда М.Шоқайдың (1890-1941) туыстары осы уақытқа дейін тұрады екен. Сол ағайындары тарихшы-ғалымға біраз қызық әңгімелерді айтыпты. Кім де кім ауылдан Ташкентке бара қалса, сонда білім алып жүрген шәкірт Мұстафаға жолықпай қайтпаған. Таңданарлығы сол, ағайындары жылда Ташкентте орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі бір-бір қара малдан береді екен. Сол ауылда жиналған малды бір кісі Ташкентке базарға айдап апарып сатып, соның ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Оқуы сәтті, жақсы жүрсін деп, ағайындары осылай қолдау жасаған. Ол кезде жалпы оқу деген өте қиын болған. Мысалы, шәкірт ауылдан кеткеннен кейін қайтадан ауылға жылдап келе алмаған, қатынас өте қиын, сондай жағдайда қаржылай көмек берудің мәні өте үлкен екені өзінен-өзі түсінікті (Қойгелдиев М. Студент Мұстафа Шоқай. // Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. – Алматы, 2012,13-14-бб.)
Осы ретте тағы да бір мысал еске түседі. Академик Серік Қирабаевтың деректеріне сүйенсек: «1922 жылы ауылдың баласы, білім іздеген, жан-жаққа ұмтылып ізденіп жүрген Сәбит Мұқанов (1900-1973)* Орынборға кеңестердің ІІІ сьезіне келіп, сол жолы Сәкенмен танысқан екен де, содан Сәкен ұсталып кеткенше екеуінің арасындағы қарым-қатынас үзілмеген. Сәкеннің көмегімен Сәбит Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланған. Ол бүгінгі депутат сияқты. Содан кейін Сәкен оны алып қалып, оқуға түсірген, өзінің үйіне пәтерге тұрғызған. Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) Орынборда Деев көшесінде 8 бөлмелі пәтері болған екен, соның 2 бөлмесінде өзі тұрған да, қалғанына ауылдан келген, оқу іздеген балаларды жатқызады екен. Келер жылы Сәбит елге барғанда Ғабитті алып келіп, Ғабит екеуі Сәкеннің үйінде тұрған. Бұл жөнінде Сәбит те, Сәкен де жазған» (Қирабаев С. Сәкен мен Сәбит. // Құсанбек Б. Бір сәт және бүкіл ғұмыр. — Алматы, 2012, 141-б.).
Адам мінезі, соған сәйкес ұлт мінезі оның өндірістік қатынастарына һәм кәсібіне байланысты өзгеріп (деформацияланып) отыратыны – ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқат.
Ашып айтсақ, экономикалық қатынастардың өзгеруімен бірге ұлт болмысындағы рухани және материалдық құндылықтар аясындағы қарама-қайшылықтар барған сайын тым күрделеніп бара жатыр.
Задында «ақылды жастан, ақылы қызметті» артық санап, аяушылық сезімді аттап жүре беретін кербез де қатыгез капитализм өмірімізге дендеп енген сайын материалдық игіліктер суырылып алға шығып, қоғамда байлыққа құмартып елітудің жаппай сипат ала бастағаны сондай, бағзы замандардан мызғымай бүгінге жеткен қазақтың игі дәстүрлерінің бағасы кеміп, рухани құндылықтар кейінге шегеріле бастағандай.
«Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді жолына қарап сыйлайсың. Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тарынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген, – деп жазды Ә.Кекілбаев. – Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда минорат үрдісі деп аталатын бұл қағида көшпелілердің тек ошақ басы қарым-қатынасында ғана емес, саяси-мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған» (Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. – Алматы: Қазақстан, 1998, 175-б.).
Ізгілік – ғасырлар қойнауынан бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы қасиет. «Өмір – теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» (Әбілхасан Рудаки), «Халқыңа қызмет ет, ізгілерге ізет ет, жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» (Қожа Ахмет Ясауи).
Тарихи деректерден ұққанымыз, қазақ – табиғатынан бауырмал халық. Ізінен ілескен інілеріне ізет пен ілтипат көрсетіп, демеп, сүйемелдеп жіберу қазақтың кеңдігін әрі оның дархан мінезін көрсетеді. Аға болмысына тән мейірімнің астарында ұлтымыздың тектілігі жатыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «Ат жауырға шыдамайды, ер бауырға шыдамайды», «Аға бордан, іні зордан», «Бір тонның жағасы болма, баршаның ағасы бол», «Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды», «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс, ағаны алдау – анаңның алдында қылмыс», «Үлкен бастар, кіші қостар», «Тату болса – ағайын жақын, ақылды болса – інің жақын», «Жақсы аға үлкендік қылмайды», «Ағаның үйі – ақ жайлау», «Аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Аға адасса, іні із кеседі», «Аға болсаң ақыл айт, ақыл айтсаң мақұл айт», «Ағасы ақылдының ауылы азбайды», «Ағасы ұрар болар, інісі тұтар болар», «Аға ішкен бұлақтан інісі де су ішеді», «Арттағыны қозғау – ағалық, алдағыны болжау – даналық», «Жаман аға – міншіл, жаман іні – күншіл», «Інің ағаңдай болмас, ағаң атаңдай болмас», «Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңлі өсер», «Аға әдепті болса іні әдепті, апа әдепті болса сіңлі әдепті», «Ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі, көргендерін бойына түйіп өседі», «Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі», «Аға – ініге ұстаз, апа – сіңліге ұстаз», «Ағаныкі – ортада, інінікі – қалтада», «Ағаныкі – кешіру, інінікі – есіру», т.б. деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер де дәлел бола алады.
Тарих – бүгінгі жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтін киелі ғылым және мақала барысында ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларын алаштық не кеңестік деп бөліп-жармай, олардың ұрпаққа үлгі боларлық бірегей қасиеттерін бірыңғай ұлттық мүдде тұрғысында зерделеуді жөн санадық.
Өйткені бұлардың қай-қайсысы да ұлтқа, ұлттық намысқа, ұлттық мұратқа қызмет жасауды сол заманда өзінше түсінген тұлғалар-тұғын. Тарихшы Х.М.Әбжановтың: «…Ұлт құрып біткенше оның бауырынан ел қамын ойлайтын адал перзенттер дүниеге келуін тоқтатпайды. Олар замана талқысына орай әр түрлі жолды таңдағанымен, ұлы мақсаттары біреу болады. Ол – ел-жұртының бақыты, азаттығы, яғни «алаш» Әлихан, Ахметтер жақсы, «қызыл» Тұрар, Сәкендер жаман еді, шетке «қашқан» Мұстафа жаман, қашпай құрбан болған Міржақып жақсы еді, бай-молланың тұқымы Мұхтар текті еді, жеті атасынан бері қара сирақ болған Сәбит тексіз еді деп бағалайтын болсақ, онда тарихи тұлғалардың рухына қиянат жасау өз алдына, ең зор қателік ұлттың мәдени-рухани әлемін объективті талғаммен парықтай алмайтын боламыз», – деп анықтауы (Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих тұлға теория. – Алматы: – 2004 — 164-165-бб.) бүгінгі Отан тарихының әлеуметтік табиғатына сай деп есептейміз.
Қазақтың ХХ ғасырдың басындағы тарихын Бақытжан Қаратаев (1860-1934), Әлихан Бөкейхановтарсыз (1866-1937) елестету мүмкін емес. Екеуі де кезінде ата-бабасы ел билеген ақсүйек текті тұқымнан.
Бақытжан әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, ал Әлихан – Орта жүздің айтулы сұлтаны Барақтың тұқымы. Көкжал Барақтың Әбілқайырды қапыда өлтіргені тарихтан белгілі.
1913 жылы Ж.Сейдалин: «Қазақ зиялыларының тарландары – Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов және Бақыт Құлманов, бұл үшеуі өзі үш рулы ел болса да, Алаш дегенде басы бір жерге қосылса керек», – деп өз пікірін білдірген болатын («Қазақ» газеті. — Алматы. «Қазақ энциклопедиясы», 1998. — 53б.). Ұлт зиялысы Ж.Сейдалиннің өз заманында айтқан бұл пікірі көп нәрсені аңғартады.
Б.Қаратаев 1890 жылы Ресейдегі беделді оқу орны Санкт-Петербор университетінің заң факультетін алтын медальмен үздік бітіріп шыққан алғашқы қазақ заңгері, ІІ Мемлекеттік думаның депутаты. Жасы Әлиханнан жарты мүшелдей үлкен.
Зерттеуші Ү.Х.Идресованың мәліметінше, империя орталығында қызметте жүрген Б.Қаратаев қазақ студент жастарымен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың білікті маман, саяси шыңдалған азамат ретінде қалыптасуына қолдан келгенінше көмек көрсетуден аянып қалмады. Сол кездегі Б.Қаратаевтың Санкт-Петербордағы пәтері студент жастардың бас қосатын орнына айналды. Ол Ә.Бөкейханов бастаған бір топ студенттерге барынша қамқорлық көрсетуге талпынды. Қазақ студент жастарының арасында Ә.Бөкейхановтың дарынды болмысын ерекше бағалайтын (Идресова Ү.Х. Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық-саяси қызметі (1860–1934 жж.) // Тарих ғылымдарының кандидаты… авторефераты. — Орал, 2007,13-б.).
Кейін Б.Қаратаев туған халқының мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлт жанашырына айналған Ә.Бөкейхановқа жазған хатында: «Мен сені студент болған кезіңнен-ақ өз пікірің мен сеніміңнің беріктігіне тәнті болып, құрметтейтінмін», – деген.
Осы хатта көп нәрселер айтылған. Әрі қарай хатында Бақытжан былай дейді: «Әлихан, арамыздағы жалпы ұлт мойындаған сенсің. Сен өзіңнің еңбегіңмен, қызметіңмен ұлттың көшін бастайтындай деңгейге жеттің. Оны бәріміз мойындауымыз керек» (Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы – Алматы: Алаш, 2004.-1-т.-552б.86-91бб.).
Бақытжан бұл сөзді 1911 жылы айтып отыр. Тарихшы М.Қойгелдиевтің айтуынша, Б.Қаратаев – өмірінің соңына дейін Ә.Бөкейхановтың оппоненті болған адам («Жас қазақ», № 48, 8 желтоқсан, 2006 жыл).
Олай болса, саяси көзқарастарының алшақтығы һәм жасының үлкеніне қарамастан ұлт бірлігі, ұлт мұраты жолында кішілік пен кісіліктің үлгісін көрсеткен Б.Қаратаев қандай құрметке де лайық!
ХХ ғасырдың басындағы ұлт серкелерінің ұлы бабалары арасындағы пендешіліктен болған қасірет пен өкпе-ренішті ұлттық мүдде жолында ұмытып, сын сағатта бір-бірін мойындап, бағалай білуі – бүгінгі жас өскінге үлгі-өнеге ғана емес, қалың қазақ сүйсінерлік құбылыс.
Осы ретте ұлы бабамыз Төле би айтқан «Қой асығы демеңдер, қолға жақса сақа ғой, жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой» деген даналық сөз еске түседі.
Түйіп айтқанда, бодау замандағы қазақ зиялыларының өзара сыйластығы – ғажап құбылыс. Қазақтың рухани байлығы, төл мәдениетінің өзегі кісілікте жатыр. Ізгілік – ұлт саңлақтарының тағдырымен бірге өрілген өте қымбат қасиет һәм ұрпақтарды сабақтастырып жатқан алтын шынжыр.
Деректер не дейді?
Сонымен қазақ халқында жеке тұлғалардың бір-біріне ізет көрсетіп, жақсылық жасауы ұлттық қағида (кредо) ретінде қалыптасқан. Көтерілген мәселені одан әрі аша түсетін, сөз орайында айрықша атап өтуді қажет ететін тағы бір мысал.
Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің деректері бойынша, кәмелет жастағы Қаныш Имантайұлы (1899-1964) атақты халық сазгері Жаяу Мұсаға (1835-1929) сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен.
Жаяу Мұсаның: «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?», – дегеніне, Қанекең: «Ой да қосылады ғой аға», – деп жауап береді.
Сол сапарда Жаяу Мұса Қанышқа көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», – деп құсты алмай кетеді.
Мұны кейін естіген Қаныштың әкесі Имантай: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», – деп риза болыпты.
Аяулысын ардақтай алатын қазақтың кең мінезі қандай шіркін! Қыранды қыран қиядан таниды деген бар емес пе?! Әйгілі әншінің болыстың баласына бермеген қаршығасын, немересімен жасты Қанышқа сыйлауы – жас талантқа көрсетілген ерекше сый-құрмет екені даусыз.
Ізгіліктің астарында сол мәртебе-дәрежеге әбден лайықты, халық болашағына зор үміт артқан баланың болмысы жатыр. Зерделесек, ұлыдан ұлағат дегеніміздің өзі – осы.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарын ұлтына жасаған қызметіне сай жан-жақты ұлықтау парызымыз. Алаш арыстары менмен, өзімшіл емес, көпшіл, шетінен мемлекетшіл-тұғын. Ұлт ұтылмаған, ұлттық мүддеге қызмет қылған, ұлт жұмысына жегілген жердегі нәрсенің бәрі де – ұлы.
Бүгінгі сөз болып отырған тақырыптың өзегін аша түсу мақсатында, озық ойлы қазақ зиялыларының ірілігін айшықтайтын тағы бір деректі саралайық.
Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаевты (1879-1938) оқырманға таныстырып жатудың өзі артық.
Ол 1900 жылы Верныйдағы ер балалар гимназиясын алтын медальмен тәмамдаса, сол жылы Санкт-Петербордағы Жол қатынасы институтына түсіп, оны 1906 жылы бітірген.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ Ресей империясы бүкіл Орталық Азияны жаулап, отарлау саясатын іске асыру үшін Орынбор-Ташкент теміржолын сала бастады.
Бізге жеткен деректерге қарағанда 1915 жылы М.Тынышпаев Түлкібас стансасында теміржол салып жүреді. Сол жерде Т.Рысқұловтың (1894-1938) жүргенін естіп, оны іздеп, тауып алады. Тұрарға болашағының зор екенін айтады.
Тұрартанушы О.Қоңыратбаевтың дерегінше, «Рысқұл-Саймасай» оқиғасын бүкіл ел естіген, қарапайым жылқышының патшаның болысын атып тастауы әр қазақты ойда қалдырып, қатты әсер еткен.
Жетісулық Мұхамеджан Тынышпаев та сол оқиғаны жақсы білген. Тұрар Мұхамеджан ағасына бірден ұнаған. М.Тынышпаев оған 150 сом ақша ұстатқан. «Жақсыдан – шарапат» деген осы емес пе!
Сөзімізді тұжырымдасақ, Т.Рысқұловтың талантты екенін, болашағы зор екенін бірінші болып сезіп, оған дем берген – М.Тынышпаев. Кез келген тарихи тұлға – алдымен пенде. Көктен ешкім салбырап түсе салмайды. Өмірдің бұралаң жолдарынан өтеді. Бұл – заңдылық.
Атам қазақта «Тектіні текті таниды», «Жақсыны жақсы іздей жүреді» деген қанатты сөз бар. Демек, жақсыны тану үшін де парасат керек. Мұны ұлы Абай: «Ит маржанды не қылсын», – дейді.
Асыл аға мен алғыр іні арасындағы осы бір тартымды кездесуді тергеудегі М.Тынышпаевтың өз ауызымен айтқан жауабы растай түседі: «Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914 жылы Жетісу теміржолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара тамаша жер еді. 1915 жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом (әдейі кемітіп көрсеткен сияқты, басқа деректерде 150 сом -Ж.Ж.) бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922 жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 1922 жылы, ол 30 жасқа толғанда Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік» (Жұртбай Т. «Ұраным — Алаш!..» Тез. 2 том. — Алматы: «Ел-шежіре», 2011.79-б.).
Өмір осынысымен қызық. «Жазмыштан озмыш жоқ»! Қазақтың екі айбоз ұлын тағдыр осылай екінші мәрте тоғыстырған. 1926 жылы Кеңес Одағы министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Рыков пен оның орынбасары Тұрар Рысқұлов бас болып, Түрксіб теміржолын салуды жоспарлайды. Теміржолды салу үшін білікті мамандарды жинау керек болады. Қоқан автономиясы құлағаннан кейін М.Тынышпаев жұмыссыз қалады. Аға жақсылығының қадірін ұмытпаған Тұрардай іні «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі» екенін дәлелдеп, Ф.И.Голощекиннің қарсылығына қарамастан М.Тынышпаевты бекітіп жіберген.
Сөйтіп, заңғар тұлғалардың сыйластығы өле-өлгенше жалғасқан. Бұдан абзал аға мен дарынды іні арасындағы үрзада үміт пен ерекше сый-құрметтің нәзира үлгісін көруге болады. Өкініштісі, қазақтың біртуар азаматтарының екеуі де 1938 жылы атылып кетті.
Ізгілік – ұлы дүние. Оның үлкен-кішісі болмайды және ол сатылмайды. Бір ғажабы ол ешқашан сатып алынбайды да. Қазақ қайраткерлерінің рухын тірілту, еңбегін жаңғырту, үлгісін айту – тарихшы қауымның парызы.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі һәм бірегейі. Ақиқатын айтсақ, Жүсіпбек – осал тұлға емес. Қай жағынан алсаң да мықты. Ерте атылып кеткен ерлердің бірі.
1927-1929 жылдары жазған хаттарының бірінде: «Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге жарияланғанда, «Шернияз» деген кітап жазып қосып едім. Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қарагөзіне» беріңдер дедім, өйткені ол – шетте оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керегірек қой», – деп жазыпты (Х. Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті. 11 класс. А., Мектеп баспасы. 2002 жыл. 75-бет).
Біздіңше, осы бір елеусіздеу ғана көрінетін әрекеттің артында аламан бәйгеде топты жарып, суырылып алға шығып келе жатқан шын жүйрікті, жарқырап жанып келе жатқан «жас жұлдызды» жігерлендіру, шабыттандыру, қанаттандыру сияқты аса қымбат көңіл толқынының ізі сайрап жатқаны айдан анық.
Біздің мақсат – деректерді іріктеп, тізіп шығу емес, келтірілген мысалдарға иек артып, мәселенің мәйегін ашу. Өздерінің ізінен ерген, өкшесін басқан кейінгі жас толқынды тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып кетуге уақыттары тар болып, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан Алаш зиялылары ұлт оғландарының бойына Алаш идеясының нәрін сіңіріп үлгерді.
«Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп тереңнен толғанған Ахаңдардың 30-жылдардағы үркіндіде М.Әуезовке қалай қолдау жасағанын ел-жұрты әлі ұмыта қойған жоқ.
Өзі тар қапаста жатып, тас қабырғаның ар жағынан сырттағыларға «Мұхтарды сақтаңдар, Мұхтарды» деп хат жазатын А.Байтұрсыновтың (1873–1937) ірілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе?!.
Бақи дүниенің сират көпірінен бір кемі жоқ фәни дүниедегі абақты азабын көрудей-ақ көріп, түрме тауқыметін тартудай-ақ тартқан аяулы азаматтың қарақан басының қайғысынан бұрын болашағы боқташағынан белгілі болып қалған «жас бөрінің» тағдырын биік қоюы – қалай ойласаң да санаға сыя бермейтін ерлік, тек сайыпқыран саңлақтардың ғана қолынан келетін нағыз рухани мәрттік.
Бұл жайтты белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев: «Осының бәрін терең түсінген, заман мен қоғамға әріден қарай білген, ойлы да зерделі Әуезов 1932 жылы баспасөз бетінде өзінің райынан қайтқанын айтып, кешірім сұраған хат жариялауға мәжбүр болады. Соның арқасында алыптар тобының қиямет заманға қалдырып кеткен жалғыз аманатындай болып, түрмеден босап, тірі қалды. Ел арасында бұны жазушы бұрынғы әріптестерінің айтуымен істеді деген де әңгіме бар» (Кекілбаев Ә. Көрсетілген еңбек. 667–668 бб.), – деп қорытады.
Ал зерттеуші Тұрсын Жұртбайдың дерегінше, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековке «ниетімнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар еді. Соның нәтижесінде, қазақтың екі ғұламасы тіршіліктің дәмін тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет етті (Т.Жұртбай Ұраным Алаш. — Алматы: «Ел-шежіре», 2008. 178-б.).
Осы мысалдардан-ақ ұлтымыздың тектілік деңгейін анық аңғаруға болады. Ініге ізеттің төркінінде ұлттың ұйысуы, ұлттың бірлігі, ұлттың рухы жатыр. Олардың ұлт мүддесі, ұлт намысы, ұлт мұраты дегендегі ішкі бірлігін, жанкешті қимылын сөзбен айтып жеткізу қиын.
Алаш арыстарының тағдыры қуғын-сүргін мен азапқа толы болды, сонда да олар мойыған жоқ, басына түскен ауыр сынақты көтере білді, өмірлік ұстанымы мен адами қасиеттерін сақтай алды. Алаш арыстары – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Тобықтай түйін
Оқырман мына нәрсені дұрыс түсінгені жөн. Бұл тарихи-танымдық бағытта жазылған сараптамалық пайым және көтерілген тақырыптың ауқымы өте кең.
«Ініге – ізет» деп айдарланған бұл ізденісте дәстүрлі қазақ қоғамының қатпарларын аша түсетін тарихи деректерге барынша қысқаша талдау жасалып, негізінен өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялыларының кейінгі буынға көрсеткен ағалық қамқорлығы, үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі нақты тарихи деректер негізінде сараланды.
Ғылыми айналымда жүрген бар мәліметтерді жүйелей келе, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлттық элитаның өмір өткелдерінің өн бойында – қазіргі азат еліміздің өндірдей жас ұрпағы қызыға қарап, үлгі аларлықтай қазақы қалып жатқанына сүйсінесің.
Біз көп жағдайда қазақ қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметін негізінен ғылыми тұрғыдан талдап-тарқатып, олардың бойындағы ізгілік, кішіпейілдік, мейірім, т.б. адами қасиеттеріне айрықша мән беріп, онша терең үңіліп жатпаймыз.
Өйткені дана қазақ ешқашан «Жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» деп, жасаған жақсылығын жарнамаламаған.
Байыппен қараған жанға, ініге ізеттің астарында ұлттық, елдік, мемлекеттік мүдде жатқанын байқамау мүмкін емес. Сын сағаттағы ұлт зиялыларының бас біріктіріп, бірін-бірі бауырындай көруінің негізгі сыры – Алаштың ертеңі мен қазақтың болашағы.
Олар ұсақ пенделерге тән қызғаныш пен іштарлықты аттап өтіп, хас тектіге тән әділдік пен адалдыққа құштарлықты алға салды.
Олар тасқа салса да мұқалмайтын қайсар нағыз мемлекетшіл тұлғалар екенін тағдырларымен дәлелдеп, тарихқа есімдерін алтын әріптермен қашап кетті.
Олар ақыл-парасаты мен кемел білімі, іс-әрекеттері мен соны зерттеулері һәм сөз саптауы, ең жеңілі жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзімен исі қазақ баласына үлгі бола білді.
Орал қаласы
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты