Өр Алтайға сапарлап қайтпайсың ба?..
30.05.2024
343
0

 

Сламхан СЕЙТХАМЗАҰЛЫ

МЕНІҢ АУЫЛЫМ
Менің ауылым алыста, Алқабекте,
Бір айда ауылыма барсам көп пе?
Қасиет­ті қайран ел, қайран жұртым,
Не қылайын қалдың-ау тектен-текке!
Ақ иығы Алтайдың, ей, Сламхат,
Алатау бөктерінде қайта көкте!

Менің ауылым алыста, тым алыста,
Демде жетіп барады қиял ұшса.
Алқабек пен Білезік мөп-мөлдір боп,
Ағып жатыр сылдырап әнеу тұста.

Әкем жатыр бір тау боп арғы жақта,
Шешем жатыр Көксуда бергі жақта.
Ата-бабам қорғап жүр өз мекенін,
Ұлы Алтайда – Марқаның көлі жақта.

Менің ауылым Ертістің Құйғанында,
Екі Болыс, Жарболды сыйған мұнда,
Ақтармен де соғысып, қызылмен де,
Ата кегі тұтанып жатыр құмда!

Сағыныштан сарғайды жаным жүдеп,
Сандыққұм, Қызылқайың, Барынтүбек.
Ұлы ақын Арғынбек Апашбайдың,
Маңғаз тұлға Уақап Қыдырқанның,
Алқабектен самғаған даңқы түлеп.

Алқабегім – құт мекен, киелі орман,
Алқабек деп атыңды атам қойған.
Өр Алтайға сапарлап қайт­қан жолда,
Аға сұлтан Құнанбай қонақ болған.

Менің ауылым алыста бұлдырайды,
Қарт Ертіс бәрін біліп тұнжырайды.
Айдаһардай бүктелген алып толқын,
Аласұрып жағаны ұрғылайды!

Көре алмаспын, қош енді, елім-жерім,
Қош бол енді аққұм да, көлім менің,
Қош бол енді зираты бабалардың,
Сағынышым тілімнен төгіл менің!

Отаным бар!
Демеймін ауылым жоқ,
Қайда барсам қазақтар бауырым көп!
Аунайын Шабақ ата жайлауына,
Марқакөлге барайын қазығым деп.

Кешіре көр, Алқабек, өкпелесең,
Оралайын, қайтпайын кетпе десең.
Жатсам-тұрсам қайраймын намысымды,
Жүрегімде жауыңа кеткен есең.

МЕНІҢ ӨМІРІМ

Менің өмірім – кеселді де, дауылды,
Бұлт шақырып, тілеп тұрған жауынды.
Алай-дүлей ойдың бұлтын сапырып,
Қаһарлансам, тітірет­тім жауымды.

Менің өмірім – аумалы да төкпелі,
Досым айт­ты: «Жолың қиын» – деп мені.
Жарылқаушы атағандар өздерін,
Қолтығымнан демеген де жоқ тегі.

Мен осындай бір күйменен өстім де,
Кеудемді әсте бастырмадым ешкімге.
Талай абыз берді ақжарма батасын,
Талай достық жарамады бес күнге.
Сене алмаймын, шындық неге күйрейді,
Алтын отқа қақтаса да күймейді.
Сақтанам деп, сақтана алмай жүрмін-ау,
Түк сезбесе ит албаты үрмейді.

Қажы дос

Шаршат­тың ғой, өтінем, айта берме,
Менің меккем Алтайда, Марқакөлде.
Сен аңсаған ұжымақ осы жерде,
Сен іздеген хор қызы осы елде.

Осы жерде әулие, даналар да,
Осы елде ақылгөй ағалар да,
Өзге жақтан «пір» іздеп не қылайын,
Осы жерде пайғамбар бабам барда!

Тыңда ағайын, деме әсте қате болар,
Әр төбеде абыздар, сахабалар.
Қожамбет­тің еліне шақырамын,
Кие дарып, бойыңа бата қонар!

Аңқауым тұтқын болып ертегіге,
Сенуден қалған екен ертеңіне.
Қазақтың сәйгүлігін шайтан санап,
Өзгенің мінгескені-ай есегіне.

Ендеше доғар енді,
Қой, жынданба!
Жетіссең өзің-ақ түс көр зынданға.
Зәм… суы қажет емес татпаймын да,
Алқабек,Марқакөлім сен тұрғанда!

Күнәм жоқ!
Адамға да, Құдайға да,
Жәннат – тек жасыл әлем мынау дала.
Алтайдай аруақ қонған жер таппайсың,
Кезсең де дүниені шыр айнала!

Аманжол Зағыпарұлы

Солтүстік Қазақ­стан облысы
Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылы

Тағдырымның
тамшылары

Жүйрік жылдар жарысқан ғасырларға,
Ақ парағы уақыт­тың ашылғанда,
Қарғалар ізіменен өрнектейді,
Сәби гүлі қауызынан ашылғанда.

Ақ пен қара айқасы басылған ба!?
Күн сәулесі үйір ғой жасыл маңға.
Түнде менің жүрегім тұтқындалып,
Күнде менің түседі басым дауға!

Ғұмырымды ұрт­таған уақыт­тар-ай,
Ұшып өткен басымнан бақыт талай!
Торғай үн топқа түсіп шырылдаса,
Таңдайым тәт­ті уыңды татыпты оңай.

Көңілім күрсінеді күлем деген,
Мерт болып кет­ті талай күрең дөнен.
Топқа түспей торы құнан арқандалды,
Тағдырдың суық қолы шідерлеген.

Жұлдыздар ағып жатыр «сөнем» деген,
Айды бұлт жасырады «көрем» деген.
Көздер-ай, ашкөздікпен қамын ойлап,
Кез­дер-ай, қозы-лақты көгендеген!

Қыран тағдыр қияға қонған күнде,
Аққу болып ұшқанмен арман күнде…
Жаңбырдың жырын арнап отырамын,
Тағдырдың тасасында солған гүлге!

* * *
Жас сәт­терім, қоштасуда ерке күн,
Сақалында күн ойнайды серкенің.
Қара ниет, өсекші, өрт жандардың
Сөніп қалған жанарынан шертемін!

Ат жаратып әлі отырмын шапқалы,
Ай нұрына шомылады ат жалы.
Қазағымды сүйіп отқа күйемін,
Аңшылардың түсіргенмен қақпаны!

Қылыш қайрап, құм болса да жігерім,
Шешілетін күн болады-ау шідерім!
Бөрілерім түлкі болған заманда,
Айға қарап ұлымаймын, білемін!

Азудағы тәт­ті алмада гүл өніп…
Қыран ойлар, шың басында түледің!
Жұлдыздарды бұлт сіңіріп жатқанда,
Бұл жалғанға күрсініспен күлемін.

* * *
Қалам ұшы қағазға шер төгеді,
Қасқыр келіп қасыма еркеледі.
Ойқастаған құйынның ортасында
Жұдырықтай жүрегім өртенеді!

Маған сәуле тым алыс, жырақ тұрды,
Көзім емес, көкірек жылап тұрды.
Құжынаған құрт­тардың ортасына
Мені қарға іліп алып, лақтырды.

Ұрғылады түнімен дауыл шыңды,
Қанат қылдым жалғыз тал қауырсынды.
Тұңғиыққа мен ұшып кете бардым,
Жер басуға сахара ауырсынды!

Анаға сағыныш

Жас тамады жастығыма тағы мың,
Басталады тағы, міне, жорығым.
Ана жүрек – мейірім толы, жып-жылы,
Сағынып жүр, сарылып жүр қара ұлың!

Сағынумен түзде жүрген баласын…
Жабығумен өтер ме екен анашым?!
Ақ қайыңның жапырағына орап ап,
Сағынышымның жазар ма екем жарасын?!

Құлағыма сіңіп қалған бал үнің,
Маңдайыма түскен кез­де жарығың…
Алақаның жып-жылы боп тигенде
Балқып кетеді алпыс екі тамырым.
Бөрі жүрек жем іздеген даладан,
Сағыныштың лебі есті баладан.
Төрткүл дүние төрт бұрышын кезсем де,
Артық жанды таба алмадым анадан!

Он сегіз мың ғаламдағы жолымыз –
Аналардан бастау алған жанымыз.
Қарашыққа тұндырғандай сары күз…
Аналарды сағынайық бәріміз!

* * *
Ай қонақтап маңдайға,
Күн күледі кірпікте.
Көз саламын шалғайға,
Ақша бұлт­ты үркітпе!

Қансонардың иесі,
Ғашық болған бүркітке…
Қара өлеңнің киесі
Кеседегі іркіт­те!

Саумал менен қымыран,
Жусан иісі бұрқырап…
Сұлубай салған сұлу әндей
Құлын жырларым шұрқырап…

Мағауия салған термеден,
Жүрекке ақыл ұялап…
Торы ат­ты шешіп кермеден,
Шабайын бір сәт қиялап!

Ай астында көк бөрі,
Көкке қарап ұлыған.
Алтайымның бөктері
Жанарымда жылыған!

Жаңғырып жатса жартасың
Өр рухтың үнімен!..
Көзге ыстық әр тасың,
Қой жусанның бүрімен!

Бұлт құндақтап шыңдарыңды,
Келдім аңсап, Алтайым!
Ізім қалған құмдарым,
Тізгінімді тартайын!

Көңіл

Жаз бенен қыстай,
Күн менен түндей алмасқан,
Сезім мен сезім,
Көзің мен көзім арбасқан.

Ойлаусыз бітпей,
Байлаусыз жіптей жалғасқан.
Өзіммен-өзім,
Ыстық жүректі қар басқан.

Ақырын сырғып,
Арманның бұлты тауды асқан.
Сәулесі күнгірт,
Өмір – терезе шаң басқан.

Асыл ай тумай,
Ашылмайтыны-ай мәңгі аспан.
Күйкі тіршілік,
Кірпігім сынып зәр жастан.
Жастан..!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір