Әлсіздерді заң қорғайды
Ұлттық құндылықтар мен азаматтардың құқықтық мәдениеті төмендеу үрдісі орын алған қазіргі қоғамда адам естімеген зорлық-зомбылықтың небір жексұрын түрі пайда болғаны – бүкпесіз шындық.
Біреудің қаңсығы таңсық болған, түрлі жат діни ағымдардың халықты адастыруға белсене кіріскен заманында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен арыздар соңғы 5 жылда 3 есеге өскені – ойлантарлық һәм дабыл қағарлық жайт. Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан бейбіт күнде жылына жүздеген қорғансыз әйел мен бала қайғылы қазаға ұшырауда.Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының тиісті заңдарына қол қойды.Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сонымен бірге, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты бұрын заң бұзған адам 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасына алынатын болса, жаңа заңда енді ондай мүмкіндік жоқ. Жаңа заң бойынша енді біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргеннің өзі 50 тәулікке дейін қамалатын болады. Ал алған жарақаты ауыр болса 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Енді қол көтерудің өзі әкімшілік емес, қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.Жаңа заңға сәйкес әйел мен бала құқығын қорғау үшін жергілікті жерлерде «Қолдау» орталықтары өз жұмыстарын бастады. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік шарасы да алғаш рет заңға енгізіліп отыр. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылды.Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін де жаза қатаңдатылды.
Қорыта айтқанда, енді әйел мен бала заң аясында мемлекет тарапынан жан-жақты қорғалады. Әлсіздер енді ешқашан қорланбайтын болады.
Б.СӘЛІМҰЛЫ