Гер-аға
28.03.2024
600
1

Ол замандастарының ортасында жүрген күндерінде-ақ «ең соңғы қазақ» атанды. Әрине, соңғы қазақ Бельгер емес, бірақ оның бойындағы қазақылық, қазақ ұлтының бар жақсы қасиетін кіршіксіз қабылдаған бекзат болмысы бірден көзге ұрып, сонадайдан саңлақ көрініп тұратын. Ол – қазақты, қазақ оны жанындай жақсы көрді. Жастар жағы, тіпті құрбы-құрдастарының өзі оны «Гер-аға» дейтін. Гер-ағамыз қайраты тасыған кемел шағын дерлік қазақ әдебиетінің әлемге әйгілі болып танылуына арнады. Ғажап аудармалар жасады. Өзі де үш тілде: қазақ, неміс, орыс тілінде көркем шығармалар мен елге ес қатарлық ойлы мақалалар жазды. Қартайған кезінде Гер-ағаң қазыналы қартымызға айналып, «Білгір Бельгер» атанды. Ол қазақты жаһанданудың көлеңкелі тұстарынан қорғап қалуға ұмтылып шыр-пыр болып жүретін. «Ай, қазақтар! Сендер айтпаған шындықты неміс мен айтайын», – деп қара қылды қақ жарып, ақсарағат биігінен табылатын.
Герольд Бельгер биыл ғасыр жасына келді. Оның жарқын жүзі, әзілі, күлкісі, азамат­тық келбеті, жазғаны, айтқаны жадымыздан өшпек емес.

Редакциядан

Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет­танушы, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуез Deutsche Allgemeine Zeitung (14.03.2024) ат­ты неміс газетіне берген сұхбатында ұлт­тық жаңғыру оған қаншалықты қымбат болғаны туралы және қазақ халқының салт-дәстүрлері мен бірегейлігін сақтау жолында Герольд Бельгердің атқарған рөлі жайында айтып берді.
Мұрат Мұхтарұлының әлемі маған ерекше жарқын болып көрінгені соншалық, мен оны еріксіз ежелгі грек Промете­йіне ұқсат­тым. Айтпақшы, әңгімеміздің кейіпкері Герольд Бельгер де кезінде Мұрат Әуезді «Сократ» деп атаған еді.

Сұхбатымыздың басында Мұрат Мұхтарұлы:
– Сіздің қоңырауыңыз мені бірден өзім аса құрмет тұтатын Герольд Карловичтің әлеміне жетелей жөнелді. Сіз тура уағдаласқан уақыт­та қоңырау шалдыңыз. Болмысы қаншалықты еркін болса да, Бельгердің бойындағы ұқыптылық пен нақтылық та дәл осындай еді,деп емен-жарқын әңгімеге есік ашып берді. Содан ке­йін екеуара сұхбатымыз төмендегідей жалғасын тапты.

– Мұрат Мұхтарұлы, ілтипатыңызға көп рахмет, қуаныштымын. Герольд Карловичпен алғашқы таныстығыңыз туралы айтсаңыз…
– 17 жасымда мен Мәскеуге оқуға кет­тім. Негізі, мен өзімнің гуманитарлық салаға талабымды ерте байқап, ерте шештім. Елге университет пен аспирантураны бітіріп, 10 жылдан ке­йін бір-ақ оралдым. Ол кез­дері Алматыда өзім құрмет тұтып, жақсы көретін рухани-әдеби мықты орта бар болатын. Олардың әрқайсысының рухани әлеміңді байы­тып, өзгерте алатын өзіндік күші бар еді. 1960 жылдары қазақ әдебиетіне осындай адамдардың келгені аса маңызды болды. Мысалы, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев… Мен Мәскеуде қытай тілін оқып жүргенде, мұнда жаңа процестер жүріп жат­ты, үнемі жазушы достарыммен хат алысып, хабарласып тұрдым. Сондай әңгімелер барысында олардың қатарын ерекше бір ауқымды, ірі тұлғаның толықтырғанын сезіндім.
Біздің алпысыншы жылдықтардың қалыптасу кезеңі Хрущевтің жылымық кезіне тұспа-тұс келді. Сол кез­дері рухы биік ірі шығармалар дүниеге келе бастады. Шығармашыл қауымның санасын тұншықтырған тоталитарлық режимнен ке­йін қоғамға сауығу, ояну кезеңі қажет болды… Міне, дәл сол кез­дері Алматыдағы осы рухани ортаға уақыт­тың өзі талап еткен тұлға – Герольд Бельгер келіп қосылды. Алғаш кез­дескен сәт­тен-ақ мен оған тәнті болдым. Сол алғашқы кез­дегі ол туралы байламым Герольд Карловичпен бірге өткен жарты ғасырдай уақыт аралығында еш өзгерген емес. Қашанда мен оның жылы да ұлағат­ты тәрбиелік ықпалын сезіп жүрдім, бұл менің бақытым болар деймін осы күндері.

– Бельгердің ұлылығының сыры неде деп ойлайсыз?
– Библияда «танымалдар көп, таңдау­лылар аз» деген сөз бар. Мен Герольд Карловичтің бойынан өзгенің жанын түсініп, ортақтаса білу қасиетін байқадым. Ол әрдайым жаны күйзеліп, санасы жұтаң тартқан адамдарға қол ұшын созып, көмегін беруге дайын тұратын. Герольд Карлович Қазақ­станға жер аударылған Еділ немістерінің шаңырағында дүниеге келіпті. Ол бала кезінен әділетсіздікті көп көріп өсті, соған қарамастан, әділетсіздіктің құрбаны болған жоқ. Жүзінен мейірімі кетпеген ақылды да сыпайы жанның мінезінде нағыз ерлерге тән батылдық болатын. Адамгершілік, адамды сүю және оған деген нағыз жанашырлық, менің ойымша, Бельгердің бойындағы іргелі қасиет­тердің қатарынан болса керек.
Ол – романист, публицист, аударма ісінің білгірі және шебері, жан дүниесі жарық қоғам қайраткері болды. Парасат ұрығының ең сапалы дәні оның бойында біте қайнасқан. Қандай істі бастаса да, жан-жағына шуағын шашып, оны айналасына таратып отырды. Бельгер адамдарға олардың басты адами қасиетін қайтарды.
Герольд Карлович – көптеген дәстүр мен мәдениет­тің энциклопедиялық білгірі ғана емес, қазақ тілінің де керемет білгірі еді. Ол тілдің түрлі қырларын, оның этнографиялық әрін, мәнін түйсіне білді. Ғажап! Қазақ сөздіктерінің авторларына асқан біліктілікпен, сенім-сезіммен көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Мен Бельгердің осындай ерекше біліктілігіне сүйсініп, тамсанған авторлардың біразын білемін. Маған оны тағдырдың өзі қирағанды құрап, жойылғанды жаңғыртып, тұтастық тінін тірілту (әсіресе, тіл мәселесінде) үшін жаратқандай көрінеді.
Қазақтар оны «Білгір» деп атаған, сонымен қатар кезінде ел арасында «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – Бельгер» деген де сөз болған. Герольд Карлович аудармаларда қазақ сөздерінің орынды қолданылуы туралы көп жазды. Ол тілді тірілтіп, оның дамуына түрткі болды. Сол жылдары Герольд Карловичтің тамаша аудармалары арқасында қазақ тілі мен прозасы жандана түсті.
Оның шығармаларында неміс халқына тән ұқыптылық пен тазалық айқын көрініп тұрды. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея­сының орыс тіліндегі аудармаларын түпнұсқа мәтінімен салыстырып талдағанда, Герольд Карлович өзіне тән асқан тыңғылықтылықпен орасан зор жұмыс атқарды.

– Герольд аға сізді Сократпен, сондай-ақ Герман Гессенің «Дала бөрісі» романының басты кейіпкерімен салыстырды. Ал сіз Бельгерді кіммен салыстырар едіңіз?
– Мен оны Абаймен салыстырып көрер едім. Бельгер де Абай сияқты халқына адал да әділ болды, ол елге ақыл-өсиет айтып, өмір мен адам жанының құпия тұстарын ашудан қорықпады. Герольд Карловичті «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына тағдырдың өзі жіберген сыйы деп білемін. Ол осындай жоғары миссияны алып жүруге және шығармашылық күрделі жолын кешіп өтуге дайын адам еді және оны абыройлы атқара да білді. Гер-аға тумысынан адами рухтың тәрбиешісі болды. Батыс пен Шығысты ұштастырды, тарихқа адами тін тарат­ты, мәдениет­тің табиғи бірлігін жаңғырт­ты. Ол – жалпы тарихи ауқымдағы тұлға! Герольд Карлович әрбір айт­қан сөзін асқан тереңдікпен, адал да жарқын дәйектермен дәлелдей білді, оның әр сөзі санаңды сергітіп, сезіміңді оятып, сеніміңді арт­тыра түсетін.
Өзінің қалауы бойынша, Герольд Карлович Алматыдағы қазақ достары жатқан «Кеңсай» қорымында жерленген. Бельгер әріптес досы Асқар Сүлейменовтің қасында мәңгілік ірге тапқысы келді. Бір-бірімен 60-жылдары кез­дескен олар рухани үйлесімдік пен адами идеалдарын бірге өсіріп, нығайтып, бірге байыт­ты. Қазақ елі оған мәңгі риза және оның бүкіл өмір жолының жасампаз мәні жылдар өткен сайын ашыла түсері сөзсіз.

– «Тамырлардың тамыры» кітабы жаны жақын жандардың достығы туралы ма? Сіз бен Герольд Карловичті солардың қатарына жатқызуға бола ма?
– Сөзсіз. Бірақ бұл жерде біз мынаны нақты айтуымыз керек. Менің әкем – ұлы адам, оның көркем әдебиет­тегі орны биік, ал менікі әлдеқайда қарапайым. Рас, мен де осы әлемдемін, бірақ салмақ дәрежелеріміз әртүрлі. Бельгермен де сондай: ол – руханият­тың дара ұстазы. Ол – таңдаулы, ал мен танымалдардың бірі ғанамын.
Қытайдан оралған жылдары ұлт­тық жаңғыру жолында көп іздендім. Сондай күндердің бірінде бір топ жазушылармен бірге Герольд Карловичпен әңгімелесіп отырып, қазақшаға көштім. Сондағы Бельгердің қуанып: «Қараңдаршы, Мұрат­тың қазақшасы қандай кемелдене түскен!» – деп сүйсінгені есімнен кетпейді. Мен үшін одан асқан мақтау, одан биік баға жоқ еді. Герольд Карлович өзінің жолын іздеп, жоғары жетістіктерге талпынған адамнан айрықша қолдауын, ізгілік мейірімін аямайтын еді.

– Сұхбатыңыз үшін көп
рахмет!

Сұхбат­тасқан Марина Ангальдт
Орыс тілінен аударған
Қалдыгүл Жаныбаева

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.03.2024 | 11:47

Гер-аға өте тамаша адам. Жаратушы иеміз ағамызға пейіштің төрінен орын бұйыртсын деп тілейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір