Күліп жүрейік
01.04.2024
150
1

1 сәуір – Халықаралық Күлкі күніне орай Абай облысы әкімдігінің қолдауымен Семей қаласындағы Абай театрында Қазақстанның өнер шеберлерінің қатысуымен сықақшы Аймұханбет Бейсембековтің « Әзіл-қалжың, әсем ән» ат­ты шығамашылық кеші өтеді. Абай облысының Мәдениет басқармасы, Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекет­тік университеті, Абай облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармониясы мен Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің ұйымдастыруымен өткелі отырған кешке сәт­тілік тілеп, қаламгердің бірқатар уыт­ты әзілдерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Аймұханбет
БЕЙСЕМБЕКОВ

ТОҚАЛДАР мен
МАҚАЛДАР

Бетегесі жоқ бел – жетім,
Тоқалы жоқ ер – жетім.
* * *
Бәйбішең үшін отқа түс – күймейсің,
Тоқалың үшін тоққа түс – өлмейсің.
* * *
Өзбек Қоқанын мақтайды,
Қазақ тоқалын мақтайды.
* * *
Қазақ қартайса, тоқалмен ойнар.
* * *
Тоқал алу оңай, «тоқаловоз» әперу қиын.
* * *
Сөздің көркі – мақалмен,
Еркек көркі – тоқалмен.
* * *
Бәйбішенің қадірін тоқалды
болғанда білерсің.
* * *
Бәйбіше бабыңды табар,
Тоқал қалтаңды қағар.
* * *
Қартайған бәйбіше – қайық,
Жас тоқал алсаң – «кайф»!
* * *
Біреудің тоқалына «көз салма»,
Басыңа береді.
Тоқсанда тоқал алма,
«Қызығын» басқа «көреді» .

ПАЙ-ПАЙ, ПАРА!
Туғанда кіндігіңді кесер пара!
Пара мен «көзін ашар» өсер бала!
Парасыз таңың атып, күнің батпас,
Парадан құтыласың өлсең ғана!

Параны алу да – «өнер», беру де – «өнер»!
Парамен бітпес ісің жөнге келер.
Парасыз бір саланы атап берші,
Мінеки, мұрным дайын кесіп берер!

Қазақта пара алу тұқым қуған.
Дулат, Абай ашынып өлең қылған.
Қазір қоғам «шіріген» жемқорлықтан,
Қатыннан да пара алар еден жуған.

Параны кім алмайды, бәрі алады,
Пара алмаған «ақымақ» саналады!
Ауыл, аудан, облыс, Астанаңда
«Қыбыр етсең» қымқырып, пара алады.

«Көк үйде» шіренеді, әне, қара!
Парамен өскен «көкең» кеше ғана!
Билікті «шірітетін бас жағынан»
Жазылмас індет болған пай-пай, пара!

КІМГЕ НЕ КЕРЕГІ ЖОҚ
«Тазға тарақ керегі жоқ»
Халық мақалы
Көсеге сақал керегі жоқ,
Сөз ұқпасқа мақал керегі жоқ.
Қызығын басқа көретін,
Тоқсандағы шалға тоқал керегі жоқ!

Газы барға отын керегі жоқ,
Машинасы барға ат­тың керегі жоқ.
Айлап, жылдап қасына бір жатпайтын,
Импотент­тке қатын керегі жоқ!

Жетесізге ой керегі жоқ.
Қайыршыға той керегі жоқ.
Керегінде еркекті жалдап алар
Қалталы қатынға бай керегі жоқ!

Санасызға батаның керегі жоқ.
Шоқынды ұлға атаның керегі жоқ.
Халқын тонап қашып кетер,
Олигархтарға Отанның керегі жоқ!

Террористке жанның керегі жоқ,
Жемқорларға заңның керегі жоқ.
Жезөкшеге жардың керегі жоқ,
Ұятсызға ардың керегі жоқ!

«Көкек» қызға баланың керегі жоқ.
«Безбүйрекке» ананың керегі жоқ.
Қараңғы тобырға дананың керегі жоқ,
Қайрымсыз ханға қараның керек жоқ! 

ШТРАФТАН – ШТРАФ!
Орысшаға қазақша жауап берсең – штраф!
«Ұлтшыл» деп мойыныңа статья қыстырат!
Тығылып тұрып тасада штрафқа пара алып,
Жол бойы толған МАИ-лар,
Қуалап жүріп «ысқырат!»

Бейбіт шеру көшеге халықпен шықсаң – штраф!
Алып барып СИЗО-ға ұрып-соғып,
қан құстырад(ы)!
Путин менен қытайға тіл тигізсең –
штраф,
Сот­таласың сол үшін түрмеде
көзің жылтырап!

Түкірсең де – штраф, насыбайға да – штраф!
Көбейтуге штраф, Үкіметің «ұшқыр-ақ!»
Ұлт­тық қорды «жеп алған» есеп білмес Үкімет,
Штрафпен «қуалап» халыққа
«құмалақ тыштырад(ы)!»

МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН СӨЗДІК
Қазақ тілі – қатын балаға ұрсуға, пара алғанда « ұғысуға» арналған тіл.
Орыс тілі – мемлекет­тік тілдің түпнұс­қасы.
Сайлау – қалтасында пұлы барлар мен басында миы барлардың қақтығысы.
Депутат – « қорылдап» отырып-ақ «қолдағыш» халық «қалаулысы»
Әкім – «төменнен» алатын, «жоғарыға» салатын қоржын иесі.
Орынбасар – бастығы өлсе, креслоға қарап жылайтын пенде.
МАИ – айлықты мемлекет­тен, «шайлықты» автокөліктен алатын ала таяқсыз азамат.
Пара – табыс салықсыз «тәңірдің» берген «таза жалақысы» .
Жазушы – жазғанын бастыра алмайтын, бастырса, сат­тыра алмайтын Жазушылар одағының мүшесі.
Журналист – мақтап жазса, атақты болатын, сынап жазса, «шатақты» болатын қаламгер.
Еуропа – Қазақстанның қалталыларының «атамекені».
Парламент – орнынан түскен облыс әкімдері мен министрлердің «жазасын» өтейтін демалыс орны.
Иппотека – баспанасы жоқтардың «басымен түсетін» қанды қақпаны.
Жемқорлық – жеп қойған «жемің» үшін түрмеге түсу.
Жемқорсыз қоғам – жетілмеген қоғам.
Махаббат – екі ессіздің ермегі.
Әйел – еркектің қанын ішіп, миымен «закусит» ететіндер.
Сүйісу – вирус айырбасту.
«Шала қазақтар» – қазы-қартаны қасқырша жеп, қазақша сөйлемейтіндер.
«Жаңа қазақтар» – Қазақстанда ба­йып, шетелге «тайып» кететіндер.
«Қара қазақтар» – қара жұмыс істеп, қара нан тістеп, қабырғасы қайысқан, омыртқасы майысқан «қаракөздер».
Үйлену тойы – еркектің өз еркімен өмір бойы бас бостандығынан айырылу «мерекесі».
Некесіз туған бала – жігіт пен қыздың оңаша кездесуінде «артық қимылдар» жасауының жемісі.
Кәрі қыз – жігіт­терді таңдай-таңдай, «тазға да» керексіз болған «талғампаз» апайлар.
Сарыауыздар (Дон-Жуандар) – «етектілердің» жетегінде жүретін, «балтырлылардың» балконында тұратын, «бөкселілердің» бөлмесінде түнейтін, «кеуделілердің» кереуетінің астында жататын «ақкөңіл» азамат­тар!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.04.2024 | 13:02

Күшті айтылған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір