КУЧЕР
02.04.2024
164
0

(Қорғас қырғыны)

1930 жыл
Аңқаны кептірген ыстық қайтар емес. Тізгінді бос жіберген ат­тар ілбіп келеді. Өзімізге қарасты шекараның шебін айналып болмасақ та, асықпадық. Кешкі қараңғылық түсіп, ауа салқындағанда қимыл-әрекетке кірісетін кейбір контрабандистер мен шекара бұзушылар болмаса, мұндай шақта ешкім тәуекел ете қоймайды. Бастығымыз Лешка Коновалов бізді Қазақ­стан мен Қытай арасын бөліп жатқан жартылай құрғап қалған Қорғас өзенінің бойымен алып келеді.
– Лешка, қарашы, – дедім өзіміз жақтың түкпіріне қарай қолымды созып.
Алыстан көтерілген қою шаң бірте-бірте созалаңдап ұлғая түсті.
– Жұрт көшіп барады. Қаламбеков өзінің адамдарымен Қытайға көшіп бара жатқаны ма? Осы мезгілде ел-жұрт сол жақта болуы керек еді. Жүр, барып сәлемдесіп, ілтипат білдіріп қоялық.
Жаңа ғана тігілген шатырдың алдында сиректеу ап­пақ сақалы бар қария күтіп алды. Жұмсақ жастықтардың үстіне келіп отырған соң ол бізбен құдды ескі достарын көрген адамдай иек қағып амандасты.
– Амансың ба, Коновал! Жас сарбаздарың аман болсын.
– Амансың ба, ақсақал!
– Амансыздар ма! – дедік біз де сүлесоқ.
Бүкіл шекаралық отряд атынан жүрген – мен және украиндық Шайдуренко.
– Ал құрмет­ті Коновал мен оның дос-жарандарының қалы қалай? – деп қария ақырын әңгімеге тарт­ты.
– Рахмет. Өздеріңнің үйлеріңде бәрі дұрыс па?
Қария ернін жымқыра тістей беріп, қолын бұлғап қалып еді, сол мезет­те жер астынан шыққандай екі әйел пайда болып, шатырдың ортасына қария мен біздің арамызға өмірі тазаланбаған үлкен қазанды алып келіп қоя қойды. Қақпақсыз қазаннан көтерілген бу тікесінен тік созалаңдай жоғары көтерілді. Піскен ет­тің дәмді иісі үйдің ішін алып кет­ті. Әйелдердің біреуі қолына істікті алып, ет­ті әрі-бері араластырып, лып еткізіп қойдың жамбасын шаншып алып қарияға ұсынды. Ол бірден тістеп шайнап көріп, басын изеді. Бұдан ке­йін кесек-кесек ыстық ет­ті бізге үлестіре бастады. Қолыма қызған шоқ ұстағандай болдым. Саусақтарымды күйдіріп ала жөнелген соң бір кесек ет­ті қолдан-қолға ауыстырып қақпақылдап, үрлеп суытуға кірістім. Достарым да менің қылығымды қайталауда. Қария біздің қылығымызға қарап, миығынан күліп қойды.
– Ыстық қой, рас па? Міне, біздің үйде де ыстық бола бастады, – деп ақырындап Коноваловтың қойған сұрағына жауап берді.
– Қария не болды?
– Қазақ­станнан кетеміз. Біржолата кетеміз. Бұл өлкенің жаңа бастығы бізді жерге байлап қойғысы келеді, бұл – біздің әулетке аштық пен өлім деген сөз.
Қаламбековтің «жаңа бастық» дегені 1928 жылы партияның өлкені басқаруға, ұжымдастыру мен көшпелі шаруаларды отырықшылықтандырудың сталиндік бағдарламасын жүргізуге жіберген қияли әрі қатыгез жындысүрей Ф.И.Голощекин еді.
– Қазір Қытайға кетуге болмайды, ол жерде жайылым әлі жетілген жоқ, – деді қолындағы кесек ет­ті қақпақылдап отырған Коновалов.
– Ештеңені түсінбедің-ау, орысым, – деді қария ренжіп. – Біздің ата-бабаларымыз еркін адамдар болған. Осында қалсақ, біз барлық нәрсені жоғалтамыз…
Бәріміз дымымыз шықпай ет жеп отырмыз. Май мен ет­тің сөлі иегімізден ағып, саусақ арасынан сорғалауда.
– Садыр, Салтан бай, Саламбековтің және басқаларының көштері қалай болып жатыр? Қала ма? – деді Коновалов.
– Олар да кетеді, біздің артымыздан жылжиды. Оларға да жайсыз болып тұр.
– Қария, үлкен рахмет, қай күні жолға шығасыздар?
– Бүгін кешкісін.
– Жолдарыңыз болсын!
Біз сыпайы қоштасып, шатырдан шығар есікке бет­тедік.
– Леша, – дедім Коноваловқа қарап. – Бұл қалай болғаны? Біз шекараны күзетуге қойылғанбыз, ал бұл жердегі бес жүзге тарта адамды мал-мүлкімен Қытайға кедергісіз жібереміз бе?
– Сенің мұнда қызмет еткеніңе көп болды ма?
– Жоқ. Бір жыл ғана.
– Ал маған алты жыл болды. Ең соңғы басмашыларды қуып жіберіп, осында қалдым.
– Бірақ қазір революция, жаңа өмір…
– Революция екеуіміз үшін, ал бұлар үшін еш нәрсе өзгерген жоқ. Мал бір жайылымды жеп бітсе, екінші жайылымға ауысып, солай жалғаса береді. Намысқой халық әрі түз тағысы сияқты отырықшылыққа бірден үйрене қоймайды.
Біз заставаға қайта оралдық. Шекараны айналып шықтық. Заставада үлкен жаңалық болыпты. Жаңадан екі адам жіберіпті. Біреуі – арықтау келген төрткіл басты, көзі шүңірейген, шашы тікірейген және шамадан тыс қолапайсыз бәтеңке киіп, қисық аяқтарының басын солдат таңғышымен орап тастапты. Былғары күртеше киіпті, үлкен маузері мықынында салақтап жүр. Екіншісі – піскен бидайдың масағы сияқты шашты, терден соры шығып, мыж-мыж болған кәдімгі гимнастерка киіп, қаңылтырдан жасалған қызыл жұлдыз тағып алыпты.
Жаңа келгендерге бұрын Питердегі гимназияда мұғалім болған, қазір зас­тавтың бастығы Максимов жақындады.
– Кімсіңдер?
– Иван Рябовпын, – деп гимнастеркалы жігіт қалт тұра қалды.
– Константин Черненкомын, – деді қамыт аяғын түзеп, кеудесін керген күртешелісі.
– Қайдан келдіңдер?
– Жаркент­тегі жергілікті ОГПУ (Ерекше мемлекет­тік саяси басқарма) басқармасының жолдауымен сізге келдік. Міне, пакет. – Рябов бастыққа пакет­ті ұсынды. Ол алды да, қалай болса солай қалтасына сала салды.
– Қару қайдан жүр сізде? Рұқсат бар ма? – деді Черненкоға қарап.
– Бұл … Жалпы… Құжат бермеді… – Жұқа еріндері ашылып. – Қызметкерге міндет­ті болған соң…
– Міндет­ті қару ұстауға арнайы рұқсат құжаты болса ғана – міндет­ті, ал қазір шаруашылық меңгерушісіне тапсырыңыз.
– Бұл…
– Мен тапсыр дедім! Коновалов! – деді бастық Лешаға қарап. – Ер соңымнан.
Максимов бұрылды да кеңсеге қарай бет­теді. Шайдуренко екеуміз ат­тарды жайғастырып, отқа қоюға атқораға қарай жөнелдік.
– Сережа, естідің бе? – деді жанымдағы төсекте керіліп жатқан Леша Коновалов маған қарап, жаңағы қамыт аяқ аты кім еді, Черненко ма еді? ОГПУ-де (Ерекше мемлекет­тік саяси басқарма) үкімді орындаушы жендет екен.
– Қылмыскерлерді атқан ба?
– Иә, бір сөзбен айт­қанда, жендет адам, әйелдер мен еркектерді маузерімен тура қарақұстан…
– Қайдан білдің?
– Анау қасындағы Ванька сөзшең екен. Ол да күзет­те істепті. Бір нәрседен кінәлі болып қалыпты да, осында жіберіпті.
– Қалай? Костя қанша жаста екен?
– Он сегізде. Бір жыл бұрын ОГПУ-ге (Ерекше мемлекет­тік саяси басқарма) өзі сұранып қызметке кіріпті, әуелде түрме қараушысы болып жүріп, ал ке­йіннен жұмысты жан-тәнімен атқарып жүрген соң жендет­тікке ауыстырыпты.
Ертеңгісін кезекті саяси сабақ. Максимов сөз сөйлеп, халықаралық капиталистердің біздің елімізге түрлі жолдармен кедергі келтіруге тырысып жатқанын айтып өт­ті.
– Кімнің сөйлегісі келеді? – деді ол өз сөзін қалыптасқан дәстүрлі сұрағымен аяқтап.
– Рұқсат па?
Черненко орнынан көтерілді. Бәріміз шырт ұйқыдан оянғандай оған тесіле қарап қалып­пыз.
– Мен айтайын деп едім… Әрине… Бұл жалмауызды… Империализмді… Болмайды. Буржуазия… Бұл жерде… Бұның өтіп кетуіне жол бермейміз. Барлығын тарс… Тарс… Болды.
– Сен біт­тің бе?
– Болдым, – деді Черненко айналасындағылардың неге мұның шақыруын қолдап-қостамай отырғандарын түсінбей, іліп әкетпегеніне аңтарыла қарап тұрып.
– Онда қазір дайындалыңдар, бәріміз атыс алаңына барамыз. Бүгін жат­тығу жасаймыз.
Орнымыздан тұрған біз қару-жарақ алуға пирамидаларға қарай жүрдік.
Костя мен Ванька «Максим» пулеметін алдыға дөңгелетіп шығарып орналастырып жатыр. Черненко асықпай құм үстіне ыңғайланып жатып алып, пулемет­ті ұзақ сырылдата атып, қысқасын айт­қанда, үш тұлыптың басының быт-шытын шығарды.
Бәріміздің төбемізден жай түскендей болдық.
* * *
Кеңсе орналасқан үйдің іші айғай-шу. Келген бастықтар Максимовті сұрақтың астына алып жатыр. Коноваловты шақыртып алып еді, сәлден соң бет-аузын қалың тер жауып сыртқа атып шықты.
– Лешка, не болып жатыр? – деп қасына келіп сұрадым.
– Максимовті орнынан босат­ты.
– Не үшін?
– Қаламбеков үшін. Есіңде ме, онда қонақта болып едік қой? Ол өзінің руымен түгел біздің телімнен Қытайға өтіп кетіпті. Сол үшін бастық таяқ жеп жатыр.
Төрт сағат­тан соң жанында ОГПУ-дің (Ерекше мемлекет­тік саяси басқарма) уәкілі бар Максимов үйден шықты. Эскадрондықтар бізді қоршап тұр. Эскадрон командирі мен үстіне былғары күртеше киген тағы екі адам саптың алдына шықты. Сұры қылмыскерлерге ұқсаған бет-жүзі быт­тиған оның біреуі алдымызға шығып, шіреніп сөз сөйледі:
– «Қорғас» шекара заставасының жауынгерлері мен командирлері, мен сендерге айтып тұрмын. Сендер өздеріңді шекарадан Қаламбековтің ірі бандасын өткізіп жіберген сатқын ретінде ұстадыңдар. Жырынды бандит біздің ауылдардан малды, дүние-мүлікті, көптеген күнәсіз адамды құлдыққа сату үшін шекараның ар жағына айдап алып кет­ті. Осының барлығын жіберіп алған сендерсіңдер. Масқара! Сендердің бастықтарың Максимовті тұтқындауға бұйрық бердім, жалпы, бәріңді трибуналға беруім керек еді. Бірақ кейбір жауынгерлердің басмашылар мен байлардың сілімтіктерін талқандаған еңбектерін ескеріп, бұған де­йін шекара бұзушыларды ұстап, өз міндет­теріңді атқарғандықтарыңды еске ала отырып және мұның бәріне сендер бағынған командир кінәлі болғандықтан жазаламаймын. Егер де бұдан былай біздің жақтан арғы жаққа, арғы жақтан бергі жаққа бір банда жазасыз өтетін болса, бәріңді атамын. Сендерге заставтың жаңа бастығын таныстырайын. Ол міне – Комаров Георгий Васильевич, шаруа­ның баласы, партияға берілген адам, Азамат соғысына қатысты.
Былғары күртешелі ұзын бойлы, мықынына маузер байлаған арық адам алдыға шықты. Мен Коноваловты шынтағыммен түртіп қалдым. Ол былқ етпеді.
– Менің ойымша, – деп сөзін жалғады сөйлеуші. – Заставтың жаңа басшысы сендермен танысқан соң, дұрыс қорытынды шығарар.
– Заставты қабылдаңыз, жолдас Комаров!
Сөз сөйлеуші қолын бұлғап қалып, жетіп келген ат арбаға секіріп мініп, эскадронның күзетуімен сахараға қарай сыдырта жөнелді.
– Бұл кім болды? – деп сыбырлап Серегадан сұрадым.
– Голощекин. Ақымақ, дымыңды шығарма, – деп ол да сыбырлай жауап қат­ты.
Жаңа командир саптағыларға мұқият үңіліп, анда-санда кейбір жауынгерлердің аты-жөнін, қай жерде қызмет еткенін, партия мүшелігінде бар ма деп сұрап, мағлұмат алып келеді. Бізге жақынырақ келіп тоқтады.
– Черненкомысың? – деді.
– Мен.
– Міне, керек болса, сен қайда кіріп кеткенсің? Ал мен «біздің балапан қайда жоғалып кет­ті» деп ойлап жүрсем.
– Жолдас Сомовтың бұйрығымен… Міне… Осында жіберілдім.
– Түсінікті, – деп мыңқ ете түсті Комаров. – Ке­йінірек маған кір.
– Жақсы.
Жаңа бастық біздің қасымыздан үн-түнсіз өте шықты.

* * *

Шаруашылық жөніндегі орынбасар төсектердің арасында абыр-сабыр болып жүр. Ол жанымызға келді.
– Сендер Кучерді көрмедіңдер ме? – деді
– Кімді?
– Кучерді… Черненконы
– Неге Кучер?
– Ол қару алғанда, тапсырғанда менің құжат­тарыма «К.У.Чер.» деп қол қояды.
– Ә, солай ма? Бәлкім, ол жаңа бастықтың кеңсесінде шығар.
– Бұл бір ыңғайсыз жағдай болып тұр. Не істесем екен? Мен мына жаңа келгеннің көзіне онша түскім келмейді.
– Не болып қалды?
– Ол мында бір бағанға қол қоймады, ал бұл үшін білесің ғой мені не істейтінін, тіпті… Черненко келіп: «Менің маузерімді қайтар, бастық рұқсат берді», – деді. Мен: «Маған бұйрық берілмеді, бере алмаймын», – дедім. «Байқа, саған оңай болмайды», – деді. Шынындада, он минут­тан соң қып-қызыл боп, ызаланып бастық жүгіріп келіп, бетімнен періп қалды. Міне, көлкілдеп көгеріп тұр.
Әлсіз түсіп тұрған жарықта шаруа­шылық жөніндегі меңгерушінің күптей болып ісіп кеткен бетін біз де анық көрдік.
– «Сен, не менің бұйрығымды тыңдамайсың ба?» – деп айғай салды. «Саған қызыл жауынгер Черненконың қаруын қайтар деп айтылды ма… Неге сөз қайтарасың?». Тағы да бес минут­тай түгімді қоймай балағат­тап кетіп қалды. Одан ке­йін анау жетіп келіп: «Қалай екен, маузерім қайда?» – дейді. Қаруын қайтарып беріп тұрып, қорыққанымнан қол қойдыруды ұмытып кетіп­пін.
– Олай болса, «Кучер», – деді ойға қалған Коновалов дауысын созыңқырап. – Ал сен болсаң оған лақап есім қоюға келмейді дейсің. Ал мынау – тура соған лайық атау.
Таңертең мені жаңа бастық кеңсесіне шақырт­ты. Басымды жаман ойлар жеп барады. Біреулер мен туралы бірдеңе қоңырсыт­ты ма деп қоям. Бөлме ішінде кеңсе үстелінің ар жағында бастық отыр, ал Черненко терезенің алдыңғы жағындағы тақтайға жайғасыпты.
– Комсомолсың ба? – деді Комаров қолымен үстелді салып қалып.
– Иә.
– Онда дұрыс. Партия менің атымнан саған біздің жауынгерлердің са­уатын жетілдірумен айналысуыңды тапсырады. Әне, Константинді қарашы, ол төрт кластық шіркеу мектебін бітірген, сөздері қыңыр-қисық кеспек секілді. Ал іске берілген адам. Осындай жауынгерлерден сауат­ты адам шығару қажет, әйтпесе, бүкіл республикаға масқара боламыз. Саяси әдебиет­терді, газет­ті жіберіп жатқанмен амал не, бәрін, арт­тарын сүртіп, әжетханаға… Ешкім де оны оқуды білмейді.
Менің нарядқа шықпағаныма бір аптадай болды. Жанымда әрдайым қызмет­тен бос бес адам болды. Олар жатын жердегі төсекке отырып алып, бір кесек сары қыртысқа қарындашпен ынталанып сөйлемдерді жазып отырады.
– Костя, сенікі біршама жақсарып келеді, – деп мақтап қоям өзімнің оқушымды. – Бұрын әр сөзде екі-үш қатеден жіберуші едің, қазір түзеліп қалдың, бір ғана қате жібересің.
Черненко туа біткен дарынының және керемет жадының арқасында айт­қанымның бәрін қағып алып, төрт сағат­тық тынымсыз жұмыстан ке­йін менің жетегіммен әжептәуір мәтін құрастырып шықты. «Енді мәтінді оқы», – деп өтіндім мен одан.
– Енді былай…
– Тоқта. Сөйлегенде «енді», «мынау», «бұл қалай еді», «солай», «е, жалпы» деген сөздер болмауы керек. Сөйлеген сөзіңде айтпайсың. Осыны есінде ұста.
Черненко келесі күнгі жиналысқа қатысқандарды таңғалдырды. Қағазға жазылған мәтінді мүдірмей әрі түсінікті оқып шықты.
– Міне, – деді Комаров жауынгерлерге қарап. – Черненко жолдас саяси жағынан күн санап емес, сағат санап өсіп келеді. Мен сендердің осындай жолдастардан үлгі алуларыңды сұраймын.
«Кучер» еңсесін түзей қойып, жауынгерлерге жеңімпаздай көз тастады.
– Сен нағып біртүрлі «К.У.Чер.» деп қол қоясың? – деп сұрадым мен бір күні сабақ үстінде Константиннен.
– Бұл яғни … Мен менің атым… Жөнім Константин Устинович. Ауылдық жерде… Әкесінің атымен құрмет­тейді емес пе!? Мейлі, мені… Былай сыйлап жүрсін.
– ОГПУ-де, ол жерде сен де адамдарды ат­тың ба?
«Кучер» тыжырына қалды.
– Революция жауларын талқандауда қолымыз тастай қат­ты болуы керек, – деп кекештенбей, мүдірмей айтып салды.
Ол бүкіл отрядқа қалай ататынын да дәлелдеді. Жаркент­тің эскадроны бізге қайтадан шапқылап жетіп келді.
– Не болып жатыр? – деп Лешка Коноваловтан сұрадым.
– Ертең Сандырбаевтың көші Қытайға қарай өтетін сияқты ғой. Олар осы арадан бір күндік жерде екен.
– Біз енді оларды атамыз ба?
– Білмеймін, оларды шекарадан алыстата қуып тастау керек қой. Мүмкін аспанға ататын шығармыз.
Түн ішінде бүкіл шекарашылар заставы аяғынан тік тұрды, Жаркент эскадронын көшті тоқтатуға жұмсады. Біз Қорғас өзеніне құйған, қазір құрғап қалған бұрынғы Сандырқос өзенінің жағасында тосқауыл жасадық. Бұдан сәл алысырақта құм төбелердің астына Жаркент эскадроны жасырынды. Таңертең күн шығар алдында бізге қарай жылжып келе жатқан қарақұрымдай отар-отар қойды, жылқыны, басқа да малды көрдік.
– Леша, ал адамдары қайда? – дедім мен винтовканың дүмін ысырып қойып.
– Сандырбаев та айлакер ғой, мүмкін киіз үйлерін өзеннің оң жақ сағасына қарай жіберген болуы керек.
Отардың алдыңғы легі үш жүз метрге де­йін жақындап қалды. Осы кез­де сирек орналасқан біздің жауынгерлердің алдыңғы шебіне қолында наганы бар Комаров ытқып шықты.
– Жігіт­тер, малдарды атыңдар, оларды қалай болса да, үркітіп жіберу керек, атыңдар!
Біз лықсып келе жатқан «тірі толқынды» атқылай бастадық. Тіпті көздеудің де керегі жоқ еді, барлық оқ өз нысанасын тауып жат­ты. Байғұс қойлар ыршып барып құлап, құмда аунап қалды. Ал олардың өлігінің үстін келесі тобы бастырмалап, таптап өтіп жатыр.
Осы кез­де біз оң жағымыздан тырсылдаған пулемет дыбысын естідік.
– Ал мен саған не айт­тым? – деді тер басқан бетін маған бұрған Коновалов. – Сандырбаев адамдарын басқа жақпен алып өтіп барады.
– Атшылар, ат­тарды әкеліңдер!, – деп бақырып жүр Комаров. – Барлығың атқа қоныңдар!
Біз сақылдаған пулемет дауысы шығып жатқан өзеннің оң жақ қабағына қарай шаба жөнелдік. Отряд төбе басына көтеріліп шығып, тоқтай қалдық. Көз алдымызға жантүршігерлік көрініс келді. Балаларға, шалдар мен әйелдерге лық толы киіз үй артқан, қарулы, салт ат­ты ер адамдар күзеткен керуен құм төбелерден құрғап қалған өзеннің табанына түскен кез­де биік құм шағылдың үстіне орналасқан пулемет­тің жауған оғына тап болды. Бұл керемет пулеметші еді. Оқ тиген ат­тар, еңбектеп шыңғырған әйелдердің, шырылдаған балалар мен өкіріп қарғыс жаудырған ер адамдардың күңіренгендері естіліп тұр. Олардың ішіндегі қаруланған бес адам өз туыстарын қорғамақ болып атысуға ыңғайланғанымен атқыштың дәл атқан оғынан құлап жат­ты. Пулеметші ешкімді аяйтын емес. Міне, өзінен бұрын кішкентай інісін қорғаштаған қаршадай қызға оқ тиіп құлады, әне, құлаған қостың артын паналаған кемпірге тиді. Әне … Алайда. Қалың малдың ортасын бұза-жара артқы жағымыздан атып шыққан Жаркент эскадроны тоқтап қалған көшке ұмтылды. Нағыз қырғын осыдан ке­йін басталды. Әскерлер тірі қалғандардың бәрін турай бастады.
– Петров! – деп айғай салды отрядтың бастығы. – Черненкоға шап, дереу атуды доғарсын, әйтпесе, өзіміздікін майып қылады.
Мен үлкен құм төбеге қарай зымырай жөнелдім. Дөңнің дәл төбесінде пулемет­тің артында «Кучер» мен Ванька жатыр. Пулемент­тің ұңғысының қызғандығы сондайлық, қаптамасының тығыны атылып кетіп, бу қайнаған шәйнектен шыққандай ысқырып жатыр, айналасы толған оқтың жезі, оғы таусылған екі қорап бос жатыр. Пулеметшілердің артқы жағынан келіп, ат­тан қарғып түсіп лентаны беріп жатқан Ваньканың гимнастеркасының желкесінен ұстап құмға қарай лақтырып жібердім. Ол аузын ашып алқымынан дем алып, түк ұқпай маған қарайды. Енді кезек Черненкоға келді. Мұның «Максим» пулеметінің тұтқасына қолының саусақтарының жабысып қалғандығы сонша, білегінен шауып тастап ажыратуға болатындай. Мен оның бетінен аяғыммен бір тептім. Пулемет­тің үні шықпай қалды.
Шалқая құлаған «Кучер» тізерлеп отыра қалып маған кектене қарады, көзінің астындағы етік тиген жер қанталап бетіне жайыла бастапты.
– Сен сияқты гидраны, – деп ысылдай сөйлеп маузеріне қол созды.
Дәл сол сәт­те қат­ты тепкенім соншалық, көтеріліп барып, құмға екі-үш рет аунап түсті де, ұзынынан көсіле сұлқ жатып қалды. Мен артыма қарадым. Эскадрон мен біздің жігіт­тер қан-қасапты тоқтатыпты.
Коновалов абыржып төсекте отыр.
– Серега, түсінесің бе, ол менің көзімше бір қызды қақ бөлді.
– Кім?
– Эскандрондық.
– Ал сен өзің… Біреу-міреуді өлтірдің бе?
– Жоқ, қолым бармады. Қостың жанынан әрі шауып, бері шауып өт­тім, бірақ көз алдымнан, міне… Бұл… Қыз бала және қақ бөліп шауып тастау деген…

Черненко партияға өтуге өтініш берді. Заставта осыған байланысты ашық партия жиыны. Заставта өзіміз бар-жоғы бес коммунист едік. «Кучерге» отрядтың бастығы мен шаруашылық жөніндегі меңгеруші сенім білдіріпті. Біз Комаровтың сөзін далада отырып тыңдаудамыз.
– …Черненко жолдас өзін ұрыста өте жақсы көрсет­ті. Оның дәл атқан оғынан ондаған, жүздеген жау жер жастанды. Осының арқасында біз Сандырбаевтың атақты бандасын тосып алып, тас-талқанын шығардық, әскери басшылық жауынгер Черненкоға алғыс жариялай отырып, оны ВКП (б) қатарына алуға ұсыныс жасап отыр.
– Сандырбаев бандит емес…
Өңі құп-қу болып Лешка жерден көтерілді.
– Мен бұрыннан осындамын және осыдан алты жыл бұрын ең соңғы басмашы Ақбай байдың бандасын талқандағаннан бері барлық көшпеліні танимын. Сандырбаев – момын қазақ, ол өзінің ата-бабасының ежелгі салтымен жақсы жайылым іздеп шекарадан ары-бері талай рет өтіп жүр. «Сандырбаев ауылдарға, елді мекендерге, поселкелерге шабуыл жасапты» дегенді ешбір өкімет орындары растамайды, сондай-ақ «қарақшылықпен, талау-тонаушылықпен айналысты» дегенді де ешкім құптамайды. Ендеше, шекарадағы болған оқиғаны «бейбіт халықты қан-қасап етіп қыру» деп атауға болады.
Түрегеп тұрған Коновалов Черненко мен президиумға тайсалмай қарады. Айнала тым-тырыс.
Лешка сол күні-ақ ОГПУ уәкілімен бірге орталыққа кет­ті. «Кучер» қызмет сатысында бас айналатындай тез көтерілді. Партия мүшелігіне үміткер бола жүріп, заставтың партия ұйымының жетекшілігіне бекітілді. Оған шағын үй бөлінді де осы жерде қызу жұмыс басталды. Костя дайындалды. Жиналыстарға, баяндамаларға, есеп беруге дайындалды. Оның еңбекқорлығы тілінің төселгенінен ғана емес, сонымен қатар баяндамалар мен ел алдындағы сөйлеген сөздерінің де бір жүйеге келгенінен көрінді. Ол енді кез келген сұраққа дәйексөздерді келтіріп соға беретін болды. Мен кейде оның басын үлкенді-кішілі көсемдердің дәйексөздерімен және газет­тердің алғысөзімен тығындалған сондай бір құбыжыққа ұқсататынмын. Черненко көзге түсе бастады. Оның жоғарғы жаққа жіберген есептері жақсы бағасын алды.
Бір күні барлығымызды дабыл қағып тұрғызып алды. Содан соң Шонжының тау бөктеріне қарай кезекті торуыл қоюға шаба жөнелдік.
Ат­тарды шағын қырат­тың астына жібердік те, ыстық жалыны лапылдап бетке ұрып тұрған тастаққа жер бауырлап жата кет­тік. Бір сағат­тай уақыт өт­ті, жым-жырт тыныштық, көзім ілініп кетіпті. Күтпеген жерден арбаның сықыры, аяқтың тырпылы, ат тұяғының тықылы мен дабыр-дұбыр сөйлегендердің шуылы естілді.
Тастың тасасында бас бұғып жатып киген ұлт­тық киімдеріне қарап, келе жатқандардың дүнгендер екенін айы­рдым. Қазақ­стандағы Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығынан қашып құтылу үшін, кір-кір болып, шоқпыт-шоқпыт киінген, ыңыршағы шыққан арық мәстекке шеккен арбаға үй-ішінің мардымсыз бұйымдары мен аурулы-сырқаулы балаларын тиеп алып арғы бетке (Қытайға) қашып бара жатқан дүнгендердің кедей-кепшіктері еді. Заставтың бастығы жолдың ортасына шықты.
– Ей, тоқта! – деп алдында келе жатқан бір байқұсқа айғай салды. Адамдардың лықсыған нөпірі Комаровты басып кете жаздап барып шып тоқтады. Арт жақтан келіп жаңадан қосылған ерлер мен әйелдер, балалар – бәрі амалдары құрып сілейіп тұрып қалды.
– Дүнгендер, – деп бастады Комаров. – Сендер Кеңес республикасының құрамында болғаннан ке­йін біздің елдің азамат­тары ретінде тәртібі мен заңдарына бағынып өмір сүруге тиіссіңдер. Бұдан ары қарай шекара, кімнің өтуге құқығы жоқ, солардың бәріне – жабық, қане, бейбіт жолмен шешейік. Кері қайтыңдар, сендер қайтып барған жаңа жерлеріңде жаңа өмір бастайсыңдар.
– Бастық, өткізсеңізші.
Қалың тобыр таласа-тармаса шала-шарпы орысша сөйлеп, күңірене дауыс сала бастады.
– Арт жағымызда аштық-жалаңаштық балалар өліп жатыр, біз де өлеміз ғой.
– Жоқ, өткізбеймін. Артқа қайтыңдар.
Байғұс дүнгендер өлімге бас тіккендей сілейіп тұр, ешкім тырс етіп қимылдамады.
– Егер қазір кетпесеңдер, мен атуға бұйрық беремін…
Бірақ ешкім былқ етпеді. Бұрынғыдай жым-жырт.
– Олай болса, өлмесеңдер өмірем қабыңдар.
Бастық бұрылып қатарласып тұрған саптың артына шығып кет­ті.
– Тыңдаңдар! Атыңдар!
Гүрсілдеген атыс үніне заставтың жаңа болған парторгінің пулеметі қосылып мұқият жұмыс істей жөнелді. Мен бұл адамдардың қалай өлгендеріне қайран қалдым. Оларды атып өлтіріп жатса да, қозғалмай, үнсіз тұрды. Ешқайсысы қашпады, жерге де жата кетпеді, тастардың, арбалардың артына да тығылмады, балалар, үлкендер тіпті, мәстек ат­тар да тырп етпей, өздерінің ажалын селт етпей күтіп алды. Ал пулемет болса, атқылап жатыр, атқылап жатыр…
Мен ұшып тұрдым.
– Жігіт­тер, естеріңді жиыңдар, – деп бетімді шепте жатқандарға бұруға тырысқаным сол-ақ екен, дәл осы сәт­те бүйірімді бір нәрсе солқ еткізді.
Зәрін төге жымиған казак Нечувойло маған винтовкасының ұңғысын басқа жаққа қарай бұра қойғандай болып көрінді. Көз алдымдағының бәрі қарауытып кет­ті де, жерге сұлап түстім.
Заставтың фельдшері іштегі тұрып қалған оқты алудан бас тарт­ты да, жарамды мақтамен тығындап, сарғайған бинтпен ішімді орап-таңып беріп алғашқы көмегін көрсеткен болды.
– Сені, көгершінім, жарқыным, орталықтағы ауруханаға жіберу керек, бұл жерде көмек көрсетуге дәрменсізбін.
– Сондайлық қауіпті ме?
Фельдшер міңгірлеп тұр.
– Жалпы іштен жаралану жағымды нәрсе емес. Әйтеуір, ішіңнің бір жерінде тұр. Ол оңбаған оқ айналасына не істеді, сайтан біле ме?
Комаров маған еңкейіп келіп үңіле қарады.
– Петров, өзіңді қалай сезінесің?
– Құрып кетсін.
– Маған фельдшер бәрін айт­ты, сені енді Жаркент­тегі ауруханаға жіберем.
– Жақсы.
– Алып баруға Черненконы беремін. Оны орталыққа партия жұмысына ауыстырды. Олай болса, ғафу ет.
Отрядтан басқа ешкім менімен қош­таспады. Жүк арбаның сықыры мазаны кетірді. Жұртқа әйгілі балтыр орағышымен және мықынына түскен маузері салбыраған Черненко ат­тарды айдап қатар жүріп келе жатыр.
– «Кучер»… Сен, дүнгендерді неге соншама?… – деп сұрадым мен одан.
– Мен саған «Кучер» емеспін. Сен бұл лақап есімді таста… Ал бандылардың көзін құрту керек.
– Бұл келе жатқандар өңкей жарлы-жақыбайлар еді ғой, осылардың жарқын өмірі үшін ақтармен, поляк пандарымен талай-талай құрбандықтарға бардық емес пе?
– Біз … Коммунизм үшін. Кімде-кім оны орнатқысы келмесе, бәрін жайпап тастау керек. Біздің қоғамда таптық күрес бәсеңдемейді, сондықтан да біз үнемі қырағы болуымыз қажет.
Құдайым-ау, мынау не деп кет­ті. Ылғи газет­тердің алғысөзінен алынған дүниелер. Ал «Кучер», шын мәнінде де, кет­ті дейсің…
– Міне, сен, мысалы, қырағылығыңды жоғалт­тың, біздің арамызға ұрланып кіріп алған тыңшыға сеніп қалдың. Жаулар қалғымайды. Троцкистер, бухариншілдер…
Бұл кім туралы айтып тұр? Лешка жайлы ма? Мына сұрқиялар оған не істеді екен?
– Сен, Коновалов туралы айтып тұрсың ба? – деп бөліп жібердім.
– Иә, ол бәрін мойындады… Сот­талды.
Ішім қат­ты ауырып кет­ті. «Кучердің» сөйлеген сөздері күңгірлеп әлдеқайдан естіліп жатқандай.
Мен есімнен танып қалдым.
«Кучер» мені Жаркентке өте қиын жағдайда жеткізді. Жүк арбаны аурухананың ауласына қоя салыпты да, өзі ақырын ғана жылыстай жөнелген. Маған операция жасалып, төрт ай емделгеннен соң дәрігерлік комиссия «әскери қызметке жарамсыз» деп тапты.
1979 жыл
…Мен зейнетке шыққалы көп болды, жетпіске де келіп қалдым…
Тамыз айының басында Мемлекет­тік қауіпсіздік комитетінен үйге телефон соғылып: «Бұрынғы өткен өміріңіз жайлы сөйлесейік», – деп өздеріне келіп кетуімді өтінді. Кәдімгі президент сияқты есіктің алдына қара волганы көлденең тартып, отырғызып, басқармаға жеткізіп салды. Бір бөтелке коньягі мен ұсақ бутербродтары бар жасаңдау генерал-лейтенант өте жақсы қарсы алды.
Екеуіміз Молдавиядағы егіс нау­қанының барысы, ауа райы, менің соңғы шыққан кітаптарым туралы сөйлесіп отырғанымызбен түйінді мәселенің әлі алда екенін сезіп отырдым.
– Сіз өзіңіздің жастық шағыңыз туралы ештеңе жазбадыңыз ба? – деп қалды кенет­тен генерал. – Отызыншы жылдары біздің шекарамызды әртүрлі бандалардан қорғап тұрғандарыңызды еске түсіргеніңіз жақсы болар еді.
– Өткенді қазбалаудың қажеті бар ма? Бұл туралы басқа авторлар ондаған кітап жазды ғой.
– Бірақ та сіз тікелей қатысушы емессіз бе және солардың бәріне өз көзқарасыңыз бар.
– Осы көзқарас қой мені ГУЛАГ-тың (Мемлекет­тік лагерьлер басқармасы) лагеріне апарған. Сіздің бұрынғы ОГПУ-іңіз (Ерекше мемлекет­тік саяси басқарма) оннан-мұннан құрап іс қозғауға тырысты.
– Сізді «кінәсіз» деп тауып, баяғыда ақтады. Ол бір үрейлі кезең болды ғой. Қане, одан да «Қорғастағы» оқиғаларға оралайықшы. Ол жерде не болды? Жолдастарыңызбен араларыңыздағы дау ненің салдарынан туындап еді және сол кез­де араларыңызда жолдас Черненко болған сияқты ма…
– Болды. Шындықты білгіңіз келе ме?
– Келеді.
– Онда тыңдай беріңіз. Ең соңғы басмашылардың бандаларын талқандаған жиырма төртінші жылдан ке­йін шекараны тек контрабандистер мен қоныс аударушылар ғана бұзды…
Мен Голощекин қырғынының аштық қысқан адамдар мен көшпелі халықты шекара асып ауа қашуға мәжбүр еткенін, оларды қалай оқпен қарсы алғандығымызды бүге-шігесіне де­йін қалдырмай әңгімелеп бердім. Осы сұмдық тағылыққа, мыңдаған бейкүнә адамды қыруға қатысқан заставтың жауынгерлерінің қандай рөл ойнағанына де­йін айтып бердім.
Жаркент эскадроны, Черненко туралы, оны қалай оқытқанымды және соққыға жыққанымды, Алматыдағы, Иркутск түбіндегі лагерлерьде және Кишиневтегі кез­десуіміз туралы әңгімеледім.
– Олай болса, осы адам қырғынында ең белсенді рөл атқарған «Кучер» болды ғой?
– Сіз қалай дедіңіз? «Кучер»?
– Иә, «Кучер». Оны жоғарғы жақтағылар, Кремльдегілер дегенім ғой, бәрі солай атайды.
– Меніңше, ең алғаш біз атаған шығармыз. Иә, нағыз белсенді рөл ойнаған – соның өзі. Мерген атқыш еді, сұмырай.
– Ал оның өмірбаянында мұның бірі де көрсетілмеген.
– Сіз не айтып тұрсыз? Шынымен, жасырып қалған ба?
– Солай тәрізді. Менде Орталық Комитет­тің мүшелерінің толықтай барлық өмірбаяны жазылған, арнайы шығарылған брошюрасы бар.
– Неткен сұмпайы!
– Ұрыспаңыз. Маған сізбен сөйлескеннен ке­йін көп нәрсе айқындала түсті. Сізбен болған тарихи жағдайға жолдас Андропов өте қызығушылық танытып отыр.
– Неліктен?
– Себеп біреу-ақ. Қазір Черненко жолдас Леонид Ильич Брежневтен ке­йінгі мемлекет­тегі екінші адам және Черненко жолдасқа таза өмірбаян ауадай қажет.
– Сіз не дедіңіз? Сіз Бас хатшының орнын меңзеп тұрған жоқсыз ба?
– Тұспалдап тұрмын. Бәрі де мүмкін. Бірақ биліктің шыңына жету үшін оған кір келтірушілерді құрту керек. Солай емес пе?
– Бұл ғой енді – жиіркенішті нәрсе.
– Бұл әлі ештеңе емес. Бізге белгілі мәлімет бойынша ол Бас хатшының бажасы генерал К.-дан қалай десем екен… Қысқасы сіздің көзіңізді құртуды сұраған.
– Генерал К. қай жерде қызмет істейді?
– Бізде, КГБ-да, Андроповтың орынбасары.
Менің мынадай нәрселерді естігеннен ке­йін басым айналып кет­ті.
– Түк түсінсем бұйырмасын.
Менің сұхбат­тасым күліп қойды.
– Біздің де өз құпиямыз, пәлеқорларымыз бен әртүрлі орындаушыларымыз бар ішімізде. Андропов жолдас та Орталық комитет­тің мүшесі Черненконың жаман қылықтарын білетін куәгерлердің жоғалып кетпеуін қалап отыр. Сондықтан да мен сізбен кез­десіп отырмын.
– Сіз немене, мені жасырып қоясыз ба?
– Жоқ. Қайта керісінше сізді қазіргі «Қорғас» заставасына барып-қайтуға – бұрынғы болған жерінің жай-күйін көріп қайтсын деп, «жолсапарға барып келер» деп, ұсыныс жасап отырмыз. Жастық шағыңызды еске түсіріп, ол жердегі шекарашылардың жаңа буынының қазір қалай өмір сүріп жатқанын өз көзіңізбен көріңіз.
– Нақты айт­қанда бұл не үшін керек?
– Орталық комитет­те «Қорғас» заставасын Еңбек қызыл Ту орденімен марапат­тау туралы ұсыныс туыпты. Черненко осыны жеке өзі орындағысы келеді.
– Мен сонда ол жерде оның көңіл күйін бұзуым керек қой?
– Жақсы болар еді.

* * *

Мен заставқа безендірудің нағыз қызып тұрған кезінде келдім. Үйлерді қайтадан жаңартыпты. Келгендер көретін жерлердің барлығын – шатырларды, қабырғаларды, асфальт­тарды, ағаштарды, шарбақтарды сырлап тастапты. Заставтың бастығы майор Игнатье менен бірден ат-тонын ала қашты.
– Анау – менің саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым, соған жолығыңыз.
Жастау капитан қысыла-қымтырыла қолымды алды.
– Міне, керек болса, заставтың қартаң жауынгерін тапқандарың. Ал біз барлық ұйымға, барлық архивке сұрау салғанбыз, тірі ешкім жоқ, бірі – қайтыс болды, бірі – белгісіз деген хабар алдық. Сөйтсек, қалай дегенде де сол жылдардағы бүкіл құрамнан қалған Орталық комитетінің мүшесі жауынгер Черненко жолдас бар екен. Сіздің фамилияңыз кім?
– Ларин.
Застав командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары асығыс газет­терді ақтарыстырып, тізімдерге қарады.
– Кешіріңіз бірақ мұндай кісі тізімдерде жоқ.
– Мен фамилиямды өзгерткенмін. Бұрын Петров едім.
– Петров, Петров, бірақ Петров біздегі тақтаға алтын әріптермен жазылған. Сіз бұл жерде… Заставта… Басыңызды құрбандыққа шалып…
– Мен жараланған едім. Тірі қалдым.
Саяси жұмыс жөніндегі орынбасар мені қоршаудың шетіне алып келді. Осындағы үлкен гранит тақтаға жүрек шымырлататын сөздер жазылыпты. «Мұнда 1929-30 ж. басмашы бандалармен ұрыста «Қорғас» заставасының жауынгерлері қаза тапты». Одан әрі бес фамилия тізімге алыныпты, ішінде мен және Коновалов бар. Соңында: «Ерлердің даңқы мәңгі арта берсін!» – деп жазылыпты. Қайта Лешка Коноваловты қосқандары жақсы болыпты. Оны ОГПУ-дің (Ерекше Мемлекет­тік саяси басқарма) түрмесінде азаптап өлтіргенін кім есіне алады, мейлі, одан да осында тұрғаны дұрыс.
– Қалай болар екен? – деп ыңырси қалды саяси жұмыс жөніндегі орынбасар. Біз Черненконың келуіне қарай тақтаны ауыстырып не болмаса сіздің атыңызды өшіріп үлгере алмаймыз ғой.
– Ештеңе істемей-ақ қойыңдар, бұрын қалай болса, солай қалдырыңдар. Мен әйтеуір бір күн болмаса, бір күні өлемін ғой, сонда осындағы ел есіне алып жүрсін.
– Жүріңіз, мен сіздің орналасатын жайыңызды көрсете­йін.
Черненко қаумалаған нөкерлерімен келді. Оркестр ойнап, әскерилер сапырылысып жүгіріп жүр. Қонақ 30-жылдары қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөндері жазылған тақтаның жанына келіп, тоқтап тұрып ақпарат құралдары үшін көзінің жасын сығымдағандай болды.
– Қазір, жолдас Черненко, біз сізге тосынсый жасаймыз, – деді заставтың бастығы майор шат­тана күлімсіреп, өзі мені алдыға шығарып жатып.
– Петров.
Константин Устиновичтің көздерінде абыржулық пен жеккөрінішті сезімдер түйісе қабат­таса қалды. Содан ке­йін жүзіне аянышты кейіп танытып, ұмтылып келіп бассалып құшақтай алды.
– Петров, тірі екенсің ғой.
– Қалың жақсы ма, «Кучер»? – деп құлағына сыбыр ет­тім.
Тұла бойы дір ет­ті де, ол да мен сияқты сыбыр ете қалды.
– Мерекені бүлдірмеші өтінемін.
Черненко еңсесін тіктеп алды.
– Ескі достарды кез­дестіру қандай ғанибет. Жарқын болашаққа жету жолында біз жүздеген, мыңдаған адамды жоғалт­тық. Дегенмен де біз жеңдік. Мен енді жалғыз емеспін, енді біз екеуміз, сонау қиын-қыстау уақыт­тарда біз осында тарихты жасадық, соған қуаныштымын.
Тағы да кет­ті дейсің… «Кучер» менің қолымды тағы да бір рет қысты да, соның келуіне қарай шегеленген мінбеге қарай кет­ті.
Ол кешкілік кетуге жиналды. Мені заставтың кеңсесіне келуімді өтініпті. Үйдің іші өзгеріп кетіпті, керегелері жаңғақ ағашы түсіндей әдемі етіп боялып, терезелеріне перде тұтылған, кресло, орыңдықтар, сейфтің өзі қандай десеңші! Айтпақшы сол үстелдің арғы жағында Черненко отыр. Бөлмеде екеумізден басқа жан жоқ.
– Мұнда отыр, – деп бастады «Кучер» қолымен үстелдің жанындағы креслоны нұсқап. – Менің сенімен сөйлескім келеді. Менімен осы жерде қызмет еткен жолдасым ретінде қартайған шақтағы құрмет­ті демалысты ұсынамын.
– Ол нені білдіреді?
– Дербес зейнетақы, Москвадан пәтер, жоғары дәрежелі медициналық күтім, арнайы саяжай.
– Мұндай сый-сияпат ненің құрметіне?
– Осы жерде сенімен бірге болғаным үшін. Екеуміздің осы жерде көптеген қолайсыздықты бастан өткергеніміз үшін.
Ол турасын айтпаса да, мен оның көке­йінде не тұрғанын түсіндім. «Кучер» менің үндемеуімді қалайды.
– Демек, ымыраласуымыздың ауызбастырығы ғой.
Черненко үн-түнсіз мені көзімен тесірейе атып отыр.
– Айтпақшы, сен бүгінгі сөзіңде Жаркент ОГПУ-інде (Ерекше Мемлекет­тік саяси басқарма) өз еркіңмен қызмет еткеніңді, ал мұнда тәртіп бұзғаның үшін қуып жібергені жөнінде тіс жармадың. Неге жиналғандарға менің қызметім осы жерден басталды деп айт­тың?
– Менің нағыз қызметім осы жерден басталды.
– Ал сен өзіңнің маузеріңмен қарақұсынан атып өлтірген мыңдаған адамды қайда жібереміз?
– Жалған. Ондай ештеңе болмады. Дәлелің жоқ.
– Пәлі, солай ма?! Степканы «әскерден қашты» деп ат­ты. Комаровты «1954 жылы үштіктің белсенді қатысушысы» деп атып тастады. Қалғандары түгел ажалынан өлді, не болмаса сенің жасырын жазып, жала жапқан арызыңнан жалаға ұшырап, лагерьлер мен түрмелерде азап тарт­ты. Жаркент­тің архиві өртеніп кет­ті.
– Ондай болған жоқ.
– Қоныс аударып, ауа көшкендерді, арып-ашқан дүнгендерді ату болмады ма? Ал бұлар болды ма, болмады ма?, – деп мен де қоймадым.
– Барлық құжат­та біз «басмашылардың бандысын талқандадық» деп көрсетілген, – деп міңгірледі ол.
– Әй, бір жексұрынсың-ау!
Оның қымқырып алған еріні бозарып, долданған көзі қанталап, шүңірейіп, шарасынан шығайын деп тұр.
– Сен әлі өкінетін боласың.
– Кетші-ей, ары! – Мен орнымнан тұрып есікке бет алдым.
Мен Кишиневқа қайтып келе жатқан пойызда кенет купенің есігі ашылып, маған «Қорғас» заставасына баруға ұсыныс жасаған генерал басын сұқты. Кез­беге ұқсап киініп алған ол шөл даланың ыстығына әбден күйіпті.
– Сергей Михаилович, сізді бір сәтке бола ма?
Мен оған ілесіп тамбурға шықтым.
– Сіз Черненконың жер-жебіріне әбден жет­тіңіз.
– Сіз үйде біздің айт­қанымыздың бәрін естідіңіз бе?
– Әрине. Сіз оның көңіл күйін біржолата құлазытып кет­тіңіз.
– Мені не күтіп тұр?
– Иә, Мен осы үшін сізге келдім. Қазір сізге бір адамды таныстырамын, ол кісі сіздің көзіңізге түспей күзететін болады. Қасыңыздан көрсеңіз шошып кетіп жүрмеңіз.
– Демек, қастандық жасау қаупі сейіл­мейді ғой?
– Жоқ.
– Менің туысқандарыма кесірі тимей ме?
– Меніңше, жоқ сияқты. Олар куәгер емес.
Біздің қасымызға ақсары шашты, кекілін бір жағына қарай қайырған мығым денелі жас жігіт келді.
– Міне, танысып қойыңыз, мынау – Коля. Бұл – сіздің күзетшіңіз. Коля, бұл – Сергей Михаилович.
Біз қол алыстық.
– Сіздерді тіл табысып кетеді деп үміт­тенемін. Сіз мені кешіріңіз, менің тез жоғалуым керек. Аздан соң, түсемін. Көріскенше.
Генерал келесі вагонға өтіп кет­ті. Мен Колямен қалдым.
– Сергей Михаилович, біз екеуміз келісіп алайық, ешқашан да, қандай жағдайда болса да сіз менімен таныстығыңызды мойындамаңыз. Маңызды бір нәрсе хабарлағыңыз не айт­қыңыз келсе, қалпағыңызды сәл көтеріп қойсаңыз жеткілікті. Ар жағын өзім рет­теймін.
– Жақсы.
– Қажет болса, қазір де екеуміздің бірге тұрғанымызды көрмегені жақсы.
Біз қол қысып қоштастық.
– Есіңізде болсын, мен әрқашан жаныңыздамын, сондықтан да купеңізге бара беріңіз.
Біз тағы да қол алысып қоштастық.
Арада екі ай өт­ті. Өзімнің күнделікті бағытым бойынша бойымның құрыс-тырысын жазып Кишиневтің бульварімен жүріп келем. Көшеден өтерде бағдаршамның қызыл түсінің алдында тұрғам. Қасымнан ауыр жүк машиналары зулап өтіп жатыр еді, кенет арт жағымнан дауыс естілді де, ауыр соққылардың дыбысы шықты. Мен бұрылып артыма қарадым. Екі жігіт жан алысып, жан берісіп төбелесіп жатыр. Бірінің қолында – пышақ. Ол алдыға ұмтыла берді де, қат­ты соққыдан ұшып барып, артындағы ағашқа соғылып, баяу сырғып жерге құлады. Екінші жігіт оның жанына келіп, тұмсығынан тағы да бір ұрып жіберді. Ол бұрылып маған қарағанда дауысым шығып кете жаздады. Менің көрінбейтін күзетшім Коля еді.

1985 жыл
Мен 76-ға келіп қалдым. Ақылым айқын, есім анық жұмыс істеп тұр дегенмен, тұла бойым жайлы олай айта алмайсың. Ауа райы қолайсыз күндері белім сырқырап, аяғым қақсап, қат­ты ауырады. Неля менен он шақты жас кіші болғандықтан өзін әлі тың сезінеді, оған не дей аласың. Бүгін 10 наурызда КОКП орталық комитетінің Бас хатшысы Константин Устинович Черненко қайтыс болды. Осы қызмет­те ол тура 12 ай 25 күн отырды. Мен чемоданымды жинастырып қойып, Неляға қарап:
– Маған бір 200 сомдай бере салшы, – деп қойдым.
– Қайда жиналдың?
– Анаған барам. Өлгендігіне көзімді жеткіземін.
– Кәрі ақымақ! Оны барлық газет пен теледидардан әлдеқашаннан бері көрсетіп жатыр.
– Жарайды. Түсінсеңші бұл менің…..
– Жақсы, бара бер. Жолдан ұлыңа кіріп жағдайды біле кетерсің.
Одақтар үйінің колонналы залында ашық табыт­та опа-далаптан беті бозарып жатқан оған қарап тұрмын. Жұқа еріні опырайып ішіне кіріп кеткен, кеудесінде жатқан қолдары семіп, көгімденіпті.
– Естимісің. Міне, мен де осындамын. Бұл – дәл сол Петров. Мен әлі тірімін.
Маған сол сәт­те Черненконың қастары дір етіп, айқасып жатқан қолының үстіңгі саусағы сәл жылжығандай болып көрінді.
– Жолдас… Бұлай көп тұруға болмайды.
Бұрылып қарадым.
– Сергей Михаилович, бұл сіз бе?
Алдымда полковник шеніндегі Коля тұрды.
– Амансың ба, Коля!
Маған жасалған сол күнгі қастандықтан ке­йін Коляны көрмей кетіп едім. Енді ыстық ықыласпен үнсіз қол берісіп ризаласудамыз.
– Тоқтаңызшы. Егер қаласаңыз, мен Саяси Бюроның мүшелері мен туыстарына шекарада бірге қызмет істегендеріңізді айтайын.
– Қажеті жоқ. Менің «Кучердің» өлгеніне көзім жет­ті.

 

Евгений Кукаркиннің
«Кучер» саяси триллерін
ықшамдап аударған
Молот СОЛТАНАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір