ШЫҢҒЫСТАУДЫҢ ӨР ҰЛЫ
14.05.2024
74
0

 

Қағазға қаламмен тіл бітіріп, қаламның киесін ұғынып, тұнығын лайламай, қазақтың шалқар даласында аты төрге озған қарымды қаламгер жерлесіміз, жазушы-драматург, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның құрмет­ті журналисі Дәулет Сейсенұлы биыл жетпістің бесеуіне келді.
Бар ғұмырын қазақтың ұлт баспасөзіне арнаған Д.Сейсенұлын жерлестері ерекше мақтан тұтады. Жетпіс бестің төріне жайғасқан қаламгердің ел игілігіне жасаған еңбектері де ерен. Бұны айтып жату да артық болар… Туған күнінің құрметіне шақырған жерлестерінің өтінішін жерге қалдырмай ағамыз да құстай ұшып келді. Атамекені де өз ұлын бауырына алып, самал желі шашынан мейірлене өпсе, Шыңғыстаудың өр ұлын халқы да қат­ты сағыныпты. Еліне келген еңбекшіл перзентін, өзі өмірге әкелген «Маэстро» драма-реквиемімен Абай атындағы театр қарсы алса, 140 жылдан астам тарихы бар Абай атындағы кітапхананың қара шаңырағы да әдеби кездесу кешін ұйымдастырды. Театрдағы «Дариға-ай» жастар театрының «Маэстро» драма-реквиемінің премьерасы қаламгер ағамыздың мерейтойы мен қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың 100 жылдығына арналып сахналанды. «Маэстро» драма-реквиемі қазақтың тұңғыш скрипкашысы, скрипка мектебінің негізін қалаушы, жазықсыз жаламен жапа шегіп, тағдыр тәлкегін басынан өткерген Әйткеш Толғанбаевтың өмір жолын баяндайтын әсерлі қойылым болды. Иә, өте әсерлі қойылым! Бұл – жылдар бойғы қаншама тер төккен Дәулет ағамыздың еңбегі. Қаламгеріміз де туған жеріне келіп, сағыныш мауқын басты. Абай кітапханасының шаңырағында замандастарымен, зиялы қауыммен, жас буын өкілдерімен кездесіп, рухани жүздесті. Республикалық «Абай» журналының бас редакторы М.Оспанов жазушыны құт­тықтап, арнау өлеңін оқыды. Өнегелі өмірінен естеліктер айтылды. Шежіреші, Қазақ­стан журналистер одағының мүшесі М.Жанболатов жүрекжарды тілегін білдіріп, Ж.Кәрменовтің кенже шәкірті Қайрат Қабышев әсем әндер орындады. Туған топырағына тебіреніп келген жазушы ағамыз да, еліне, жеріне деген құрметін алғыспен жеткізді. Даналықтың жасына аяқ басқанда, жүрген ізінде ізгілік пен таусылмас білімнің жолы сайрап жатқан Шыңғыстаудың өр ұлына Алаштың астанасы – Семей жұртшылығы, Абай елі атынан алғыс білдіріп, талмас қанат тілейміз!

Мерей ҚАРТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір