Есбай мен Алтынай
05.03.2024
166
0

Академик Ахмет Жұбанов айтқанындай, Батыс Қазақстанда төкпе күйдің төрт мектебі бар. Оның алғашқысы – күй атасы Құрманғазы болса, екіншісі – төре күй мектебі, оның ірі өкілі Дәулеткерей екені айдан анық. Үшіншісі – Өскенбай, төртіншісі – Абыл мектебі. Қос ішекті қатар сөйлетіп, Құрманғазы мен Дәулеткерей қағыстарынан болмысы бөлек, тұрпаты өзге және көбіне сол қолдың шеберлігіне ерекше мән беретін Абыл күйші шеберлігінен өрбіген Есбай, Алтынай, Арал, Есір, Қисық, Сәулебай, Қауен, Лұқпан (Мұхитов) арқылы бізге жеткен өнер. 

Жалпы, төкпе күй өнерінде еңбегі ерекше болса да, есімі сиректеу аталып жүрген даңғайыр күйші Есбай Балұстаұлы –негізінен, романтикаға толы лирикалық күйлердің авторы. Ол өз кезінде өмір сүрген дәуірінің қоғамдық бейнесін, халық тұрмысын, азат­тық аңсаған қандастарының болмысын күй әуенінде ерекше өрнектеді.
Есбай (Тазбала) жастау кезінде Жайық бойындағы домбыра дүлдүлдерінің талайын бет қаратпай жеңіп кеткен Алтынай атты қыз барын естіп, кездескенді қалайды. Тіпті оның жуық маңда ұзатылғалы жатқанын да естиді. Бұл шамамен 1877 сиыр жылының жазы екен. Күйші жолға дайындалады. Сөйтсе, әуелден тал бойына артық ет бітпеген әлжуаз, оның үстіне астындағы аты да тым жас және арық екен. Мұны көрген жеңгелері әңгіме төркінін әзілге шаптырып: «Мынадай жаздың шағырмақ ыстығында екі жадау бірігіп қайда бармақсыңдар? Тым болмаса атыңды жөндеп, өзің де ет жинап, жас қызды күзде іздемейсің бе?» – десе керек.
Алған бетінен қайтпаған Тазбала: «Менде асығыстық жоқ. Торы құнаным бесті болғанша қызды ауылға жетсем жарайды», – деп әзілмен жауап қайтарыпты. Ақыры жолға шығады. Әрине, арып-ашып, өкпесі өшіп, өкшесі тесілетін өткен заманның ертегісі емес, бар-жоғы 140-150 жыл бұрынғы өмірде болған адамдар ғой, аз ба, көп пе, жол жүріп, Жайықтың батыс бетіндегі Құрқопа, Бесқалмақ ауылдарын басып өтіп, Қайыршақтыдағы Алтынай ауылына жақындайды. Сол маңдағы дөдегесі дөңгеленген қараша үйдің бірінің сыртына кеп ат байлайды. Үйге бас сұғады, отағасы жоқ екен. Бірақ әлі де кекселікке жете қоймаған, жүзінде жылылық ойнап, шуақ төгілген келісті келіншек іс тігіп отыр екен. Қонаққа жол беріп төрге оздырады. Жолаушының алыстан ат арытып, жол жүріп келе жатқанын жүзінен көрген ол бірден орнынан тұрып бір тостаған қымыз ұсынады. Содан соң сөз бастап: «Бұрын-соңды бұл төңіректен көрмеген адамым сияқтысың. Айып болмаса, жөніңді айтып, бағытыңды сілтесең», – деп өтінді.
Басын көтеріп алған Есбай келіншектің келбетті бетіне жүз аударып еді, жасы бұдан біраз үлкен сияқты. Бірақ «сіз», «біз» деп сызылудан аулақ, сенімді әйел бірден «сенге» көшкен еді.
– Қарабау деген жерденбіз. Байұлының Есентемірімін. Барар жерім – Қайыршақты. Маңайды шолып, мал іздеп емес, қыр асып, қыз іздеп келемін, – деді.
– Байұлы болсаң, інім екенсің ғой. Қайыршақтыда бос жатқан қыз жоқ еді. Іздегенің кім екен, айып болмаса атын да айта отырсаңшы.
– Маған ол қыздың басы емес, қолы керек. Аты Алтынай, Кердерінің кербезі деп естідім.
– Айналайын-ай, дәмең дардай, талабың таудай екен. Қолы дейсің бе? Шамасы күй шаласың ғой. Ендеше, інім екенсің. Анау кереге басында ілулі тұрған домбырамды алып берші, – дейді әйел.
Аспаптың құлақ күйі келіп тұр екен. Келіншек бір-екі рет қағып-қағып жіберді де, аз-кем күй шақырды. Содан соң әлдебір тың әуенді бастап кетті.
Есбай құлақ түріп еді, бұрын-соңды естімеген соны дүние. Арыны асау кеудені басатындай, баяу-баяу күмбірлеп: «Аңда інім, абай бол! Аңда інім, абай бол! Алтынай оңай шағылар жаңғақ емес, абай бол, абай бол!» – деп тұрғандай.
Тыңдаушы рулас апасының ескертпесін айтпай-ақ түсінді. Күй аяқталғанда: «Апай, айып болмаса атыңыз кім еді?» – деп еді.
– Айша, – деді үй иесі.
– Домбыраңызды бере тұрасыз ба?
Айша домбырасын ұсынды.
Бұл бейтаныс дүниені қолына ап, перне бойлап, сағасы мен бас жағын байқап көрді де, тағы да бір күйді бастай жөнелді.
Бұл да тың шығарма еді. Тыңдап көрсе, қағысы – бөлек, қайырымы – басқа. Көбіне сол қолдың сұқ саусағы мен шынашағын қатар қимылдатып, қос дауысты үн шығаратын шебердің шебері сынды. Айша таңғалды. Бұл өңірде бұрын-соңды өрілмеген өнеге, жаңа қағыстар.
Күй біткенде Айша еріксіз шаттанып, шынайы ризалық танытты. Орнынан ұшып тұрып: «Сырт киіміңді шеш, кең отыр. Мен шай қойып, қазан көтерейін. Айтпақшы, атын айтшы, мына күйің не деп аталады? Мен оны білмейді екенмін», – деді.
– «Кербез Айша», – деді қонақ.
– Ал жаңағы мен тартқан күй «Аңда інім, абай бол» еді, – дейді Айша.
Сол күні кешке Есбай Қайыршақтыға жетеді. Көл жағалап, жаз жайлаған ауылдағы шеткерірек тұрған ағаш үйдің бірінің ту сыртына ат байлап барласа, әрлі-берлі жосылған жастар, сол үйге бас сұғып, әлдебір жиынға қызу әзірлік үстінде сияқты. Құлақ салып еді, бір-екі күнде бұл іздеген Алтынай ұзатылмақ. Ауыл соған дайындалуда. Ал мына қарбалас осы үйде ауыл жастары бас қосып, отырмақ жасамақ. Қазір осы отырысқа Алтынайдың өзі де келмек.
Іздегенге – сұраған, Есбайға керегі де – осы. Опыр-топыр топпен бірге ішке енген ол «шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге қыстырыладының» керімен төмендеу бетке отыра кетеді. Біреулер – домбырасын безеп, ән айтады. Екіншілері – жанындағы қыз-қырқынға әзіл тастап, сыбыр-күбір сөз жалғайды. Соның арасында «Алтынай келе жатыр» деген хабар да жетеді. Жанына ерткен төрт қызы бар келісті бойжеткен есік алдына жетіп кеп, кілт тоқтайды.
– Төрлет, Алтынай! Біз сені күтіп отырмыз…
– Жоқ, сіздер «Бес қыз бел шешіп отыра қал» деп күй тартпасаңдар, біз отырмаймыз, кетеміз, – деді әлгі есік алдында тұрған қыздардың бірі.
Әйтсе де, белсеніп, өтінішке жауап қайтарған ешкім болмады. Сәл-пәл үнсіздіктен соң есік алдында отырған бейтаныс Есбай қолына домбырасын алып, күй бастады. Бұл да – бұрын-соңды естілмеген жаңа әуен. Алтынай елең етті. Қағысы да құлаққа таныс ескі қайырым емес, жаңаша орап соғады.
– Ауылымызға қонақ кепті ғой. Жігіттер-ай, төр өзімдікі деп өнерліні өрістепсіздер ғой. Кәнекей, төрлетіңіз! Қыздар, мен білсем жаңағы тартылған күй бізге арналған сияқты. Қонағым, айта отырыңыз, күйіңіз қалай деп аталады?
– «Бес қыздың бел шешпесі» еді, – дейді Есбай.
– Есбай аға, есіміңізді естуім бар, бүгін сіз ауыл қонағысыз, ертең менің арнайы қонағым боласыз. Кең отырып, кеш қуанышын бөлісіңіз, – деп өзі де күй бастайды.
Ертесіне Есбай Алтынай шақырған жерге, яғни әлдебір жеңгесінің оңаша отауы­­­­на сәл кешігіп жетеді. Жанында бір-екі құрбысы бар сұлу қыз жастық базыналығы ма, әлде ертең кетем деп елеңдеп отырған бойжеткеннің уақыт аздығы ма, «қонағым, көп күттірдіңіз ғой» дегенді айтып қалады. Есбай болса, кешегі «Ақсүйектің» жалғасы бүгінге ұласып, жастар ортасынан шыға алмай: «Бұқтым, бұқтым, сайға бұқтым, азар шықтым», – деп күй тартады. Шығарма сырына қаныққан қалыңдық сол кеште өңірге өз «Ақжелеңдерімен» аты шыққан қонағына талай тың туындылар тартқызады, өзі де өнердегі өзгеше өрнегін танытады.
Келесі күні Есбай Алтынайдың ұзатылу тойына қатысады. Халық арасындағы әңгімеде аталған қалыңдық өз бетін «Алтынай-Ақжелең» күйімен ашыпты-мыс. Оған себеп, әкеден ерте айырылған Алтынай (руы Кердері, Шағыр) ағасы Сұлтанғалидың тәрбиесінде өседі, басқа ағайыны жоқ. Әйтсе де, әу бастан бірбеткей, еркелеу боп өседі. Шығайын деп отырған күйеуі өзі қалағандай қатар құрбы емес. Көңілі – нала, жүзінде мұңы бар күйші қыз өз сырын осы күйімен ашса керек. Оны жақсы түсінген Есбай жастық жалыны лапылдаған, ақылға бай, елінің ертеңін ойлаған ерке қызға ақ жол тілеп «Шажда қыз» деп аталатын жаңа күйін арнайды.
Өмірде Есбай Алтынай күйшімен талай рет кездескен. Өмірдегі, өнердегі сыйлас аға-қарындас боп қанаттас өскен. Өздерін: «Абыл күйші мектебінің өкілдеріміз», – деп есептеген. Алтынай – Есбайдың шәкірті. Оны кезінде бөкейлік дарабоз күйші Дәулеткерей де сан рет іздеп келіп сәлем берген, шығарма жебеген, әуендер төккен. Осылайша, күйшілер арасындағы өнер сабақтастығы жалғасқан.
Алтынайдың атын күй өнерінде көкке көтерген көрікті шығармасы «Алтынай-Ақжелең» болатын. Оны Есбай алғаш рет тыңдағанда бейтаныс босағаны енді ғана аттағалы отырған он екіде бір гүлі ашылмаған сұлу бойжеткеннің балалықтан балиқалыққа өтпекші жас арудың бозбалалық сахнасында шыр айналып билегені, шалқыма сәті, сезімі нәзік әуенмен жанға жайлы әсер еткендей қалыпта сезінді. Бір қарағанда, бар күнәдан ада балалықпен қоштасу иірімдері деп ұқты, шығарманы тыңдап шалқыды, кемерінен асып, керемет күй кешті. «Ақжелеңді» Алтынай емес, өзі шығарғандай әсерленді.
– Жарайсың, Алтынай! – деді. – Алдыңнан жарылқасын, – деп ағынан жарылды.
Кейін аталған күйдің дабысы алыс-жақынға кетті. Нешебір дүлдүлдер қолдан қолға ауыстырды. Кеңес дәуірінде оны өнердің үлкен ортасы – Алматыға әкелген орындаушы Алаштан ән оздырған Мұхит төренің ұрпағы Лұқпан Мұхитов болса, шығарманың шырайын келтіріп, күлтелендірген күй қағаны Рысбай Ғабдиев еді.
Белгілі композитор Е.Г.Брусиловский өзінің әйгілі «Ер Тарғын» операсына аталған күйді арқау етіп, қобызға арнап қайта жазды. Осылайша, шығарманың домбырадағы ғұмыры қобызда жаңа бір биікке көтеріліп, өміршең дүние атанды, мазмұнына мазмұн қосты. Сөйтіп, «Алтынай-Ақжелең» атауы бұл күнде тек өнер туындысы емес, сұлулық символы, сән салтанатына айналды. Алайда Абыл күй мектебінің қос жүйрігі – Есбай мен Алтынай аттары қазіргі күй әлемінде аз аталады, шығармалары сирек орындалады. Мүмкін ол орындаушысы жоқтықтан емес, жоқтаушысы аздықтан шығар. Ендеше, асылдарымызды ардақтауды да ұмытпа­йықшы!

Өтепберген Әлімгереев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір