АТА ОРКЕСТР
04.06.2024
819
1

Сен – маған әр толқыны аяулы ағын.
Хамит Ерғалиев


Құрманғазының
адресін сұраған америкалықтар

«…Біз білетін қазақтың маңдайына біткен төрт рухани төлқұжаты бар. Олар – Абай атындағы опера және балет театры, М.Әуезов атындағы мемлекет­тік академиялық драма театры, Қазақ­стан Жазушылар одағы және Құрманғазы атындағы мемлекет­тік, академиялық ұлт-аспаптар оркестрі».
Профессор, дәулескер домбырашы, күй зерт­теушісі Айтжан Тоқтаған «Ана тілінде» жарық көрген «Бас оркестр» (15.04.2021) ат­ты мақаласында осыдан жиырма жыл бұрын «Жас Алашта» жарияланған «Осы бізді күйдің киесі ұрып жүрмесін» (9.12.2004) делінген жазбамдағы сөзімді мақаласының бастауында ұтымды пайдаланыпты. Расында 1944 жылдан бері ұлы күйші есімін алған оркестр тек елімізде ғана емес, шет жұртқа да қазақ атын асқақтатып, рухани төлқұжатымызға айналғанына кім дау айта алсын! Бүгінде тоқсанның төріне шыққан алып оркестрдің атына байланысты ақиқат пен аңызға негізделген ғажап әңгімелерді, өз көзімізбен көрген керемет­терді шағын мақалада айтып тауысу да мүмкін емес. Кеңес тұсындағы Америка сапары әңгімемізге тамызық болсын, бір үзігін келтірейік.
Бұл сапарға оркестр ғана емес, әр саладағы өнер адамдарынан жиналған қазақ­стандықтар барады. Өнер көрсеткен әр ұжым өз ой-пікірлерін, әсерін ортаға салып, ала келген сый-сияпат­тарын табыстайды. Соның бірі – Құрманғазы күйлерінің күйтабағы. Кез­десулерге бас-көз болып жүрген америкалық музыка маманы әлгі күйлерді тыңдайды. Алдымен «Кішкентайды» тыңдап, бір ысып, бір суып ғажайып әсерге бөленеді. Ал енді «Адайға» келгенде дүр сілкініп, байыз таппай кетеді. Ұлт­тық ұғым-түсініктен, дәстүрден алыстау, жалпы америкалық санамен өмір сүретін, поп, рэп-тің шылауында жүргендер мына құдірет­ті әуеннен соң: «Бұл қандай халық?» – деп таңғалады. Әлгі кісі қазақ­стандық делегация басшысынан күй авторына хат жазбақ ниеті барын білдіріп мекенжайын беруін және онымен алдағы күнде кез­дестіруін өтініп сұрайды. Алайда бұл кісінің осыдан екі ғасыр бұрын жасаған тұлға екенін білгенде америкалықтар қат­ты таңырқап, одан әрмен қайран қалады. Күйтабақтың өзінен мынадай күй кешкен америкалықтардың тірі оркестрдің өзін тыңдағанда жағдай қандай болатынын елестету қиын, әрине.
Сматай Үмбетбаев қайсыбір жылы Жапонияда Ықыластың «Аққуын» тартқанда да осындай қызық жай болған. Жапондар: «Бұл күйдің авторы консерваторияның профессоры болар. Біздің атымыздан сәлем айтыңызшы. Бізге ол кісімен міндет­ті түрде кез­десу керек», – деп, Ықаңа дұғай сәлем айтып жіберіпті. Айт­қандай, оркестр 1949 жылы Қытайға барғанда «Сарыарқаны» ойнайды ғой. Сонда алдыңғы қатарда отырған қытайдың әскери адамдары орындарынан атып-атып тұрып, ұзақ уақыт қол соғып, айрықша құрмет көрсеткен. Ал мына бертінде 2014 жылы Нью-Йорктің Карнеги-Холл сарайында өткен концерт­тен соң бір америкалық конгрессмен қат­ты көңілі босап, телеарнаға: «Мен жаңа ғана Құрманғазы оркестрінің концертін тамашаладым. Маған сахнадан пейіштің желі ескендей болды», – деп таңырқайды.
Кезінде Ленинградта (Санкт-Петербор) орыстың атақты Андреев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі болған. Мұнда консерватория бітіріп, керемет тілеулес әріптестер тапқан Ахаңның, Ахмет Жұбановтың осындай бір оркестр құрсам деген арманы ойынан бір шықпайды. Осы оймен елге келеді. Сол күндерде Алматыда республикалық көркемөнерпаздар байқауы өтеді. Осы байқауда іздегені алдынан шығып, арманына қанат байланып, елден келген домбырашы 11 адамнан шағын оркестр құрады. Оған тағы оншақты адам қосылып, жиырмаға жетеді. Әрине домбырашылардың бәрі де нота білмейді. Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Мәменнің, Тәт­тімбет­тің мектебінен шыққан кілең құймақұлақтар, «самородок – сары алтындар». Атап айт­қанда, Қ.Жантілеуов, О.Қабиғожин, Науша, Махамбет Бөкейхановтар, Л.Мұхитов, Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев тәрізді ке­йіннен бір-бір биікке айналған тұлғалар. Ахаңның тағы бір арманы – оркестрге симфониялық сипат бермей, бұл қазақты әлемге танытатын, өз ұлтына қызмет ететін, ұлт­тық болмысымызды ұстап қалатын шын мәніндегі халық аспаптары оркестрін құру еді. Ол мақсатына да жет­ті. Темірбек Жүргеновтің тапсырмасымен әйгілі шебер Қамар Қасымов оркестрдің ұлт­тық аспаптарын жетілдіріп жасап шықты.
Ғабең – Ғабит Мүсірепов: «Құрманғазы оркестрінің өнерін тамашалаған сайын оның тасасында ылғи бір бейне елестеп отырады. Ол – Қамар Қасымовтың бейнесі. Ұлт­тық аспаптарымыз бар жерде Қамар есімі де бірге жасамақшы», – деп еске алатын Қамар ғой. Кіл бір жарау ат­тай, бес қаруы сай жауынгердей жұтынған ұлт­тық аспаптармен қаруланған сол оркестр ұлт рухын шырқау биікке көтеріп, 1936, 1958 жылы өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде мәскеуліктердің мысын басты. Ахаңның көрегендігі ғой, қазақтың егіз қозыдай домбырасы мен қобызы оркестрдің арқасында дүниежүзіне кең танылды. Әсіресе скрипканың, виолончельдің, т.б аспаптардың түп атасы осы – қобыз деген әңгіменің айналымға шығып, Еуропа ғалымдарының да назарын аударып, ғылыми ой-тұжырымдар жасала бастайтыны да осы кез.

Шамғонды білмейтін қазақ – қазақ емес

Әрине, оркестр туралы толыққанды әңгіме оның көш басында тұрған аңызға айналған тұлғаларсыз тәпсірленбеуі мүмкін емес. Көзі тірісінде де, өмірден озған соң да ел аузында аты ардақты болған, Ахаңның өзі сенім білдірген Шамғон Сағадинұлы Қажығалиев оркестрге бас дирижер болғанда небәрі 23 жаста екен. Айхой, дәурен-ай десеңші! Қандай жас! 30 жасында Кеңес Одағының маршалы Ворошиловпен бірге Мао Цзедунның қабылдауында болған, бір емес, екі консерватория бітірген, тұңғыш кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиев басқарған 41 жыл ішінде Құрманғазы оркестрінің аты жаһанды жаңғыртып, шырқау биікке шығып кет­ті. Қазақтың әкемтеатры кеңестің тұсында одақ бойынша атақты төрт театрмен тең тұрса, құрамында 100-ге жуық мүшесі бар Құрманғазы үш үздік оркестрдің бірі болды. Айталық, Андреев атындағы оркестр (бұрынғы императорлық оркестр), Осипов атындағы орыс халық аспаптары оркестрімен біздің Құрманғазы ғана теңесе алды. Қайсыбір жылы Алматыға гастрольдік сапармен келген Андреев оркестрінің көркемдік жетекшісі Хохловтың біздің оркестр туралы аса жоғары пікір білдіргенін «Алматы ақшамына» келген кез­десуінде өз құлағымызбен естіп едік. Бұл аз десеңіз, КСРО Композиторлар Одағының төрағасы Тихон Хренниковтің «Оркестр мирового класса» деп айтып салғаны бар. Фуат Мансұровтың: «Дүниеде мұндай оркестр жоқ», – дегенін қайтерсіз. Еуропада симфониялық оркестр аткөпір. Италиян­дықтардың мойындағанындай, мұндай оркестр құру мүмкін емес. Бүгінде ұлт­тық деген мәртебелі атақты иеленгеніне 3-4-ақ жыл болған оркестрге академиялық атақ кеңес кезінде Саяси Бюроның шешімімен берілді. КСРО Халық артисі Шамғон Қажығалиев Ахаңның ғана емес, алаштың да арманын рухты өнер арқылы асыра орындаған бірегей тұлға ретінде жұлдызы жарқырады. Алайда осынау қазақтың тұңғыш кәсіби дирижерінің 95 жылдығы былтыр бірлі-жарым болмашы шараларды айтпағанда, елеусіз қалды деуге болады. Өмірінің соңғы жылдарында төрт мәрте инсульт алса да, 80-нен асқан жасына де­йін дирижерлік пульт­тен, қазақы ұғымға салып айтсақ, ат­тан түспеген даңқты дарабоздың есімі оркестрді биікке көтерген екінші тұлға ретінде осы күндері Ахаң есімімен қатар аталып ұлықталса да артықтық етпес еді. Ұлының аты ұлы ғой. Зейнолла Қабдоловтың: «Ахмет Жұбанов туғызған кербез назды оркестрді сазды бесікке бөлеп тербеткен – Шамғон Қажығалиев. Ол – ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі. Қатарынан екі консерваторияны бітірген қазақтың тұңғыш профессионал дирижері әлі күнге де­йін өзінің шыққан биігінен қыл елі төмендеген жоқ. Сол биікте тапжылмастан тұр», – деуі де біздің ойымызбен үндес шығып тұрған жоқ па!? Қалай болғанда да бүгінде өз деңге­йінде құрмет көрмей жатқан ұлыны ұлылардың өзі архивтен аршып алып, осылай ұлықтап тұрады. Шәмшіге бір әріптесі: «Соңғы сөзіңді айт десе, не дер едің?» дегенде, «Шәмшіні білмейтін қазақ – қазақ емес», – депті. Сол айт­қандайын Құрманғазы дегенде Шамғонды білмейтін қазақты да толыққанды қазақ деуге болмайтын шығар-ау. Бар саналы ғұмыры өткен Алматыда кемеңгердің атында бір қалтарыста қуықтай көше бар. Жалпы мұндай тұлғаларға көше атын бергенде әйтеуір атаусыз қалмасын деген ұстаныммен шектелмей, атына заты сай болғанын ойланған жөн. Бұл сырт көзге біздің деңгейіміздің, мәдениетіміздің бір көрінісін айғақтап тұрады.
Бұрынырақта «Ана тілі» ұлт апталығында жарияланған «Құрманғазы. Мәмен. Қали» (19-25.01.2023) ат­ты жазбамда оркестрдің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі – Қ.Жантілеуов, О.Қабиғожин (екеуі бір ауылдан), Ш.Қажығалиев­тардың мерейтойын бір өңірмен атап өткеніне өкініш білдірілген еді. Қали мен Оқап Құрманғазының күйлерін Мәменнен алып қалмаса, құрышыңды қандырар, ел рухын аспандатқан тегеурінді де текті туындылар болар ма еді?! Оқап қылжақбастау, әңгімешіл кісі екен. Бірде Ахаң оркестрде «Сарыарқаға» дирижерлік етіп тұрып, күй аяқталар тұста шақшасын қаққылап отырған Оқапқа көзі түсіп кетеді. Бұл ісінің барып тұрған мәдениетсіздік саналатынын бетіне басқан Ахаңа: «Басқаны қайдам, менің «Сарыарқам» баяғыда бітіп қойған», – дейтін көрінеді жарықтық. Сол насыбайшы шалдар ғой оркестрді аяғынан тік тұрғызып, атын аңызға айналдырған. Бір ғажабы Құрманғазы, Мәмен, Дина, Қали, Оқап, Шамғон, Тұяқ – Жаңақаланың («Күй астанасы – Жаңақала» – Ә.Кекілбай) перзент­тері. Обалы нешік осы жазбамыздағы ұсыныстарды «Егемен Қазақ­стан» қолдап, оралдық танымал қаламгер Закария Сисенғалиевтің «Шамғон – тасада қалатын тұлға емес» (8.02.2023) ат­ты мақаласын жариялады. «Енді бір үш-төрт жылда жетіп келетін Шамғон Қажығалиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуге әбден лайықты емес пе?» – деген ұсыныс айтыпты Закария. Әбден лайықты әрине. Жалпы бас оркестрдің 90, Құрманғазы атын иеленгеніне 60 жылдығы да осы әлемдік құзырлы ұйым көлемінде аталып өтуі де әбден орынды болар еді ғой. Қазақ­стан 2011 жылы ЮНЕСКО-ның рухани, мәдени мұраларды қорғау конвенциясына қосылғаны мәлім. Содан бері еліміздің 10 рухани мұрасы жалпыадамзат­тық құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Соның бірі – «Қазақтың дәстүрлі күй өнері». Сондықтан әлемнің 90-нан астам елін аралап, дүниенің классикалық жауһарларын жаһанға жарқыратып орындаған, ұлы дала өркениетінің көзі мен сөзіндей ұлт­тық брендіміздің мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі зор мәртебе емес пе!..

Кемеңгерліктің көзі – күй

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр үйдің төрінде домбыра тұруы тиіс», – деді. Солай болуы керек болса да бұл сөздің президент­тің аузынан шығуы тектен тек пе? Президент домбыра тарта ма, тартпай ма білмеймін, бірақ мына сөзі, бастап жатқан тірлігі (мектептерге домбыра пәнін енгізу) тартқанға бергісіз. Домбыраны балалайканың баламасына айналдырып жібере де жаздаған заман өт­ті ғой. Ұлт аспаптарының да басына қауіп төнген кезең болды (Президент­тің: «Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап қалған сәт­тері болғаны жасырын емес», – деуінде нені меңзеп отырғанын жан-жақты түсінуге болады ғой). Бұл қауіптен құтқарған жарықтық, Жұбанов, Қасымов, Сарыбаевтар еді. Қайран Ахаңның Құрманғазы оркестрін құрғандағы басты мақсатының бірі сол ұлт­тық аспаптарды – қобыз бен домбыраны сақтап қалу еді ғой. Құдайға шүкір, бүгінде алтыншы құрам, 11- дирижермен (30 жастағы Абылай Тілепбергенов) жұмыс істеп жатқан ата оркестр бұдан да басқа ұлт­тық саз аспаптарының мүмкіндігін жетілдіріп, алдағы уақыт­та нарқобызды қосуды ойластыруда.
Тақауда бір қызық мәліметке кезіктім.
Түркияда саз деген аспап бар (кезінде Өзбекәлі Жәнібеков сол саздан шығарып, тек ұлт­тық аспаптар ғана қолданатын «Сазген» ансамблін құрды). Біздің домбыра тәрізді. Оны тартатындардың жалақысы бір мың доллар. «Саз тартатындар азайып барады», – деп Түркия үкіметі арнайы қаулы шығарған. Біз бұлай дабыл қағатын жағдайға жеткен жоқпыз. Президент оның алдын алған тәрізді. Қазір біздегі ең сапалы жасалған домбыраның құны – 600 мың теңге. Дәулескер домбырашылардың жалақысы да сол мың доллардың о жақ, бұ жағы. Ендігі жерде домбыра да әр үйдің төрінде ғана емес, басшылардың кабинетінде тұруы керек деген әңгімені де аз айтып жүргеніміз жоқ. Жалпы мұндай ұлт жанына жақын үрдістің әу баста сылбыр басталғанымен, жүре келе міндет­ті, солай болуы керек деген ұстанымға мойынсұнып кететінімізге аса сенімдімін. Айталық, аса ұлтжанды, мемлекетшіл, меценат, заңгер Бекет Тұрғараев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сот орындарының төріне халқымыздың ардақты үш биінің портретін ілдіріп, ке­йін солай қалыптасып кет­ті. Ақыр соңында Астанада үлкен ескерткішке айналды. Ал енді домбыраның жөні мүлдем бөлек қой.
Қазақтың тарихы әдебиет­ті былай қойғанда күй тілімен де жазылған. Күй – көшпелілердің тілі, демек, қазақтың тілі деген сөз. Айтыс тәрізді күй де – тек қазаққа тән дара өнер. Кемеңгерліктің көзі – күй. Даналықтың дауасы – домбыра.

Домбыра – рух, алапат күш. Бабаларымыздың оқулығы дала мен домбыра болған. Дала данышпандарының даналық ойларының мәйегі дала дәптеріне домбырамен жазылған. Домбыраның мүмкіндігі шексіз.. Күйде жанр болмайды. Оның шанағынан тек қосбасарлар, ақжелеңдер, көкейкестілер, гөй-гөйлер төгілген. Одан шешен, одан шебер бола бермейді. Күй тыңдаған қазақ атқа мінгендей болады. Төрінде домбыра тұрған үйге жын-шайтан жоламайды. Ол – рух. Елді ұстайтындар да – рушылдар емес, рухшылдар. Демек, бізде домбыра ұлт­тық брендке айналуы керек. Ол алып ескерткіштерден бастап, шағын символикалық бейнеге айналып, еліміздің әр өңірінде тұруы тиіс. Жалпы өскен-өнген елдерде ұлт­тық брендке айналған өнердің қарашаңырақтарын ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында ескерткішке айналдырып, құрмет көрсетіліп жатады. Мұның нышандары біздің елде де байқалады. Демек, ұлт музыкасының мұзжарғышы, мұзтауы, тұңғышы – «ата оркестр – «Құрманғазы» аты бұл ой-ұсынысқа өз-өзінен сұранып тұрған жоқ па!?
ХАМАҢ – «КОНФЕРАНСЬЕ»
Халқымыздың басынан өткен қилы кезеңдер мен қиын күндерде ел рухын биікте ұстауда ұстынға айналған оркестрдің өмірі адам сенбес аңыз бен ақиқат­тан алшақ тұрған кезі болған емес. Оның репертуарындағы рухты, алдаспан күйлердің киесінен кешегі кесепат Колбин де өлердей қорқып, Мәскеуге: «Мынадай күйі бар халықты жеңу мүмкін бола қоймас», – депті деседі. Тіпті оның репертуарын арнайы сүзгіден өткізуге де пәрмен берген көрінеді. Жалпы ұлт поэзиясында күй тақырыбына келгенде Ильяс, Хамит, Жұмекендердің алдына түсетіндер бола бермейді. Тұңғыш күйге сөз жазған («Айжан қыз») Хамит Ерғалиевтің өмірі де ата оркестрмен егіз еді. Жыл сайын күй кемеңгеріне арналған жойқын концерт­те ол Қадыр Айвазовскийдің «Тоғызыншы валына» теңейтін атақты «Құрманғазы» поэмасынан «жүрегі ақ жалынға толып», тау суындай күркіреп үзінділер оқып, оркестр орындаған әр күйге терең түсінік беріп, сөз бен саз сұрапыл үйлесім табатын. Адуын ақын тоқтаусыз сөйлеп, арынын баса алмай, ағын судай ағып қызды-қыздымен «концерт жүргізуші, конферансье» қызметін де қоса атқарып кететін. Бұл да Шамғон Қажығалиевтің сан қырлы шығармашылығындағы тапқырлықтың бір көрінісі еді. 90-жылдарда құрамында 28-ақ адам қалған оркестрдің бүгінде сол салтанат­ты шағына қайта оралуы да ағалардан қалған рухани аманатқа адалдықтың бір бекзат белгісі деуге болады. Қазіргі жас күштер, жаңа көзқарастармен толыққан оркестрдің шығармашылық ізденісі де алабөтен. Ана бір жылы тұңғыш рет халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен «Бейбарыс» операсы қойылып, ол рухани кеңістікте сенсация ретінде қабылданды. Либрет­тосын жазған Ұлықбек Есдәулет. Репертуарында 3,5 мыңнан астам туынды бар бас оркестр қазір дүниенің қай бұрышына, қай елге барса да оны сол жердің иесіндей қабылдайды. Өйткені ол – музыкада шекара болмайтынын, оның тілі ортақ екенін әлдеқашан дәлелдеп, мойындатқан әлемдегі санаулы өнер ордасының бірі де бірегейі. Міне осындай құдіретке ие оркестрдің қадірін өзіміз біліп жүрміз бе деген ой да сонау бір жылдары жанымызды жүдеткен кез­дер де болған.


Оркестрдің маңдайшасына қашап жазатын сөз

Мақаланың әлқиссасы, оркестрдің 70 жылдығына орай жазған «Осы бізді күйдің киесі ұрып жүрмесін» («Жас Алаш», 9.12.2004) ат­ты мақаладан басталғанын еріксіз еске түсіргім келіп отыр. Сол жазбада даңқты өнер ұжымының гастрольге мініп шығатын дені дұрыс автобусы жоғына де­йін жазыппыз. Жетпіс жылдығы жетім қыздың тойындай өтіп, мәдениет министрі қатысуға уақыт таба алмаған. Ат­тай он жыл өткен соң осы көрініс айнымай қайталанып, мәдениет министрі тағы да уақыт таппаған. Жалпы дүниеге аты мәшһүр ата оркестрдің (ата
оркестр, бас оркестр, әкем оркестр – қалай атаса да жарасымды) тойына қатыспауды ана бір жылдары мәдениет министрлері дағдыға айналдырған. Болмаса президент өзі келіп, министр зыр қағып жүретін жер осы ғой. Ал енді 80 жылдығында басылымдарда ештеңе түрте қойған жоқпыз. Есесіне күнделікте бірдеңе деппіз. Былай:
«2.12.2014.
Абай атындағы опера және балет театрында Құрманғазы оркестрінің 80 жылдығы өт­ті. Өт­ті деген аты. Тағы да жерге кірдік. Жоғары биліктен тірі пенде төбе көрсетпеді. Қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, бір қыз бала сахнаға үрке соқтап шықты. Қызарып, сазарып қазақша зорға сөйледі. Парламент­тің қос палатасының, министрдің хатын, бір қапшық құт­тықтауды Е.Обаев келіп тапсырды. Министр жанталасып адам таппай осы кісіге өтініш жасапты. Міне, біздің ұлы мәртебелі өнерге, сенің қазақ атыңды дүниеге танытқан ата оркестрге деген көзқарасымыз осындай. Атақты Нұрғисаның сөзі есіме түсіп, елжіреп отырмын:
«Мына мен өмірімде Ахаңсыз сөйлеп көрген емеспін, Ахаңсыз дирижерлік етпеймін. Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Мынау – Ахаңның маған 1937 жылы сыйлаған домбырасы, міне, 60 жыл болды.
Ахаң болмаса анау Қаршыға, мынау Бек бола ма? Анау Құрманғазы, анау «Отырар сазы» бола ма?
Міне, сол Ахаң менің бесікте жатқаннан жалпы өмірімде бағынатын пайғамбарым!»– деп еді-ау. Шіркін, менің қолымда болса осы сөзді оркестрдің қақ маңдайшасына алтындатып, қашап жазып қойғызар едім. Сол Ахаңның, күй қағандарының рухы, қазақтың жаны күйдің киесі қорланған күн болды бүгін» делініпті күнделікте.
Айтпағым, Қазақ­стан қазір жаңа көзқарастармен жаңаша даму жолына түсіп жатыр дейміз ғой. Ал құдірет­ті, киелі өнерге қашаннан өзгерістер, жаңашылдық тән. Күй бұл тек өнер ғана емес, ол – ой орманы, парасат майданы, Аравинше айт­қанда, ойлау масштабы. Мемлекет­ті жаңа мазмұнмен, ұлы мағынамен байытатын да, ұлт­ты тәрбиелеудің ең озық түрі де өнер десек, соның бастауында ананың сүтімен, атаның күшімен келген қасиетпен, киемен қаруланған ата оркестр де тұр. Басқаларға қарағанда ұлт рухының алдаспанына айналған ата оркестр­дің жөні бір басқа деген ойға батыл табан тіреуіміз де сол.
Күй – қазақтың ары, бары. Ал ары мен барының алдында хан да, әкім, қара да кішік. Соны терең түйсініп, зерделеуге кішілік аз, кісілік керек. Демек, ата оркестрге құрмет – ол атаңа, анаңа көрсетілген құрмет.
«Күй – күйінгеннен де туады», – деуші еді Ахаң, Ақселеу Сейдімбек. Күні бойғы ой жосығын мажорлы лепке жеңдірсек, ата оркестрге 70-80 жылдықтарында көрсетілген «көргенсіздік» критерийлері 90 жылдығында – жаңа Қазақ­стан жағдайында қайталануы ұят тірлік болып есептеледі.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.06.2024 | 18:53

nice

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір