«ҮЛПІЛДЕКТІҢ» АСТАРЫ…
«Әдебиет пен журналистика бірін-бірі жұтады. Бұл ешқандай теорияға бағынбайтын құбылыс», – депті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бір сайттың интернет конференциясына қатысып, оқырманға берген жауабында. Жасыратыны жоқ, қазір қазақ әдебиетінде жазылып жатқан көркем шығармалардың басым бөлігі публицистика тілінде. Л.Н. Толстой айтты дейтін «телеграфтық тіл» осы болар. «Көркемдіктің қажеті қанша» дейтін пікірлерді жазуға талаптанып жүрген жастардың өзі айта бастағанда, ендігінің романдары тақ-тұқ тілге түгел ауып кетуі де мүмкін. Ал әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген ағамыздың жазушылық сүрлеуі айқындалғалы қашан.
Нұрбек ТҮСІПХАН
Аңыз түбі – ақиқат. Әр аңыздың астарын ақтарған адам шындыққа жолығады. Әсіресе, көнеден келе жатқан миф, аңыз, тәмсіл атаулының бәрі де адамзат өркениетінің сөзбен суреттелген, адамның ой-қиялымен көркемделген, әсіреленген сенімі. Ертедеден келе жатқан «Үлпілдек туралы аңыз» да қазақ дүниетанымының көрінісі. Журналист-жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Үлпілдек» роман-тәмсілін оқығанда аңызбен байланысар, астасар тұсын іздеп әуреге түстік. Рас, романның соңында өлең шумақтарымен берілген «Үлпілдек туралы аңыз» ертедегі нұсқалардың бірі. Бірақ шығармадағы бас кейіпкер Үлпілдек пен аңыздағы Үлпілдектің өмірлерін өзара ұштастырар жіп кітапты қызық үшін оқушыларға ұстата қоймайды.
Роман-тәмсілдің алғашқы парағы кейіпкердің қойын дәптерінен алынған өлең шумақтарымен басталады.
«…Қазақ оны кешіреді, ал бірақ,
Ол қазақты кешіре ме, белгісіз», –
дейтін жолдарға қарап шығарма кейіпкерін «қазаққа өкпелі, ірі тұлға» сынды елестеткенімізді несіне жасырамыз. Бірақ романды толық оқып біткен соң бұл ойымыздың теріс екенін ұқтық. «Үлпілдек» – жартылай өлеңмен, жартылай қара сөзбен жазылыпты. Автордың өзі «табандап отырып жаздым» деген соң оқып отырған біз де үстірт өте шықпауды өзімізге міндет еттік. Көлемі көп те емес. Жалпы, әдебиетте «өлеңмен жазылған роман» дейтін бірқатар шығармалар бар. Ал С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы қазақ әдебиетінде қара сөз бен өлең формасында жазылған алғашқы шығарма. Мұнда бас кейіпкерлер өзара өлеңмен хат алмасады. Ғашықтық сезімдерін өлеңмен білдіреді. Бірақ «Үлпілдектің» өлеңдері өзгеше. Романның жартысын «Көк дәптер» мен «Жасыл дәптерден» алынған шумақтар толтырады. (Мұны да біз аңыздағы «Ақбоз ат» пен «Көкбоз атқа» сәйкестіре алмадық – Н.Т.) Оқып отырып әлдебір белгісіз ақынның өлеңдеріне ғылыми талдау, түсінік берген диссертацияға да ұқсатасыз. Негізгі кейіпкерлер Үлпілдек пен Қыранқараның жан тебіреністерін дөп басатын шумақтардың авторы – романның басында Қыранқарамен төбелесте қаза болған Нұрлан есімді «ақын». Оның өлеңдерінің «кереметтілігі» сондай, ақындықтан мүлде ада Қыранқараның бойын билеп алса, туа бітті айналасы «жынды» атаған Үлпілдектің тұтас өмірінің мәніне айналған. Тіпті, Жазушылар одағындағы «алапат ақын» Бұғышақтың өзі бұл өлеңдерді естігенде «еңіреп жылайды». Бұғышақтың айтуынша, бұл шумақтардың авторы кезінде Мұқағалиды қорғаштап сөйлеймін деп Одақтан қуылған. Сонымен, бұл «ақын» кім? Романдағы аты – Нұрлан. Үлпілдектің әкесі, Гүлдерайымның ғашығы, Қыранқараның бақталасы. Шығарманың өн бойында жиі кездесетін өлең шумақтары Нұрланның «Көк қап дәптері» мен «Жасыл дәптерінен» алынады. Романда Нұрланның ақын екенін суреттеген сюжет жоқ. Тек, Үлпілдек пен Қыранқараның санасын жаулап, миларына әбден сіңіп кеткен шумақтар ғана оның ақын болғанын аңғартады. Екі кейіпкер отырса да, тұрса да, әлдебір нәрсеге ренжіп, не қуанса да естеріне ең алдымен өлең түседі. Үлпілдек «Көк дәптерден», Қыранқара «Жасыл дәптерден» жаттаған. Туындыдағы шумақтардың ұйқасына дау айту қиын. Көркемдік қуаты мен мазмұны басқа әңгіме. Ең қызығы, Нұрлан өлеңдерінің «көріпкелдік қасиеті» бар сынды. «…әйтпесе ана көк қап қойын дәптерді әдемі әріптермен бос парақ қалдырмай толтыра жазған адам Үлпілдектің туа жетім қалатынын қайдан білген, тіпті шешенің ұзақ күндер мен түндерде жоқ боп кететініне дейін өлең иесіне әшкере, екі кештің арасындағы анасын шарқ ұрып іздеген құйтақандай қыздың бүкіл арыз-арманы да оған беп-белгілі»,– деген сөйлем(дер)нен өлең авторын тылсыммен байланысы бар адам ба дерсіз. Әйтеуір, мұңайған, бақытына жете алмаған, «ер-тұрманы бүтінделмей кеткен» бір жан. Тіпті, Қыранқара бастап келген ауыл жігіттерінен таяқ жеп жатқан қарбалас сәттің өзінде де есіне өлең орала беретін ақынның қандай адам екенін жыға тани алмайсыз. Бір анығы – өзі өлсе де өлмеген өлеңі роман-тәмсілдің негізгі тірегі.
Романда басты кейіпкер – Үлпілдек. Әуелде жерге бауырлап жата қалып, сан түрлі дауыстар мен дыбыстарға құлақ қо-
йып, тың тыңдайтын «саққұлақ» Үлпілдек кейін есейе келе «Көк дәптердегі» шумақтарды түгел жаттап, санасына сіңіріп алған, ойланса, толғанса болды, іштей «өлеңдете» жөнелетін Үлпілдекке айналады. Шешесі Гүлдерайым екеуі бір үйде өмір сүреді. Бірақ Қыранқара мен шешесінің отау құрған-құрмағаны белгісіз. Қызы қалай бой жетті? Шеше оны қалай тәрбиеледі? Оның Нұрланнан кейінгі өмірі не болды? Оқырманды мазалайтын бұл сұрақтарға нақты әрі толымды жауап айту мүмкін емес.Бақсақ, романды оқу барысында мұндай жауапсыз сұрақтар өте көп. Тәмсілге негізделген шығарма пәлсапалық, тылсымдық сыр бүккен жұмбақтай әсер қалдырады. Кейіпкерлердің ішкі монологтарға ұқсас өз-өзімен сөйлесуі немесе дәптерлердегі өлеңдермен сырласуы жиі. Сөйте тұра, психология жоқтың қасы. Үлпілдектің ақыл-есі дұрыс емес қыз екені анық. Ал Қыранқараның, Гүлдерайымның, Бұғышақтың, т.б. кейіпкерлердің адамдық келбетін тану қиын.Қыранқараның әу бастағы үш әйелінің келін боп түскен түннен тірі шықпайтыны да түсініксіз. Бұлардың құпия қазаларына «бәкене бойлы, сирек сақалы тарам-тарам қысық көз» біреу берген қобдишаның қатысы қанша? Автор Қыранқараның тәлейсіз тағдырын қобдишаға жасырды ма, әлде Нұрланның өліміне байлады ма, бұл да айқын сыр емес.
Оқырман ретінде бізді тағы да бір әуреге түсірген сұрақ – Пролог пен Эпилогтың арасын қалай байланыстыруға болады? Пролог әлдебір Бензавоздың көлшік жағасына келіп әлденені суға төгуімен басталады. Көлшіктің беті өртенеді, ертесіне тағы бір «Бензавоз» көлшікке жағармай ағызып, тағы да өртейді. Және бір күн өткенде көлшік жағасына қымбат көлік мінген белгісіз біреулер келіп, бірдеңеге уәделеседі. Қара бұжыр біреу бата береді. Ал Эпилог «Үлпілдек туралы аңыздың» өлеңдетілген нұсқасы. Бір оқиға мен бір аңызды сабақтастыратын ортақ ұғымның не екенін бағамдай алмадық.
Романды оқыған адамды қынжылтатын һәм қалжырататын тұс – сөйлем құрылысы. Нақтырақ айтсақ, романда сөйлем аяқталып, нүкте қойылатын жердің басым бөлігін үтірмен қайырса, жаңа абзацтан басталған сөйлем бас әріппен жазылмайды. Мысалы:
«Қобдишаның сырты оймышталып, түрлі-түсті өрнек салынған екен, бұрыштары мен қырлары да қақталған жұқа күміспен жұмырлай әдіптеліпті, бет жағын әшекейлеген ұсақ асыл тастар қырық құбыла жылтырайды». Бұл қандай сөйлем? Құрмаластың қай түрі? Ой аяқталып, сөйлем түгесілген тұсқа нүкте қойылушы еді. Мұндағы сөйлемдерде басқа тәртіп, басқа заң. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенімізбен сөйлем құраудың бұл түрі сәтті деуге келмейді. Мүмкін, автор кейіпкердің қойын дәптерінен алған әлқисса сөзіндегі «Қарапайым қағидадан қашпасаң, табиғатқа қарсы бір заң ашпасаң…» деген тәмсілін берік ұстанған болар. Ең қызығы – жұмбақтардың (сұрақтар десекте болар еді. – Н.Т.) көп болуы жа-ңылтпаштық сипатқа ауысып кететіндей. Сөзіміздің дәлелді болуы үшін мына сөйлемді оқиық:
«Қыранқара екінші рет үйленіп, үйленгеніне ыңғайсызданғандай ырсия күліп, (?) қолтығына ұршыққа үйірілген бойы бір тұтам пысықай қара қызды босағадан аттатқанда, жасы он беске толып, көп-көрім есейіп қалған Үлпілдек ойында ештеңе жоқ, талша бойы былқ-сылқ етіп, жай еріккен түрмен, арық жағасындағы майда құмды жалаң аяғының бүрістіре созған сүйір ұшымен айқыш-ұйқыш сызғылап тұрған болатын». Не ұқтыңыз? Бірнеше қайталап оқысақ та бұл сөйлемнің басы мен соңы байланыспайды. Сөйлем құрылысын былай қойып, мазмұндық тұрғыдан алғанда да жаңылтпаш оқып отырғандай қайта-қайта сүріне бердік. Ал шығарманың өзі түгел осы формамен жазылғанын ескерсек, романның соңына жеткенше қалжырап, діңкеңіз құрып бітеді.
Романдағы оқиғалар тізбегі де ала-құла, үздік-создық. Прологтан басталған өрт, жерге құлағын төсеген сары қыз, ауыл жігіттері мен кірешілердің төбелесі, Гүлдерайымды Қыранқараның тартып әкетуі, Үлпілдектің ақыл-есі дұрыс емес қыз сияқты көрінуі, Қыранқара үш рет үйленсе де әйелдерінің бірінші түннен аман шықпай, ажал құша беруі, Қыранқараның Жазушылар одағындағы көргендері, үйіне қайтып келіп Үлпілдекті әйел етіп алуы… Бәрі де шашыраңқы, бір-бірімен байланысу тәсілі әлсіз. Тіпті, роман ортасында Қыранқараның жазушы Дулат Исабековпен жас оқырмандардың кездесуіне тап келуі де түсініксіз. Автордың Дулат Исабековпен болған бұл кездесуді романға қандай мақсатта пайдаланғаны да бұлыңғыр. Бір кездері жазушы мен жас оқырмандардың сұхбатын ZHASORKEN.KZ сайтынан оқығанымыз бар еді. Барша оқырманға таныс болған сұхбатты романның ортасына сол күйінде енгізуден жазушы не ұтады? Көркемдік тұрғыдан қандай әсер беретінін түсіну қиын. Бәрібір, қабылдай алмадық. Ал Қыранқараның Жазушылар одағында тапқан досы Бұғышақтың ақын Маралтай Райымбекке қандай қатысы бар? Біз бұл «деректі» сол Жас Өркеннің сайтынан кездейсоқ кездестіріп қалдық. Онда жазылған бір ақпаратта Маралтайдың Одаққа қайта жұмысқа орналасқаны туралы айта келіп, мақала авторы Маралтай мінезін «Үлпілдек» романындағы Бұғышақпен салыстыра сабақтастырған. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарық көрген мұндай сұхбаттар мен мақалаларды көркем шығармаға дәл сол күйінде енгізудің біздің пайымымызша бір ғана мақсаты бар. Ол – интрига. Интрига болғанда да оқырманды жетелеп отырудың автор дұрыс деп тапқан өзіндік тәсілі. Дулат Исабеков студенттермен кездескен бір кеште: «Қарғын» романын жазып біткенге дейін ондағы Жасынның прототипі Асқар Сүлейменов екенін өзім де білмеген едім. Кейін оқыған адамдар оның мінезі, өзін-өзі ұстау әдебінен Асқарды көрген екен», – дегені бар еді. Бәлкім, «Үлпілдектің» авторы да Бұғышақты Маралтай демеген шығар.
Кітап аннотациясында: «Үлпілдек» роман-тәмсілі заман көшінен қалып бара жатқан адамдардың жантәсілімін шынайы бейнелейді. Дүниенің бір шеңберден жазбайтын айналысына салып қарағанда, оларға үміт жібі үнемі тасталып отырады. Шығарманың пәлсапалық астары осылайша өмір мен өлім арасындағы мәңгілік жалғастықты іздеуден ашылады. Дәстүрлі әдебиет стилі мен жаңашыл үрдісті шебер ұштастырған шығарма өзгеше өріммен өрілген», – делінген. Дәл осы аннотацияда айтылған заман көші қай көш? «Үлпілдекті» бір дәуірдің бейнесін, заманның көшін көрсеткен шығарма деуге келмейді. Көне мен жаңаның тартысын елуден асқан Қыранқара мен жап-жас бойжеткен Үлпілдектің арасындағы қатынас арқылы сипаттады десек артық сөйлеген болар едік. Екеуінің арасында өліп-өшкен махаббат жоқ. Заманның көшін сипаттайтындай әлеуметтік-тұрмыстық тартыс, қоғамдық-саяси пікір таластырған шығарма емес. Мұнда некесіз туған қыздың әке өлеңдеріне ғашықтығы және өзі туа көрмеген әкені сағынуы, оның өліміне айыпты болған Қыранқараға қалай да тұрмысқа шығып барып, ертесінде өліп қалуды армандауы жазылған. Өлім – кейіпкерді мына жалғанның азаптарынан құтқарар жалғыз жол. Пәлсапалық астарында өмір мен өлімнің жалғастығын іздеу жатқаны жасырын емес. Әке өлеңдерін жадына берік тоқыған Үлпілдек өлімді аңсайды. Өлім болғанда да өзіне қол жұмсау емес, Қыранқараның әйелдері сияқты оған тұрмысқа шығып, таң ата ақ кебінге орануды армандайды. Мүмкін, Үлпілдек өлімді дәл осылай қарсы алуы арқылы Қыранқарадан кек қайтаруды көздеген болар. Бірақ оның бұл тілегі алғашқы түнде орындала қоймайды. Арада бірталай уақыт өтіп, Үлпілдек аяғы ауыр екенін сезеді. Ол Қыранқараға тез арада той жасауды бұйырады да, сол тойында шығармада елеусіздеу қалып келген қобдишадағы иіс суларды бойына жағып, ақыры қайтыс болады.
Шығармада тек Үлпілдек қана емес, Қыранқара да бақытсыз. Оның әу баста Нұрланды «ауылымыздың қыздарына тиді» деп, төбелес шығарып өлтіріп тастауы Қыранқара өміріне айтылған бір қарғыс іспеттес. Сондағы Гүлдерайымның ызалы кейіпте жек көре қарағанынан сескенген Қыранқара оның өзін «жыланша арбап», қарғап тұрғанын білсе де ашулы кейпінен ажырай алмай, жас қызды әйелдікке алам деп өңгеріп әкетеді. Оның бұл әрекеті бүкіл өміріне кесірін тигізеді. Гүлдерайыммен бақытты бола алмаған Қыранқара одан кейін де үш рет әйел алады. Бәрі де келін боп түскен бірінші түні-ақ өлім құшады. Оның бұл бақытсыздығын бала кезінен көзімен көріп жүрген Үлпілдек әке кегін қайтару үшін Қыранқараға тұрмысқа шықты ма? Романда қыздың дәл осындай мақсатпен әрекет еткені анық емес. Ашылмаған. Шамасы, автордың өзі де ашып көрсетуді мақсат етпесе керек. Ал оқырманның соңғы ойы «Үлпілдек Қыранқарадан кек қайтарды» дегенге тоқтайды деп ойлаймыз. Шын мәнінде «кек қайтару» туралы пікіріміз де шартты. Өйткені, «Үлпілдек» деген аты не үшін қойылғанын ешкім білмеген кейіпкердің өлімі де «аңыздағы Үлпілдектей ел жадынан ұмыт болған» еді.
«Үлпілдек» – роман-тәмсіл. Бірақ автордың өзі бір сұхбатында: «Үлпілдек» деген хикаят жаздым», – депті. Шығарманы бірнеше қайталап оқыған біз де осы соңғы сөзді құптар едік. Қалай дегенмен де, роман жанры тақырыптың кең ауқымда суреттеліп, сюжетке бай әрі уақыт кеңістігінің толымды түрде сипатталуымен ерекшеленбек. Ал «Үлпілдек» романнан гөрі хикаятқа жақын. Шығарма мазмұнында бірнеше оқиғалар бар болса да негізгі желі «ақын өлімі және одан қалған тұяқтың әке кегін қайтаруы» сынды бір ғана көрініске негізделген. Ал туындының астарында не айтылды? Автор аңыздағы Үлпілдекті шығармасындағы Үлпілдекпен қалай байланыстырды? Бұл сұрақтарға әркім әр түрлі жауап айтар еді. Біздің ойымызша, жазушы «аңыз» бен «ақиқатты» астарлап жеткізуді міндет етіп алмаған. Орхан Памуктің: «Мне кажется, болезнь нашего времени — это искать во всем некую
связь», – дейтіні бар еді. Бәлкім, біз де «Үлпілдекті» оқып отырып аңыз бен ақиқат өмірдің арасын жалғастырар көпірді іздеп бекер әуреленген болармыз…
ПІКІРЛЕР3