ТӨЛЕБАЕВТЫ ЦОЙҒА ҚОРЛАТПАЙЫҚ!
04.05.2024
98
0

Редакция телефонына күн сайын қайта-қайта соғылған қоңырау үні бізді атақты композитор Мұқан Төлебаев атындағы көшеге қарай жетектей жөнелді. Абай даңғылының қиылысында Мұқаңның музаға елітіп, ой үстінде, жұмсақ орындықта оңтүстікке қарап отырған мығым мүсіні көрген жанның көңілін тоғайтады. Сәл төменіректегі Шу, Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Тентек, Көксу өзендерінің құйылыс үні бір симфонияның түрлі аспаптардағы сазын ойнап тұрғандай әсер береді.

 

Көше қала шуынан өзіңді оңашалап, дем алуға бағыт­тала абат­тандырылған. Жайлы арқалықты орындықтарда «әзілдесіп, күлісіп, мауқын басып» отырған ақсақалдар мен ақ самайлы апа, әжелердің сыр суыртпақтасулары қандай жарасымды. Бірін-бірі қуалап ойнаған, жетекарба үстінде іңгәлаған сәбилер мен бүлдіршіндердің сыбызғы тартқандай әсем дауыстары көктем күнімен астаса, көңіліңе шуақ ұялатады.
Ілгерілей берсең, «Қабылдау үйіне», М.Әуезовтің мұражай үйіне, «Park Spill», «Достық үйіне» жанасасың. Алматының талай сәулет­ті ғимарат­тарын салуға ықпал еткен, республикамызға еңбегі сіңген құрылысшы Ораз Мақанұлы Бейсенов, Мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде қаланы да басқарған Кеңес Аухадиев, Қазақ КСР Ғылым академиясын басқарған академик Асқар Меңдіахметұлы Қонаев, көрнекті ғалым Ләйла Мұхтарқызы Әуезова, аса көрнек­ті қазақ жазушысы, мемлекет, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов, сондай-ақ Әнет Бектемісов тұрған үйлерге сүйсіне көз сала отырып, бір дамылдап аласыз.

Көзіңізді күнгейлей әрегірек қарасаңыз, Қазақ­станның тұңғыш Қорғаныс министрі, соғыс ардагері, Кеңес Одағының батыры, азат еліміздің тұңғыш Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов, аса көрнекті әдебиет­танушы, ғалым, профессор Бейсембай Кенжебайұлы, қатарлас Мүсілім Әмірханұлының ізі қалған кірпіш қабырғалар олардың демімен үн қата «қол бұлғайды».
Иә, осы жерде жүргіншілер жолын қаққа бөліп, бір қолын қалтасына салып, бір қолымен от­тығын тұтата қысып, талтайып тұрған әнші Виктор Цойдың ескерткішіне тұмсығыңызды соғып аласыз. Сондай-ақ бұл кезінде басқыншы жау – қалмақтарды қазақ жерінен қуып барып, тау жастана мерт болған Қабанбай батыр атындағы көшемен қиылысқан. Қаныңызды сүрткілеп тұрып, шығыс жаққа қарасаңыз, Қазақ­станның Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанова, көрнекті педагог, Мемлекет және қоғам қайраткері Ажар Ыбыраева, батысқа бұрылсаңыз, Қазақ­стан ҒА корреспондент-мүшесі, ұлт ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева, техника ғылымдарының еңбек сіңірген қайраткері Шабдан Абдул-Ғапарұлы Белғожин, төменгі шығыс жағында еңбек сіңірген заңгер Өтеген Сейітов, Лениндік және Мемлекет­тік сыйлықтардың иегері, геолог-минеролог Шахмардан Есенов, еңбек сіңірген экономист Темірхан Жақыпов, төменгі батыс жағында қайталанбас театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақова, академик Александр Сызғанов, генерал-майор Әубәкір Арыстанбеков, аса танымал жазушы, ғалым, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин саған мұңая «көз тастайды». Одан құлдиласаңыз, біртуар Мемлекет басшысы, елімізді еңселі еткен Дінмұхаммет Қонаевқа не бетіңмен қарарыңды білмей берекең қашады.
Сол тұста 1939 жылы музыка өнерінің қайталанбас талант­тары А.Жұбанов, Е.Брусиловский, В.Великанов, Л.Хамиди, С.Шабельский, Б.Ерзакович және біздің бас кейіпкеріміз М.Төлебаев құрған Композиторлар одағы ғимараты: «Мұқанның жүрген жолын тазартып ұстауға да жарамадыңдар-ау», – деп мысқылдайды. Одан ары аяқ басуға шамаң келмей тәлтіректейсің.
Расында да В.Цойдың тас бейнесін ұлтымыздың жоғарыда аталған ұлылары мен біртуар тұлғаларының бел ортасына әкеліп қадаша қағып қоюға рұқсат берген кім? Виктор Қазақ­станға, қазақ халқына, Алматы қаласына қандай еңбек сіңірді? Өзінің жеп жүрген наны үшін ән айтса, айт­қан шығар. Біздің ұлт­тық мәдениетімізге, ұлт­тық өнерімізге қандай үлес қосты? Қолындағы жанған от­тығымен айналасындағы қайталан­бас ұлт ардақтыларының рухын өртегісі келіп тұр ма? Жалпы, Мұқан Төлебаевтай халық ардақтысының көше жүргіншілері мен демалушыларының ағысты аңғарына салтанат құратындай ол кім еді?
Ал М.Төлебаев – әлемдік композиторлар қатарлы контата, опера, симфониялар жазып, ұлт­тық әуезімен халқына өлмес рухани қазына сыйлаған дарын иесі. Оның жазған «Амангелді», «Біржан – Сара» опералары – қазақтың ХХ ғасырдағы полифониялық болмысымен музыка мәдениетінің биік шыңы болған, өміршеңдігін айғақтай түсер шығармалар. Қазақты халық қатарынан шығарып тастағысы келіп мұрнын шүйірген КСРО билік басындағылар талантын амалсыз мойындап, КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекет­тік сыйлығының лау­реаты атақтарын бермеске лажы қалмаған. Кезінде он бес республиканың өнер, мәдениет майталмандары қадірін биіктеткен Мұқан Төлебаевтың атақ-абыройына нұқсан келтірген сол жылдары Алматы қаласын басқарған (2015-2019) Бауыржан Байбектің ұлт руханиятына жасаған қиянатының бірі – осы. Қала әкімі тағына отыра сала газет-журналдар сататын дүңгіршектерді жоюының астарында да үлкен саясат жатыр. «Атакент» халықаралық қарым-қатынастар орталығы алдындағы алаңға тиіннің (тышқан тектес) сабаннан алып ескерткішін орналастыруы да – Б.Байбектің қазақы тәрбиеден мақұрым екенінің айғағы.
Виктор Цойға Бауыржанның ет-жүрегі неге елжіреді екен? Алла Пугачева сындылардың Алматы жұртшылығының қалтасын қағып кетіп жатқаны аз ба? Соның бәріне ертең ескерткіш орната берер болсақ, қала орталығында сау тамтық жер қала ма?
Жалпы біздер өз тұлғаларымызды өзекке теуіп, өзгелердің дүмбілез дарындыларына жағымпаздана бас июді қашан қояр екенбіз. В.Цойды Мұқан Төлебаев атындағы көше бойында талтаңдатып қойғанымыз ұлт намысын таптатудың бір амалы ғой. Уақытында сол көше бойында тұрып, халыққа қалтқысыз еңбек сіңірген дөкейлердің аруағынан да ұялмағанымыз ба?
Цойды төрт қырынан суретке түсіріп тұрған жас жігіт­ті әншіге табынушылардың бірі болар деп, сөзге тартқым келді.
– Мен – Қырғызстаннан келген қырғызбын. Тынысы кең көше бойын­да аз-кем демалғым келген еді. Сіздер көнбіс халықсыздар ғой. Бәріне де көне бересіздер. Төлебаев аруағын Викторға таптатып қойғандарыңызға назалымын, – деп қолын бір сілтеді де теріс бұрылып кете берді Омир есімді азамат. Есеңгіреген есімді енді жия беріп, аяңдай басып, еркіндеу жүрген аға жастағы қырмасақалға жақындадым.
– Серуеніңізге кедергі жасамасам, білісіп қойсақ, – дедім жасқаншақтай.
– Талас Аманбайұлы, мамандығым – экономист. Біраз биік төбелерде «отырғамын».
– Мына тасмүсін иесіне көзқарасыңыз қалай? – дедім.
– Бұл мүсінді қолға алып жатқанында-ақ осы маңайдағы үйдің тұрғындары біріге қарсылық танытқанбыз. Полицейлер: «Жұмысқа кедергі жасамаңыздар!» – деп бізді қайырмақтады. Ортамызда болған еңбек ардагері, қайсыбір баспалдақтармен кезінде жүріп те көрген, жиғаны мол көнекөз Жұман қария қат­ты ашуланды. Телефон шалғаны бір басқа, таяғын сүйретіп Алматы қалалық әкімдігіне де барды. Атамыздың арыз-өтінішін ешкім құлағына қыстырмады. Жүрегіне салмақ түсіп, ауырыңқырап та қалды. Содан бері Виктор талтайған қалпы әлі тұр. Жүргінші, демалушылар айналып өтіп бетіне қарап, бастарын шайқап бара жатады. Мұқан Төлебаев пен Қабанбай батыр атындағы көшелердің қиылысына әкеліп шалқақтата шәнитетін В.Цой кім еді соншама?! – дейді қос алақанын жайып.
Жоғарырақтағы балалар ойнайтын арнайы алаңқайда немересін өбектеп жүрген апаны сөзге тарт­тық:
– Аты-жөнімді айтпай-ақ қояйын. Цойды бұл жерге қойдырмаймыз деп айқайлап жүріп, полицейлердің сойылына жығыла жаздағанбыз… Ақыры сұрап қалдың ғой, енді сен мені тыңда! Сәл бұрынырақ Шевченко атындағы көше қиылысында Алматыда ашылған тұңғыш қазақ балабақшасы болған. Балаларымызды, немерелерімізді жетектеп көнекөздер сол жерде бас қосатынбыз. Балабақшаны қиратып тастап, Дариға Назарбаева өз ғимараты – «Park Spill» салдырды. Мұндай-мұндай «таптаудың» талайын көріп жатырмыз. Қазақты ұлт ретінде кемсітуге бәріміздің де – басшы, қосшы атаулылардың да еті үйреніп алған ғой, – дейді ештеңеден үмітсіз кейіп танытып.
Бауыржан Байбектің «Тиінге» қойғызған алып ескерткішін Алматыға әкім болып келген соң, қала жұртшылығының дүрліге көтеріліп жасаған өтініш-талаптарымен орнынан алдырып тастаған Бақытжан Сағынтаев.
Енді, Мұқан Төлебаев сынды қазақтың ұлы тұлғалы композиторының аруағын таптатпауды ұлт руханиятының, ұлт құндылықтарының көсегесін көгертуге бел байлап жүрген әкім Ерболат Асқарбекұлы Досаев, сізге тапсырамыз.

Еркін ЖАП­ПАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір