Ақ Жайықтан жыр-шашу
26.04.2024
432
0

Салтанат ҚАРЕКЕНОВА,

Жаңақала аудандық мектептен
тыс жұмыс орталығының
қосымша білім беру педагогі

Келді Наурыз!

Келді Наурыз, шаттандық бәріміз де,
Үлкен-кіші, жасымыз, кәріміз де.
«Ұлыстың ұлы күні қош келдің!» – деп,
Ұлы күнді қосамыз әнімізге.

Келді Наурыз, Ұлыстың үлы күні,
Еске түсті бұл күннің ұлылығы.
Ұлан-асыр той өтті ауылымда,
Салт-дәстүрдің сезіліп жылылығы.

Келді Наурыз, сейіліп дос тарқады,
Қарық болды ырысқа жастар жаны.
Менмұндалап береке шақырғандай,
Қазағымның қадірлі дастарқаны.

Келді Наурыз, құлпырды қала маңы,
Гүлдеді бәйшешектер даладағы.
Мұз еріп, сең қозғалып сәніменен,
Су ақты өзеннен сай-саладағы.

Келді Наурыз, ас қайнап қазанымда,
Бұл ерекше мейрам ғой қазағымда.
Сый етіп ұсынамын өздеріңе,
Наурыз жырды жайнатып жазамын да!

Гүлзада
ЖАУЫЛБАЕВА,

Бөкей ордасы аудандық
мәдени-демалыс орталығының әдіскері

Жыр үстелі

Тарқатылып төзімнің тігістері,
Аңғара алмай бұрыс не, дұрыс нені.
Көздерім көлкілдеген көл болғанда,
Жасым тамған осынау жыр үстелі.

Жаны жоқ қу ағашсың басқаларға,
Қауқар жинап мен сенен басқам алға.
Басымды сүйеп жүрген, сүйеуім-ау,
Құсжастықтан мамықсың жастанарға.

Асау шабыт шайқалтып жыр кемені,
Қиял арал шақырды іргедегі.
Ай-жұлдызын алдыма төккен шақта,
Қимай-қимай жөнелттің түнге мені.

Қапсыра басып киген түн қалпағын,
Шығарғанда жанымның күл-талқанын.
Күнәлі періштедей қайта келіп,
Құшағына құлаймын жыр-партаның.

Өлең бұл құмар ма еді, құлқын ба еді?
Бағындыра алмай жүр ырқым мені.
Ақынның көзіндей боп бұл үстел де,
Тұрар ма екен музейде бір күндері…
Қызық…

Айзада БАҚЫТЖАНОВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
филология факультетінің магистранты

* * *
Мен сені ойыммен тірілтіп
жүргенімді сеземін,
Мен тірі жүрсем, сен де барсың,
Есімде кеш дегенің…
Есімде қош дегенім.
Біз солай… Ұғынып ек,
Ғашықтық сатқындықты кешпегенін.
Жанымды қинайтыны – аспанымнан
Сен кеткенмен, бұлтыңның көшпегені.

Есімде – арманымыз,
Есімде – сырларымыз.
Сенің өр мінезіңмен
Біз жайлы жазылған көп жырларыңыз.
Содан соң екеуміздің көп ішінде
Ең жақын, ең алыс боп қалғанымыз.

Жаныңда қалмағаным –
Үмітті жалғамауым.
Күз неге еске салды
Жайықта гүл-сезімнің жаурағанын?
Кетерде жылап қалған сол Жайыққа
Қаладым қайтып жасым тамбағанын.

Ерте ме, кеш пе еді?
Мен сені кешкен едім.
Ып-ыстық құшағыма
Көктемгі дала гүлін кестеледім.
Аларсың сәуір сайын мені есіңе,
Сары күзде сақталған естелігім.

Нұрдана ТЕМІР,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
филология факультетінің студенті

* * *
Күрсіністің сезініп көп салмағын,
Таңды – таңға,
жырды жырға жалғадым.
Мен үмітті тастағанмын өшіріп,
Сұрамашы қалғанын.

Кәрі Жайық тостағанын толтырып,
Ағып жасым, ағыл-тегіл мұң-күдік…
Өткенім, сен сағынышым ғанасың,
Еске алатын сәл күліп.

Мен өмірді мүлде сүйе алмаппын,
Мені тағдыр, мен тағдырды алдаппын.
Тер төкпеген бақыт үшін қуанып,
Өлең болып жалған шаққа шам жақтым.

Мұңға оранып мына түннің аспаны,
Қақ сөгіліп жатты менің жас жаным.
Жылулық пен бақытқа тек шөлдеймін,
Қажеті не басқаның?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір