СЫННЫҢ ДА ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР
11.03.2016
3915
2

Ақындық та, жазушылық та оқып үйренетін мамандық емес, ол не іштен туған, тектен, қаннан берілетін қасиет, не қонатын, даритын қасиет дегенді көп естиміз. Сол секілді, сыншылық та іштен туған, не жүре келе даритын қасиет. Оны оқытатын Академия жоқ. Академия тек бойдағы қасиетті ұштайды, жетілдіреді, қоғамдық «қалыптарға» салып, «арналарға» бағыттайды. Тума талант кейде сол «қалыптарға» сия алмай бұлқынады. Мұқаңның (Мұқағалидың) Фаризаға «Шеңберден шық, бала, шеңберден» деуі де сондықтан. Егер сыншыны Академия дайындайды десек, онда қазақта отырыс-тұрысына, сөзі мен ісіне қарап-ақ адамның тегін, тұқымын, генін, ақ сүйек, қара сүйек екенін ажырататын адам сыншысы, жылқының қурап қалған бас сүйегіне немесе бір түйір тезегіне қарап-ақ жасын, түсін, жүйрік-шабанын, бабын біле қоятын ат сыншысы, алғыр қыран мен жүйрік тазы сыншылары болған. Олар қай Академиядан оқып еді? Сөз жоқ, сыншылық та ақындық, жазушылық, емшілік сияқты іштен туған не дарыған қасиет. Құдірет дарытқан қасиетке қысым жасалса, ол қасіретке ұласады. Біржан неге жынданды, Ақан неге қаңғып кетті, Шәмші неге таборға кетті? Дарынды ақын-жазушылардың көбі неге ішіп кетті? Нағыз емші біреуді емдемесе,  неге өзі ауырады? Сол секілді, нағыз сыншы да ешкім ұнатпайтынын біле тұра, көркемөнер әлемінің сүйкімсіз сұмырайы атанатынын біле тұра, жазбай қоя алмайды. Ақын да, жазушы да әйтеу бір кезде еңбегі жанып, атақ-абырой, алғыс-марапат алар. Не толып жатқан ашық-жабық конкурстарға қатысып, жолы болар. Тымқұрыса сахнада өлеңін оқып көрерменге қол соқтырар. Ал сыншыда мұндай да мүмкіндік бар ма? Жұмақтан қуылған Демондай қарғыстан басқа алары бар ма?


 

838976_1812209410_144487Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

 

Сыншылық – тума талант.
Кез келген филолог сыншы
бола алмайды.
Жұбан Молдағалиев.

Осыған қарамастан сын көркемөнермен бірге жасап келеді. Әр кезеңдегі ролі мен сипаты әр түрлі болды. Бірде саясаттың сойылын соғып, «шаш ал десе, бас алған» содырлы сын болса, бірде біреудің біреуден өш алу, мұқату құралына айналған сайқал сын болды. Бірде жағымсудың құралы – сумақай сын, бірде қаламгердің жақсы-жамандығын тең өлшейтін, әділет таразысы – әділ сын да болды. Бір кездері сынның аяқтан шалу, мұқату құралы болғаны соншалық – қаламгерлер ерқашты болған аттай қажып кетті. Өзі туралы сын жазған адамды «жауым» деп қабылдады. Тіпті:

– Өмірді қалай сыйласаң,

Өлімді сондай шет көрме,–

деп, ажалдың өзімен ымыраға келген Мұқаңның (Мұқағали) өзі сынды қабылдай алмады:

– Ақынды ақын сүйемесе болмайды,

Ақынды ақын күйелесе – сол қайғы.

 

Бота тірсек, бос белбеу, қатпа бала,

Ойыңа келгеніңді шатпа, бала

Қаншама жаққаныңмен аққа қара.

 

«Жаман өлең» көп менде, қауіптенбе,

Жаманда да ақыңды ал, әу, бәтшағар! –

деп күйінді. Күйінбегенде қайтсін.

Сол «жаман өлеңдері» ең жақсы өлеңдері еді. Мұқаң өлең­де­рінің құдіретін танытып, күмістей жарқыратып шығаратын бір сыншы туар әлі…

– Ақын, сенің жаулыққа бар ма хақың,

Жау бола ма өмірде ақынға – ақын.

Достық іздеп өтесің, достық іздеп,

Жығылғанша бір жерде мінген атың, –

деген Тұмағаң телеарнадан берген сұхбатында Сын керек пе? – деген сұраққа:

– Керегі жоқ, сыны құрсын. Ешкімді ешкім сынамай-ақ бұл бес күндік жалғанда тату өткенге не жетсін, – деді.

– Өлеңдерімді тіміскілемей аулақ жүріңдер! – деді Сәкен Има­насов.

– Арамсирақ арамзалар, күншілдер, – дегенді Рафаэль Нияз­бек айтты.

Сонда сын дегеніміз ақынды – ақынға, жазушыны – жазу­шыға жау ететін құрал болғаны ғой. Қаламгер біткеннің сыннан мүлде безініп, сынның да жоғалып кетуіне себеп осы екен ғой. Сөйтіп, «арамза» сын келмеске кетіп, қаламгерлердің «әй дер әже, қой дер қожасы жоқ» алтын дәурені билік құрды бір ке­зек. Бірақ осы еркіндік не бере алды?

Осымен қаламгерлердің «жауласуы» бітіп, достығы артып, бал жаласып кетті ме? Көркем туындының, киноның, театр­дың, телехабарлардың сапасы, көркемдігі, мәдениеті артып, оқырманы, көрермені көбейіп, таралымы, сатылымы артты ма? Кино, театр сыншыларының жоқтығынан қазіргі кино, сахна, телехабарлар тілі көркемдіктен, қазақы құнардан жұрдай «тобыр» тіліне айналған жоқ па? Сонау ғұн-сақ дәуірінен қалған тас тақтада:

– Замана келер белгісіз мұнар,

Кітап жазуға көрінген құмар, –

де­ген сөз бар еді. Кітап – кітап қой. Қазіргі ақшасы бар көрін­ген жас бала бір-бір хабар ашып алып, айналдырған 10-15 әншіні қайта-қайта, кезек-кезек шақырып, орыс ударениесімен шүлдірлеп отыр емес пе.

(«Астана» каналы. Нұр-дәу-лет!). «Баламен бетпе-бет» дейді. «Тағдырмен бетпе-бет, арыммен бетпе-бет, ажалмен бетпе-бет» деуші еді, тілі енді шыққан сәбимен бетпе-бет кел­генді кім көрген! Тымқұрыса «балалықпен бетпе-бет» десеші… Басқа да заңды құбылыстар секілді, сын да өсу, өшу, жоғалу, қайта оралу дәуірін бастан кешіп келеді. Сын керек пе? – деген сұрақты тағы бір қойып көрелік:

– Керек! – дегенді саңқ еткен батыл үнмен тастай түйіп Ро­за Мұқанова айтты.

Өйткені, өзіне сенімді. Қай майданыңа да әзір.

– Сын қайта оралады. Өз ақынын, жазушысын тудырған за­ман өз сыншысын да тудырады. Әділ де батыл, сауатты сын ке­леді. Мен сенемін, – деді ғалым Қансейіт Әбдезұлы.

– Басбұзарға сот бар. Тілбұзарға неге сот жоқ? Олардың со­ты сол – оларды баспа бетінде әшкерелеу керек. Ол үшін сын­шы керек, – деді Сәкен Жүнісов.

– Бізге екі түрлі сын керек. Бірі – жазушылардың ортасында, баспа орындарында шығарманы қадағалап қарап, талқылау сынынан өткізу. Ең қатал сын да, пайдалы кеңес те авторға осы кезде айтылғаны мақұл. Екіншісі – басылған, жарық көр­ген шығармаларды сын елегінен, талқылаудан өткізетін өткір, батыл, әділ, жанашыр сын керек, – деді Есмағамбет Исмайылов.

– Бізге интеллектуалды сын керек, – деді Аманхан Әлі­м­ұлы.

– Бізге қазіргі заман туындыларын ғылыми-теориялық тұр­ғыдан терең талдайтын сын керек, – деді Бағашар Тұр­сын­байұлы.

Әр кезең өкілінің үнінен ұққанымыз – сын керек екен, сын­шы керек екен. Енді сын айтылмағаннан әдебиетіміздің қан­дай күйге түскенін айтқандар пікіріне құлақ түрейік:

– Тіл жұтады. Біздің көбіміздің өлеңмен сурет сала алмайтынымыз – сөздік қорымыздың аздығынан. Әдебиеттің басты парызы – оқырманның көркемдік талғамын тәрбиелеу, – дейді Фариза әпке.

– Әдебиетте ұлттық иммунитет азайды. Сондықтан да жастардың аузында – есірткі, көзінде – порнография, қолында – секталық кітаптар, қалтасында – қопарғыш. Нәтижесінде: өлтіру, қатігездік, мәңгүрттік, суицид, гомосексуализм, педофилдік, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, бала сату, ата-ана тастау, ажырасу, парақорлық, – дейді Смағұл Елубай. Осыдан өткен ащы шындық бар ма?

Осыдан келіп сыншының міндеті туындайды:

Бірінші, қаламгер тілдің байлығын сақтаса, Сыншы қаламгер тілін сақтайды.

Екінші, қаламгер оқырманның көркемдік талғамын тәр­бие­­лесе, Сыншы қаламгердің көркемдік талғамын тәрбие­лей­ді.

Үшінші, қаламгер оқырман тіліндегі ұлттық иммунитетті сақ­таса, Сыншы қаламгер тіліндегі ұлттық иммунитетті сақ­тайды. Қорыта келе, сын да, сыншы да керек екен деген ой түй­дік. Мақұл, сыншы болсын-ақ. Сонда ол қандай болу керек?

Біріншіден, саясаттың сойылын соқпауы керек.

Екіншіден, жеке адамның, жеке топтың мүддесі үшін жұмыс жасамауы керек.

Үшіншіден, қаламгердің адамдық, азаматтық құқығына, жеке өміріне қол сұқпауы керек.

Төртіншіден, мақсат – мінін қазу емес, алдымен жетістігін, жақ­сылығын көре білу.

Бесіншіден, жалпылама емес, нақты мысал, дәлелмен жазу.

Алтыншыдан, сыншы алдымен өзі білімді және өмірден көргені, түйгені мол болуы керек. Болмаса, жиырмадағы жас ба­ла алпыстағы аға қаламгерді не күшіне сеніп сынайды.

Жетіншіден, сыншының сөйлеу тілі Қазақстанның қай аймағына да түсінікті, жатық, айқын, қарапайым халық тілі болу керек. Тек әдебиетшілер, не ғалымдар үшін ғана жазылып отырмағандықтан, әдеби, ғылыми, техникалық терминдердің халық, оқырман түсінеді-ау деген қарапайым түрлері және аз мөлшерде ғана алынуы керек.

Сегізіншіден, әлдебір қаламгердің мерейтойына байланыс­ты тапсырыспен, тілшілік-журналистік сипатта, не эссе-естелік сипатында жазылған еңбектер сынға жатпайды.

Тоғызыншыдан, қарадүрсін емес, әдеби-теориялық және ғылыми негізде жазу.

Осы жерде бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Әлдебір жас маман «Қашанғы Қабдоловтың «Сөз өнері» көлденең тарта береміз?» деп ренжіпті. Әлде жаңа ғасырға, жаңа ұрпаққа арнап «Сөз өнерінен» де асырып әдебиет теориясын жазған, Жұмалиевтан, Қабдоловтан өте туған біреу бар ма? Олай болса, құба-құп. Олай болмаса, сонау өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап күні бүгінге дейін әдебиетшімін, әдебиет маманымын дегендердің жалғыз құбыланамасы – Жұмалиев пен Қабдолов болып келгенін қалай жоққа шығарамыз? Дәл қазір «Сөз өнеріне» жүгінбе, мынаны оқы  деп ұсынатын оқулықтарың бар ма? Сонау мектеп қабырғасынан бастап, академияға дейін әдебиет теориясының негізін осы кітаптан оқымаған қазақ бар ма? Қабдолов сусыз жерден құдық қазған жоқ.

Ол бұл еңбегін орыс әдебиет теория­сы­ның, ал орыстар Батыс әдебиет теория­сы­ның негізінде жазды. Өз әдебиетімізге лайық­тап, өз көркем шығармаларымыздан мысалдар келтіріп, айқын да түсінікті етіп жазып шықты емес пе. Қазір көптеген әде­би терминдерді тек әдебиетшілер ғана емес, күллі оқырман түсінеді. Өйткені, ол оларға мектеп бағдарламасынан таныс. Дүние асты-үстіне келіп төңкерілген ХХ ғасырдың басында қазақта жоқ нәрсе тек «Әдебиет теориясы» ғана ма еді? Егемендік дегенді сол кезде-ақ жоспарлаған Алаш азаматтары жоқтан бар жасады емес пе. Ыбырай Алтынсарин қазақ баласына арнап әліппе мен ана тілді, мұғалімге арнап әдістеме жазып шықты. Ахмет Байтұрсын­ұлы қазаққа арнап төл жазу – әліпби ойлап тауып, қаншама тілдік категориялардың қазақша атын ойлап тауып (зат есім, бастауыш, сөз табы деген секілді) қаншама әдістемелік, тіл ұстарту оқулықтарын қол­дан жазып шықты. Сондағы Ахаңның бір ұлы еңбегі – «Әдебиет танытқыш» кітабы. Ахаң күллі әдеби терминдерге қазақша ат қойып шыққан. Ал Жүсіпбек Аймауытов «Псиқалоғия» деген атпен «Психология» кітабын жазып шыққан. Сондағы Ахаң да, кешегі Қабдолов та орыс әдебиет теориясы ғылымын, сол арқылы Батыс әдебиет теориясы ғылымын негізге алды. Сол кездегі қазақ оқымыстылары, қайраткерлері, ағар­тушылары ешуақытта орыстың да, батыстың да өнерінен, ғылымы мен мә­де­ние­тінен ат тонын ала қашқан жоқ. Те­гінде, орыс басқа, отарлау басқа. Ресей патшасы басқа, Ресей халқы басқа. Бір ға­на гитлерлік фашизм үшін, күллі неміс хал­қы­ның әділ де адал, қарапайым да еңбексүйгіш, сөзге беріктігін қалай жоққа шығарамыз?

Сонда деймін-ау, сол азаматтар жоқтың бә­рін өздері қолдан жасап, керек пе – мұ­ға­лім, керек пе – жазушы да, ақын да, дра­матург те болды. Керек пе – әнші, әр­тіс, актер, өкіл, колхоз бастық, комиссия, комиссар, командир де болды. Театрды да өздері құрып, пьесаны өздері жазып, рөл­дерде өздері ойнады. Сол кезде қазақ әйел­дерін сахнаға шығару қиын болған­дық­тан, көбі өз жарларын, қарындастарын өнер саласына келуге көндірді. Енді келіп салу­лы төсек, салқын үйде отырып-ап, «Мен 70 кітап жаздым, Ғабит 3-4-ақ кітап жазып, қалай ұлы бола алады? Абай қазір болса, былай болар еді, Мағжан қазір болса былай болар еді» деу қай басынғандық? Сол 70 кітап Ахаңның бір ғана «Әдебиет таныт­қышына» астар бола ала ма екен? Жалпы, қазақтың әдебиетін басқалар жасап, қор­ғап бермей-ақ қойсын. Қысқасы, «Сөз өнері» «мен әдебиетшімін» деген маман­ның бірден-бір Темірқазығы. Бола да береді.

«Неге ат мініп, қару асынып орыспен соғыспады» деп Абайды кінәладық, «жазушы емес, жазушының рөлін ойнаған әртіс» деп Ғабеңді қараладық, «Аз и Я-ны» Баскаковтан көшірген» деп Олжасты өсектедік, енді Қабдоловқа ауыз салдық па? Осы біз қайда барамыз өзі?

– Аяғыңды аңдап бас, ей, жақсылық,

Өз басыңда жының бар бір бақсылық, –

депті ғой хакім Абай.

Қазір екі түрлі қате түсінік қалыптас­қан. Біріншісі мықтыларды сынауға бол­майды. Екіншісімарқұмдарды сы­нау­ға болмайды-мыс. Мықтылар қателес­пей­ді деп кім айтты? «Жаратушы ғана мін­сіз» делінген Хадисте. Қандай мықтың Жаратушы емес шығар. Жай қаламгердің он қатесі кешірімді болса, мықтының бір қатесі де кешірімсіз. Ендеше неге оны жы­лы жауып қоямыз?

 – Кеше де, бүгін де, өткенде

Іздесең кемшілік көп менде, –

деген ақылы да, азаматтығы да күшті Мұ­қағалидың өзі. Екінің бірі өстіп айта да алмайды. Екіншіден, марқұмды кінәлауға болмайды, ылғи жақсы сөз айтылу керек дейді. Мүмкін жай пендеге жаман сөз айт­пау керек шығар. Өйткені, жай пенде ұзаса жылынан кейін ұмытылады. Ал жақсы қаламгердің мәңгілік ғұмыры, өлмейтін өмірі ол өлген соң ғана басталады. Тіпті, тірі кезінде қиып берілмеген атақ-марапат­ты да, «жақсы-жақсы» сөздерді де өлген соң естиді. Кітап – мәңгілік. Тіпті, ешкім оқы­мады дегеннің өзінде 17 млн.-нан 170 адам оқыса да оқылады. Ендеше, мәңгілік дүниеде неге кемшілік болуға тиіс? «Өл­ген­ді де кешірмеймін», – дейді Мағауин. Жә­не дұрыс айтады. Нағыз сыншы жалғыз қатені көрсе де, соның айналасынан айна­лақ­­тап кете алмай, әлгі қате сөз көзге шық­­қан сүйелдей көз алдында тұрады да қояды. Өзім өмірбақи Пір тұтып, ақынды­ғын да, адамдық әділетін де үлгі етіп, «бір ту­ғаны жоқ тура би болса осы кісі шығар» деп бас иіп өткен ақын әпкем бар. Сол кісінің де бірнеше қатесін қазір байқап, ат­тап кете алмай отырмын. Ренжімесін сезем. Нұрлан ақын жөнінде жазған ма­қа­ла­сында:

«Ақбоз арғымағын сар желдіріп», – дей­ді. Арғымақ сар желуші ме еді? Ұзақ жү­ріс­ке, шегінге әбден төселген, көсем аттар сар жел­­меуші ме еді. Арғымақ ағызып, дүбірле­тіп, сатырлатып шауып өте шықпаушы ма еді.

Ақынның шабытты шағын «сезіммен қайып» деп суреттейді.  Міне, ақындар диа­лектіден аулақ болу керек дейтініміз осыдан ғой. «Қайып» сөзі әпке аймағында «жетіліп, толып, пісіп, шабыттанып» деген мағына беруі әбден мүмкін. Ал негізі қазақ – қырғыздың ежелгі тілінде «қайып» сөзі бураның аталық міндетін атқарған кезін айтады. Тағы бір бауырының мерейтойына (Қуаныш Сұлтановқа деймін-ау, шамасы) жазған тілек-одасында:

– Өмірдің жолы тасты, өрі тайғақ,

Тұяғы тайпалмағай тұлпарыңның, – дейді. Әпке бұл жерде «тұяғы сүрінбесін, кетіл­ме­сін» дегенді айтқалы отыр. Бірақ аңдамастан «тайпалмасын» дейді. Тайпалмасын деген сөз – шаба алмасын, көсіл­ме­сін, жорға­ла­масын деген мағына береді. Тайпалған жорға дейді ғой ежелден. Сондай-ақ:

– Жігіттер, есінемей есіңді жи.

Өмірден Сығай кетті, Ығай қалды.

– Әр қазақ ішінде еді Әшірбектің,

Әшірбек ішінде енді әр қазақтың, –

деп, асығыс жазылған қазанамасының  өзін­де керемет жолдар тудырған Исраил ақын ке­лесі жолда-ақ:

– Жанардан жазықсыз жас ыршынады, – деп, оп-оңай кемшілікке ұрынады.

Сол секілді соғыс туралы, жеңіс туралы кім жазбаған. Тұтас поэма, баллада дөп басып айта алмаған жеңістің тірі суретін Иран-Ғайып екі-ақ жолмен қалай береді:

– Жалғыз көзді, сыңар аяқ, молақ қол,

Жеңіс кіріп келе жатты есіктен.

Жеңістің осыдан өткен қасіретті,  осыдан өткен дәл, жанды бейнесі бар ма? Тіпті «мо­лақтың» орнына «шолақ» сөзі жүрмей­ті­нінде көп ақын біле бермейді. Тегінде, қазақы тілдің уызына жарыған ақындар­дың бірі – осы Иран ақын. Сөйткен Иранның өзі:

– Бісімілла, – деді ақ кемпір ақырын,

Сырқат жеңген сүйектері саудырап, – дейді.

Сүйегі саудырайтын ақ кемпір скелет емес қой. Сүйек сырқыраса, сыздаса, сы­қыр­ласа керек. Беделді әдеби газетте «Бо­тасын шайнап өлтіріп» деген шағын әңгіме жүр. Сол әңгімеге автор:

 – Ботасын шайнап өлтіріп,

Аруана шөккен жер, –

деген жолды эпиграф етіп алыпты да, ая­ғына авторы – А.Бұлғақ (Айтақын Бұлғақ шығар) деп алыпты. Құп, алсын. Бірақ

«– Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп.

Қаралы мойнын бұрмастай халге кел­тіріп.

Жеріне тартып отырады екен,

моншақ­тап жасы боздаумен

Омырауын шерге толтырып», –

деген Айбергеновтың атақты жолдарын кім жатқа білмейді? Тіпті қазақ поэзиясына ботасын шайнап өлтірген Аруанасын боздатып алғаш әкелген Айбергенов емес пе. Кейіннен Бұлғақов та жазған шығар. Төре­лігін айтыңыздаршы,  ботасын шайнап өл­тірген Аруана туралы ойласақ, көзімізге Айбергенов елестей ме әлде Бұлғақов елестей ме? Әуелгі автор Айбергенов автордың тақиясына тар келіп тұр ма, әлде Айбергенов өлеңінен Бұлғақов өлеңінің көркемдігі артып тұр ма? Сонан соң

– Ботасын шайнап өлтіріп,

Аруана шөккен жер, –

деген жолдарда қисынға симас логикалық қате бар. Қараңыз: Айбергеновтың Аруанасы жау қолына түсіп, жат жерде төлдеп, жас боталы болады. Бірақ ешуақытта атамеке­нін ұмыта алмай, көзден жасы парлап, күңірене боздаумен болады. Әлденеше рет қашпақ болады. Сол қашуға бел буған сапарында жаңа аяқтанған жас бота ере алмайды. Туған жерге деген махаббат пер­зентке деген ана­лық сезімнен де күштілігі сонша – Аруана ботасын өзі шайнап өлті­ріп, қашады. Әрі пер­зентін жау қолына тірі тастағысы кел­мейді. Аруана – ежелден қазақ әйелінің, ана­сының символикалық бейнесі. Жау қолына еріксіз тұтқын болған қазақ аруы аз болды ма? Аруана зары – атамекен аңсаған жат жұрттағы қазақ зары. Айбергеновтың Аруанасы ботасын өлтірсе, нанымды ситуация бар. Ал мына автордың Аруанасы не істейді?

Ауылға жау шабады да, бар малды барымталап айдап әкетіп бара жатады. Сол малдың ішінде кетіп бара жатқан аруана әй жоқ, шәй жоқ, артына қарай тұра қаша­ды да, өзінің туған үйінің белдеуінде, тұм­сығынан сыпырған қожасының қо­лын­­да қалған ботасын өлтіріп кетеді. Жау қолында қалып бара жатса – жарайды. Иесінің қо­лын­да, атамекенде қалған ботасын өлтіріп, бұл автордың аруанасы апиын шегіп алған ба? Сонан соң:

– Ботасын шайнап өлтіріп,

Аруана шөккен жер, –

депті, А.Бұлғақ. Ботасын өлтіреді екен де, өзі оның  қасында рахаттанып күйсеп шөгіп жа­тады екен. О, тоба, «естімеген елде көп» де­ген осы екен-ау. Оның үстіне «Ботасын шайнап өлтіріп» деген тұтас жол Айбер­геновтікі екені біле тұра алынса, тырнақшаға алынуы керек еді. Бұл жерде бұл жол Бұлғақовтікі болып тұр. Әңгіме авторына айтарымыз – Айбергеновтен «енші» әперіп Бұлғақовты жа­рыл­қамай-ақ қой, жарқыным. Біз білетін Бұлғақовтар болса өз қабілет-қарымдары өздеріне жетерлік болатын.

Енді қазіргі сындарға, сын болмаса да сол бағытта жазылып жүрген талдау-са­раптау, бағалауларға шолу жасасақ. Ақын­ның не жазушының шығармашылығына талдау жасап, жақсылығын жар етіп жүр­ген тамаша авторлар бар. Осындай мақа­лалар­дан оқырман авторды, тіпті, тереңі­рек ұғып, өзі байқамаған алуан қырларын тү­сініп, оған деген құрметі арта түседі. Тағы да оқысам екен деп іздеп отырады. Осындай тамаша еңбектерге Ертай Ашықбайдың Қасым, Тұмағаң, Жұмекен, Есенбай, Әбу­бәкір, Медетбек, т.б. жөнін­дегі еңбектерін жатқызуға болады. Тілі таза, ниеті ақ, шы­найы, жатық. Ең басты қасиеті – күллі оқыр­манға түсініктілігінде. Сол секілді Тұр­сын Жұртбайдың Несіпбек Айтовқа хат түрінде жазылған сараптамасы, Баға­шар Тұрсынбайдың Гүлнәр Салықбай, Ер­тай Ашықбай жөнінде жазғандары көр­кем де сындарлы дүниелер. Ал Нұрлан Ора­залиннің Еркін Ібітанов туралы жаз­ған мақаласы ағылып тұрған ақ өлең. Жа­зып емес, төкпелеп жырлап отырғандай. Тіл – көркем, сезім – таза, ой – жүйрік.

Бірақ осы авторлардың өзінде кемші­лік жоқ па? Жарайды, қарапайым авторлар, ақын-жазушылардан қате кетсін-ақ. Бірақ апта сайын болмаса да, ай сайын жарияланып, өзі біреуге баға беріп отырған сыншылар неге қателеседі? Тіпті, әбден қала­мы төселіп, стилі қалыптасып, оқыр­ма­нын тауып алған Ертайдың өзі мүлт ке­теді. Ертайдың мына тіркестерін қара­йық: «көңілді құлын». Жас құлын, ерке, асау, тентек құлын құлаққа таныс, ал көңілді құлын дегенді естімеппіз. Жас жүректің жас қожасы. Жас сөзін бір сөй­лем­де  екі рет қолдану шеберлікті білдір­месе керек. Жас тұяқтың әлсіз дүңкілі. Тұяқ  дүңкілдемейді, дүсірлейді, дүбір­лей­ді, дүрсілдейді, тасырлайды, сатырлайды. Бәденді өлең. Бәденді сөзі әйел адамның дене сымбатына (фигурасына) арналған. Көркем, сұлу, әрлі, әсем, көрікті, шырайлы сөздерінің орнына жүр­мейді. Сымбатты, мүсінді сөздерін ғана ал­мастырады. Сонан соң «Қасымның Да­ри­ғасы» атты мақаласында «Өңімде ме еді, тү­сім­де ме еді» өлеңін «Өлең бастан – аяқ 10 буынды, ондай өлең басқа ешкімде жоқ. Болса тауып беріңіздерші» дейді. Рас солай болса, Ертайдың сөзі сөз-ақ. Бірақ олай болмаса ше? Ертай бауыр, бұл өлеңнің 1-тармағы, яғни жолы – 12 буын. Тексе­рейік:

– Ө/ңім/де/ ме/ е/ді/, тү/сім/де/ ме/ е/ді – 12

Кө/ріп/ ем/ ғой/ бір/ ар/ман/дай/ қыз/ды – 10

Бір/ нә/зік/ сәу/ле/ кү/лім/деп/ е/ді – 10

Сұ/ра/пыл/ со/ғыс/ соқ/ты/ да/ бұз/ды – 10

Тегі «еді-ні» бір ғана буын дедің бе екен? Е-ді – 2 буын. Осы жерде мынандай пікір туындауы мүмкін. «Осы Құрман­ға­лие­ва жер астынан жік шығарып, дыбыс, буын дегенде несі бар, оның өлеңге қандай қатысы бар?» – деген. Болғанда қан­дай! Буын саны, кейде тіпті жалғыз ды­быстың өзі өлеңнің көркемдігіне, ин­то­нациялық екпініне, эмоционалдық реңкіне қатты әсер етеді. Кей жерлерде ылғи қатаң дауыссыздардың қатар келуі өлеңді оқығанда, тіліңді тұсап, тұтқыр­лай­ды. Жалғыз  дыбыстың өзі кейде мағы­наны күшейтіп, өлеңге сиқыр сұлу­лық бер­се, кейде әлсіретіп жібереді. Кейде қа­тар тұрған дауыссыздардың кірігіп ке­туі­нен буын саны кемиді де, техтони­калық ақау тудырады. Кейде бір жас ақындар «Осы Абай, Абай дейсіңдер. Сонда оның несі керемет?» – деп сұрайды. Кереметі сонда – грамматиканы оқымай-ақ, өлеңде­рін­де не тілдік, не теориялық ақау жоқ. «Теп-тегіс жұмыр келген айналасы». Жал­ғыз дыбыс демекші… Бір кезде орыс сыншылары Пуш­киннің «Анчар» өлеңінде «Ч» дыбысының әр жолда келуі – өлеңге керемет құдірет бе­ріп тұр. Өлең ғана емес, Анчар ағашын құ­ді­рет­ті етіп тұрған «ч» дыбысы деп шуласқан.

– В пустыне чахлой, скупой.

На почве, зноем раскаленной,

Анчар, как грозный часавой,

Стоит, один во всей вселенной.

Осыдан кейін әлдебір  сыншы, я ғалым «ч» дыбысын арнайы зерттеп, орыс тілі қол­данысында 2 % -ды ғана ұстайтынын анық­таған.  Ал бізде қай сыншы немесе тілші осылай жұмыс жасайды? Басқа-басқа. Ширек ғасыр бойы қазақ әдебиеті әлемінің сыншысы болып танылып, талай туындыға қазы болып, төрелік айтқан, екінің бірі, егіздің сыңарындай қос сыншы – Кең­шілікұлы мен Сарбалаұлының қатеге ұрынуға қандай қақысы бар?

Кеңшілікұлы. Әдебиеттің асабасын ұстады. Асаба – ас басқаратын адам, аса­таяқ емес. Адамды адам қолына ұстап жүр­месе керек. Бұл жерде асабалығын ұс­та­ды болу керек шығар. 1960 жылдар әде­биет­ке келген ақындар жөнінде «Олар да­уыл­дан кейінгі  ақ  жауындай  жұлқы­нып-бұлқынып келді», – дейді. Біріншіден, дауылдан кейін ақ жауын жаумайды. Дауыл, керісінше, келе жатқан жаңбырды көтеріп, бұлтты ыдыратып жібереді. Екіншіден, ақ жауын басқа, ақ жаңбыр басқа. Ақ жаңбыр лезде сатырлапжауып өте шығады да, артынан күн жар­қырап ашылып, табиғат тазарып, шаң-тозаң басылып, дүние жайнап кетеді. Мұқаңның «Жалаңаяқ қызы» жүретін жаңбыр осы жаңбыр. Ғасыр вальсі «Бақыт құшағын­дағы» жаңбыр осы жаңбыр.

– Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып басылған, – деуші еді ғой. Яғни қазір ғана жауып,  қазір ғана ба­сылады. Дүркіреп келіп, дүр­кі­реп өте шығады. Бірақ дүниені дүр сіл­кін­діріп кетеді. Қуатты жыр да осылай болуы заңды.  Ал ақ жауын сылбырап бірнеше күн жауып, жер көк лай-батпақ болып, мезі етеді. Олай болса «жұлқынып, бұлқы­нып» келген аға ұрпақтың өлеңі неге ақ жаңбыр болмай, ақ жауын болады?

Бақыт Сарбалаұлы. «Мұқағали Мақа­таев – қазақ  аспанындағы жарық  күндер­дің бірі. Ал күн табиғатта да аз», – дейді. Жа­рық жұлдыздардың бірі десе жөн. Қалайша күндердің бірі? Сонда күн бірнешеу ме? «Аз, көп» мөлшер үстеуі жалғыз затқа арналмаған. Тіпті, саны белгілі немесе санап нешеу екенін білуге болатын затқа арналмаған. Нақ­ты саны белгісіз болып, мөлшерлеп, дол­барлап айтылатын заттарға ғана қол­данылады. Жалғыз затты аз де­мейді қазақ. «Құдай – жалғыз» дейді, бірақ соны Құдай аз дей алмаймыз ғой. «Аспанда – күн біреу, поэзия аспанында  Мұқағали – біреу» демейсіз бе қисаңыз. Сонан соң «Райымбек, Райымбек» дастанының мазмұнын оқыр­манға шыт жаңа етіп мазмұндайсыз.

Осы Алматы өңірінде, тіпті Қазақстан­ның қай аймағында да оны білмейтін әдебиетші түгіл қазақ бар ма? Онан да сіз осы поэмадағы Мұқағали құдіретін неге ашпайсыз? Күн дедіңіз, құп. Несімен күн екенін неге дәлелдемейсіз? Сіз білесіз бе, Мұқа­ғалиға әлі толық талдау жасалған жоқ. Ол:

– Қадірімді білетін халқым барда,

Айналмайды, білемін, нарқым дауға,

деп сеніп кетіп еді ғой. Ол күтіп жатыр. Оқыр­ман да, Мұқағалиды сүйетін қауым да күтуде. Кім осы сенімді ақтайды, қашан? Әлде әлдебір мақалалар мен әдебиет мұға­лім­­дерінің «Мұқағали» журналына «Мұқа­ға­ли туралы мынандай ашық сабақ өткіз­дім» деген разработкалары жарайды деп ойлайсыз ба? Кешегі өткен марқасқа аға­лар­дың қайсысының қай шығармасы қасиетіне жетіп, құдіретіне түсініп талданды? Жарайды, өлген өлді дейік. Ал бүгінгі көзі тірі ақсақал аға жазушылардың – Шерханның, Қабдештің, Дулаттың, Мұх­тар Мағауиннің шығарма­ларына неге ешкім қалам тартпайды? Неге осындай тарланда­ры­мыздың көзі тірісінде бір жақсы сөз айтпаймыз? Осы кімнің міндеті? Әрине, сыншының. Ал сыншыларымыз болса, жапон жазушысын зерттеп әлек. Әлде қазақты зерттеп болып қойдық  па. Жапон біздің сынымызға зәру ме? Тағы да Н.Оразалин туралы сыны­ңызда: Ақын Нұрлан Оразалин көзге көрінді, – дейсіз. Бұл жерде сіздің айтайын дегеніңіз – танылды еді. Көзге көрінді қа­ра­пайым тіркес, етістік. Ал көзге түсті поэ­тикалық тіркес, идиомалық фраза. Енді өзіңіз айтыңызшы, сізге қайсысы тиімді? Кең ойлап, кең пішеді. Кең сөзін бір сөйлемде екі рет қолданбай-ақ кесек ойлап, кең пішеді демейсіз бе. «Оразалин көк түсті көп қолданады» дейсіз де, дәлел ретінде 3 шумақ өлең келтіресіз. Үш шу­мақ­та да бірде-бір көк сын есімі жоқ. Тек екі жерде көктем сөзі бар. Егер шын үңіліп қарасаңыз, Нұрлан көк сын есімін мүлде аз қолданады. Сын есім атаулыда Нұрланда боз көп. Нұрланда көп кездесетін көк, ол – Ғарыш, Аспан, Көк – мағынасындағы көк.

– Ақын Нұрлан, азамат Нұрлан, адам Нұрлан деп, адамдық сипатты ең соңына қоясыз. Сонда адам анадан туғанда, ақын боп туып, онан соң азамат болып, ең соңын­да ғана адам бола ма? Кім де болса алдымен  өмірге адам болып келеді, қалған сипат артынан.

– Биліктің көзі не дейді, байлықтың тезі не дейді? – дейсіз. Керісінше, биліктің тезі, байлықтың көзі. Себебі, тез қисықты түзететін қалып. Қоғамдағы кемшілікті түзететін тез – билік емес пе, байлық түзе­туші ме еді. Ал байлықтың көзін тапқандар баюы мүмкін. Тағы да Нұрлан жайында:

– 19, 20, 21 жасымен қоштасқан Нұрлан 22-ге қадам басты, 23-ке толды, – дейсіз. 22-ні бітірген адамның 23-ке қадам басатыны дәлелдеуді керек ете ме? Әлде сіз Нұр­ланның жасы туралы зерттеу жасап отырсыз ба? Нұрланның ақындық қуатын таныту үшін оның 22 не 23-те, әлде 60-та болуы шарт па? Осы жастарға келмесе ол ақын бола алмай қала ма? Нұрлан 13-14 жасында-ақ жақсы өлең жазған. Сіздің ай­тайын дегеніңіз – ақынның ақындық қуатының жыл сайын күшейіп, толысуы шығар. Бірақ соны дәлелдеудің орнына сіз жас санайсыз. «Жастың шығармаға түк қатысы жоқ», – дейді Фариза әпке. Француз ақыны Артюр Рембо күллі шығармасын 18 жасына дейін-ақ жазып тастапты. Роберт Бернс, Гарсиа Лорка, Есенин, Пушкин, Лермонтов, Жұмекен, Төлеген, Мұқағали да күллі айтарын аз 20-30-дың айнала­сын­да-ақ айтып үлгерген. Абай 40-тан кейін жазған.

Соңғы кезде Сағадат Ордашева жиірек жазып жүр. Біреуді сынамаса да, баға беріп, бағалап отырғандықтан, Сағадат та қатеге ұрынбауы керек. Мысалы, ол өзі бағалап, саралап отырған авторларын бірде шығар­ма­гер, бірде қаламгер дейді. Басқасын біл­меймін, Кемелбаева Айгүл баяғыдан-ақ қалыптасқан қаламгер, шығармагер емес. Ақынгер дегенді естіп, таңданып едік. «Бөрілі қазақты құшақ басқандай жазушы» деген сөйлем бар. Бөрілі байрақ  дегенді естіп ек, бөрілі қазақ дегенді қалай түсінеміз? Әлде ит секілді бөрі ертіп жүрген қазақ бар ма екен? Құшақ басқандай деген қандай тіркес. «Жұлдыз», әлде «Жамбыл» журна­лындағы бірнеше әңгімені талдайсыз. Сонда сіздің бір авторыңыз жыл­қыны «құймақұлақ, желаяқ» деп су­рет­тейді. Құймақұлақ – жылқыға айтылатын сипат емес. Құймақұлақ  деп бір ғана естіген әнін, күйін немесе естіген оқиғасын айнытпай қағып алатын, ұғып алатын ерекше қабілетті адамды айтады. Сіз неге автордың осы қатесін түземедіңіз? Мақ­са­тыңыз – Айгүл Кемелбаеваның  шебер­лігін, қа­білетін, даралығын таныту болса, неге бірден кемшілігінен бастайсыз? Есіңізге салайық, мақалаңыз а деп басталғанда-ақ былай басталады:

– Жазушының жұрнақ пен жалғауға шолақ, қайыруы тез, ұғынуы күрделі  сөз байламдары кібіртіктетіп, екі-үш қайтара оқуға байлап қоятыны бар. Осыған мысал қайда, дәлел қайда?

– Ұлттық құндылықтар мен өшпес мұраттар, дін мен діл, адамшылық пен  азбандықты ту етіп көтерген шығарма, – дейді Сағадат. Жаным-ау, діл мен дінді, адамшылықты ту етіп көтерсін-ақ, ал аз­бан­дықты ту етіп көтерсе, Айгүлдің кім бол­ғаны? Алдымен «азбан» сөзінің мағы­на­сына келейік. Бұл жағымды мағынада қолданылатын  сөз   емес. Тура мағынасын­да аталық малдардың тарттырылған түрі. Құлдық дәуірде әтек құлдарды «азбан құл­дар» деген. Ал ауыс мағынасында қартайса да әлін білмей әлек боп жүрген әңгүдік, даңғойларды айтады.

– Болғанда бұқа-бұға, азбан-дұға.

Елірер ақын жігіт айғай-шуға, –

дейді Абай. Ары қарай: түрікпен шалы Кенжебекке ақыл айтады. (Ең аяғы түрікпен де қазаққа жөн үйретеді). Әл­қисса, сонда түрікпен бүй депті:

– Қазақылық заманнан үш жүз бір ту астына біріксе, ер түрікпеннен бөлек, қыр­ғи­дай құба қалмақ, жауынгер қырғыздан, ормандай орыстан жеңілмес еді. Қазақ та бүлікшіл, өлермендігін көрсетер еді, – дейді.

Біріншіден, қазақылық заман деп қазір айтамыз. Ал ол кезде, XVIII ғасыр шығар шамасы, қазақта қазақы заман емей не еді? Әлде сол кезде орыстанып кетіп пе еді?

Екіншіден, орыс десе жарайды. Ал түрікпен, қырғыз, қалмақтан қазақ қашан жеңіліп еді? 1723 жылдан 1728 жылға дейін қаша соғыс салып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп жүрсе де, жауға «ағатайлап» тізе бүккен жері жоқ еді. 1729-1742 жылдар ара­лы­ғында ылғи да қазақ жеңді емес пе.

Үшіншіден, түрікпен ер екен, қалмақ қырғи екен, қырғыз жауынгер екен, орыс орман екен. Сонда қазаққа тиген сипат бү­лікшіл, өлермен екен. Не деген ұят! Қазақ қашан бүлікшіл еді. Қазақ бір елге басып кіріп, жаулап алыпты дегенді қай тарихтан  естідіңдер? Сондай-ақ, «өлермен» сөзі де өлер жерін білмейтін ақкөз даң­ғой­лықты білдірмей ме.

Төртіншіден, үш жүздің басы біріксе, жеңетінін қанша биі, ханы, ақылшы данасы бар қазақ түрікпен шалы айтпаса біл­мей қала ма?

Бір ғана сөйлемнен осыншалық қате, тіпті ұлт намысына тиетін қате шығарып отырғанын автор білмесін, сыншы неге білмейді? Білмесе неге сынайды?

Ақынның абыройын асырам деп құ­тын қашырған автордың бірі – Сұраған Рах­метұлы. Автор Ұлықбек Есдәулетов ту­ралы «Ахиллестің өкшесі» деген мақала жазған. Ең әуелі тақырып неге Ахиллестің өкшесі аталғанын түсінбедік. Ғажап суға малып алынған Ахиллестің жалғыз жанды жері өкшесі ғана екенін грек аңызынан білеміз. Бірақ осының Ұлықбек өлеңіне қатысын біле алмай далмыз. Бұл «поэзия — көркемөнердегі Ахиллестің өкшесі» деген сөз бе, әлде «Ұлықбек – поэзиядағы Ахил­лестің  өкшесі» деген сөз бе? Сұраған­нан сұрау керек екен де… Ұлықбек ора­шо­лақ  сынға зәру ақын емес. Бірақ оқырман­нан ұят қой. Сыншының ниетінде, ақ көң­ілін­де мүлтік жоқ. Бар кемшілігі – тілінде. Мына сөйлемдер мен тіркестерге қараңыз:

– Сол кеңістікті адалау үшін.

– Ақыннның жырлары ара қонған сәтте, көшпелі сағынышпен, өмірге, өңір­ге жұғыса береді екен.

– Өлеңнің кеңестігі жан балқытар тәт­ті, түренді.

– Тинәмдай ғана ес түйірлерінен жауын иісі аңқиды.

– Естің соңы әрбір ғазауаттар мен ақыр­­за­манды шұбыртып көшіріп әкеле­тін­дей.

– Іңірдегі бейтылсым сәттің тірі әуен­ді.

– Сол ат, есім егесі мәңгілік емес, мәң­гілік.

– Ақын қоршаған ортаға қолайлы жүйке танымымен.

– Ақын ештеңеден ештеңе тану үшін.

Талдап көрелік:

Көшпелі сағыныш. Ақын өлеңдеріне деген сағыныш көшпелі болса, онда өміршең болмағаны ғой. Бүгін қонып, ертең көшеді екен ғой. Жұғыса береді екен. Не неге жұғысады? Егер өлең болса, оның әсері жай ғана жұғысып өтсе не болғаны? Тәтті түренді. Тәттісі – сезім шығар, ал тү­ренді деген не? Түрен деп жер жыртуды ай­тушы еді. Ақырзаманды шұбыртып кө­шіріп әкелетіндей. Ақырзаман  шұбырып  көшіп келуші ме еді? Біз елестететін ақыр­заман шұбырып көшіп келмей, бір ғана сәтте келіп ұйпап кетуші еді.

Жүйке танымы. Талғам танымы, ой танымы, сұлулық танымы, әсемдік танымын естісек те, жүйке танымын естімеппіз. Күдір емес – күдіре. Күдіре жалды деген сөз бар. Сапыра емес – сыпыра.

– Байы – баспақ.

Биі – саспақ.

Әулекі – аспақ.

Сыпыра қу, –

дейді ғой Абай.

Ал өрқияли деген не? Егер автор Ұлық­бек өлеңдеріндегі өршіл рухты айтқысы келсе, өрі дұрыс. Ал қиялиына жол болсын. Қияли – жынды деген сөз емес пе. Бей­­тылсым – автор Ұлықбек өлеңін екінің бірі бойлай алмайтын тылсым әлем дегісі келеді. Дау жоқ, Ұлықбек әлемі – тылсым әлем. Ендеше, оны неге бейтылсым дейді? Бейтылсым – тылсым емес деген сөз ғой. Қаралық: бей – араб тілінде сыз – сіз – жұрнағы қызметін атқарады. Яғни бейшара – шарасыз, бейкүнә –  күнәсіз, беймезгіл – мезгілсіз. Бейтылсым – тылсымсыз деген сөз.

Ештеңе өмір. Жоқ өмір деген сөз бе?

Түзем бетін – түземдіктер деп жабайыларды айтушы еді.

Үлек өркешті. Автор Ұлықбек өлеңінің асқақтығын, биіктігін үлектің өркешіне теңейді. Дұрыс па?

Түйе тұқымы жасына, тегіне, еркек-ұрғашысына қарай: бота, тайлақ, нар, мая, інген, қоспақ, нарқоспақ, буыршын, бура, айыр, бұйдасайма, атан, үлек, т.б. деп бө­лі­н­се керек. Ал енді осы атаулардың әр­қай­сы­сының көркем әдебиетте өз орны бар. Бірін-бірі алмастыра алмайды. Мысалы, сүйкімділік, нәзіктік, еркелік – сипатты бота, тайлақ білдірсе, күштілік, шыдам, төзім, қайсарлықты – нар, буыршын біл­ді­реді. Жүйріктік – мая, желмая, асқан мейі­рім мен аналық сипат – інген, аруана, бет қаратпас ашу-ыза, кек алмай тынбас дүлей долылық – бура арқылы беріледі. Ал басына не түссе де мыңқ етпей, «Құдай – салды, мен – көндім» деп жүре беретін жуастық, исалмас ездік – қоспақ, нарқос­пақ, атан атауларымен беріледі. Сондық­тан да қазақ «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол», – дейді. Енді үлек сөзіне келейік. Бура – аталық кезеңнің қайрат-күші толған, нағыз келеге түсер дер шағы. Ал үлек болса, келеге түсер кезеңнен өтіп, керқайзаң тартқан нараң шағы. Не сауып ішер сүті жоқ, не жүк артарға күші жоқ, не сойып жейтін еті жоқ дегендей қадірсіздеу шағы. Үлек аталған шағында үйірге таласып, жас бураларға таланып, от оттамай, су ішпей, айлап үй көр­мей, қабырғасы ырсиып, басы қазандай боп қатты жүдеп кетсе керек. Абайша айтсақ, «Тәңірге жазып шөмеңдеп» кететін шағы екен. Нанбасаңыз, Айтматовты оқыңыз.

Ауыз әдебиетінде «Нар бураның өрке­шін­дей солқылдап, бура санды, атан жі­лік­ті, ботагөз» деген көркем теңеулер бар, бірақ «үлек өркешті» дегенді естімедік. Нағыз баладай өркеш бурада, буыршында, аруанада болса керек.

Қысқасы, автор Ұлыкбек жырларын «Тәңіри, Аспани, Хақи» дей  отыра, сол сипаттың бірін де ашып бере алмаған.

Енді жай сыншы емес, берісі – кандидат, арысы – академик авторларға келе­йік. (Ескерту: шәкірттерінен ұят шығар деп, бұл кісілердің атын атамадық. Әркім өз сөзін өзі таниды ғой).

– Желбір жекен

Желіп өткен жалғаннан

Біз бір бөкен, –

деген халық өлеңі бар еді.

Сахарада дүркіреп жосып өте шығатын бөкендердей адам ғұмырыда соншалық тез деп тұрған жоқ па. Неткен нәзік мұң және неткен терең философия десеңізші. Осын­ша­лық тереңдікті екі-ақ жолмен астарлап, бедерлеп берген қазақ неткен дана еді десеңізші….  Осыны бір кандидат (құдай қаласа, ендігі доктор шығар-ау) алып соғып түзетеді. «Ұят-ау, мынау халық шығармасы ғой, оны түзетуге хақым бар ма?», – деп ойланбайды да. Сонда не дейді?

  1. Жекен деген сөз жоқ. Бұл желкен болу керек дейді.
  2. Бөкендер жалғанда қалай желеді, бөкендер жайлауда желеді, – дейді. Нәти­же­сінде:

– Желбір желкен

Желіп жүрген жайлауда

Біз бір бөкен, –

деген «жаңа туынды» дүниеге келеді. Бәрекелді, жаңалық ашу деген осы да. Кандидат мырза, тыңдаңыз, сіз төрт бірдей қатеге ұрындыңыз.

Біріншіден, халық ауыз әдебиеті мұра­сын түзетуіңіз заңсыз.

Екіншіден, «Қазақта жекен деген сөз жоқ» дейсіз. Қазақта жекен деген сөз бар. Дәлел: «Қобыланды батыр» жырында:

Жекенді көл, желді көл

Одан да өтіп жөнелді, –

дейді. Және халықта «жел – жерінде, жекен – суында» деген мақал да бар.

Үшіншіден, бөкендер жайлауда жел­мей­ді, құмда, шөлде, бетпақта жосып жү­реді. «Желіп өткен жалғаннан» деген образды сөздер.

Төртіншіден, сонау атам заманда  қа­зақ­та қайық, кеме болып па еді? «Қазақтар жел­кенін желбіретіп кемеге мініпті» деген­ді қай ертегі, аңыздан оқыдыңыз? Қазақ түгілі, орыс­тың өзі кеме жасауды I Пе­­тр­дің тұсында шведтерден үйренді емес пе.

Келесі сыншы «интеллектуалды сыншы» деген атақ алған адам екен. Сонда интеллектуалдылық дегеніміз терминді оңды – солды қолдана беру ме? Бұл кісінің бір ғана мақаласында  45 термин бар. Сенбесеңіз, санаңыз: функция, роль, му­зы­ка, поэма, палитра, лиризм, поэзия, авкарель, акцент, драматизм, метафора, лейтмотив, импрессионис, мотив, конфликт, кардиограмма, призма, ассоциация, монолог, маршрут, меридиан, синхрон, афоризм, цикл, психология, пафос, оптимист, элемент, полифония, параметр, стихия, ремарка, пауза, патетика, декламация, декларация, дидактика, экология, феномен, интонация, поэзиялық пауза, интонациялық екпін, субъективті сәт, экспрессивтік реңк, поэзиялық фейрверк – жиыны – 45.

Бір ғана мақалада осынша термин бол­ғаны кім үшін қажет? Шағын ғана ғылыми орта үшін болмаса. Онда оқырман қайда қалады? Әлде, интеллект дегеніміз – тер­мин­ді көп білу ме?

Қарапайым оқырманды ойлаған автор болса, меридианды – әдебиет көкжиегі, атмосфераны – әдебиет хал-ахуалы, приз­маны – көп қырлылық, поэзиялық фейер­веркті – поэзиялық жарқыл, ұшқын шашу, параметрді – әдеби өлшем деп алар еді ғой.

Жоқ, бұл жердегі мақсат – «неғұрлым түсініксіз болсаң, соғұрлым ұлы боласың» деген қағида.

Келесі  Ғылым академиясының мүшесі, сыншыны оқысаңыз, жоғарыдағы сыншы­ға «жылап көрісесіз». Өйткені, онда қазіргі барлық ғылым саласынан теріп алынған  75 термин бар. Бейне екі сыншы-ғалым «тер­минді кім көп біледі» деп жарысып отырған секілді.

– Жанр, диалог, зияткерлік, үдеріс, кон­цеп­­тілер, диахренді, метафара, мекен­шақ, кон­нотация, архетип, субъект, объект, рас­тылық, семантикалық, драматизм, скрипка, нысаналы, мейірімгер, интерте­кс, меридиан, параметр, риторика, бітім­шіл­дік, интонация, құйылым, галактика, прагматика, стиль, этномэдени, климат, биосфера, модель, парадиагма, трагизм, семнотина, астрология, миф, мифопоэтика, эмблиматика, дилемма, антиномия, диалектика, ландшафт, атрибут, мелодика, микрокосмос, символ, идеологем, космогония, предикатив, онейрика, семема, макрокосмос, техгония, антропогония, адресат, бихциркуляция, социум, суггетив, иноқор, интеллект, эквивалент, логика, поэтикалық назар нышаны, дауыс феномені, мұң теориясы, эмоционалдық перде, келеңсіздік категориясы, мұң концепциясы, күмән реңкі… Жиыны – 75.

Оқырманға өзі түсінбейтін осынша терминдер тасқынына көміліп қалғанша, (негізі әдебиет техникалық ғылым емес, термині аударылмайтын. Жоғарыдағы терминдердің бәрінің қазақша баламасын табуға болар еді). Ақын өлеңінен көбірек үзінді оқыған әлдеқайда тиімді де, пайдалы емес пе. Жарайды, терминді де қоя қояйық. Мына сөйлемдерден не түсінесіз? Әлде ға­лым тілі осындай бола ма ? Олай дейік десек, Қаратаев, Жұмалиев, Қаб­до­лов, Қирабаев, Мырзахметов, Кәкішев, Нұрғалиев тілдері неге ондай емес? Әлде, ол кісілер жоғарыдағы терминдерді білмей ме?

– Сана астарындағы күмән реңкі бел­гі­лі бір дәрежеде жылдам ту тіккен салтанатқа байланысты сенер-сенбес ах­уал­­ды бедерлейді, алаңсыздықтан ау­лақ, разылық сезімінің таңбалаушы нысан реті орайындағы салмағы ауыр және ол жан-жақты семантикалық қабаттарымен ерекшеленеді. 33 сөзден тұратын осы сөйлемнен не ұғуға болады? Немесе:

– Сезім аясындағы әрекеттік межелерге құрылған шығарма тарихи — зияткерлік өрістегі зерде феноменін адамгершілік өл­шем таразысына айналдыратын логика­лық тұжырым шынайылығымен қымбат. Осы сөйлемде өзі жазып отырған ақын өлеңін ашатын бір сипат бар ма? Жұбан ақын дұрыс айтады: «Рецензия да, монография да, тіпті диссертация да сын ем­ес».

«Әркім өз орнында, өз міндетін атқар­ған­ға не жетсін…

(Ескерту: алынған мысалдар, басылған баспа беттері –бәрі дәлелді. Беті, айы, кү­ні, номері дегендей. Күмән келтіруші, не дау айтушы болса, хабарласуына болады).

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 14.05.2020 | 20:31

1.5 сағат уақытымды ризашылығыммен бөлгенім үшін Сізге үлкен Рақмет!
Я человек от русской филологии, простите, если непонятно выражаюсь…
Отличная критика! Вникала в каждое слово, смысл, иносказание. Обожаю Вас!

Аноним 04.10.2021 | 11:48

Рақмет Сізге!
Өте жақсы жазылған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір