Жәннаттың үйі
05.03.2024
100
0

Ауылда ең іргелі, ең еңселі, ең әсем бір үй бар еді. Жұрт оны «Жәннаттың үйі» дейтін. Шіркін, десе дегендей еді. Арман бұл үйге қатты қызығатын. Қас шебердің қолымен салынған, сән-салтанаты жарасқан хан сарайындай көрінетін. Зәулім, асқақ. Ал, өзінің үйі болса, жыртық-жамау шекпен секілді. Шатыры сарғайған, кіреберіс есігінің әрі тайған, сылағы да алабажақ, шарбағы да шатқаяқтап әрең тұр. Үйлесімі кем үйіне Арман қораштанатын. Кәдімгідей көңілі құлазиды. Әттең, қолынан келсе… Не гаражы, не моншасы жоқ. Не жасыл желегі, бау-бақшасы жоқ. Үйдің іші ме?! Жарытып табыс келмеген соң қайдан жарқырасын?! Көнеден келе жатқан кілемдер, көсем тартқан төсек-көрпе, сыны кетіп, сыры қалған шифоньер, тілін қысқышпен бұрайтын теледидар. Бар байлығы – осы. Арман күні-түні «Беларусь» тракторын дырылдатып күйбең тірліктің соңында жүретін әкесіне немесе кітапханада істейтін, мардымсыз жалақы алатын анасына кешкі ас басында назын айтар еді.
– Осы біз қашан жаңа үй саламыз?
Әкесі әзір жауап бермейді. Ауыр жұмысынан қажып келе ме, күндегі әдетінше үнсіз, бір нүктеге қадалып отырғаны. Араға анасы түседі.
– Балам-ау, бәлкім, сен өскен соң жақсы оқу оқып, жалақысы көп жұмысқа тұрсаң… Сосын жер алып, жап-жаңа…
– Ой, апа, оған дейін мына жаман үйде тұрамыз ба? Мына Жәннаттың үйін қарашы! Үй деп соны айт!

– Енді әркімнің ризығы-дағы, балам. Үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама, осы күнімізге шүкір етейік.
Арманға бұл сөз ұнамайды. Бірден
шапшиды.
– Сіздер-ақ, шүкірлеп қалады екенсіздер осы! Біздің жақсы үйде тұруға хақымыз жоқ па сонда?
Осы кезде әкесінің ауыр дауысы естіледі:
– Қысқарт! Әркімнің өз үйі өзіне жәннат. Берекесі болмаса, алтыннан құйсаң да жәннат болмас, шырағым!
Бұдан соң әңгіме тәмам. Әкесінің зілді сөзі – соңғы сөз. Арман-қиялының быт-шыты шыққандай іштей егіледі. Ерні сылпылдап, мұрны қорсылдап, сиыр етінің тәтті сорпасын әрең тауысады. Дәлірегі, тауысқанша, мына дастарқаннан тезірек бөлмесіне жеткенше асығады. Қолына қағаз-қаламын алды. Сабақ оқуға ынтасы болмады. Ойында – Жәннаттың үйі. Шынында, үйдің жақсы болғанын, жақсы тұрмысты аңсайтын. Әкесі жаңа трактор мінсе, анасы әдемі киінсе деп тілейтін. Бәлкім, барлық бала да солай шығар. Күндіз-түні тырбанып, бірі – өкпесі өшкен трактормен алысып, бірі – ішпыстырар кітапхананың мүлгіген тыныштығын күзетіп еңбек етсе де, ата-анасының жақсы бір үй ала алмауы күйіндіретін. Арман сурет сала бастады. Ол үйдің ғана суретін салатын. Міне, мынау – биік іргетасы. Мынау – жалпы аумағы. Әрине, атшаптырым. Енді қабырғасын тұрғызады. Аршыған жұмыртқадай әппақ. Ал төбесі адамның созған қолы жетпеуі ләзім. Шатыры жып-жылтыр, кіршіксіз, жаңбыр жауса, қазіргі үйіндей табақ тосып отырмауы тиіс. Әкесі мен анасына – бір бөлме. Екі қарындасына – екі бөлме. Ортада – үлкен холл. Онда үлкен теледидар, диван, кресло, не керектің бәрі тұрады. Ал өзінің бөлмесі… Бір қабырғасы – түгел кітап сөресі. Киім жинайтын сөре. Кең терезеден далаға еркін қарайды. Кереуеті, аппақ, жаңа жуылған иісі бар салқын көрпе. Арманның қиялы мына ақ парақтың бетіне сыяр емес. Даңғарадай залын, жуынатын бөлме, кең асүйді қосыңыз оның үстіне. «Шіркін! Мынаның қасында Жәннаттың үйі түкке тұрмайды ғой», – деп ойлады Арман. «Ал ауласы қандай болмақ?!». Иә, бірінші үлкен гараж салады. Мына жерде кең әрі таза монша тұрады. «Жәннаттікіндей» деп ойлап қойды. Не керек осыдан артық?! Жайлы үй үшін не керек тағы?! Ойлана-ойлана келе Арманның есіне Жәннаттың үйіне кіріп көрмегендігі түсті. Ау, шынымен екен де. Ауылда көршінің үйі болсын, не алыс таныстың үйі болсын салып ұрып кіріп барып, баласымен ойнай кетудің сөкеті жоқ-ты. Ал мына Жәннаттың үйі… Кім көрінген кіре алмайды-ау. Рас, балалармен бірге ауласында ойнаған. Жәннаттың баласы Ғалымжан Арманнан екі жас кіші болатын. Амал жоқ, оның әсем үйін тамашалау үшін бірге ойнауға тура келген. Ғалымжан шығатын. Біртүрлі паң, бұла көрінетін. Е, мейлі, ойыншығын ортаға қойса болды-дағы. Кәдімгі жүк көлігінен аумайтын ойыншықтардың неше атасын әкелген. Автокраны қандай?! Жеңіл мәшиненің түр-түрі бар, есігі ашылып-жабылатын, сирена ойнайтын полиция көлігі, бүйіріне кілт салып бұрасаң өздігінен жүретіні бар, көп-ақ… Балалар қызыға да, қызғана да ойын­шықтармен ойнаған. Дегенмен Ғалымжан жомарттық танытты. Сәл шеті кертілген, өзіне ұнамай қалған бір-екі көлігін көңіліне жаққандарға сыйлады. Қатарына бұл да ілікті. Тіпті Ғалымжан қызды-қыздымен әкесінің еңселі гаражын ашып, су жаңа велосипедін шығарған. Өңкей шибұт бірінен соң бірі жүргізіп, ғажап сәт кешкен-тін.
Арман Жәннаттың үйін көргісі келді. Бір күні оның сәті де түсе қалды. Түс әлетінде Ғалымжанмен мектептен бірге келе жатты. Оның үйі алыс емес-ті. Бірақ көрші деп айтуға да келмес. Ғалымжанның, яки Жәннаттың үйі ұзын жолдың шеткі бұрышында оңашалау, оқшаулау орналасқан. Одан ары бес-алты үйден соң – Арманның үйі.
– Арман, қолың бос па, түс қайта екеуміз ойнасақ қайтеді? –деді Ғалымжан кенет.
– Рас па?!
– Әрине. Мен де жаңа әдемі мәшинелер бар. «Қуыспақ» ойнаймыз. Мен полиция боламын, ал сен…
Өзінің кім болатынын естігенде Арман ызалана жаздады. Алайда түпкі мақсаты тоқтатты.
– Сен ұры боласың.
– Жарайды. Бірақ, ұры болғанда да жай ұры емес, мықтысы боламын.
– Олай болса, тездетейік! Үйде ешкім жоқ. Апам ауданға кеткен. Біздің үйден тамақтанамыз.
Міне, қызық. Іздегенге – сұраған. Арман қуана келіссін. Мейлі, үйден іздей қоймас. Ауыл арасы ғой.
– Біздің үйден үйіңе телефон шалып ескерте саларсың, – деді Ғалымжан тықақтап.
– Бізде үй телефоны жоқ.
Арман тағы құмыға сөйледі. Телефон жоғы да оған ұнамайтын. Қанша рет ата-анасына айтса да, құлақ асқан біреуі жоқ. Өйткені телефон оларға қажет те емес еді.
Ғалымжанның соңынан ілесе кіріп, кіреберіс көк есіктен анық басып, айнала қарап аттады Арман. Еңселі үй кең ас бөлмеден басталады екен.
– Бұл – жазғы ас бөлме, – деді Ғалымжан ойын оқығандай кейіпте. – Қазір тамақты жылыта қояйын.
Ғалымжан бұл ойлағандай емес, ақкөңіл әрі ұстамды, байыпты болып шықты. Тоңазытқыштан темір табақ шығарып, отқа жылдам қоя салды.
– Жүр, Арман. Саған бөлмемді көрсетейін. Фортепьяно ойнай аласың ба?!
Қайдан?! Фортепьяно ауыл баласының түсіне еніп пе?! Үлкен холлдан өтіп келеді. Қымбат жиһаздардан бос орын жоқ. Ғажап! Қабырғаның сырлы тұсқағаздары, онда ілінген суреттерге көз тоймайды. Жайқалып өскен бөлме гүлдері хош иіс беріп тұр. «Қандай бақытты», – деп ойлады бірден Арман. «Біздің үй осындай болса ғой, шіркін».
– Жүрсеңші. Бері өтейік, – деген Ғалымжанның сөзі ойын бұзып жіберді. Сөйтсе, айналаға тамсана қарап ортада тұрып қалыпты. Ғалымжанның бөлмесі, әлгі өзі салған суреттегідей екен. Фортепьяно! Па, шіркін! Ғалымжан қызылкүрең «Октаваның» қақпағын ашып, сыңғырлата ойнап жіберді. Суға тамған жаңбыр тамшысындай нәзік дыбысқа Арман еліте кетті.
– Көрейінші.
– Әрине.
Фортеьяноның қызығына, сірә, жуырда қаныға қоймас. Одан ары Ғалымжанның «байлықтары» басты айналдырды. Орталық музыка деген аппаратын қосты. Уа, дауысы қандай зор! Кеудені солқылдатсын келіп. Касетаның түр-түрі лықып тұр. Жә, қызығы одан ары екен.
– «Видик» қарайсың ба?! – деді Ғалымжан.
– Ол не?!
– Міне, мынандай. Күшті кинолар бар. Жақында алдық.
– Мәссаған! Керемет!
Арман аузы ашылып, кенеттен бір жұмбақ әлемге тап болғандай. Ғалымжан төртбұрыш кішкентай ғана қорапты теледидарға жалғап, аузына үлкендеу бір касетаны тығып жіберді. Нағыз рахаттың өзі екен. Фильм жалықтырып жатса, жылдамдатып жібересің. Қайта көргің келсе кері айналдырасың. Арман қызыға әрі мұңая қарады. Оның себебі белгілі еді.
– Ғалымжан, білесің бе! Менің үйімде мұндай ештеңе жоқ. Тіпті, теледидар да.
– Бірақ, сенде ең бастысы…Ата-анаң бар ғой.
Арман таңырқап:
– Cенде ше?!
– Менде тек мамам.
«Әкең ше?» – деп сұрап үлгермеді. Ғалымжан сабырлы әрі салмақты түрде:
– Әкем бізді тастап кетті. Бізді басқа біреуге айырбастады.
Арман не айтарын, қалай жұбатарын білмеді. Тек үнсіз тыңдап тұра берді.
– Иә, әкем бәрін жасады бізге. Мамам екеумізге. Иә, үйде бәрі бар.Тек өзі жоқ. Білесің бе, әкенің қаншалықты қажет екенін. Мына ойыншықтар мені түк те қызықтырмайды. Тіпті үйге келгім де келмейді. Далада жүре бергім келеді. Өйткені үйде әкем жоқ…
Осы кезде сыртқы есік ашылып, үйге Жәннат апа енді. Айғайлай енді.
– Әй, Ғалымжан! Өй, сен бала! Тамағың күйіп кетіпті ғой! Неге қарамайсың!
Ғалымжан селк еткендей болды. Шалт қозғалып, «кеттік» деген ыңғай танытты. Арман қымтырылып, бұқпантайлап өтіп зытқысы келген. Алдынан Жәннат апа көрінді. «Неғып жүрсің» деген ызғарлы көзбен қарып өтті. Үйдің ішіндегі салқындық лезде бойын шарпыды. Ғалымжанға: «Сау бол», – деп үлгерді.
Арман жыртық-жамау шекпендей көрінетін өз үйіне асыға аяңдап әрі мұңая басып келе жатып, артына бір қараған… Әлгі өзі қатты қызығатын, зәулім де асқақ көрінетін Жәннаттың үйі көз алдында сұрықсызданып, аласарып бара жатты. Ойына әкесінің сөзі түсті: «Әркімнің өз үйі – өзіне жәннат!».

Нұргүл Насыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір