ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙТЫН ЖОЛ
Қазақтың көрнекті жазушысы Бексұлтан Нұржеке—ұлының 75 жасқа толу мерейтойына орай, Жаркент өңірінде оқырмандарымен бірнеше еркін кездесулер өтті және «Дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды.
Панфилов аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Дөңгелек үстелге» ақын-жазушылар мен қаламгерлер Кәдірбек Сегізбайұлы, Қуанышбай Құрманғали, Исламғали Үркімбайұлы, БейсебайҚұсайын, Роза Ыстай, Дүйсен Халықұлы және Іскер әйелдер қауымдастығының аудандық бөлімшесінің төрайымы Айгүл Әлімжанова, қауымдастықтың мүшелері Роза Әмірқызы, т.б. қатысып, қаламгер шығармашылығы мен кітап оқу мен тоқудың бүгінгі мәселелерін кеңінен талқылады. Жиынды Алматы облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сүрия Тұрғанқызы ашып, жазушы қаламынан шыққан кейіпкерлер туралы сөз қозғап, бұл кейіпкерлер оқырман қауымның, әсіресе, әйел жұртының іздеп жүріп оқитын дүниелері екенін айтты.
«Дөңгелек үстел» барысында қазіргі жас буынның әдеби шығармаларды оқуы мен тоқуы, көркем әдебиеттің ұлт тәрбиесіне тигізер ықпалы жайлы әңгіме өрбіді. Панфилов аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы А.Әлімжанова өз сөзінде: «Әйел қауымы үшін ең маңыздысы – бала тәрбиесі. Қиын-қыстау күндері де, баламыздың тәрбиелі, тәртіпті болуына алаңдаған едік. Сондай шақтары балаларымыздың ел тарихын білуіне, байырғы жерлестерінің әдеби образға айналған кескін-келбетімен танысуына сіздің шығармаларыңыздың қосқан үлесі көп. Бүгінгі «Дөңгелек үстелге» ауданымыздағы зиялы қауым өкілдерімен қоса, ұстаздар мен мектеп оқушыларын да арнайы шақыртып отырғанымыздың себебі де сол – жазушы шығармасы арқылы балаларымызды ізгілікке тәрбиелегіміз келеді», – деп ағынан жарылды. «Дөңгелек үстелде» Бексұлтан Нұржеке-ұлының қаламдас достары Кәдірбек Сегізбайұлы мен Қуанышбай Құрманғали қаламгер шығармашылығына кеңінен тоқталып, соңғы жылдары жазушы қаламынан шыққан көркем және деректі дүниелердің мән-маңыздылығын атап көрсетті.
Бұдан кейінгі алқалы жиын Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде жалғасты. Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдуллаев жазушы еңбектері туралы баяндама жасап, Бексұлтан Нұржеке-ұлының шығармашылық қарым-қуаты арта беруіне тілектестігін білдірді. Колледж директоры Сара Темірбаева Бексұлтан Нұржеке-ұлының бұрынғы-кейінгі шығармалары колледж студенттерінің сүйіп оқитын кітаптарының қатарында екенін атап өтті. Колледж студенттері жазушы шығармаларынан дайындаған шағын қойылымын көрсетіп, Бексұлтан Нұржеке-ұлына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, кездесу соңы концерттік мерекеге ұласты.
Бұдан кейінгі кездесу жазушының туған ауылы Ақжазықта өтті.
Жазушы әрбір кездесу соңында оқырмандарына алғысын айтып, соңғы жылдары жарық көрген «Әй-Дүние-ай» кітабымен қоса, өзге де жаңа шығармаларын Жаркент гуманитарлық-техникалық колледж ұжымына, Іскер әйелдер қауымдастығына, Ақжазық ауылдық мектебіне тарту етті.
Қарагөз СІМӘДІЛ.