ҮЙРЕН ДЕ ЖИРЕН
04.06.2024
143
0

(Менің Қожанасырымның көпшілік алдында оқыған
дәрісінің қысқаша курсы)
үзінді

Оқымыстылардың зерт­теулеріне жүгінсек, мен – Қожанасыр 1208 жылы туып, 1284 жылдардың шамасында дүниеден өтіппін. Бейітім Кіші Азияның Ақшехир деген қаласында көрінеді.

Мұның бірі – шын, бірі – өтірік. Шыны – қай жылы екенін өзім де анық білмеймін, әйтеуір, дүниеге келгенмін. Ал өтірігі – менің дүние салғаным. Жасырмаймын, талай рет өлдім, талай рет өлім аузынан қайт­тым, бірақ тіріліп кет­тім, әлі тірімін. Құдай дегенге қол жеткізсе, мүлдем өлмеуім керек және өлмеймін ғой деймін. Сан алуан қиямет-қайымды басымнан кешіріп, жеті жүз жыл бойы өлмегенде, енді заман түзеліп келе жатқанда өлетіндей менің қара басыма не ат теуіпті.
Ел аузында жүрген «мен кімнің әйелі болмадым» деген әңгімені бәріңіз де, әрине, білесіздер. Сол сияқты осы жеті жүз жылдың ішінде маған қожалық етпеген халық жоқ: түріктер де, қырғыздар да, парсылар да, тәжіктер де, ұйғырлар да, арабтар да және басқалар да мені өз перзент­тері деп санайды. «Әкенің ұлы болғанша, халықтың ұлы бол» деген, осы қағиданы тұтынып, бауырына тартқандардың бәріне де ұл бола білдім.
Енді, міне, бірталай жылдан бері осыншама халықтың мені иемденгенін місе тұтпағандай Сайымжан Еркебаев деген шығып, «Менің Қожанасырым» деп меншіктеп жүр. Иемденсін, қарсы емеспін, тек атыма кір келтірмесе болды. Мың жылға таяу жасағандықтан емес, о басында-ақ менің бойымда бүкіл адам баласына тән қасиет­тердің бәрі болған, сол қасиет­терімнен қол үздірмесе жарады.
Сол, мені соңғы кез­де иемденіп жүрген Сайымжан Еркебаев, көптен бері: «Көненің көзісіз ғой, тәлім-тәрбие, адамдардың қарым-қатынасының мәдениеті туралы ойларыңыз бен көзқарастарыңызды ортаға салсаңыз», – деп мазалап жүрген-ді. Аузымнан шыққан әр сөзімді бағып, қасымда жалпылдап жүрген адамның тауын қайтару деген менің табиғатымда жоқ нәрсе. Сол әдетіммен мұның да тілегін орындап, бүгін сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын.
Ескертетінім – бүгін менің сіздерге айтатыным, тек тезистер, үздік-үздік ойлар ғана, мен бұларды тақырыпқа да, жынысқа да («еркектер үшін», «әйелдер үшін» деп) бөлмеймін (кей тұстарда болмаса). Бұлай істеуімнің екі себебі бар: біріншіден – тақырыпқа бөлсем, еркін тақырып арқылы керегін іздейді, бұл мен үшін жақсы емес және «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды». Екіншіден – жынысқа бөлем десең де бөлінбейтін, еркегіңе де, әйеліңе де, басқаға да бөле-жармай пайдалануға болатын әмбебап кеңестер жеткілікті, тек өздеріңізге керегін тап басып, таңдап ала білсеңіздер болды…
Осынша жасқа келгенше талай шаршы топта сөз сөйлегенмен, бірақ сіздер сияқты зиялы топтың алдына алғаш шығуым. О басында кібіртіктеуім мүмкін, әйткенмен алысқа шабатын тарланмын ғой, етім қызғаннан ке­йін, қамшы салғызбаспын.
Әлқисса, сонымен іске көшелік…

 

* * *
Ескерту: Қожекең өзі «үздік-үздік ойлар» дегенмен, қанша тырыссақ та сол үздік-үздік ойларының өзін түгел қағазға түсіріп үлгере алмадық, негізгі түйіндерін ғана конспектіледік. Соған байланысты, біз Қожекең айт­қандарын бөліп-бөліп беріп отыруды жөн көрдік, әйтпесе, оқырман қауымның қабылдауына қиындық туғызуы мүмкін деп ойладым.
Қожекеңнің табиғатынан көпсөздікті жаны сүймейтіні белгілі, не айтса да қысқа, әрі тұжырымды болып келеді. Бір жағынан Қожекеңнің осы сөйлеу ерекшелігін, былайша айт­қанда стилін сақтауды да жөн көрдік.

* * *
Кейбіреулер ер адам көшеде әйелмен қыдырғанда, әйел ер адамның оң қол жағында болуы керек дейді. Бұл дұрыс емес, оң қол бос болмаса, өзіңе біреу кенет­тен тап бергенде, қалай қорғанбақсың? Бұндайда адам өз жағдайын да естен шығармағаны жөн. Демек, әйел сол жақ қолтығыңда болғаны қолайлы.

* * *
Ал егер ер адам екі әйелмен келе жатса, ол екі әйелдің ортасында болуы керек деген де қағида бар. Бұл да жаңсақ пікір. Еркек дегеніңді екі әйел түгілі, бір әйелдің өзі түтіп жейді, екеуінің ортасына түскенде, оның не жаны қалады. Сондықтан, не де болса, біреуін сағалағаны жөн.

* * *
Санаторий, не демалыс үйінде жатсаң, ондағы жағдай мен өзіңді қоршаған ортаға үнемі кінә тағумен бол. Мысалы: «Тағамы нашар» де, «бөлмелерінің терезелері дұрыс жаққа қарамаған» де, «кереует­тері қолайсыз» де, «кітапханасында жақсы кітаптар мүлдем жоқ» де, «асхананың ауасы жаман, қапырық» де, «Газет­тің материалдары адамның жынын келтіреді» де, «демалып жатқан қауым шетінен миғұла, топас» де, «оркестрі тек адамды жерлеуге арналған әуендерді ғана орындауға лайықты» де, «пляжда демалушылар емес, денесінің о жер, бұ жерін бұлтыңдатып көрсетуге тырысқандар көп» де, «теңіздің суы әрі ащы, әрі салқын, әрі сасық» де. «Балкондарында жел итше ұлып тұрады» де, «көрсететін фильмдері атам заманның бірдеңелері» де, «телевидение программасы адамды ез етеді, не жындандырып жібереді» де, «демалып жатқан қыруар қыз-келіншектердің ішінде көз тоқтатып қарарлық біреуі жоқ» де. «Күннің көзінің шыққаны да, батқаны да адам шошырлық» де, «аспанындағы жұлдыздары құртша жыбырлаған ұсақ» де… Сонда сені талай ғажайыптарды басынан өткерген, тіпті жұмақтың өзіне де барып қайт­қан адам екен деп ойлайды.

* * *
«Көшеде төрт адам қатар жүрмеуі керек, екі-екіден бөлініп жүрген дұрыс» дегенді айтады жұрт. Бұл да – үстірт көзқарас, екі-екіден бөлінетін болсаң, о басында неге төртеу болып бас құрайсыңдар. Демек, бұл қағиданың бұрыстығы сол, ол – араға өрт салып, ши жүгіртеді, қарым-қатынасты алшақтатады.

* * *
Кез­дейсоқ үш еркектің басы қосылғаннан олар зардап шекпейді. Әрбіреуі қалталарынан бір-бір сомнан ақша шығарғанның өзінде, бір шөлмек шарап үшеуіне тең бөлінеді. Ал үш сомнан шығарса, нұр үстіне нұр болмақ.

* * *
Қатар отырған үш-төрт әйелмен танысатын болсаң, әуелі жасының кішісіне, көріктісіне қол беруді ұмытпа, оның болашағы алда, көрер қызығы күтіп тұр, оны сен де көруің мүмкін. Ал қалғандары асарын асаған, жасарын жасаған.

* * *
Еркек пен әйел қатар келе жатқанда, қауіпті тұстарда еркек әйелге қол ұшын беруі керек деседі. Бұнымен де келісуге болмайды, себебі әйел жынысы өте қорқақ келеді, ол еркек ұсынған қол ұшынан айырылмай, өзімен бірге сол еркекті су түбіне ала кетуі мүмкін.

* * *
Әйелдермен танысқанда, егер лауа­зымың жоғарырақ болса, жұмыс бабыңдағы дәрежеңді қосып айтуды есіңнен шығарма, кейде әйел адамға еркектің өзінен гөрі лауазымы қажет болатын сәт­тер бұл өмірде жеткілікті.

* * *
Егер табиғатыңнан көңілді, ақ жарқын адам болсаң, өзіңнің бойыңдағы осы қасиет­терді тежеуге, бұғаулауға тырыспа. Тырыссаң, ол өзіңнің еркін өмір сүруіңе кеселін тигізеді. Сенің арсыл-гүрсіл жүрісің, көтеріңкі дауысың, сақылдаған күлкің – табиғат­тың саған тартқан сыйы, сондықтан ол қай жерде болса да кедергісіз, ашық естілгені дұрыс. «Басқалардың мазасын алдым-ау, демалдырмадым-ау, ұйықтатпадым-ау» деп қипақтама, мазаны алмайтын жерге ертең бәрі де барады. Ал оларды нағыз ұйқы қысса, аяқтың тырсылы түгілі, зеңбіректің гүрсілі де кедергі болмайды.

* * *
Қасыңда өз жұбайың келе жатқанда басқа бір көңілтаныс әйелмен кез­десіп қалсаң, (нағыз өзіңе пайдалы адам болмаса) көшеде кез­дестіргенде көрмеген, не байқамаған сыңай таныт. Ал өзіңнің бір жерде танысқан адамың, екінші көргенде сені танымай қалса (ол бастық болмаған жағдайда), «не, көзіңнің еті өсті ме, неге қарамайсың», – деп, айыбын бетіне басқаннан кінәлі емессің. Әйтпесе, кішіпейілділікке үйрету қиын.

* * *
Біреулер арқылы бір жерде танысқан адамыңның беделі жоғары болса, оның аты-жөнін бірден жадыңда сақтауға тырыс, миыңның қалтарысына ұстап, үйіңе, не кабинетіңе барған соң қойын кітапшаңа жазып қой.

* * *
Адамның қандай екені бір көргеннен белгілі, танысқан адамыңды іштей ұнатпасаң, өзіңді селсоқ ұстағанның еш айыбы жоқ. Әсіресе ісің түспейтініңе көзің жетсе, жақсы, ұнамды жағымнан көрінемін деп, жасандылыққа салынып, босқа арам тер болма!

* * *
Кеңседе, не басқа жерде отырған кез­де үстіңе әйел адам кірсе, жалпылдап орныңнан тұрушы болма. Тұру – әйел адамды сыйлағандық болғанмен, өзіңді қадірлемегендік болып та саналады. Әйел алдында сақтай алмаған беделді басқалардың алдында сақтау өте қиын. Беделді мәпелеп, маңдайынан сипап тәрбиелеу керек.

* * *
Үйіңе қонаққа шақырған адамдарыңды жұмыс дәрежесіне орай қосыла, бәрінің бірдей асты-үстіне түсе берме. Бастық адамдар да әйелдер сияқты кінәмшіл келеді, бірде болмаса, бірде тырнағын ішіне бүгіп қалуы мүмкін. Ал бастығыңа жек көрінішті болғаннан, өз әйеліңнің үйден қуып шыққаны он есе артық.

Сайымжан ЕРКЕБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір