ҚАРАЖАН БАЙ
17.04.2024
74
0

Бүгінгі қазақ баласы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғаларымызды жақсы танығанымен, Қаражан Үкібаев, Медеу Оразбаев, Хасен Ақаев, Ыбырай Ақбаев, Иса Көпжасаров, Тобанияз Әлниязов, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маман бай және ағайынды Бекметовтердің кім екенінен хабарсыз. Оларды білме­йінше, Алаш тарихын толық тани алмасымыз хақ. Себебі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясы мен әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдескен де сол азамат­тар. Осы орайда, қазақ тарихында елеулі із қалдырған Қаражан Үкібаев туралы сөз бөлек.


АЛҒАШҚЫ ЖЕТІМ БАЛАЛАР ҮЙІ

Қаражан Үкібаев (1851-1934) – Семейдің атақты байларының бірі. Руы – тобықты. Мәскеуден бірінші гильдиялы көпес атағын алып келген Алаш азаматы Қазан төңкерісіне де­йін өте дәулет­ті, мыңғыртып мал айдаған миллионер болған. Деректерге жүгінсек, байдың бір басына 11 мың жылқы біткен екен. Мұндағы бір кереметі – осыншама байлықты Қаражан Үкібаевтың қара бастың қамына емес, ұлтқа пайдасы тиер ұлағат­ты істерге жұмсағаны.
Алашорда үкіметінің астанасы болуға лайық деп танылған Семейдің қақ ортасынан Қаражан Үкібаев салдырған кең әрі сәулет­ті үйде әуелі Алаш азамат­тары жатып оқыған. Алаш қозғалыс ретінде құрылған кез­де ол үйдің бірнеше бөлмесі кеңсеге беріліп, ке­йіннен жетім балалар үйіне айналыпты.

«АБАЙ» ЖУРНАЛЫ, «ЯРДАМ» БАСПАХАНАСЫ

Мұхтар Әуезов Қаражанды жақсы танып, араласып тұрған. Сол таныстықтың арқасында ұлы жазушы 1918 жылы «Абай» журналын шығаруға Қаражаннан қаржы сұрап барғанда, мәрт азамат қолынан келген бар жақсылығын жасаған екен. Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар миллионер саналған Қаражан Үкібаевтың «Абай» журналына қаржылай көмек көрсетуіне оның Мұхтар Әуезовпен таныстығы себепкер болған. Үкібаевтың баласы Бекетқазы Қаражанұлының айтуы бойынша, Әуезовтің көпеске: «Мына Жүсіпбекке маған сенгендей сеніңіз. Ол – талай сыннан сүрінбей өткен азамат. Өз замандастары алдында өте беделді», – деп айт­қан сөздерінен ке­йін Қаражан «Абай» журналына қаржы беруге келіскен. Сөйтіп, Қаражан Үкібаевтың «Абай» журналын шығаруға атсалысуы ең алдымен 11 мың сомға «Ярдам» баспаханасын сатып алудан басталған.

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ТЕЛЕФОН СТАНЦИЯСЫ

Негізі, бұл – Қаражан Үкібаевтың өз халқына жасаған ұшан-теңіз жәрдемінің бір пұшпағы ғана. Барлығын бірдей қамти алмасақ та, байдың өркениет жолында жасаған ірі-ірі істерін санамалар болсақ:
Біріншіден, 1906 жылы Қаражан Үкібаев Семейде тұңғыш рет 100 нөмірлі телефон станциясын өз қаражатына сатып алып орнатыпты. Осылайша алыс жатқан Зайсан уезіне де­йін бағаналар тартқызып, байланысты жеңілдеткен. Аталған телефон станциясын қазақ көпесі Американың дарынды инженері, телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден кабелімен, телефон ап­парат­тарын бірге алған.
Екіншіден, елімізде өндіріс ісін де алғаш өрістеткендердің бірі осы – Қаражан бай. «Қант қызылшасын өңдейтін зауыт пен бір өзіне 27 өзен мен бұлақ келіп құятын Марқакөлден ағып шығатын Қалжыр секілді арынды тау өзенінде ГЭС салу – Қаражан байдың идеясы. Бұл шамамен 1909 жылдар болса керек.
Үшіншіден, Қаражан терең-терең шатқалдардың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір тростан аспалы көпір салғызады. Сол көпірдің жұрнағы әлі де бар.
Төртіншіден, мыңғырған малын бай Ертіс өзенінің екі жағалауынан салған қос қасапханасында сойғызған. Осы екі қасапханада жылына ірі қарасы мен қойы аралас – барлығы 1,5 миллион мал сойылған екен. Қаражанның қос қасапханасында кемі бес жүз қазақ мал союмен айналысыпты деген дерек бар. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Демек, осынша адам қасапханада жұмыспен қамтамасыз етілді деген сөз.

ӘМІРЕГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН…

Қазақ байлары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей мен Татарстан жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына демеушілік жасап, шәкіртақы тағайындап отырған. Солардың ішінде Қаражан Үкібаевтың үлесі қомақты. Қаражан Үкібаевтың есімі Алаштың атын айдай әлемге танытқан аса дарынды әнші Әміре Қашаубаев жайлы еңбектерде де кез­деседі. Мәселен, бір деректерде «Семейдегі Абыралы болысы Дегелең деген жердің тумасы Әміре он жас шамасында күнкөріс үшін ата-анасымен Семейге көшіп келеді. Қалада бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібаевтың қасапханасын басқаратын адам кішкентай Әмірені әкесінен күзетшілікке сұратады» деген жолдар бар, яғни Әміренің әрі қарай көтеріліп, әуелеген әнімен Париж халқын дүр сілкіндіріп, қазақ деген халықты әлемге танытуына қолдау көрсеткен Қаражан Үкібаев деуге негіз бар.

МІРЖАҚЫПТЫ АБАҚТЫДАН БОСАТҚАН…

Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқат­ты адамдар көп болған. Мәселен, «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю» деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім арт­ты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен ұлт­тық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алғашқы қадамы болғаны анық. Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекет­тері үшін жергілікті әкімшілік тарапынан қуғынға түсіп, түрмеге қамалды. Сол қиын сәт­те алаштықтарға көмек қолын созып, демеу болған тағы да сол қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады.
1906 жылы Міржақып Дулатұлын түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан ке­йін Омбыда Ақайдың Хасенін 5000 рубль төлеп шығарған. Әлихан Бөкейхан 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп: «Әлекеңдер қазаққа керек адам», – деп Оразбай баласы Медеу он құлынды биені Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған.
Қазақ байларының меценат­тық қызметінің келесі кезеңі – қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқат­ты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы санында «Ауқат­ты Алаш азамат­тарына» ат­ты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны аңғарылады. Жоғарыда атап өткендей, Қаражан Үкібаев «Абай» журналын шығаруға кететін қаражат­ты тікелей өз мойнына алған.

АРЫСТАР АҚТАЛДЫ, АЛ БАЙЛАРЫМЫЗ ӘЛІ – ФЕОДАЛ…

Себебі бізді құртқан кеңестік саясат жұртына жақсылық жасап, қалың қазаққа қыруар пайдасын тигізген бай атаулыны «қарны жуан, құлқыны терең, қара бастың қамын ғана күйт­теген, алдындағы малын санаудан ғана ләззат алатын ашкөзге» айналдырды. Сөйт­ті де, бар билікті кедей табына беріп: «әне, сенің жауың», – деп, күні кеше ғана қазағын қанатының астына алып жарылқаған байларға қарсы қойды. Соның ішінде Қаражан Үкібаев та 1921 жылы толық тәркіленіп, зұлым биліктің құрбанына айналады. Солайша мал-мүлкі түгел тәркіленіп қана қоймай, бірнеше жылға созылған қуғын-сүргін соңында ақыры 1934 жылы большевиктер қолынан қаза табады.
Жалпы, кең-байтақ қазақ даласына Кеңес өкіметі орнағаннан ке­йін байлардың да күні батып, жұлдызы сөнді. Байларды тап ретінде жоюды көздеген голощекиндік саясат 1928 жылы 27 тамызда «Байларды тәркілеу туралы» қаулы шығарады. Мұрағат деректерінде сақталған мәлімет бойынша, ә дегенде алғаш 244 ірі байдың мал-мүлкі тартып алынған екен. Оның сыртында қаншама бай осы қаулының кесірінен өз елін тастап, шекара асып кетуге мәжбүр болды.
Жалғыз Қаражан ғана емес, заманында қажылыққа барып, Меккеде тәкия салдырған Құнанбай сынды қажының адамгершілігіне жат мінезді теліген де сол – бай атаулыға қарсы қою саясаты. Ол саясат қазақтың малынан бұрын, санасын, жан дүниесін тонады емес пе? Біз бәрінен бұрын осыны айтудың орнына «бәлен мал қырылды, бәлен дүние тәркіленді» деген есептен арыға бара алмай жүрміз. Санамыз тоналмаса, ойлау жүйеміз 180 градусқа төңкеріліп түспесе, нағыз қазақ қоғамында бай деген басқаша мағынаға ие болғанын білер едік қой…
Кезінде қазақ даласына келіп, осындай жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», – деп жазған. Расында, ұлтымыздың ұғымындағы бай – арнайы статус. Ол – тектіліктің баламасы. Сондықтан да оның қоғамда атқаратын өзіндік функциясы болған. Ол қандай?
Тарихшылардың айтуы бойынша, белгілі бір әлеумет­тік топтың өз алдына жеке ру болып енші алып шығуы үшін үш тірегі болуы керек. Бірінші – ауқат­ты адамы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана: «Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық», – деп ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Ол кез­дегі қазақ ауқат­тылары қазіргідей қарақан басының қамын күйт­теп кеткен емес. Сол елдің ішінде бір адам жанын баға алмай, қаңғырып кетсе ең алдымен сөз байға келетін болған. Сондықтан да жағдайы жоқ жалпақ жұрт­ты әр рудың байлары асыраған: соғымға соятын малы болмаса, жарлының баласы отау құра алмай жүрсе, тағы сол сияқты материалдық қажет­тіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған. Есесіне қарапайым халық байдың шаруасының шып-шырғасын шығармай атқарып, оған өз меншігіндей жанашырлықпен қараған. Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл – белгілі ғалымдардың кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған деректер.

Мәриям ӘБСАТ­ТАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір