ӘБІЛСЕЙІТ АЙХАНОВ
11.03.2016
1885
0

ЕРТЕГІДЕЙ ЕР ЕДІ-АУ!

AixanovҚазақ спортының жанкүйерлері төбесі көк тіреген алып күштің иесінен көз жазып қалды. Айтулы баһадүр палуан Айханов Әбілсейіт барша жұрттың боз кілемдегі көзайымы болғаны хақ. Қалың қазақ қаракөздері шаршы алаңда бокстасатын Әбсалам Нұрмахановқа, боз кілемде белдесетін Әбілсейіт Айхановқа жанкүйер болуға түпкөтеріле баратын қайран да қайран, жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдары-ай десеңші, шіркін! Адамзаттың ұғымында нар кеуделі, екі иығына екі кісі мінгендей тау тұлғалы жігітті ғана өгіз палуанға теңейді емес пе! Әбілсейіт қараса көз тоятын толағай алып қой. Талай-талай белдесулеріне куә болдық. Шота  Ломидзе, Александр Медведь сияқты сол кезеңдердің атақты алыптарымен айқасып, айнала қол соққандардың айызын қандырушы еді-ау!.. Иван Поддубный  атын­дағы халықаралық жарыс армандай қала Алматы қаласына еркін күрес шеберлерін жинағаны әлі күнге есімізде. Көзі тостағандай, кескен томар іспетті Еуропа чемпионы, грузин алыбы Шота бойы екі метрге жуық Әбілсейттің белінен ғана келсе де, жанталасып бақты. Әлем палуандарына оң аяғын оңтайлай беретінінен әйгілі әккі болған Әбекең Шотаны боз кілемнің бұрыш-бұрышына тықсырғанын көргендер бүгінде сиреп-ақ қалғаны өкінішті… Байырғы КСРО-ның, жер әлемнің, Еуропаның мен деген палуандарын шайлықтырған Әбілсейіт, әттең, дүние, көреалмаушылықтың кесірінен Олимпиада ойындарына жіберілмей, қысастық көрді. Аманжол Бұғыбаев, Мұсабек Қапанов, Манарбек Есімов тектес қайсар қазақтарды баулыды, аренаға шығарды. Өзі меңгерген бар айла-тәсілін ақ  тер, көк тер болып үйретті, бойларына сіңірді. Өресіз басшыларға өкпелеп, Қытай, Қырғыз мемлекеттеріне кетіп қалып, еркін күрес, қазақ күресі құйтырқыларын дәлелдеген тұстары да болды. Кезінде Айханов арқылы атақ-даңққа шаш-етектен батқан ұстазы Петр Матущак та қыжалатқа салып, кедергі жасады. Соның бәрі Алпамыстай, Қобыландыдай, Қабанбайдай қайран баһадүрді іштен мүжіп, ақыры бүк түсірді. Небір алыптардың жауырынын кілемге жапсырған Қазақия елінің ер тумасы – өмірге сирек келетін Антейдей алыбы дауасыз дерттен жамбасы жерге тиді. Ажалға ара тұру адамзаттың қолынан келмейді… «Қазақ қайсы?» дегенде төбеге көтеріп көрсететін алып тұлғамыз арадан кетті… Бірақ артына сан мыңдаған шәкірттерін, қарсыластардың аяқ-қолын буып тастарлықтай қаншама әдіс-тәсілдерін қалдырды. Соған да шүкір, демеске лаж қайсы? Жатқан жері жарық болсын, қабірі гүл шоқтарынан арылмағай…

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
байырғы спорт журналисі.

 

ПІКІР ҚОСУ