ТЕСКЕНТАУ
Апам қуанышты. Жүзі бал-бұл жанады. Қуанбағанда қайтсін, өзі бар ауыртпалығын көріп, жеткізген жетімнің бірі Құдай қаласа, келін түсірмек. Енді міне, сол қалыңдықты өзі көріп қайтпақ. Болашақ құдалар ыңғай танытса, құда түсіп келетін күнді де анықтап келсе дұрыс болар еді деген ойын маған қайта-қайта айтқанына таңғалып келемін. Тағы бір таңғалғаным – әшейінде «белім көтертпейді, аяғым жүргізбейді» деген сөзді бүгін ұмытқандай. Аяғы аяғына тимей, маған жеткізер емес. Үйден иығына салып шыққан алашадан тігілген әдемі қоржынды маған әзер бергені тағы бар. «Өзім көтерем. Сен шаршап, жүре алмай қалсаң пойызға үлгермей қаламыз» дегенді де айтты.
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы
Шөлдала мен Құмшағал стансаларының ортасындағы Садық қаңлылар тұратын кішкентай ауылға тұрмысқа шыққан қайынсіңлісі Айттүбіден «Рақыманбекке ыңғайлы қыз тауып қойдым, тез келсін» деген хабар жеткен күннен апам осындай, көңілді, ауру-сырқауды ұмытты. Хабар жеткен екі күнді араға салып, үй-жайды Рақыманбек пен Болатбекке табыстап, жолға шыққан бетіміз осы.
Көкбастау разъезінен пойызға отырысымен апам мойнындағы ақ орамалын қағып, сілкіп алдына жайып, құбылаға жүзін бұрып, намаз оқыды. Біз мінген вагонда кісі аз екен. Сондықтан да бір бөлегін еркін жайладық. Пойыз жайлап орнынан қозғалды. Бойымда әлсіз діріл бар. Бұл менің пойызға алғаш мінуім. Сонымен бірге мақтаныш та жоқ емес. Себебі, ауылдағы көптеген құрдастарымнан бұрын пойызға міндім емес пе?! Оның үстіне Тескентауды көремін! Апамның дауысы қаттырақ шыға бастады. Намазы аяқталып қалғанын іштей сезіп, апама қарадым.
– Е, Алла Тағала, жолымызды оңғарып, шырақтарымды аман ете көр, жамандығын көрсетпей, жақсылығына қуант…
Апаммен бірге мен де бетімді сипадым. Бұл апамның намаз оқыған сайын айтатыны. Намазын оқып біткен соң қолына тәспиғын алады.
Пойыз сырғып жүріп келеді. Бейне бір алып бесік тербетіліп келе жатқандай. Анда-санда пысылдап, ақырып қояды.
– Мақұлтай, жақынырақ отыр. Қазір Тескентаудан өтеміз. Қорқып қалма. Айналаң қараңғы болады. Осы «тауды тесеміз» деген аталарың терін төгіп, осында жұмыс істепті. Орыстар ауылға күн сайын келіп, азын-аулақ азық-түлік беріп, жұмысқа айдап әкететін көрінеді. Құдды түрмеге апара жатқандай айқайлап, доқ көрсетеді екен. Онда мен бес-алтыда ғанамын ғой. Біле бермеймін, естігенім… Е, Алла, жаратқаныңа шүкір, өзің сақтай көр, көрсеткеніңді көпсіне көрме, – деді де мені бауырына қыса түсті. Апамның құшағы қандай ыстық, қандай жұмсақ! Әлден соң қою қараңғылыққа кірдік те кеттік. Артынша жарқ-жұрқ еткен шамдар көбейіп, тақыл-тұқыл күшейді…
«Тескентау» деген атауды алғаш апамның аузынан естіген болармын. Жұмсаған жерінен кеш оралсақ: «Немене Тескентау асып кеттің бе?» дейтін. Сол кезде «Тескентау» деген алыста болар деп ойлайтынмын. Сөйтсек, онымыз бекер болып шықты. «Тескентау» дегеніңіз, өзіміздің Жуалының шығысындағы теміржол қақпасы екен. Кейінірек Рақыманбек көкем Құмшағалдың қызына үйленгеннен кейін Тескентаудан пойызбен жиі өтетін болдық. Келе-келе Тескентауды кім, қашан салған деген сауал алдымнан жиі шыға бастады. «Тауды бұзып, тасты тілген, бұл қандай ер?!» деп тақпақтайтын заманның қолтаңбасы деп те ойлағанбыз. Сөйтсем, бұл Тескентауыңыз Түркістан-Сібір теміржолын салуды қолға алған патшалық Ресейдің шығыстағы байлықты орталыққа тасымалдаудың ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген ірі құрылысы болыпты. Жалпы, біздің Жуалыға, нақтырақ айтқанда, Боранды бекетіне теміржол 1917 жылы жеткен. Ал Тескентаудың құрылысы 1914 жылы басталып, үш жылдан соң 1917 жылы бітіпті. Мұны Тескентаудың батыс және шығыс жақтан кіреберістегі маңдайшасына жазылған «1914» және «1917» деген таңбадан аңғаруға болады. Міне, содан бері 100 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа зулаған, ышқынып, алға ұмтылған қаншама пойыз өтті десеңізші!
…Зулап тез-ақ үңгірден өте шықтық. Жарық дүниеден артық не бар. Айналамыз жарқ ете қалды. Мен терезеге жақындай түсіп, сыртқа қарадым. Біз құздың ұшар басында ирелеңдеген теміржолмен келеміз. Төменде көбіктеніп өзен ағып жатыр. Көрім көрініс. Бұл батыстан шығысқа, қаратауды қақ жарып ағып келген Теріс өзенінің бітетін, екі өзеннен күш алып, Билікөлге қарай асыға ағатын Асаның басталар, ақ басты Алатаудан арқырай ағып, осы жерде сая табатын Күркіреусудың қосылар тұсы. Бұрқ-сарқ, аспанға шапшыған ақ көбік… Тау аңғарында ирелеңдей алға ұмтылған пойыз ерекше әсер етті. Ертегілер жерінде жүргендеймін…
– Осы жол құрылысында сенің көптеген аталарың арқа еті арша, борбай еті борша болып еңбек еткен. Естуімше, ешкімді де аямаған. Таңның атысы күннің батысы демей жұмыс істеткен. Жол берекенің тамыры ғой. Ашаршылық жылдары осы теміржолың талайлардың жанын сақтап қалды…
Бір қызығы, бұл түнектің жобасын жасауға, оны жүзеге асыруға қазақтың біртуар азаматтарының бірі, халқымыздан шыққан алғашқы теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев екенін екінің бірі біле бермес. Алғаш тауды теспей қырғыздың Күркіреусу өзенінен жоғарырақ жерден көпір салып, соның үстіне теміржол салу жобаланыпты. Олай болса, біраз жерді айналып өтуге тура келген. Сондықтан да ол жобаның дұрыс емес екенін дәлелдеген Мұхамеджан Тынышбаев жолды өзеннің арнасына жағалай салуды қолға алыпты. Инженердің бұл шешімі дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Рас, ертеректе, Теріс пен Күркіреусу тасқыны қосылғанда тасты тіліп, қысылтаң аңғарда ағып жатқан өзеніңіз көтеріліп, пойыздың жүруін қиындатқан сәттері де болған.
Тескентау менің білуімше, теміржолда Орталық Азияда бірегей құрылыс. Сондықтан да оны көруге қызыққан қазақ зиялылары көп болған. Қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың басшылығымен, қазақтың асыл азаматы, инженер Мұхамеджан Тынышпаевтың қатысуымен салынған «Түркістан-Сібір» немесе «Турксиб» теміржолының құрылысы туралы талай марқасқалар жазған. 1933 жылы Ұлы Мұхтар Әуезов Жуалы жеріне екі рет келіп, онға жуық очерк жазғанда Тескентауға да бармақ болған. Алайда, әскери қарауыл түнекке жақындатпапты. Бұл Тескентауыңыз қырғыздың ұлы жазушысы, осы өңірдің азаматы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында да айтылған. Ал дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров Тескентау туралы «Төрт жолдың торабы» атты очеркінде былай суреттеген: «Жыланша жорғалап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмейсің, жыланша сып етіп, інге кіріп кетесің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты… Ешкімде үн болмайды. Тек астың қимылдап, ақырын жылжып жүріп бара жатқаныңды сезіп отырасың… Алатаудың артқы тесігінен кірдің, ішек-бауырын, қолқа-жүрегін аралап, өңешіңмен өрлеп келесің. Енді аузынан шығасың… Өзге дүние, өзге өмір…».
Тескентау қырғыз жеріне кірігіп тұр. Олардың Маймақ, Жуантөбе теміржол стансалары Қазақ теміржолының құрамында болды. Қазақ пен қырғыздың жері, біздің Теріс пен қырғыздың Күркіреусу өзендері тоғысар иінінде адам игілігі үшін қарт Қаратаудың бауырын жарып, тасты тесіп салынған Тескентау жүз жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді…
– Жарықтық-ай, тауды да тескен күшті жаратқан Алла Тағалаға тең келер күш жоқ екенін неге түсіне бермейміз… Апам осылай деді де ұзақ үнсіз қалды.
Пойыз Маймақ, Жуантөбе стансаларынан өтіп, Шөлдалаға жақындады. Апамның айтуынша біз осы жерден түсеміз. Болашақ жеңешем тұратын ауыл бұл жерден біраз жер, жаяу жүреміз.
Пойыздан түсісімен Тескентауды көргім келіп, артыма қарайлай бердім. Пойыздың тарсылынан арыла алмай құлағымды алақаныммен басып-басып қоямын.
– Тескентау бұл жерден көрінбейді. Қысылтаң аңғарда ғой. Сондай-ақ қайтарда пойыз Тескентаудан өтпейді, ондағы теміржол бір ғана қатар, – деген апам қоржынын менен алып, иығына салып, алға озды. Қызылшырайлы жүзі алаулап, мұрнының ұшындағы қал жарылып кетерліктей, баданадай болып, быртиып кетіпті. Барар жеріне жеткенше асығып тұрғанын аңғардым. Аяғы аяғына тимейді… ақ ұлпадай ұшып бара жатқандай…
Қазір ойлап қарасам – адамға адам қосылса бақ пен құт екен ғой. Апам сол кезде осыны ойлап балаша пәк қуанса керек. Жарықтық-ай!..
ТАРАЗ.